Жаңа нәрестенің асқазанынан бірнеше ісік алынды

/
Жаңа нәрестенің асқазанынан бірнеше ісік алынды
ашық дереккөзі
Жаңа нәрестенің асқазанынан бірнеше ісік алынды Елімізде алғаш рет Педиатрия орталығының хирургтары жаңа туған сәбиге бір мезетте туа біткен бірнеше кистозды ісікті алып тастау бойынша күрделі ота жасады деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 
«Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының мамандары туа біткен ас қорыту жүйесінің өте сирек кездесетін патологиясымен дүниеге келген нәрестеге бір мезетте бірнеше күрделі ота жасап, бірнеше кистозды ісікті алып, жаңа туған нәрестенің өмірін сақтап қалды. Жаңа туған сәбиде өңеш пен асқазан-ішек жолдарының екі еселенуі өте сирек кездесетін жағдай. Оған өте күрделі симультандық (бір мезетте) қайта-қалпына келтіру отасы жасалды. Бұл операция Қазақстанда жаңа туған шақалаққа алғаш рет жасалды», - делінген аталған орталықтың баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
photo
photo
Орталық мәліметінше, өңештен дамып қосарланған үлкен киста бүкіл сол жақ кеуде қуысында орналасқан. Ол сол жақ өкпені қысып, нәрестенің туғаннан тыныс алуына кедергі жасаған. Сондай-ақ іш қуысында кистозды үлкен ісіктер (түзілімдер) болды. Соның салдарынан баланың іші ұлғайып, іш қуысында қысымның жоғарылауын тудырды. Ол өз кезегінде ішектің жұмысы мен нәжістің шығуын бұзды. Дүниеге келгеніне екі күн болған нәресте Талғар қаласы аудандық перезентханасынан ауыр жағдайда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жеткізілді. Баладағы туабітті ақау ана құрсағында ультрадыбыстық зерттеу арқылы анықталған. Компьютерлік томография негізінде алдын ала қойылған диагноз: асқазан-ішек жолдарының аралас қосарлануы, торакоабдоминалды түрі, өңештің кистозды қосарлануы, аш ішектің кистозды және түтікті қосарлануы.
photo
«Бес күн ішінде нәрестенің жағдайын қалпына келтіру іс-шаралары жүргізілді. Баланың өміріне қауіп төнгендіктен операция шұғыл түрде жасалды. Жаңа туған нәрестеге бір мезетте екі ота жасауға тура келді: сол жақтағы торакотомия, өңештің қосарланған бөлігін алып тастау және лапаротомия, он екі елі ішектің қосарлануын алу мен аш ішектің түтікті қосарланған аймағының резекциясы және ащы ішектің бір-біріне анастомоз арқылы қалыптастыру операциясы.
photo
photo
Күрделі ота жалпы 4 сағаттан астам уақытқа созылды. Операцияны Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының білікті дәрігерлері, өз ісінің тәжірибелі мамандары жасады. Атап айтқанда, басқарма төрағасының клиникалық қызметтер жөніндегі орынбасары, ДСМ-нің штаттан тыс бас неонаталды (нәрестелер) хирургы Асылжан Ерекешов, жаңа туған нәрестелерге арналған жан сақтау бөлімінің меңгерушісі Нұрсұлтан Құрбанбеков, нәрестелер хирургы Гүлмира Кәукенбаева қолдарынан келген бар мүмкіндікті жасап, кішкентай нәрестені ажал аузынан алып қалды. Отадан кейінгі 17-ші күні Даниал есімді кішкентай пациентіміз үйіне аман-есен шығарылды», - деп атап өтеді орталықтан.
Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары