Жастармен жұмыс істеудің қиындығы да, артықшылығы да бар екен. Қиын болатыны бұлар, кәсіпқой актерлер емес. Артықшылығы да сонда. Шынайы. Жасандылық жоқ. Сосын пьеса студенттердің өмірі жайында ғой, етене таныс әлем. Шаршамайды. Сынаған сәтте, әсіресе, қыздар жағы көз жасын бір сығып алады да, қайта кіріседі. Қатал профессордың рөліне университет оқытушысы Айшуақ Дәрменұлын алды.
Күткен күн де келіп жетті-ау. Репитиция кезінде төгілген тер текке кеткен жоқ. Әрбір рөл көрерменін сендіре алды. Бір күнге жоспарланған дүние үш күн қатарынан қойылды. Үш күнде де аншлаг болды. Залға адам сыймай, көп көрермен тік тұрып тамашалады.
Әрине, көрерменнің ықыласы бөлек те, кәсіпқой маманның пікірі басқа ғой. Оралдың да, жастардың да күткені сол кәсіпқой маманның байламы еді. Т.Ахтанов атындағы театрдың бас режиссері, өзі де талай рөлді сомдаған актер Мағзом Бақытжановтың қабағы қату екен:
– Бүгін біздің театрдың есігі сынды, – деді ол. Жастар үрпиісіп қалды.
– Бұндай жағдай театр тарихында бірінші рет болып отыр, – деді режиссер тағы гүр етіп. Сосын бұған бұрылды: – Оралжан, театрдың есігін сындырып кіретін көрерменің көп болсын. Тамаша! Балалар, жарайсыңдар!
Мағзом аға Оралды кең құшағына алған кезде барып, жастар ес жиып, жадырай күлген. Ал сыртта көрермен бірден тарап кете алмай, театрдың алдында ән шырқап тұрған болатын: «Аққуым, аяулым, арманым...».
Спектакльден кейін радиодан «Аққуымды» сұраушылардың саны еселеп артты. Әуелі Әнуар-Садат Өтесбай, кейін Қанат Айтбаев басқарған «Рауан» радиосы Ақтөбедегі әнші қауымның тыңдарманға танылуы жолында орасан зор еңбек етті. Қанат өзінің «Димаш-Әли» студиясынан олардың кассеталарын шығарып, әрі қарай радио арқылы насихаттауды қолға алды. Сол кассеталарда әнмен қоса ақындардың өлеңдері де оқылды. Ол өлеңдердің бәрін Орал оқитын. Орал Байсеңгір, Бақытбек Зейнелов, Аймұрат Мәжікбаев, Нұрталап Жүсіпов, Дулат Айтжановтар радиоға түнеп жүрді десек, артық болмас. Нұргүл Алмасқызы, Бибігүл Биманова, Жанаргүл Досовалар жүргізетін радио хабарлары орыстанып кеткен Ақтөбені қазақтандыру бағытында көп жұмыс істеді. Азғантай уақыт «өмір сүрген» радио өңірдің талантты ұл-қыздарының басын қосып кетіп еді...
«Ұмытылмас күн»
Орал бір кезде жер үй іздегенде Қанат Айтбаевтың әкесі Құдайберген ақсақалдың ақылымен соларға көрші шағын үйді сатып алған. Кейін еңселі баспана тұрғызды. Екі үйдің балалары қатар өсті. Кіл қазақы кісілер жиналған бұл көшенің балапандары да байырғы ауыл тәрбиесінен қол үзген жоқ. Шаңдатып футбол ойнап жатып, анадайдан үлкен кісінің қарасын көрсе, добын тастай салып «ассалаумағалейкум» деп қос қолын ала жүгіретін.
– Әке, Димаш ән шығарыпты. Сөзін саған жаздырғысы келеді. Өзі келіп айтуға ұялып жүр, – деді бірде Сенім.
– Ұялғаны несі? Осы үйге қалаған кезінде кіріп, бұнымен еркін әңгімелесетін Димаштың қылығына таңғалып еді. Сенім қысыла күлімсіреді. «Айт, келсін!». Келді. Күндегі қалжыңбас Димаш емес. Жүзі алабұртып кетіпті. Бұған тура қарай алмайды. Кібіртіктей береді. Бұл сонда барып түсінді. «Е, бұлар да ержетіп қалған екен ғой...». Өзінің алғаш ғашық болған сәті есіне түсті. «Сірә, қазір бірдеңе десе, мен бірден Қанат пен Светаға барып айтатындай көріп тұр-ау», – деді іштей жымиып. Бірақ сыр берген жоқ. «Кәне, ойнашы». Димаш күйсандыққа отырып, ыңылдай бастады. Әнге келгенде басқа дүниені ұмытып кететін әдеті емес пе, клавишті еркін басып, құйқылжыта жөнелді. Қайырмасы кең тынысты екен. Сосын әдеттегідей төрт жол өлеңнен кейін бірден қайырмаға түсетін дүние емес. Әр шумақтан кейін қайырмаға түсер тұста бөлек бір қайырым бар. «Пай, пай» деді іштей. Өй, мынау іздеп отырған сөзі ғой. «Пай, пай, шіркін, ұмытылмас күн...» – деді дауыстап. Димаштың көзі жарқ ете қалды. «Дәл өзі, аға». Димаш әнімен қайталағанда әлгі бір жол өлең тіпті құлпырып шыға келді...
Димаштың не ойлағанын кім білсін, ал бұл алдында отырған бозбаланың бар-жоғы екі-үш жылдан соң әлемге мәшһүр әнші атанатынын, дәл осы өлеңінің тақырыбы оның байтақ Қазақстанды аралаған турнесінің атауы болатынын, «Әлем
аруы — 2018» байқауында жер жүзіндегі ең әдемі 118 арудың Димашпен бірге айтатынын, төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінде өтетін концерттерде күллі зал ән авторымен қосыла шырқайтынын білген жоқ-ты. Тек ұлының досы, өзіне туған інідей боп кеткен ақкөңіл Димаконның тілегін орындағанына риза еді.
Кейін үлкен сахнаға шыққан сәтінде Димаш бала күнінен құлағында қалған «Аққуымды» атақты әнші Майра Мұхаммедқызымен бірге орындап, әнге жаңа реңк берді. Аймұрат пен Оралдың жалы көтеріліп қалды.
Пандемия жағадан алған тұста Димаш Құдайбергеннің орындауында клип болып жарық көрген Ринат Ғайсиннің «Қайран, елім» атты әнінің сөзін Данияр Алдабергенов пен Орал жазды.
Жалпы, әнге сөз жазу оңай емес. «Еділ мен Жайықты» жазарда Жұбан Молдағалиевтің Ілия Жақановқа қалай өкпелейтіні көзіқарақты оқырманның есінде болар. Сол секілді әр композитор әннің мәтіні өз көңілінен шыққанын қалайды. Соған орай олай өзгерт, былай өзгерт дейді. Оған мықты ақындардың жүйкесі шыдай бермейді. Сосын әнге сөз жазатындарға кәсіпқой ақындардың қыли көзбен қарайтыны да бар. Әнге жазған сөздері ел аралап кеткен белгілі шайырға бір келіншек «Сіз поэт-песенниксіз ғой...» дегенде шат-шәлекей болғанын өз көзіммен көрдім. Қорлық деп ұқты. Ал алыс шетелді айтпай-ақ қояйық, мына іргеміздегі орыстың өзі «поэт-песенниктерін» құрмет тұтады. Ән байқауларында олар төрде отырады. Ал бізде оларға қойылатын «диагноз» біреу – «ақын емес». Оралдың байламынша, әнге сөз жазатындарға деген көзқарас өзгеруі керек. Өйткені екінің бірі жаза алмайды. Ол үшін өзі де ептеп ыңылдай алатын, әннің табиғатын сезіне алатын адам болуы керек. Әншілер ән айтқанда, әннің авторы ғана емес, сөзін жазған кісінің де есім-сойы аталуға тиіс. Талай әннің сөзін жазған Бәкір Тәжібаев композиторларға үнемі ренжіп жүреді екен. Өйткені олар бұны «ұмытып кете беретін» көрінеді...
Бастау
Оралдың кіндік қаны тамған Байғанин ауданы – Бәкір Тәжібаев, Сағи Жиенбаев, Тобық Жармағамбетов, Өтежан Нұрғалиев, Сәбит Баймолдин, Есенбай Дүйсенбайұлы, Қажығали Мұханбетқалиұлы секілді белгілі қаламгерлер дүниеге келген өңір. Мәди Айымбетовтің де балалық шағы осы топырақта өткен. «Жарқамыс – жарты Жазушылар одағы» деп Қадыр Мырза Әлі айтқан қанатты сөз қаламгерлердің арасына кең тарады. Жоғарыда аталған қалам иелерінің кез келгенінің шығармасын жатқа соғатын Оралға солардың ішіндегі ең жақыны – Бәкір ағасы. Өйткені ол кісі де ән жазған, әннің сөзін жазған адам. Даңқты ақын-композитордың ізбасары ретінде Орал оның әрбір мұрасына елеңдеп отырады. Алматыға бір барғанында үйіне соғып, отбасының келісімімен 8 пьесасының қолжазбасын әкеліп облыстық музейге тапсырды. Енді соны кітап қылып шығарудың әрекетінде жүр. Ағасының рухына арнап жазған «Бәкір аға» атты әні де кең тарап кетті.
Жарқамысқа барар жолда Ақбұлақ атты жер бар. Бәкір ағаның «әкесі атын суарған, анасы талай су алған» қасиетті бұлақ. Көзі жабылып, қараусыз қалған тұста ақын Жақсылық Айжанов, Орал Байсеңгірлер дабыл қағып жүріп, басын ретке келтірді. Енді келген кісі бұлақтың мөлдір суын ішіп, әрі қарай аттанады.
Тобық Жармағамбетовтің, Ертай Ашықбаевтың, Сәтжан Дәрібайдың, Аймұрат Мәжікбаевтың, Қанат Айтбаев пен Димаш Құдайбергеннің, Ақеділ Тойшанұлының әндеріне сөз жазған Оралдың өз әндері де жер-жерде орындалып жүр.
Қазір қазақтың әні болмысынан алыстап бара жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Тарс-тұрс, дүңк-дүңк еткен әуенге етіміз әбден үйренді. Әуен басталғаннан-ақ цирктің атындай секеңдей жөнелетін болдық. Сонда да Ақселеу Сейдімбектің, Тұрсынжан Шапайдың әндерін тыңдағанда ішіңде қарғын жүріп, әлдебір ғажап әлемді аралап кететінің рас қой. Енді Оралдың әніне келейік. «Қайран көңіл, өттің, өмір. Жылаймын қимай-қимай ағыл-тегіл!». Мына қайырма осылай деп егіледі. Өзі ғана жыласа жақсы ғой, тыңдаушысын қоса жылатады. Мұндағы «жылау» жақсы мағынасында, әрине, әйтпесе, бұл тіпті де жылауық әндердің санатынан емес. Жылататыны сол, перизаттың қос қанатына маржан тағып, жүрек байғұсты сағым далаға алып ұшады. Әйтеуір, бейжай тыңдау мүмкін емес. Жан-дүниең төңкеріліп, астан-кестеңі шығып, қапелімде бір түсініксіз нәрсеге айналып кете барады. Өзегін өртеген бір мұң, сағыныш, еркелік, есірік көңіл. Осының бәрі ерекше махаббатқа ұласып, айтылмақ сыр әуен желісін бойлай келіп, ән қазығына байланған. Кәдуілгі даланың қасиетін сезінген ұланның санасында ғана болатын сындарлы сезім. Ашық-тесік, алба-жұлбадан әбден жеріген бізге бейіл дүние екен. Авторы өзіміздің Орал ғой – Қосай Байсеңгірдің Оралы. Кешегі Ақселеу, Тұрсынғазы, одан кейінгі Тұрсынжандай қазақи әннің күретамырына дәл түскен қасқалар мен жайсаңдардан кейінгі тізгін ұстап жүрген санаулы топтың арасындағы осы бауырдың қарымы ерекше. Бұл – Гүлмарс Аманбаеваның орындауындағы Оралдың «Қайран, көңіл» әнін тыңдағаннан кейінгі Берік Жүсіптің пікірі. Кәдімгі Сыр өңірі ақын-жырауларының әрбір әуенін таспаға түсірген, әрқайсысының ерекшелігі туралы сағаттап әңгіме айтуға бар ғалым Берік. Оралдың әндерінің осы ерекшелігін байқаған шығар, биыл тұңғыш рет өткен республикалық «Дала дауысы» байқауында қазылар алқасы оның «Біздің ауыл тамаша» атты әніне «Ең үздік фольклорлық музыка» номинациясы бойынша бас бәйге берді. Бірнеше жыл бұрын республикалық ән байқауында «Қазағым» атты ән-маршы Гран-при жүлдесін алып, ҚР Ұлттық Ұлан гвардиясының бас саптық әні ретінде қабылданған болатын. Сәтжан Дәрібайдың сөзіне жазылған «Жаса, сақшы сарбаздар» атты әні де Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған байқауда топ жарған еді. Ал «Байғанин маршы» атты өлеңі туған жеріндегі кез келген шараның нүктесін қоятын шығармаға айналды.
...Ақтөбенің тарихи тұлғаларын ұлықтаған деректі фильмдердің бәрі Оралдың даусымен жазылды. Барлық іс-шараларда жүргізуші болып сол жүреді. Ақ шаһарға өнерге қатысты біреуге келсе іздеп барып, үйіне алып келеді. Үйі де Ақтөбе өңірін таныстыратын музей секілді. Музыкалық аспаптың түр-түрі, неше түрлі тас, зергерлік бұйымдар, пәлен ғасырлық тарихы бар ағаштың кесіндісі, Құдай-ау, не жоқ дейсің? Соның бәрі сізді басқа бір әлемге жетелей жөнеледі. Жаныңыз тазарып, сергіп қайтасыз. Бәлкім, оның өнерінің де саф алтындай болуы сол бастауының тазалығынан болар?!
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ