Жерді жалға беру ашық жүргізіледі

Жерді жалға беру ашық жүргізіледі

Жерді жалға беру ашық жүргізіледі
ашық дереккөзі
         Таяуда ҚР  «Кейбір заңнамалық актілерге жер қаты­настарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» заң жобасы  Үкімет отырысында қаралды.  Мұның ішінде жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар да қамтылды.  Оған сәйкес ауыл шаруашылығына жарамды жерлерді Қазақстан азаматтарына жалға беру ашық жүргізіледі. Жерді жалға үлестіру барынша бақылауға алынбақ. Былтыр қараша айында Жер кодексінің нормалары төңірегінде туындаған қоғамдық резонанс бойынша Жер реформасы жөніндегі комиссия құрылған болатын. Комиссия алқасы бірнеше облыста отырыс өткізіп, жер заңнамасының нормаларын түсіндіру мен ұсыныстар бойынша жұмыс істегені белгілі. Соның нәтижесінде 16 Call-орталық пен «jerturaly.kz» сайты құрылды. Осы уақыт аралығында шамамен 15 мың 987 ұсыныс хаттар түскен. Соның негізінде Комиссия Тұжырымдама мен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірледі. «Былтыр елдің алаңдаушылығын ұғынған Елбасы біздің комиссияны құрды. Комиссия бірнеше ай жұмыс жасап, 11 ұсыным түзді. Жаңа заң жобасы комиссия ұсынымдары негізінде әзір­ленді және біз қабылдаған хаттамаларға 100 пайыз сәйкес келеді. Оған мен кепіл бере аламын. Жер тек Қазақстан азаматтарына ғана беріледі. Егер фирмада шетелдіктің кез келген, тіпті 1 пайыз үлесі болса, оған жер жалға да беріл­мейді. Сондай-ақ енді әр ауыл маңындағы жер­лерді ешкім жалға ала алмайды, ол жерлер бәріне ортақ болады және ауыл­дықтарға малдарын бағуына қалдырылады», – деді Жер комиссиясының мүшесі Мұхтар Тайжан. Барынша ашықтық пен кеңінен талқылауды қамтамасыз ету үшін Заң жобасы мен оның Тұжырымдамасы ашық нормативтік құқықтық актілер порталында, АШМ ресми сайтында, 12 бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Халық назарына ұсынылып, жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар министрлік жанындағы Қоғамдық кеңес отырыстарында талқылаулар және қоғамдастықтың қатысуымен көпшілік талдаулар өткізілді. Осылайша, қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру институтын сақтай отырып, Заң жобасымен ауыл шаруашылығы жерлерін конкурстық негізде берудің жеке тәртібін орнату қарастырылған. Көрсетілген тәртіпке сәйкес, жерді беру әкімдікпен бекітілген конкурсқа шығарылатын жерлердің тізімі бойынша жүзеге асырылады. Қоғамдық кеңестер мен ұйым өкілдері конкурс барысын қадағалап отырмақ. Бұл ашықтықты қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар, қатысушылардың қолжетімділігін бақылау мақсатында жаңа тәртіп БАҚ-та және әкімдік пен АШМ-нің ресми интернет-ресурстарында жарияланатын болады. Конкурсқа қатысу үшін қатысушының конкурсқа қатысу ұсынысын беруі міндетті шарт болып табылатынын айта кеткен жөн. «Кейбір заңнамалық актілерге жер қаты­настарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» заң жобасында жерді тек қазақстандықтарға жалға беру сақталды. Мұның өзінде жер кез келген азаматқа бірден 49 жылға беріле салмайды. «Біріншіден, тек кон­курстық негізде беру тәртібі орнатылады. Оны өткізудің ашықтығы үшін кон­курстық комиссияның құрамына қоғамдық кеңес­тер мен ұйымдардың өкілдері енгізіледі. Конкурс туралы хабарландыру БАҚ-та және әкімдік пен АШМ-нің ресми сайтта­рында жария­ланады. Конкурсқа қатысу­шылардың ұсынысында ауыл шаруашы­лығы өн­дірісін жүргізудің бизнес жоспары, жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орын­дарын құру, индикативті көрсеткіштерді орындау және басқа да міндеттемелері қамтылуға тиіс», – деді Ауылшаруашылығы  вице-министрі Е.Нысанбаев вице-министр. Аталған талаптар берілетін жерлердің тиімді әрі ұтымды пайдаланылуы мақсатында қойылады. Ауыл шаруашылығы жерлерінің ұтымды пайдаланылуына бақылауды күшейту мақсатында заң жобасында тұрақты мониторинг жүргізу қарастырылған. Жалға алған алғашқы 5 жылда жыл сайын, одан кейінгі жылдары суарылатын шабындықтарда әр 3 жыл сайын, қолдан суарылмаған жерлерде – әр 5 жыл сайын бақылап отырады. Ауыл шаруашылығы жерлерінің үлкен ауқымының «бір қолға» берілуіне жол бермеу мақсатында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің максималды көлемін белгілеу қарастырылған. Оларды қазақстандықтар әр облыстың әкімшілік аудандары (қалалары) аумағында жалға алған болуы мүмкін. Сонымен қатар, шекара сызығы мен шекара маңы аймағында орналасқан жер телімдерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ азаматтарға беруге тыйым салу қарастырылған. Жеке қолдардағы малды бағу үшін жайылымдық жерлердің жетіспеушілігіне қатысты мәселені шешу үшін елді мекендердің маңындатұрғындардың олардың жеке қолындағы малды ұстау бойынша қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жайылымдар аумағы айқындалатын нормалар қарастырылған.