Маңғыстау облысында бір кеште жеңіл көлік пен мопед өртеніп кетті. Оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желіде таралып кетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
ТЖД мәліметінше, алғашқы шақырту 2 қыркүйек күні сағат 18:36-да Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылынан түскен. Ұлан көшесінде, №20 үйдің жанында Mitsubishi жеңіл көлігінің салоны өртенген. Бейнежазбада көлік өртеніп жатқан сәтте жарылыстарға ұқсас дыбыстар естілген. Жанында болған ер адам ауладан су шлангісін алып, өрт сөндірушілер жеткенше отты сөндіруге кіріскен. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
Lada.kz мәліметінше, тағы бір оқиға сағат 20:46-да өрт сөндірушілерге Ақтаудың 19-шағынауданындағы №40 үйдің артында өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Онда тұрғын үйдің жанында тұрған мопед тұтанып кеткен. Қасында бірнеше автокөлік те тұрған. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер мопедтің толық жанып кеткенін анықтады. Өрт өздігінен сөндірілген.
Екі өрттің шығу себептері анықталып жатыр.