Алматы жастары: Тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау басталды

/
Алматы жастары: Тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау басталды
ашық дереккөзі
Алматы жастары: Тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау басталды «Алматы жастары» жеңілдетілген Тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау  басталды. Қазір 2 мыңнан астам алматылық өтінім беріп үлгерген. Бұл кезең 31 мамырға дейін созылады деп хабарлады turkystan.kz. Almaty арнасының хабарлауынша, «Алматы жастары» жеңілдетілген ипотекалық Тұрғын үй бағдарламасының биылғы жоспары бойынша, 1100 алматылық баспаналы болады. Оған білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласының өкілдері, журналистер, құқық қорғау органдары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының және жоғары оқу орнының қызметкерлері қатыса алады. Биылдан бастап қатарға қалалық коммуналдық шаруашылық мамандары қосылды. Сондай-ақ бәсекелестігі жоғары салалар үшін бағдарлама аясы тағы 100 жолдамаға артқан. Еске сала кетейік, «Алматы жастарына» қатысу үшін қалада тіркеуде тұру міндетті емес.
«Негізгі талаптары: Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек. 35 жасты қоса алғанда, қатысушының және оның отбасы мүшелерінің меншік құқығында соңғы 5 жыл ішінде ҚР аумағында тұрғын үйі болмауы тиіс. Алматы қаласының белгілі саласы бойынша міндетті зейнетақы аударым мен кем дегенде соңғы алты ай ішінде ресми жұмыс өтілі болуы міндетті», – деді Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев.
Несиенің ең жоғары сомасы – 18 млн теңге.  Пайыздық мөлшерлеме – 5 пайыз құраса, бастапқы жарна – 10 пайыз. Ипотекалық бағдарлама арқылы бірінші және екінші нарықтағы тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндік бар. Өтінім берушілер Almaty-Zhastary.kz сайтында құжат тапсыра алады.
«Меншігінде жылжымайтын мүлік бар-жоқтығы туралы анықтама міндетті түрде Қазақстан Республикасы бойынша болуы тиіс. Екіншіден, бүкіл сіздің отбасы құрамыңызға кіретін азаматтар салынуы тиіс. Сіздің отбасыңыздың мүшелері болып жұбайыңыз және кәмелет жасына толмаған ұл-қыздарыңыз танылады. Үшіншіден, атап өтетін жағдай, өздеріңіз істейтін саланы, яғни сфераны дұрыс таңдауыңыз қажет», – деді Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы Азат Исламов.
Іріктеу балдық жүйеге негізделген. Атап айтқанда, некедегі әрбір жыл үшін 2 ұпай беріледі, бірінші балаға – 1 ұпай, ал одан кейінгі әрбір бала үшін 2 ұпай саналады. Бұдан бөлек, еңбек өтілінің әр жылына 2 ұпай қосылады. Өтінім берушілерде балл саны тең болған жағдайда, өтініш пен құжаттарды ерте тапсырған қатысушы басымдыққа ие болады. Айта кетейік, «Алматы жастары» бағдарламасы 2017 жылы басталған. Осы уақыт аралығында 3 393 жас азамат баспанамен қамтылды.    
Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары