«Кеше ғана сайлаған депутаттарымыз қайда қарап отыр деп сұрап жатқандар көп... Білім беру басқармасы басшысы Гүлнар Манапқызымен сөйлестім. Метеорологиялық жағдайды екшеп оқушыларға және студенттерге сабақты тоқтату жөнінде мәселе қаралды. Атыраудан барған Парламент депутаттармен хабарласып отырмын. Статистикалық мәлімет жинап жатырмыз», - деп жазды ол.Қамыс өрті қан қысымы жоғары, жүрегі әлсіз, тыныс жүйесінде аурулары бар атыраулықтарды әбігерге түсірді. Арман Хайруллин зардап шеккен тұрғындарға жедел жәрдем шақырғаны, ем алғаны жайында алған құжаттарды жинақтап отыруға шақырды. Анықтамалар мониторинг, зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін ұсынылады.
««Қазгидромет» мекемесі әдетте алдын ала ауадағы өзгерістерді жариялап отырады. Бірақ, бұл болжауға келмейтін жағдай. Оған қоса жел оңтүстіктен соғып тұр, ал бізде желдің негізінен осы бағыттан соғатынын ескерсек, екі күннің бірінде төтенше жағдай жариялап отырған болар едік»,- дейді А.Хайруллин.Айта кетейік, жинақталған құжаттарды негізге ала отырып, Атырау халқына экологиялық коэффицент төлеу мәселесі тағы да көтерілуі мүмкін. Себебі, жергілікті тұрғындар қамыс өртінен бөлек, Атырау мұнай-газ өңдеу зауытынан және қала іргесіндегі Қарабатандағы шикізатты өңдеуге арналған мұнай-химия өндірісінен таралатын, «Сасық сай» қоқыс полигонынан шығатын жағымсыз иістерден де зардап шегуде. Ал «мұнайлы астана» деген атауды малданып, экологиялық ауыр ахуалды басынан кешіріп отырған Атырау облысы ашық дерек көздерінің мәліметінше, республика бюджетіне 2023 жылы тек 169,3 млрд теңге ғана берген.
Құралай Қуатова,
Атырау облысы