Жигули Дайрабаев жер мен үйге қатысты айыптауларға жауап берді

Жигули Дайрабаев жер мен үйге қатысты айыптауларға жауап берді
ашық дереккөзі
Жигули Дайрабаев жер мен үйге қатысты айыптауларға жауап берді

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев жылжымайтын мүлік дауына қатысты желідегі ақпараттарға пікір білдірді деп хабарлады turkystan.kz. 

Бұған дейін әлеуметтік желіде Жамбыл облысындағы Мерке ауылының тұрғыны видео жариялап, 140 миллион теңгелік үйін Жигули Дайрабаев «заңсыз тартып алды» деп мәлімдеген.

Айтуынша, Дайрабаев сот процесіне араласып, үйді өз атына рәсімдеп алған. Ал баспана ұжымдық басқаруда болғандықтан, Дайрабаевқа келісімсіз берілмеуі керек еді дейді. 

Сондай-ақ Кеңес ауылындағы жер дауында да мәжілісмен Жигули Дайрабаевтың есімі аталды. Мұнда ауыл халқы агрофирманың жерлерді заңсыз иемденіп алғанын айтып, шағымданған еді. Бастапқыда компания өкілдері тұрғындарға дивиденд төлеуге уәде берген екен. Ал фирманы басқарған Жигули Дайрабаев болған. 

Мәжіліс депутаты әлеуметтік желіде жазба жариялап, бұл ақпараттарды жоққа шығарды.

Сөзінше, үйін тартып алғаны туралы мәліметті таратқан азамат оны бопсаламақшы. 

«Жалпы, кез-келген адам құнды зат сатып алғанда жеті рет өлшеп барып шешім қабылдайды. Отбасыма деп сатып алған үй уақыт өткен соң заңсыз деп есептелгені кімге керек? Мұндай тәуекел ешкімге де қажет емес. Өзіңізге осы бір сұрақты қойып көрсеңіз, бірден түсінесіздер деп ойлаймын. Нотариус арқылы жасалған келісімшартымыз заңды, үй иелерінің құқықтары сақталған. Ақша талап етіп жүрген азаматты танымаймын да. Білуімше, ол үй сатқан әйелдің бұрынғы жұбайы (ажырасқан). Ерлі-зайыптылардың арасына кірісетін адам емеспін. Ол азамат менің осы лауазымымды пайдаланып, бопсалау жолын таңдаған. Айта кетейін, мұндай әрекет бірінші рет емес. Осыдан біраз уақыт бұрын мені кінәлаған адам мені қаралаған үшін соттың шешімімен жазаланып, айыппұл төлеген болатын. Бұл әрекетін тоқтатпаса қайтадан сотқа жүгінуіме тура келеді», – деді ол. 

Кеңес ауылындағы жер иелері ағайынды Иембердиевтер дейді Дайрабаев. Пайымдауынша, бұл мәселе 20 жыл бұрын болған. Ал жер иелері қазір Алматыда тұрады екен. 

«Меркі ауданында 1 метр де жерім жоқ. Сондықтан да ауылдағы наразы адамдардың арыздары жер иелері Иембердиевтерге жолдануы тиіс деп есептеймін. Ауыл тұрғындары мені негізсіз кінәламай, қайта көмегіме жүгінгені дұрыс еді. Әлі де кеш емес», – деп қосты ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары