50577
Қара домбыраны хан көтерген Ханбатый
Қара домбыраны хан көтерген Ханбатый

Сонау сексенінші жылдары Омбы теміржол институтында оқып жүргенде-ақ домбыра үйірмесін ашқан Ханбатый Әбеуұлы қазір Омбы қазақтарына домбыра үйретіп жүр. Сондай-ақ ол – осыдан жиырма жыл бұрын Таврия ауданына қарасты Қоянбай ауылында өзі ашқан «Мерей» ансамблінің жетекшісі. Дүйсенбіден сәрсенбіге дейін Омбыда, қалған күндері Қоянбайға барып, ондағы мектеп оқушыларына домбыра үйрететін Ханбатый аға жасы келсе де, балаларды өнерге баулудан шаршамайтынын, жалықпайтынын айтады. Қара домбыраның киесін қастерлейтін Ханбатый ағамен Омбыға жасаған іссапар кезінде танысып, аз-кем әңгімелескен едік.
– Омбы қазақтарынан сіздің отыз жыл бойы тынбай домбыра үйірмесін жүргізіп келе жатқаныңызды естігенде таңғалысымызды жасырмадық. Расында, домбыра үйретіп жүргеніңізге отыз жыл болды ма?
– Иә, отыз жыл болды. Негізі, мен Қостанай облысында дүниеге келгенмін. 1985 жылы әскерден оралған соң, Омбы теміржол институтына оқуға түстім. Оқып жүргенде жай жүрмей, студенттерге домбыра үйреткенім дұрыс болар деп ойладым. Сөйтіп, 1986-1990 жылдар аралығында Омбы теміржол институтында домбыра үйірмесін жүргіздім. Содан соң өзім түрлі байқауларға қатыса бастадым. Алдымен жалғыз қатысып жүрдім. Содан соң өзім домбыра тартуды үйреткен жігіттерден ансамбль жасақтап, оларды апарып жүрдім. Ақырында талай байқауда топ жарып, лауреат атандық. Бұл бізге ерекше серпін беретін. Институтты бітірген соң арнайы жолдамамен Қостанай облысына қарасты Құсмұрын кентіне көшіп келіп, сонда екі жыл жұмыс істедім. Онда да домбыра үйірмесін ашып, ол жақтан кеткенше оқушыларды өнерге баулыдым. Сосын Омбы облысындағы Таврия ауданына қарасты Қоянбай ауылына отбасыммен көшіп келдім. Онда тоғыз жылдық мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа тұрдым. Болжап отырғаныңыздай, ол мектеп ішінен де домбыра үйірмесін аштым (күліп). Ешқандай еңбекақы төленбесе де, ауыл балаларына домбыра үйретіп жүрдім. Кейін балаларды концертке алып шыға бастадым. Сол кезде мені байқаған мәдениет бөлімінің өкілдері арнайы сағат бөліп, жалақы бекітті. Содан соң 2000 жылы Қоянбай ауылының оқушыларынан «Мерей» атты ансамбль құрдым. Айта кетерлік жайт, біздің ансамбль 4-5 рет «Үлгілі ансамбль» атағына лайық деп танылды. Омбыда бізге дейін домбырашылардан құралған үлгілі ансамбль болмаған. Ресейде әуесқой немесе кәсіби музыканттардан, оқушылар мен студенттерден құралған шығармашыл ұжым «Үлгілі ансамбль» атағын алуға тиіс. Алған күннің өзінде бұл деңгейді ұстап тұру үшін жыл сайын мықты репертуары бар екенін дәлелдеп жүруің керек. Ансамбльдің құрылғанына жиырма жыл болды, біз қазірге дейін сол деңгейді ұстап тұрмыз. Тоғыз жылдық мектеп болған соң, ансамбль мүшелері жыл сайын ауысып отырады. Бірақ қазір ансамбль құрамында он алты оқушы өнер көрсетеді. Ансамбль мүшелері жасы кішілер мен үлкендер болып екіге бөлінеді. Екі топты түрлі іс-шараға ертіп апарамын. Таврия ауданында қазақ орталығы жұмыс істейді. Сол орталықпен тығыз жұмыс істейміз. Ал мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметінен босадым. Ұжымым еңбек сіңірген жылдарым үшін сый-сияпат көрсетіп, шығарып салды. Бірақ мәдениет бөлімі мені штатта қалдырды.
– Ал «Омбыдағы қазақ балаларға домбыра үйретіңізші» деп «Омбы қазақтары» ұйымының негізін қалаушы Торғын қолқалады ма?
– Иә. Екі жыл бұрын бір концертте Торғын маған домбыра үйірмесін ашқалы жатқанын айтып, соны жүргізуімді өтінген еді. Бірақ мен біраз ойландым. Себебі жұмыс пен үйдің арасында шапқылап жүріп, глаукоманы күшейтіп, көзіме қайдан зақым келгенін түсінбей қалдым. Дәрігерге кеш қаралып, ақырында, байқап отырғаныңыздай, көзім нашар көретін болды. Сондықтан алғашында ауылдан қалаға барып келуім қиындау болады деп ойлаған едім. Бірақ «Омбы қазақтарының» кеңсесі орталықта орналасқанын білген соң, маған келіп-кетуге ыңғайлы екенін білдім. Ауылдан қалаға газельге мініп келемін. Түскен соң біраз жер ғана жүремін. Жер асты өткелінен өтемін. Былтыр қазан айынан бері үйірме жүргізіп келе жатқандықтан барлық жерді жаттап алдым. Омбыдағы қазақ балаларына дүйсенбі, сейсенбі күні сабақ беремін. Ал қалған күні Омбыдан 75 шақырымдай қашықтықта орналасқан Қоянбай ауылына барып, «Мерей» ансамбліндегілерге үйірме өткіземін. Омбыда да үйім бар. Сондықтан апта сайын ары-бері жүруге қиналмаймын. Бастысы – балаларға бар білгенімді үйретсем болғаны.
– Сөзіңізге қарасақ, ауыл балаларының ұлттық аспабымызды үйренуге деген қызығушылығын арттырудың қажеті жоқ секілді.
– Иә. Біздің балаларды мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Мерекелік кештерде ән айтатын олар қонақтардың қалталарына ақша қыстырғанын көріп, мәз болады. Берген ақшалары кәмпитін, шоколадын алып жегенге жараса да жақсы ғой. Тіпті, сатып алған домбыраларының ақшасын ақтаса да, жақсы емей немене?! Мен сізге мынаны айтайын: Қоянбайда балалар былай тұрсын, ата-аналардың қызығушылығы жоғары. Балаларын үйірмеден қалдырмайды. Бастапқыда үйірмені енді қолға ала бастағанымда көбінде домбыра болмаған еді. Бертін келе олар Қазақстаннан тапсырыспен алдыратын болды. Қала берді, ондағы туыстары беріп жіберетін. Мен Қазақстанға барғанда да бес домбыра әкеліп бергенмін. Ал қазір Омбы қаласында екі-үш жерде домбыра сатылады. Сатып алғысы келетіндерге ере барып тексеріп, домбыра таңдап беремін. Жалпы, бұрын Қоянбай ауылында тоқсан шақты үй болған. Қазір оның алпысы ғана қалды. Олардың түгелі жыл сайын отыз күн ораза ұстап, ауызашар жасап, ата-бабаларына Құран бағыштайды. Мен сол ауылға көшіп барған күннен бүгінге дейін ұлттық дәстүрлеріміздің ерекше ұлықталатынына куә болып келе жатырмын. Сондықтан ол ауылдағылар домбыраны қасиетті аспап санайды.
– Сізді қаумалап алған қала балаларының өнерін тамашалап отырып, олардың сіз сонша мақтаған ауыл балаларынан кем түспейтініне көзім жетіп отыр.
– Сабақ басталуына әлі біраз уақыт болса да, келіп жатқан балалардың санын көрдіңіз ғой?! Сабаққа дайындалып, үй тапсырмасын қайталап отырған балаларды да көрген боларсыз. Бұл небір секцияларға толы үлкен қалада тұратын оқушылардың домбыра тартуды үйренуге талпынысы зор екенін байқатады. Мақтанғаным емес, бірақ Қазақстанға барғанда аңғарғаным, онда домбыра үйірмесіне баратын балалардың саны аз екен. Ал бізде керісінше, қалада болсын, далада болсын, домбыра тартуды үйренемін деушілер жетіп артылады. Қоянбайдағыдай, Омбыдағы ата-аналардың да қызығушылығы орасан зор екенін айта кеткен жөн. Үйірме ашылатынын естіген олар «Балаларымызға домбыра тартуды үйретіңізші» деп жеткіншектерді алдыма салып берді. Бұйырса, «Омбы қазақтарының» кеңсесі кеңейіп, жаңарғалы жатыр. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, үйірмеге келушілер саны бұрынғыдан бетер арта түседі деп сенемін.
– Отыз жыл бойы домбыра үйретуден жалықпағаныңызға әлі де таңғалып отырмыз.
– Білмей тұрған балаға бірдеңені үйретуге бейімділігім бар. Бейжай қарай алмаймын. Әрі жоғарыда айтып өткенімдей, «Үлгілі ансамбль» атағын алған соң, артқа шегінуге болмайтынын түсінесің. Домбыраны қалай ұстау керек екенін білмейтін баланы өнерге баулу – үлкен еңбек. Десе де бұл іс маған ұнайды.
Қазақта «қара» деген ерекше сөз бар. Қара шаңырақ дейміз. Бір әулеттің арғы аталарының түтін түтеткен, кенже ұл қалуға тиіс үйді қара шаңырақ деп атаймыз. Бұл ұғым – біз үшін қасиетті. Қара қазан дейміз. Жеті ұрпағына жететін құнды дүние, ырыстың басы деп есептейтін ыдысты қара қазан дейміз. Бала күнімізден бері көріп өскен кәдімгі қара қазан. Онда тамақ әзірлейді. Сүт те пісіреді. Құрт та қайнатады. Бұл да – біз үшін ыстық дүние. Қазақтың қара домбырасы дейміз. Атақты күйші Байжұманың қара домбырасы Ұрқияға табыс етілген. Ұрқия қапылыста қаза болған соң, әлгі домбыраны Сырғаға ұсыныпты. Сосын түсінде Сырғаға «Байжұманың домбырасын қара жалы бар күйшіге табыс ет» деп біреу аян беріпті. Содан соң Сырғаның әкесі қара жалы бар күйшіні табу үшін күй тартыс ұйымдастырса керек. Әлгі сайысқа жан-жақтан күйшілер жиналады. Оның ішінде атақты Құрманғазы, Дәулеткерей бар, Ұзақ күйші де бар. Күй тартыс аяқталған соң, Сырға сонша шарқ ұрып іздегені Құрманғазы екенін біледі. Өйткені Құрманғазының желкесінде шашы барын байқайды. Содан соң Сырға көпшіліктің алдында Байжұманың домбырасын Құрманғазыға табыс етеді. Құрманғазы әлгі домбыраны тартқан кезде, киіз үйлер селкілдеп, түндіктер желпілдеген деседі. Күй атасы – Құрманғазы домбыраның әуенін исі қазаққа жеткізу үшін аянбай тер төкті. Ел ауызында жүрген біршама шығарманы жарыққа шығарды. Ол өзінің миссиясын орындады. Қазір сол күйлерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз деп білемін. Сондықтан отыз жыл бойы жалықпай, шаршамай еңбек етіп жүрген жайым бар. Осы отыз жыл ішінде қаншама бала алдымда отырып, домбыраны жетік меңгерді. Дейтұрғанмен жас та келіп қалды. Жасарып жатқан жоқпыз. Бірақ маған балаларға домбыра тартуды үйреткен ұнайды. Өскелең ұрпаққа ата-бабамыздан қалған асыл мұраны жеткізу, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды үйрету міндеті бәрінен биік тұрады. Жиырма бес жылдай қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бергенімде де ұлттық құндылықтарды жиі насихаттайтынмын. Балалар біліп жүрсін деп қазақ әдебиеті апталығында тұсау кесу, тілашар, бесікке салу дәстүрлерінен көрініс қойып, сұрақ-жауаптар ұйымдастыратынмын. Әріптестерім «Сіз қазақ тілі сабағын жақсы жүргізетін едіңіз» деп айтқанына қарағанда еңбегім зая кетпеген секілді.


Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ