Қамшыбек Париж Олимпиадасында да Джалоловтан жеңіледі – Тұрсынғали Еділов

/
Қамшыбек Париж Олимпиадасында да Джалоловтан жеңіледі – Тұрсынғали Еділов
ашық дереккөзі
Қамшыбек Париж Олимпиадасында да Джалоловтан жеңіледі – Тұрсынғали Еділов Ташкентте өткен бокстан 2023 жылғы әлем чемпионатынан Қазақстан боксшылары 4 алтын, 1 күміс медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте екінші орын алды. Осыған орай бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов Өзбекстан төрінде өткен дүбірлі додаға қатысты пікір білдірді деп хабарлайды turkystan.kz. Тұрсынғали Еділовтің айтуынша, Қазақстан құрама­сының биылғы әлем чемпионатында өте жақсы нәтиже көрсетті. Бірақ көңіл көншітпейтін тұс­тар да жоқ емес. Бұл ретте жаттықтырушы аса ауыр салмақ дәре­­­жесінде күш сы­нас­қан Қамшыбек Қоң­­­қабаевтың өнеріне кө­ңілі тол­мағанын жасырмады.
«Бүгінгі таңда бұл салмақтың фавориті Баходир Джалолов екені сөзсіз. Бірақ оны да ұтуға болады. Қоңқабаевпен өткіз­ген жекпе-жегінде ол шаршы алаңға қобалжып шықты. Күллі Өзбекстан халқы аса ауыр салмақтағы алыбынан тек алтын жүлде күтіп отырғандықтан, Джалолов қазақ бокс­шысынан қалайда жеңіліп қалмаудың қамын ойлады. Бұл – психологиялық тұрғыдан қосымша ауыртпалық жүктеді. Бәсеке барысында Баходир сол қолмен тіке соққы жасаумен ғана шектелді. Басқа мардымды ештеңе істей алған жоқ. Сол сәтті Қамшыбек ұтымды пайдалануы керек еді. Үшінші раунда Қоңқабаев біраз «тіріл­­гендей» болды. Жақсы екі соққы жа­сағанда, Джалолов қашқақтай бастады. Қан­дасымыз шабуылын одан әрі жал­ғастыруы керек еді. Ал ол қарымта соқ­қы алып қаламын ба деп қорқып, же­ңіліп жатса да, өте сақ әрі баяу қи­мыл­дады. Қар­сыласынан қаймығып, уақыт созып жүріп алды. Бір сөзбен айтсақ, Қамшыбек жігерсіздік танытты. Сын сағатта намысын қамшылай алмады», - деді Тұрсынғали Еділов «Egemen Qazaqstan» газетіне.
Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы келесі жылы Парижде Олимпиада ойын­дары басталатынын еске салды. Оның пікірінше, алдағы додаға «осалдығын мойындап, сағы сынған боксшы» Қамшыбек Қоңқабаев аттанса, ұлттық құрама ұтылып қалуы мүмкін.
«Келесі жылы Парижде Олимпиада ойын­дарының алауы тұтанады. Төрт­жыл­дық­тың басты додасында олардың жолдары қайта қиысатыны анық. Ол кезде де Қоңқабаевтың ұтылатынына күмәнім жоқ. Өйткені Джалоловтан жеңілуге оның еті әбден үйреніп қалған. Ал олай болса, алдын ала осалдығын мойындап, сағы сынған боксшыны Олим­пиадаға апарудың не қажеті бар? Әлде барлығымыз Жаратушыға «Фи­налға дейін Қоңқабаевты Джало­ловпен жолықтырмаса екен» деп жалбарынып отыруымыз керек пе? Қамшыбек қанша жерден атақты бокс­шы болса да, оны дереу бас­қа боксшымен алмастыруымыз керек», - деп түйіндеді Тұрсынғали Еділов.
 
Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары