Фермерлерді салықтан босату – ауыл шаруашылығының дамуына жол ашады – Қарақат Әбден

Фермерлерді салықтан босату – ауыл шаруашылығының дамуына жол ашады – Қарақат Әбден

Фермерлерді салықтан босату – ауыл шаруашылығының дамуына жол ашады – Қарақат Әбден
ашық дереккөзі
50924
Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады деп хабарлады turkystan.kz. Ол еліміздегі ауылдардың жай-күйіне тоқталып, ауыл шаруашылығының дамуына да баса көңіл бөлу қажеттігін айтты.
«Ауыл жағдайы құлдыраса, халықтың халі мүшкіл болмақ. Осы орайда, ауыл шаруашылығын дамытудың бірден-бір жолы – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсету. Мұның барлығы, түптеп келгенде, еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі – азық-түлік тауарларының қымбаттауына әкелді», - деді Қарақат Әбден.
Мәжіліс депутаты елдегі ауылдардың бүгінгі жағдайына алаңдаушылық танытып, ауыл шарушылығын дамытуға қатысты ұсынысын білдірді.
«Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді салықтар мен төлемдердің барлық түрлерінен босату керек. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы өнімін шығару, қайта өңдеу, өткізу, экспорттау, импорттау бойынша айналымдарды қосылған құн салығынан да босатқан жөн. Осыған байланысты салықтың екі түрлі қызметі бар екенін еске салғым келеді. Оның бірі фискалды болса, екіншісі – ынталандырушы. Көп жағдайда ынталандырушы қызмет ескерусіз қалады. Ал оның басты мақсаты – ел экономикасын дамыту. Бұған қатысты бірқатар дәйекті мысал келтіруге болады. Мәселен, еліміздің тұтас ауыл шаруашылық саласы, соның ішінде ірі агрохолдингтер барлық салықты қоса алғанда жылына шамамен бар-жоғы 50 млрд теңге төлейді. Біздің ойымызша, ел экономикасы мұндай салық жетіспеушілігін көтере алады. Ал дәл осы салықтан босату шарасы ауыл шарушылығының тұрақты дамуына жол ашады және сол арқылы шығындардың кіріс ретінде мемлекеттік қазынаға еселеніп қайтуына оң ықпал етеді. Айтпағым, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің тасы өрге домаласа, ауылдардың да тіршілігі кеңге қанат жаяды», - деді  Қарақат Әбден.
 

Серіктес жаңалықтары