
«Семей облысы Үржар ауданы Қызылқұм деген жерде туып-өстім. Үржардағы Абай атындағы мектепте оқыдым. Содан тоғыз жолдың торабы ғой деп, Аягөзге көшіп келдік. Үйде отағасымыз бар. Отасқанымызға 56 жыл болды. Үкімет құлап, қиын жылдар болды ғой. Сол кезден бастап жұмыс істеп келе жатырмын. Төрт ұл, бір қыздан 16 немере, 6 шөбере сүйіп отырмыз. Кенже ұлымыздың қолында тұрып жатырмыз. Бұрын бала-шағаның қамымен жүрсек, қазір Құдайға шүкір дейміз. Үкіметтен алатын азын-аулақ зейнетақыны қанағат тұтамыз. Бірақ жасым келді деп, үйде отырып қалуға болмайды. Осы уақытқа дейін «Запорожец», «Жигулиден» бастап, «Ауди 80», «Ауди-80 Б4», «Фольксваген Пассат», «Тойота Камри» сияқты көліктерді тізгіндедім. Қазір «Toyota 35»-ті айдап жүрмін. Өзіме ұнайды, жайлы. Бұл – сегізінші көлігім», – дейді Оразхан Манабаева.Кейіпкеріміз отағасы көлік жүргізуіне қарсы емес екенін айтады. 77 жастағы қарияның өзі де ат арбамен халықтың жүгін тасиды екен. Оразхан Манабаева аптасына бес күн жұмыс істеп, сенбі, жексенбі күні демалады. Бұл – бұрыннан қалыптасқан қағидасы. Ал жұма күні міндетті түрде мешітке барады. Такси жүргізушісі болып қана қоймай, 33 жылдан бері құлшылық үйінің шаруаларына да көмектеседі екен.
«Денсаулығыма, уақытты дұрыс өткізуге мән беремін. Мысалы, қазір сізбен мешітте сөйлесіп отырмын. Өтініш жасаған соң, қасиетті айда оразамды ұстап, құлшылық үйінде қызмет етіп жүрмін. Келушілермен жұмыс істеймін. 2015 жылы қажылыққа барып келдім», – дейді Оразхан Манабаева.

«Асықпай жүрсең де, баратын жеріңе жетесің. Асып-саспай, алды-артыңды бағдарлап жүрген жақсы ғой. Көшеде келе жатып ұлдардың беталды «обгон» жасайтынын көріп, ұрсатын кездер болады. Ал қыздар ұқыпты айдайды. Жастар абайлап жүрсе дейсің. Көлігімнің қандай жағдайда екенін бақылап жүремін. Даусы сәл дұрыс шықпай қалса, техникалық қызмет көрсету стансасына апарып тексертемін. Жалпы, өзім қырық жылдан бері дөңгелек ауыстырып көрмеппін. Домкратымды қолға алғаннан ұлдарым жүгіріп келіп, өздері істеп береді», – дейді.Көп уақытын жолда өткізетін такси жүргізушілері түрлі оқиғаның куәсі болып жатады. Оразхан Манабаева басынан өткен сондай оқиғасын баяндап, қиын сәтте тығырықтан қалай шыққанын айтып берді.
«Біз жақта теміржол бар. Одан ары қарай әскери бөлім орналасқан. Соған 4-5 баланы апара жатқан болатынмын. Жеткен кезде қарасам, теміржолды қазып тастапты. Ал ол жердегілер «Апа, құммен жүресіз» деп қарап тұр. Құмға машина кіріп кетеді екен. Жан-жағыма қарасам, сегіз машина батып жатыр. «Енді не істеймін?» деп тұрмын. Ал көлігімдегі ұлдар «Апа, жұмыстан қалатын болдық» деп мазасызданып барады. Содан білетін дұғамды оқып, тәуекел етіп, ебін тауып сегіз машина батып тұрған құмнан өтіп кеттім. Сенесіз бе? Балаларды апарып тастағаннан теміржолды қазып жатқандарға келіп «Таяу арада бітесіңдер ме?» десем, «Қазір бітпейді, ана жақпен айналып өтіңіз» дейді. Барлық жер құм. Әйтеуір жолын тауып келген ізіммен өтіп кеттім. Құдайдың құдіреті деген осы болар», – дейді таңданысын жасырмай.

«Аягөзде үлкен аудандық аурухана бар. Таңертеңнен соның алдында тұрамыз. Ауруханаға келушілерді, шыққандарды, медбикелерді, дәрігерлерді баратын жеріне апарамын. Денсаулық саласының мамандары көлігімде отырғанда «Жатпаңыз, осылай жүре беріңіз. Қимылдағаныңыз жақсы» деп айтады. Олардың кеңесін де тыңдаймын. Сөйтіп, ақырындап жүріп жатырмыз. Қолында екі-үш сөмкесін ұстап, балаларын ертіп ауруханадан шығып жатқан әйелдерді көп көремін. Кейбірін күтіп алатын ешкім болмай жатады, әрине таксиге ақшасы да жетпей қалуы мүмкін. Ал оған автобуспен үйіне жету оңай емес қой. Мұндай жағдайда міндетті түрде көмектесіп, үйіне тегін апарып тастаймын. Есесіне, қайтып келе жатқанда жолаушылар мінеді. Көлігім бос болған емес», – дейді «Такси апа».
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ