Мүфтият журналист Жанат Бақыттың айтқанына қатысты мәлімдеме жасады

Мүфтият журналист Жанат Бақыттың айтқанына қатысты мәлімдеме жасады

Мүфтият журналист Жанат Бақыттың айтқанына қатысты мәлімдеме жасады
ашық дереккөзі
50859

ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат Оңғар журналист Жанат Бақыттың әлеуметтік желілердегі айтқан сөзіне қатысты мәлімдеме жасады деп хабарлады turkystan.kz.

«Әлеуметтік желідегі Жанат Бақыт деген журналистің Алла тағала туралы айтқан ауыр сөздері мұсылмандар арасында түсініспеушілік тудырды. Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасына әр өңірден түрлі пікір, наразылық білдірген хаттар келіп жатыр», - деді ол.

Наиб-мүфти «жалпы шариғатта Алланың атынан жалған сөйлеу өте ауыр күнә» екенін жеткізді.

«Мысалы, Алла тағала қасиетті Құранның  Ән'ам сүресінің 144-аятында "Адамдарды надандықпен адастыру үшін Алланың атынан жалғанды жалпағынан басатын пендеден өткен залым бар ма?» деп баяндаған. Алла сақтасын, Құдай атынан жалған сөйлеуден ауыр іс жоқ. Әсіресе, Рамазан айында осындай келеңсіз сөзді айту мен үшін де ауыр. Дегенмен, халық тарапынан сұрақтар жиі қойылып, наразылық білдіріп жатқаннан кейін мүфтият атынан ресми мәлімдеме жасауға мәжбүр болып отырмыз», - деді Ершат Оңғар. 

ҚМДБ өкілі көпшілікті журналистің сөзіне ермеуге, ел арасында арандатушылық тудырмауға үндеді.

«Хакім Абай Алла тағала өлшеусіз, біздің ақылымыз өлшеулі, өлшеулі мен өлшеусізді білуге болмайды» деп айтады ғой. Осы ретте барша мұсылман қауымын және барша отандасымызды журналист Жанат Бақыттың сөзіне еріп, дәстүрлі сенімімізге селкеу түсіріп, ел ішінде арандатушылық тудырудан сақ болуға шақырамыз. Қасиетті Рамазан айында мұндай ауыр сөздерді айтып, ел ішінде наразылық тудырып алудан сақ болайық!» - деді ол.

Айта кетейік, журналист Жанат Бақыт бұған дейін әлеуметтік желілердегі парақшаларында «Алланың миссиясы аяқталғанын, енді оны Жаратушы деп айту керегін және оны қабылдау қажет екенін» айтқан еді. Оның бұл мәлімдемелері әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр.

Серіктес жаңалықтары