– Қан майданға Қазақстанның әрбір 5-ші азаматы аттанды. Ал соғысқа аттанған қазақстандық жауынгердің әрбір екіншісі майдан даласында қаза болған. Сондай-ақ соғыстан қайтпай қалған, жерленген жері белгісіз солдаттарымыз қаншама?.. Арада 80 жыл өтсе де, хабарсыз кеткен сарбаздардың ұрпақтары, туыстары әлі күнге бір хабар күтері анық. Осы орайда оларды іздеу жұмыстары қалай жүріп жатқанын сұрағым келіп отыр.
– Кейінгі жылдары майдан даласында қаза тапқандардың атын қайта жаңғырту, белгісіз болып келген батырларымызды анықтау жұмыстары ауқымды жүргізіле бастады.
Қазақстандық іздестірушілер Ресей, Украина іздестірушілерімен қоян-қолтық еңбек етіп, оң нәтижелерге қол жеткізуде.
Мысалы, украиналық іздестіруші белсенді Анатолий Казанюк неміс фашистерінің «Штатлаг-555» концлагерінде қаза тапқан 60 қазақстандықтың жерленген жерін көрсеткен. Москва тұрғыны Асылбек Төлешов Мәскеудегі Прибреженский бейітінде жатқан 35 қазақстандықты анықтаған.
Орталық белсенділері 1 млн 273 қазақстандық сарбаздың аты-жөнін Мәскеудегі «Еске алу» қабырғасына орнату үшін тауып жіберді.
Барлық облыс орталықтарында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, басқа да ірі елді мекендерде ҰОС батырларына арналған «Еске алу» қабырғалары орнатылған. Ол қабырға жаңадан анықталған соғыс ардагерлерінің аты-жөнімен толықтырылып тұрады.
Осы тұрғыда еліміздің іздестіруші топтарының қажырлы еңбектерін атап өту керек. Астана қаласынан Еуразия ұлттық университетінің профессоры Майдан Құсайынов пен Астана қаласындағы Аtanyn Amanaty, Павлодар облысындағы «Павлодаршылар» іздестіру тобы, Ақмола облысы Степногорск қаласындағы «Ұрпақ-Поколение» іздестіру тобының еңбегін ерекше атауға болады.
Олардың арқасында 1000-нан аса боздақтың аты-жөні мен жерленген жері анықталды. Біраз жауынгерлер туыстарының қалауымен қайта жерленді немесе топырағын туған еліне жеткізу рәсімдері өткізілді.
Аtanyn Amanaty соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық сарбаздарды іздестірумен айналысатын еліміздегі бірден-бір ұйым. Олар әскерге аттанып, туған жеріне оралмағандардың жерленген жерлерін анықтап, мұрағаттық-іздестіру жұмыстарын жүргізеді.
Мысалы, 2022 жылғы 9 наурызда Орталық кеңес және Астана қалалық ардагерлер кеңестерінің өкілдері Аtanyn Amanaty қоғамдық бірлестігі және Қазақстандағы Ресей Федерациясының соғыс атташесі полковник В.Ухналевпен бірге Волгоград облысында және Венгрияда қаза болып, сонда жерленген ағайынды Әбіл мен Әшен Ищановтардың жерленген жерінен топырақ әкеліп, қайта жерлеу рәсімін орындауға атсалысты.
Ұйым 2020-2021 жылдары 9 сарбаздың қайта жерлеу рәсіміне қатысты, із-түзсіз жоғалған 40 солдаттың жерленген орнын тауып, арнайы сайтқа орналастырған.
Іздестірушілердің арқасында жыл сайын майдан алаңында қаза тапқан 3-4 жерлесіміздің жерленген жері, аты-жөні анықталып жатады. Мәселен, осыған дейін қайта жерлеу рәсімдері Маңғыстау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында атқарылды.
– Соғыстан кейін ерлігі танылмай қалған батырлар да болды. Олардың ерлігін таныту, ұрпаққа еңбегін насихаттау жұмыстары қалай жүргізілу-
де?
– Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің басшылығымен 3 адамнан тұратын топ Жеңістің 75 жылдығына орай «Қазақстандықтар соғыс батырлары» деген атпен 51 кітап шығарған. Ол кітаптарда ерліктері нақты құжаттармен дәлелденген, бұрын белгісіз болып келген қазақстандықтар туралы мәліметтер көрсетілді. Жеңістің 80 жылдығына қарай бұл жұмыс жалғасын тауып 100 кітапқа жетуі мүмкін.
Тарих ғылымының докторы, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалидың «Ұмытылған қаһармандар» кітабын да атап өткен жөн болар. Онда жанкешті ерлік жасап, «Кеңес Одағының батыры» атағына ұсынылып, бірақ ол атақты алмаған 133 жерлесіміз туралы нақты дерек берілген.
Тек 80 жыл өткеннен кейін әділдік орнап, Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен 2022 жылы 6 мамырда А.Несмеяновқа, Ә.Әбдібековке және И.Сүлейменовке «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Оның алдыңғысы 3 рет, кейінгі екеуі 2 реттен кезінде жоғарғы атаққа ұсынылған екен.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ