Емделуге келген қандастарына үйін тегін беретін Ыстанбұл қазағы

Емделуге келген қандастарына үйін тегін беретін Ыстанбұл қазағы

Емделуге келген қандастарына үйін тегін беретін Ыстанбұл қазағы
ашық дереккөзі

Түркияда 25 жыл бойы заң­­гер болып жұмыс істеген Нұра­бдуллах Жәдік қа­зір адвокат қыз­метін ат­қара­ды. Одан бөлек, үл­кен кірісті же­ке кәсібі тағы бар. Көп­шілік бә­рінен бұрын Нұра­бдул­лах­тың Түркияға ем-дом алу­ға бар­ған қазақтарға үйін тегін бере­тінін мақтана айтады. Соң­ғы төрт жарым жылда Ыс­танбұлға дертіне шипа іздеп бар­ған 50-60-қа жуық қан­да­сына қол ұшын соз­ған ол «Он­сыз да қиналып жүр­ген бауыр­ларым Түркияға кел­генде бас­пана іздеп, шарқ ұрып, еш­кім­ге жалтақтамауы ке­рек» дей­ді. Алдағы уақытта Қазақ­стан­да кәсіп ашқысы келетін қан­да­сымызға хабарласып, әңгі­меге тартқан едік. – Осыдан 70 жыл бұрын Түркияға үдере көшкен қазақтарға құжат рәсімдеу ке­зінде тегін түрікше жазу міндеттелгенін бі­леміз. Бірақ сіздің атаңыздың өз тегін қа­лай сақтап қалғаны бізге қызық. – Мен Керей, оның ішінде Жәдік руынан тара­ламын. Жетпіс жыл бұрын Түркияға кө­шіп келген кезде ресми өкілдер «Тегіңізді қа­лай жазайық?» деп сұраған кезде атам «Бізді қа­лың жұрт «Жәдік» деп айтады. Солай жа­зыңыз» деген. Олар «Өзтүрік» деп қой, мынаны қой, ананы қой» деп бізбен ешбір байланысы жоқ есімдерді атап шықса да, атам оған көн­бе­ген. Осылайша, түрік жеріне табаны тиген 1 850 қазақтың ішінде атам тегін өз руының атау­мен жаздыртып алған. Мен 1965 жылы Ниг­де провинциясына қарасты Алтай ауы­лын­­да дүниеге келдім. Ондағы қазақтар кө­біне егіншілік, малшылықпен айна­лыс­қаны­мен, көп пайда таппайтын. Әсіресе, балаларды оқытудың мехнаты көп еді. Оларды көлікке тиеп алып, 60-70 шақырым жерде орналасқан бі­лім ордасына апарып, алып қайтатын. Бола­шағымыздың жарқын болғанын қалаған әке-шешем мен бес жаста болғанда бізді Ыстам­бұл қаласына көшіріп әкелді. Мен мұн­да­ғы Ыстамбұл университетінің заң факуль­тетін­де білім алдым. Сосын Германияның Ке­льн университетінде құрылыс инженері ма­мандығы бойынша тағы оқыдым. Түркия үкі­метінде 25 жыл заңгер болып жұмыс істе­дім. Зейнетке шыққаныма үш жарым жыл бол­са да үйде қол қусырып отырғаным жөн бол­мас деп адвокат қызметін атқарып жүрмін. Одан бөлек, Германияда бірге оқыған досым екеу­міз айналысатын жеке кәсібіміз бар. Құры­лыс нысандарына қалып құю ісімен ай­на­лысамыз. Жеке фабрикамыз бар. Астанада осы жазда ашылған жаңа мешітті салған түр­кия­лық Sembol Construction-ға сол мешіттің құрылысына қажет қалыптарды әзірлеп бер­генбіз.  width=– Сізді танитын көпшілік алдымен сіз­дің Ыстанбұлға ем-дом алуға барған қа­зақтарға үйін тегін беретініңізді алға тар­тады. Бұл қажеттілік қайдан туын­да­ды? Кім себепкер болды? – Ыстамбұлда әке-шешем салып кеткен үш қабатты үй бар. Одан бөлек, басқа да үй­лері­міз бар. Бүгінде әке-шешем өмірден озып кет­ті. Олар тұрған үйден адам үзілмесін, келіп қон­ған адам оларға дұға жасасын деген мақ­сат­пен сол үйге жөндеу жұмыстарын жүргіз­ген­мін. Бірде Қазақстаннан осында ем алуға кел­ген бір қазақтың қиналып тұрғанын бай­қап: «Бері кел! Міне, жататын орның мынау, тамақ пісіретін жерің анау. Ет сатып аламын де­сең, дүкен әне тұр. Кілтің міне» деп оны сол үй­ге кіргіздім. Сосын одан не қажеттің бәрін бі­ліп алып, ертесі мұздатқыш, үтік секілді дү­ниелерді сатып әкеліп қойдым. Интернет қос­тырдым. Жалпақ тілмен айтқанда, жағдай­дың бәрін жасап қойдым. Осылайша, ол үйге тұрақтайтындардың қатары көбейді. Айта кетерлігі, ол үйге Қазақстаннан, Моңғолиядан, Шығыс Түркістаннан келген қазақтар ғана тұрақ­тайды. Олардың маған тіпті туыс болуы да міндетті емес. Қазақ аты болса болғаны. Ой­­­­ланбай, үйіме кіргіземін. Қазақтан басқа­сын­да не шаруам бар (күліп)?! Сондай-ақ, Зуқа ба­тырдың немересі Арыстан Тосын мен жур­налист, жазушы Қызырбек Гайретуллахтың қа­зақтарға сіңірген еңбегі, атқарған қызметі ма­ған үлгі-өнеге. Сондықтан өзінен гөрі өзге­нің қамын көбірек ойлап, мұқтаж жандарға сүйе­ніш бола білген олар секілді мен де «Ау­руына шипа іздеген жанға қайтсем де көмек­те­семін» деп шештім.  width=– Сонда ол үйіңіз ем алуға келгендерге ар­налған қонақүй іспетті ме? – Қонақүй деп атамас едім, себебі қазақтар ғана тоқтайтын болғандықтан онда ет асатын, ман­ты әзірлейтін арнайы ыдыстар бар. Ал қо­нақүйде ондай нәрселер болмайды ғой. Со­сын онда тұрақтаған қазақ өзін бөтен сезін­бесін, өзінің жекеменшік үйі секілді көрсін деп барлығын реттестіріп қойғанмын. Сосын үйді жалға берген күннің өзінде одан түскен ақ­шаны не істеймін? Оның берген 5-10 теңгесі маған не болады? Біз үшін бұл түк емес. Ол үй әке-шешемнен қалған баспана болған соң ол үйге тұрақтағандар сол кісілерге дұға жасаса бол­ғаны, маған басқа ештеңе керек емес. Жа­рық, су, газ, интернеттің ақысын да өзім тө­лей­мін. Қай әуежайдан түсетінін сұраймын, қо­лым бос болса өзім күтіп аламын. Үйге алып келе­мін. Сосын қолдарына сим-карта беремін, олар оны телефондарына орнатып, осындағы кли­ника дәрігерлерімен хабарласа алады. Сондай-ақ бізбен байланыса алады. Клини­кадан қайтарда үйді таба алмай, әлекке түссе әпкем көмекке келеді. «Мен осындай жерде ада­сып қалдым. Көшедегілерге түсіндірейін де­сем, тілім жетпейді. Сіз түсіндіріп беріңізші» деп әпкеме хабарласады. Ал таба алмай жатса, әпкем оларға мекенжайды смс-пен жіберіп, «Осын­да алып келсеңіз, өзім күтіп аламын» деп көмегін аямайды. Мен бәріне емес, Ыстан­бұлға емделуге келгендерге ғана жағдай жа­сай­мын. Онсыз да «Қайтіп жазыламын?» деп бас қатырып жүрген олар жатар орын іздеп, жал­тақтамасын деп барлығын тазалап, дайын­дап қоямын. Осында келгендердің қо­нақүйді қымбатсынып, құны арзан орын таба ал­май, сабылып, әрбіріне жалынып жүргенін та­лай рет көрдік. Олар осында келгенде бірін­шіден тіл, екіншіден ақша жағынан қиналады. Қан­ша жерден біраз ақша жинап келсе де, жү­ріп-тұрғанына қыруар ақша кететіндіктен, же­ме-жемге келгенде қаражатын жеткізе ал­май қиналатындарды да көзім көрді. Менің кө­мектесуіме себеп болған тағы бір жайт – ке­зін­де әке-шешеміз түрік тілі мен қазақ тілі қанша жерден ұқсас болса да, түріктерге айт­қысы келгенін ұқтыра алмай талай әлек бола­тын еді. Сондай кезде біз олардың аудар­ма­шысы болып қасында жүретін едік. Қазақ­стан­нан келгендер де түрік тілін білмегендіктен, сұра­ғысы келгенін түсіндіре алмай, дал бола­ды. Жалпы, Қазақстандағы бауырлардың бір­неше шет тіл білетіні қуантады. Әсіресе, ағыл­шын тілін жетік меңгергендеріне риза бол­дым. Бірақ Түркияда ағылшынша түсіне­тін­­дер аз. Сондықтан біріншіден, тіл мәселесі­не бас қатырмасын, екіншіден өзім заңгер бол­ғандықтан заңды білмегеннен қателес­пе­сін, үшіншіден, жатар орын іздеп шарқ ұрма­сын деген мақсатпен бұл іске саналы түрде кіріс­тім. Ұлтымыз, қанымыз бір болғандықтан олар­ға қол ұшын созбау мүмкін емес. Жалпы, қазақ бауырмал халық қой. Қазақстандағы бауырларға Түркиядағы біздің де бауырмал екенімізді көрсеткім келді.  width=– Осы уақытқа дейін ол үйге қанша қа­зақ тұрақтады? – Төрт жарым жылдың ішінде 50-60 адам осын­да тұрақтап, тиісті ем-домын алып, жазы­лып кетті. Тек Алмалы өңірінен келген, жаман ауру­ға шалдыққан бір әйелді елге ерте қай­таруға мәжбүр болдым. Алғаш келгенде хи­мио­терапиядан өткен оның жағдайы жақ­сар­ған-тын. «Бала-шағамды сағындым» деген соң Қазақстанға қайтып оралған еді. Бірақ онда жағ­дайы күрт нашарлап, осында қайта келіп, ем-дом алды. Бірақ емдеу процесі оның жа­ны­на дауа, тәніне шипа болмаған соң дәрігер ма­ған хабарласып: «Мына кісінің ары кетсе екі апта ғұмыры қалды. Бұдан былай химия қа­былдай алмайды. Мұнда қайтыс болса, Қа­зақстанға жеткізу оңай емес екенін біліп тұр­сыз. Сіз – заңгер, адвокат ретінде ертең бізге дау салмаңыз. Дұрысы, дереу елге қайтар­ғаныңыз жөн», – деді. Ол әйелмен ере келген анасына жағдайдың бәрін түсіндіріп: «Сізді қуғандай көрмеңіз. Абзалы, бала-шағасының қа­сына апарғаныңыз дұрыс» дедім. Әлі үш апта емделеміз деп келген олардың билетін дереу ауыстыртып, елге қайтардым. Қазақ­стан­­ға барған соң бала-шағасын иіскеп, ақы­рын­­да екі күннен соң жан тәсілім етті. Тағы бір уайымдатқан жайт, Моңғолиядан Қазақ­станға көшіп келген бір әйел өкпесін ауыстыру үшін осында келген болатын. Донор ретінде Түрік­менстаннан туысы арнайы келді. Ол туы­сының ұлты – қарақалпақ екен. Екеуі неше күн тексерілсе де, ақырында дәрігерлер екеуі­нің туыс екенін дәлелдей алмады. Сталиннің тұсында Түркіменстан, Өзбекстан Моңғолияға шашырап кеткен олар бір-бірін туыс деп жаны шы­ғып, жақын тартып тұрса да бұл істен еш­теңе өнбеді. Ақыры, ол өкпесін ауыстыра ал­май елге оралды. Онымен сөйлесіп тұрамын. Әлі донор таба алмапты. Үкіметтің қарауын­да­ғы мекемелерге тексеріліп, донор табылып қа­лар деп күтіп отыр. Негізі, олар Қазақстанда жү­ріп-ақ клиникамен өздері байланыс орна­тады. Көбі түрлі диагнозбен келеді, ал кейбірі­нің Қазақстандағы дәрігерлер нақты диагноз қоя алмағаннан жан ұшырып, шарасыз күйге түскенін байқайсың. Олардың күдігін сейіл­тіп, сенімін арттыру үшін қолымыздан келген­нің барлығын істейміз. Арасында «Мен қыды­рып келген едім», «Оқуға келіп едім» деп ха­бар­ласатындар да бар. Бірақ оларға «Рен­жіме­сең, басқа орын тауып аларсың, жаным» деп көмектесе алмайтынымды жылы жеткізуге тыры­самын. Өйткені олар оқуға келсе бір емес, екі-үш жылға тұрақтайды. Ал қызық із­деп, қыдырып келген мен жаны қиналып, ем­делуге келгеннің қайсысына қарайласу қа­жет екенін айтпаса да түсінікті. Емделуге кел­гендердің кейбірі он бес күн, ал енді бірі бір айға тұрақтайды. Үш күннің ішінде тек­серістен өтіп үлгеретіндер де бар. Ауруы ас­қын­ған кейбірі үйде Қазақстаннан келген басқа емделушілер тұрып жатқандықтан біраз уақыт күтуге мәжбүр болды. «Қолымыздағы ақшамыз түгесіле бастады. Қайтейік енді» деп хабарласқанда жүрегім ауырады-ақ, бірақ ол үйдегі басқа бауырымның ем-домы бітпей жа­тып, екіншісін қалай кіргіземін? Дегенмен кө­мек сұраған әрбірінің бетін қайтармауға тыры­самын. Көбі «Осы уақытта келсек, үй бос бола ма?» деп алдын ала хабарласады. Бірдей уақытта келмес үшін қашан босайтынын нақ­тылап алып, өзім қайта хабарласамын. Ем­делушілерден бөлек, әкесі не анасы жоқ немесе екі қамқоршысынан да айырылған сту­денттерге де көмектесіп тұрамыз. «Осында оқу­ға келген едім. Қиналып жүрмін, жағдайым бол­май тұр. Маған көмектесе аласыздар ма?» деп хабарласқандардың қолын бос қай­тар­маймыз. [caption id="attachment_205789" align="alignnone" width="1200"] width= Әпкелері мен бала-шағасының ортасында.[/caption] – Әпкеңізден бөлек, мұндай игі істі қол­дап жүрген қатарластарыңыз бар шы­ғар? – Әрине. Кезінде Оспан батырмен бірге Шы­ғыс Түркістан Республикасын құруға бар кү­шін сарп еткен Жанымхан Тілеубайұлының не­мересі Бешір Жаналтай үнемі қасымнан табы­лады. Оған «Мына кісілерді ана бір жерге апа­ра аласың ба?», «Бір-бірін түсіне алмай жат­са керек. Аудармашы бола аласың ба?» деп ха­барлассам, ол сөзімді екі етпей жүгіре жө­неледі. Ұлтшыл азамат. Екеуіміз бала күннен бір­ге өскендіктен, аға-бауырдай етене ара­ласамыз. Ешқашан бір-біріміздің сөзімізді жер­ге қалдырған емеспіз. Әрі-беріден соң Қа­зақстаннан келген қазақ екеуімізге де бөтен емес қой. Сосын туыс емес екі қазақтың бір-бірін бауырындай көруі Қазақстанда да бар ғой. Мен биыл Қазақстанға бірінші рет ат ба­сын тіреп, жиырма бір күн бойы бес өңірді асық­пай аралағанмын. Сол кезде Қытаймен ше­­каралас жерде орналасқан Алмалы өңі­рін­дегі таудың маңын 4-5 сағат атпен ара­ладым. Қара­сам, тау басында бір жігіт отыр екен. Қасы­на барып: «Еу жігітім! Тау басында неғып отыр­сың?» десем, амандасып, хал сұрасып, тау ете­гінде жайылып жүрген сиырларға бас-көз бо­лып отырғанын айтады. «Қанша сиырың бар?» десем, «Білмеймін» дейді (күліп). «Қай­тып білмейсің, сиырлар сенікі емес пе?» десем, өзі­нің бақташы екенін, ал сиырлар бәленше бай­дікі екенін айтты. Сол кезде «Бағып жүрген сиы­рыңнын санын білмейтін қандай бақта­шы­сың сен?!» деп қалжыңдасып, шүйіркелес­кен­біз. Біраздан соң ол «Төменге бірге түсейік. Жай­лаудағы үйде жаюлы тұрған дастарқаннан дәм татыңыз» деп мені даланың қақ ортасына тіккен үйіне ертіп апарды. Сөйтіп, сонда ба­рып шай іштік. Ары-бері жүгіріп жүрген әйелі­нің етті қайдан алғанын білмеймін, сол кеште ет асып, бізді тамақтандырды. Сол сәттен өте кере­мет әсер алдым.  width=– Ел ішін аралаған сол жиырма бір күн­нің ішінде Алмалыдан басқа қай өңір не­сімен есте қалды? – Жүрегіме ыстық топырақ, атажұртым бол­ған соң маған бәрі бірдей. Еш өңірді бөліп-жар­маймын. Жалпы, бір нәрсенің үстінен үстір­тін қарау, біреудің «Осындай екен» деп айт­­­қанына сену – ширек ғасыр бойы заңгер қыз­метін атқарған маған жат қылық. Барлы­ғын анықтап, нақтылауым қажет. Сол секілді Қазақстанды елдің айтқаны бойынша емес, өз көзіммен көруім керек болды. Әрі бір орында отырмай, кәсіп дөңгелетіп отырған адам бол­ған соң атажұрттағы бауырлардың тіршілігі қан­дай екеніне, қандай кәсіппен айналыса­ты­нына көз жеткізу үшін асықпай ел ішін ара­ладым. Жиырма бір күннің ішінде ер-азамат­тар­дың көбіне көшенің бір жағында көлік жуып жатқанын, енді бір жағында кірпіш құйып жатқанын көрдім. Бірақ өнім шығарып жатқан ешкімді көрмедім. Ал өнім шығарудың көп мүмкіндігі мен мол әлеуетін байқаған мен «Осында келіп, өнім шығарсам ғой» деген ойға баттым. Сөйтіп, бірнеше идеяны қағазға түр­тіп алдым. – Құпия болмаса, Қазақстанда кәсіп­тің қай түрін дамытар едіңіз?  width=– Мен сізге мынаны айтайын – мен қолым не­ге тисе, содан өнім шығаратынымды біле­мін. – Мысалы? – Қазақстанда қалтамда ақша болмаса да, 3-4 жылда байып кетемін. Сізге осылай ай­тайыншы. Айды аспанға шығарып, бірдеңе құрас­тырып шығармасам да, қарапайым кәсіпті дөңгелетіп жүріп-ақ қыруар ақша таба ала­тыныма күмәнім жоқ. Жоғарыда айтып өт­кен Алмалыдағы тау маңында атпен жүр­ген­де сары өріктің төгіліп жатқанын көрдім. «Мынаны ешкім жинамай ма?» десем, «Жоқ, оны аюлар жейді» дейді (күліп). Мен сол себет-себет өріктен шыққан өнімді сатсам, мол та­быс­қа кенелетінім хақ. Байқағаным, елде көбі же­міс-жидекті күтіп ұстауға немқұрайлы қа­райды екен. Мысалы, бау-бақшасында жап-жақ­сы өсіп тұрған алма ағашқа неліктен құрт тү­сетінінен, оның алмаға әсері болатынынан еш­кім­нің хабары жоқ. Ағашты сол құрттардан тазалауды да көбі білмейді. Алма ағашы бүр­шік атқанда жалбыз бен шақпа шөпті ыстық суға салып, он бес күннен соң ішіндегі сама­сын алып тастап, суын алма ағашқа шашсаң, ол ағашқа құрт түспейді. Барған жерімде біл­­­меген жұртқа осыны айтып жүрдім. – Түсінгенім, Қазақстанға келіп тұ­рақ­тауды жоққа шығармайсыз. Солай ғой? – Алдағы уақытта бала-шағаммен тұрақ­тау ойымда бар. Сол үшін де асықпай аралап көр­гім келді. Келешекте әлдебір өнім шығарып жат­сам, «Қазақстанға қандай пайдам тиеді?», «Түр­лі істің басын шалып көргісі келетін кә­сіп­керлерге, жалпы Қазақстанның алға қарай ілгерілеуіне қандай үлес тигізсем болады?» деп ойланбадым емес, ойландым. Кәсіптен бұрын, қазақ көп, қазақтілді ортада жүргенге не жет­сін?! Мен әкем елу жасқа толғанда дүниеге кел­дім. Ол біздің тәрбиемізге қатты көңіл бөл­ді. Бізбен үнемі қазақша сөйлесетін. Әкеміз не сөйлейді, біз соны қайталаймыз. Балаларым қа­зақша түсінеді, бірақ сөйлей алмайды. Әйе­лім түрік ұлтынан болған соң мен таңнан кеш­ке дейін жұмыста болғандықтан олардың қазақ­шадан гөрі, түрікшеге судай болатыны айт­паса да түсінікті. Күнделікті тұрмыста кей­бір сөздерді үнемі қазақша айтатын «әде­тім» бар. Ал кейде балаларымның санасына сің­сін, мағынасын біле жүрсін деп кей қазақ­ша сөздерді әдейі айтамын.  width=– Қазақстанға келген кезіңізде Ыс­тан­бұлда сізден жақсылық көргендермен қауышқан боларсыз? – Әлбетте! Олар малын сойып, ет асып, мен бір келгенде қонақ етіп күткісі келетінін ай­тып хабарласты. Бірақ әрбірінің үйіне бару­ға уақытым болмағандықтан, менімен кез­дес­кісі келетіндерді Алматыда өзім тоқтаған қо­на­қүйге жинадым. Сөйтіп, бәріне тамаққа тап­сырыс беріп, «Барлығыңа Алла разы бол­сын! Қошемет білдіріп, ерекше күтіп алғы­ларың келеді. Бірақ өздеріңді қинамаңдар» деп жылы лебізімді жеткіздім. Бірақ кездесу соңын­да кейбірі «Түркиядағы апайыма ет салатын табақ беріп жіберейінші» десе, енді бірі «Ана кісіге мынаны беріп жіберейінші» деп өтіне бастады. «Ешбіріңнің заттарыңды кө­теріп жүретін шамам жоқ» десем де, үлкен зат емес, шағын екенін айтқан соң көңілдеріне қа­рап ала берген едім. Әуежайға келгенде өл­шесем, олардың «сәлемдемесінің» салмағы – 275 келі, ал шабаданымдікі – 23 келі (күліп). Сөй­тіп, әрбірінің тапсырысын әупірімдеп жет­кізгенім бар. Жоғарыда айтқанымдай, Түр­кияда туып-өссек те қазақ десе бүйрегіміз бұ­рып тұрады. Германияда оқып жүргенде Мах­мүд Афи есімді қандас досым «Бауырым, үйге келіп шай ішіп кетсеңші» деп үнемі ша­қыратын. Ол кезде жаспыз, бөтен үйге бар­ған­ға ұялатынбыз. Әлгі досым «Осы сен неге біз­дің үйге келмейсің?» деп ренжитін. Оның қа­зақтарды соншалық неге іздейтінін кейін тү­сіндім. Ол Германия көшелерінен көзі қы­сық азиатты көрсе, соңынан еріп, бағдар­шам­ның қызыл түсі жанған кезде басқа жаққа қа­рап: «Ай, сен қазақпысыыыың-ай?» деп ән­де­тіп, әлгі бейтаныстан жауап күтіп тұрып ала­­ды екен. «Сосын оның қытайша сөйлеп ке­ле жатқанын естіген соң: «Сайтан алғыр, сен де қазақ емес екенсің ғой?!» деп боқтап кете­мін» дейді (күліп). Сол секілді біз де жүрген жері­­мізде қазақтарды іздеп жүреміз. Қазақ­тар­ға қатты сенеміз. Үйдің кілтін де, көмекті де аямай беретінім сондықтан. «Бір қазақ екінші қазақтың ақшасын тонап кетіпті» де­генді өз басым естіген жоқпын. Керісінше, «бір-бірін Құдайдай сыйлайтын қазақ» дегенді жиі естимін. Екі елде өсіп-өнсек те, бір-бірі­мізбен сыйласып, біріміз бірімізге қол ұшын созып жүру ата-бабадан келе жатқан сал­ты­мыз емес пе?! – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ