«Пәкістаннан Түркияға кемемен 3 ай жүріп келдік» – Нұрила Жошқын

«Пәкістаннан Түркияға кемемен 3 ай жүріп келдік» – Нұрила Жошқын

«Пәкістаннан Түркияға кемемен 3 ай жүріп келдік» – Нұрила Жошқын
ашық дереккөзі
45 күн осы үйдің тұрғыны болдық. Осы үйдегі Нұрабдуллах ағаның әпкесі Нұрила Жошқын апамызбен бірге үш уақыт ас ішіп, әңгіме-дүкен құрып, өзімізді бөтен сезінбедік. Өзіміздің әжеміз секілді кіріп-шығып жүретін еді. Жүзіндегі нұр, маңдайына біткен әжімдері көп нәрседен сыр шертіп тұратын. Анамның көңілін аулап, арасында ас дайындап, жүгіріп жүрді. Кейін дастархан басында отырып, сыр тарқаттық. Пәкістанда туып, Түркия асып келген Нұрила Жошқын апамызбен болған сыр-сұхбатты ұсынып отырмыз. - Неге ініңіз Нұрабдуллах Жәдік мырза осы үйін шетелден емделуге келген қазақтарға тегін беріп отыр? - Алланың разылығы үшін. Бұл әке-шешеміз салған үй. Алыстан келген қазақтар емделуге келген кезде бірнеше қиындыққа тап болады: тіл білмейді, көлік қатынасы мен артық шығын және басқа да проблемалар бар. Осы қиындықтарға өзі емделіп келген қазақтар ұрынбасын, қонақүйде жалғызсырап қалмасын деген ниет те бар. осы үйдің айналасы толған қазақтар. Далаға шықса да қазақша сөйлесіп, адамдармен сөйлеседі. Осы үйге емделуге келген қазақтар қиналмасын, кіріп-шығып, өз үйіндей көріп, тұра берсін дейміз.  width= - Түркияға қай кезде көшіп келдіңіздер? - 1953 жылы. Пәкістаннан көшіп келдік. - Сол жерде дүниеге келдіңіз бе? - Иә. Мен өзім Пәкістанда тудым. Менен кейінгі үш бауырым осы Түркиядағы Нида деген қалада, Алтай деген ауылда  туған. 1 жасымда келдім. Ыстамбұлда алғашында «мүсәпірханада» тұрдық. Бұл - қазақша «жатақ» дегендері. 1955 жылы сол жерден Алтай деген ауылға қоныс аудардық. Үкімет 3 там үй, 90 дәкар жер берді. Сол жерге бидай, арпа егіп, егістікпен айналыстық. Одан бөлек, қой-қозы, ешкі-лақ бар, мал да бағып, күнкөрдік. 18 жасқа дейін сол ауылда тұрдым. Бұл 1973-1974 жылдар кезі. 1973 жылы Гүнешліге келдік. Осында үй салған екен. Сонда тұрдық. Содан бері осы ауданда тұрып келеміз. - Мұндағы үйді өздеріңіз алдыңыздар ма, әлде мемлекет көмектесті ме? - Жоқ, әкеміз Дәлелханажы деген кісі (шақабай) жер сатып алды. Сол жерге бір кісіге айтып 81 үй салдырған екен. Соны осында келген қазақтар айына 500 лирадан жылдап жүріп өтеп, өзімізге алдық. Ол кезде бір қабат қана болған. Кейін екінші, үшінші қабаттарын өзіміз шамамызға қарай ақырындап салдық. Үшінші қабат бітпей жатып әке-шешеміз қайтыс болды. Қалған ұрпағы соны бүтіндеп, толық аяқтадық. [caption id="attachment_223652" align="alignnone" width="1920"] width= Түркия. Ыстамбұл қаласы, Гүнешлі ауданы.[/caption] - Пәкістанда тудыңыз, Түркияға көшіп келдіңіз... Жалпы, қанша елде болдыңыз және қандай себеппен?  - Германияға үй болған соң, күйеуіммен бірге кеттім. Ол жақта 3 жылдай ауруханада жұмыс істедім. Кейін ата-енеміз қайтып келіңдер деген соң Түркияға оралдық. Алғашқы неке сәтсіз болды. Айырылысып кеттік. Екінші рет күйеуге тидім. Онымен бірге Түркияның Тоқат деген жеріне барып, жұмыс істедік. Бала-шағамызбен бардық. 2 жылдай тұрып, қайта оралдық. Францияға 1988-1991 жылдары барып қайттым. Сонда тұрақтап қалғымыз келді, бірақ болмады. Құжаттарды ала алмадық. Қашқын секілді қолға түскенше, есен-сауда елге оралайық деп Түркияға қайта келдік. Кейін күйеуім қайтыс болды, соның зейнетақысын алып тұрдым. - 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алып, жариялаған кезде Түркия бірінші болып мойындап, құттықтады. Сіздер де осында едіңіздер. Қандай сезімде болдыңыздар, елге оралуға деген талпыныс болмады ма? - Тәуелсіздік алған кезде осындағы біраз қазақ кетті. Кейбірі қайта оралды. Сонда күйеуім «барайық» деген кезде «ой, қойшы, бармаймын» деп қалып қойдым. Неге екенін білмеймін, сонда. Әке-шешем Түркияда жатыр, онда барып не істеймін, не тіл, не елді дұрыстап білмейміз деп қалып қойдым. Сонда күйеуім: «Германияға, Францияға барғанда қиналған жоқсың, Қазақстанға неге баспай тұрсың?» - деді. Көңілім тартпады, соны айттым.  Мен бармаған соң, күйеуім де қасымда қалды. «Қыдырып келіңдер» деп туыстарым шақырады. Әлі бара алмай, нәсіп болмай жүр. Биыл 2023 жылдың маусымына қарай барып қалармын. Оның өзінде той бар, соған барамын. Қазақстанда әкемнің туған ағаларының немере ағаларының балалары бар. Әкеміз 7 еркек, 2 қыз тоғыз ағайынды екен. Екі ұл, бір қыз ғана осы Түркияға келген. Қалған алтауы Шинжаң өлкесінде, Алтайда, Құмылда, Баркөлде қалған екен. Сол жақта тарыдай шашылған туыстары жиналып, Қазақстанға да келіпті деп естідім. - Осы Гүнешлі ауданында қазақтар көп секілді. Тіпті бір көшелерде тек қазақтар тұратын да секілді. Солай ма? - Иә, мұнда қазақтар көп. Жиыны 200-ге тарта отбасы. Бірнеше көшеге қатар-қатар қазақтар қоныстанған. Мәселен: Алтай, Ертіс, Баркөл және Бәйдік деген төрт көше бар. - Түркиядағы қазақтар туралы айтқан кезде көбіне Зәйтүнбұрын еске түседі. Осы Гүнешлі ауданы туралы көп айта бермейміз. Неге? - Негізі, қазақтардың ең көбі осы Гүнешліде орналасқан. Менің білуімше, олай айтпауында мынандай бір себеп бар: «70-жылдары келген қытайдың қазақтары сонда жиналған» деп айтады екен Зәйтүнбұрындағы жұрт. Олар өздері де сол Қытай асып келгенін ұмытып кеткен секілді. Осы Түркияға келген қазақтардың бәрі дерлік түбі Қытайдан ауып Пәкістанға өткендер, содан бері қарай қоныс аударғандар. [caption id="attachment_223653" align="alignnone" width="1920"] width= Гүнешлі ауданындағы қазақтар салған мешіт.[/caption] - Осы үйден 100 метрге жетер-жетпес жерде қазақтар келетін мешіт бар екен. Сыртында «KAZAQ KENT ALTAY CAMII 1973» деп тұр. Оны үкімет салып берді ме, әлде қазақтар салды ма? - Ол мешітті қазақтар ақша жинап өздері салды. 1973-1975 жылдары алғаш іргесі қаланды. Осыдан 5-6 жыл бұрын қайта жаңарды. Сол кезде аудан әкімшілігі көмектесті. Бұл мешіттің салынуына алыс-жақында тұратын қазақтар да ақша жинап қолұшын берді. Имамы – түрік. Бұрын қазақ болған. Ол кісі Қазақстанға көшіп кетті. - Түркияға келген кезде қиындық көрген кездеріңіз болды ма?  - Өз басым қиындық көрмедім. Тек 1980 жылдары ғана «оңқай» және «солақай» деген саясат жүрді. Сол тұста бауырымды оқудан шығарып алды. Екінші сыныпта оқитын кезі. Біреу атып кетеді, біреу ұрлап кетеді деп қорықты. Сөйтіп жүріп бауырым (Нұрабдуллах) Германияға кетті. Келген соң осында заң саласына жұмысқа орналасты. Бауырым жұмыс істеп жүріп бір емес, үш университет бітірді. Сол кезде оның отбасы, бала-шағасы да болды. Күніне 2-3 сағат ұйықтаса да жұмыс істеп, оқуын тастаған жоқ. [caption id="attachment_223654" align="alignnone" width="1920"] width= Қазақ жастары жиналатын орын.[/caption] - Сіздердің үйден шыға бергенде Қазақстан мен Түркияның туы қатар қойылған, қазақы оюлы бедерлермен безендірілген, маңдайшасында «KAZAKKENT ALTAY DERNEGI» деген жазуы бар шай ішетін орынды көрдім. Сол туралы айтыңызшы. - Осындағы қазақтардың жастары бірігіп ашқаны. Басымыз қосылсын, әңгіме-дүкен құрайық деп ашты. Бұл Зәйтүнбұрында да бар. Алғашында тек сол жақта болған соң, Гүнешлідегі жастар ол жаққа жүгіріп бара алмайды. Арасы 15 шақырым жер. Содан үйдің қасында да біреуі болсын деп ашты. - Тағы бір сұрақ: Қазақстанда түріктердің бірігіп осылай шай ішетін орын ашып, жиналып тұратын жерлері барын білмейді екенмін. Мұнда дәстүрлі түрде әдетке айналғандай. Осылай ашық әрі еркін отыруларыңызға кедергі не қысым жоқ па? - Жоқ. Жергілікті халық (түріктер) бізді қатты жақсы көреді. Олармен қоян-қолтық араласып кеттік. Бір-бірімізге қонаққа барамыз, дастархан үстінде шай ішіп, әңгіме айтамыз. Керісінше, аудандағы қазақтарға деген үкіметтің көзқарасы оң әрі жақсы. Адам болған соң әр ұлттың ішінде көкірек көрсеткісі келетіндері болады ғой. Ондайлар осындағы қазақтардың ішінде де бар, негізі.  width= - Мұндағы қазақтардың үлкендері демесек, жастары мен балалары қазақша мүлде сөйлемейді екен. Тек түрікше сөйлескендерін көрдім. Бір-екеуімен сөйлесіп көрмек болып едім, олар мені түсінбеді. - Иә, мұнда үлкендері негізінен тілді сақтап қалған. Жастары мектепті, университетті түрікше оқығандықтан, орталары түріктер болғандықтан тілдері бірінші түрікше шықты. Олардың ішінде қазақша түсінетіндері бар, бірақ жауап бергенде қиналады. Үй ішінде қазақша сөйлей беремін. Немерелерімнен бастап бәрі біледі. Алайда, жауап бермейді. Тек түрікше жауап береді. «Қазақсыңдар ғой, қазақша сөйлеңдер» деп кейде ұрсамын. - Түркияға келген кездегі жол қиындығын айтып беріңізші. Пәкістаннан осы жерге қалай келдіңіздер? - Әке-шешемнің айтуынша, Түркияға кемемен келдік. Жол ұзақтығы үш айға созылған. 1953 жылдың маусым айының соңына қарай шыққан үйден, кейін осы елге қараша басында жеткен. Шыққан жерлері Пәкістандағы Бағдат-Басыра деген жерлер. Кеменің іші үй секілді екен. Үш уақыт тамақ берген. Бір қызық жағдайды айтып берейін. Әлгі кемеге отырған қазақтарға үш уақыт тамақ кезінде зәйтүн береді. Оны қазақтар: «мына түріктер бізге неге қойдың құмалағын беріп жатыр» деп сыртқа қарай шыққан кезде, суға лақтырып отырыпты. Кейін Түркияға жеткен соң, ақырындап зәйтүн жеп үйренеді. Сол кезде айтқандары ғой: «ойбай-ау, біз мына зәйтүнді жемей, балыққа беріп, соларды асыраған екенбіз ғой» деп. Шайға да көңілдері толмапты кемеде. Бардакпен (стақан) берген шайды көріп: «неге шынымен бермейді?» деп кейіпті қазақтар. «Қолымыз күйді ғой» деп әңгіме де қылады екен. - Сонда Пәкістаннан шыққан қазақтарды алып келген Түркияның өз кемесі болып тұр ғой? - Иә. Аднан Медерес деген кісінің қазақтарды алдырып отырғаны ғой. Пәкістандағы тасбике руынан бір кісі және Қалипа молда екеуі хат жазған екен: «мұндағы мұсылман өлкесі Түркияға барсақ» деп. Сол кезде Пәкістанға Америкадан да келген екен, өздеріне алып кетуге қазақтарды. Жер береміз, үй береміз деп ұсыныс айтқан, бірақ біздікілер бармапты. Түркияға барамыз деген екен. Жазған хатты қабылдап, түріктер жеке кемесін жіберген. 1953-1955 жылдары Түркияға жеткен қазақтар екі жылдай қонақүйде жатқан. Сол тұста Пәкістаннан бірінші келген толқын 1500-ға жуық қазақ екен. Одан кейін тағы бірнеше толқын келді. 1955 жылдан кейін келген қазақтарды жан-жаққа жіберген: Алтай, Ниде – 160 үй, Ақсарайға – 110 үй, Коньяға – 110-120 үй, қазақтар демалуға көп келетін әлгі Кападокия бар ғой, сондағы Қайсарға – 150 үй салыпты қазақтарға деп. - Өзіңіздің қанша бала-шағаңыз, немереңіз бар? - Үш ұлым, екі келінім, алты немерем бар.

 Сыр-сұхбатыңызға рақмет!

Аман болыңыз! 

Сұхбат Түркия. Ыстамбұл, Гүнешлі ауданы. Нұрабдуллах Жәдік ағаның үйінде жазылды.

Сұхбаттасқан: Марғұлан АҚАН.