Елімізде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық басталды
2024 жылғы 8-15 қыркүйекте Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық мәселесі Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды.
Мемлекет басшысы еліміз үшін маңызы зор іс-шараны өте жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды. Айта кету керек, Қазақстанның ойындарды өткізуге өтінімін түркі қауымдастығы бірауыздан қолдаған болатын.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің түкпір-түкпірінен, тіпті дәстүрлі түрде көшпелі саналмайтын елдерден командалар қатысады деп жоспарланып отыр. Жарыс қазақ күресі, көкпар, құсбегілік, асық ату, аударыспақ, тоғызқұмалақ сияқты қазақтың ұлттық спорт түрлерінен, сондай-ақ шет елдерде дамыған, бірақ тамыры біртұтас көптеген басқа спорт түрінен өтеді.