Жалған намыс пен жанашырлықтың ара жігі
Жалған намыс пен жанашырлықтың ара жігі
Өткен аптада «Пинта» желісінің Алматыдағы мейрамханасы сынның астында қалды. Қоғамның наразылығын тудырған түйткіл қызмет көрсету сапасына да, тағамның татымына да қатысты емес. Тіл мәселесі. Мейрамхана басшылығы музыканттарға қандай жағдай болмасын қазақ тілінде ән айтпау туралы талап қойған.
Бұған дейін Сhocolife компаниясының директоры Рамиль Мухоряповтың қазақ тіліне қатысты айтқан пікірі депутат, қоғам белсенділері, белгілі қайраткерлердің де назарын аудартқан еді. Соңы қылмыстық іс қозғауға дейін ұласты. Кейінгі кезде мұндай оқиға жиілегенін байқаймыз. Мұндай жағдай деп тілдің көлеңкеде қалуын меңзеп тұрған жоқпыз, мәртебесін қорғауға, сыйлауға, құрметтеуге, қажет болса, талап етуге талпынғандардың қатары көбейіп келе жатқанын айтқанымыз. Әйтпесе, қазақ тіліне мұрынын шүйіріп, менсінбей қарағанымен қоймай, онысын мақтан тұтып, жер әлемге жар салатындардың «жазасы» жұрт алдында кешірім сұрай салумен ғана жылы жабылатынына етіміз үйреніп кеткелі қашан... Осы оқиға қазақ тілінің, қазіргі трендке айналып кеткен тіркеспен айтсақ, мемлекеттік тілдің тағдырына қатысты тағы бір ой толғауға итермеледі. «Тілімделген қайран қазақ тілі», «өз баласы өгей көрген тілім», «қазақ тілі бай, бірақ соны ешкім бағаламайды» деген сияқты 30 жыл бойы естіп келе жатқан жауыр әрі жалықтыратын тіркестерді ысырып тастап, басқаша толғап көрейік.
Санадағы сілкініс
Сонымен, мәселе Whats App желісінде жазылған хабарламаның әлеуметтік желілерде тарап кетуінен басталған. Әлгі хабарламада «Пинта» музыканттарының тобына мейрамхана басшылығы қазақ тілінде ән айтуға тыйым салатыны туралы айтылған. – Біз қазақ тіліндегі әндерді орындамаймыз. Егер қонақтар сізден әнді қазақ тілінде орындауды сұраса немесе талап етсе, онда «репертуарымызда қазақ тіліндегі әндер жоқ» деп жауап беру керек немесе бірден мейрамхана менеджерін немесе директорды шақыру қажет. Бірақ қандай жағдай болмасын, тыйым салынған деп жауап бермеңіздер. Егер жауап беруге қиналсаңыздар, дереу менеджерді шақырыңыздар, – деп айтылған хабарламада (ауд.). Ал мұны байқаған әлеуметтік желі қолданушылары «бизнес ашып, ақша тауып жатқан елдің тіліндегі әндердің несі жақпағанын» сұрап, шамданған. Оған мейрамхана әкімшілігі әлбетте, қазақ тіліне құрметпен қарайтындарын, дегенмен, мейрамхананың өзіндік концепциясы бар екенін айтып жауап беріпті. Содан соң белсенділер бұл «қазақтілді азаматтардың құқығына нұқсан келтіру, «тілдік сегрегация» екенін, және ол «Жаңа Қазақстанда» да жалғасып жатқанын алға тартып, мейрамханаға бойкот жариялауға шақырды. Мейрамхана тағы да бастапқы айтқан түсініктемесіне мазмұндас мәлімдемелерін айтып, түсіндіргендей болып жатты. Сосын шу бәсеңсіп, артынша тынышталды. Әуелде айтып өткеніміздей, бұған дейін Chocofamily холдингінің басшысы Рамиль Мухоряпов орыс тіліндегі сұраққа қазақ тілінде жауап бергендерді мәдениетсіз деп есептейтінін айтқан еді. Қоғам оған жаппай наразылық білдіріп, компаниясына жаппай бойкот жариялаған болатын. Артынша Рамиль Мухоряпов көпшілік алдында кешірім сұрады. Оның үстінен қылмыстық іс те қозғалды. Бірақ, сәлден кейін ол да ұмытылды, қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл – тек бірлі-жарым мысал ғана. Қазақ тілі туралы жағымсыз пікір айтқандар кешірім сұрап құтылады, тілдің мәртебесін сақтауды талап еткендер ұлт араздығын тудырушы болып шыға келеді. «Диван батыры» атанады. Ал бұл, шындап келгенде, заң жүзінде бекітілген құқықты талап ету ғана емес пе?
Қай тілде билесе, сол тілде сөйлейсің
Тіл туралы заңының 4-бабында мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi екені анық айтылған. Яғни, қазақ тілі – қолданыстағы ең басты тіл. Болуы керек. Осы заңнаманы бұзғандар жауапқа тартылатыны туралы да норма бар (24-бап). Тілдің мәртебесі сақталуын Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар қадағалауы керек екені де тайға таңба басқандай жазылған. Жалпы, билік қай тілде сөйлесе, қай тілде заң шығарса, қай тілге басымдық берсе, халық та өздігінен сол тілге икемделетінін, ерікті-еріксіз сол тілде сөйлейтіні әлдеқашан зерттелген бұлжымас қағида. Себебі халыққа қажет дүниенің жауабы – сол тілде. Қажеттілік. Біз әлі күнге дейін заңымызды орысша жазып, қазақ тіліне аударып жүрміз, құжатымыз да, басқамыз да, тұтастай іс-қағаздарымыз өзге тілде жүреді. Аудармасы да сауатты емес, орысшадан тұтастай қотара салған калька аударма. Қазақша құжат көрсек түсінбей, орысшасын өзіміз сұрап аламыз. Ал жүргізіп отырған тіл саясатымыз ақын-жазушылардың кітаптарын қайта-қайта көшіріп басып, мүшкіл халдегі мүгедек аудармалар жасағаннан әрі аспай отыр. Оған қаншама қыруар ақша бөлінеді. Одан қалса бір сөзді қосып жазып, оны қайта бөліп емлемен алысамыз. Жалпы, теория бойынша, тілдің негізгі 3 қызметі бар. Соның ішіндегі ең негізгісі – қарым-қатынас, яғни коммуникация құралы болуы. Ахмет Байтұрсынұлы іргелі еңбегін «Тіл – құрал» деп бекерден-бекер атамаса керек. Тіл құрал болудан қалған күні, тіл қолданыстан шыққан күні оның ғұмыры да аяқталады. Ешкім сөйлемейтін, өлі тілдердің қатарына қосылады. Бұл – кәдімгі нарықтық қоғамның сұранысқа ұсыныс жауап беруге тиіс негізгі қағидасына сай дүние. Сұраныс болмаса, оны ешкім талап етпесе, қызығушылық болмаса, ұсыныс та болмайды. Тілдің қолданыс аясы тек патриотизмге ғана тіреліп тұр десеңіз, қателескеніңіз. Екінші – еліктеу. Билігің, байларың мен беделділерің қай тілде сөйлесе, еріксіз соларға еліктейсің. Ал біздегі кейбір шенділер қазақ тілін қорғағандарды «үңгір ұлтшылдарына» теңеп, тауып айтқанына масаттанып, мұрнын шүйіреді. Бұған бір мысал ретінде кезіндегі орыс қоғамын айтуға болады. XVIII ғасырда Франция өзіндік мәдени гегемонға айналды. Вольтер, Дидро, Руссо, Монтескье жаңа мәдени дәуірдің басты тұлғаларына айналды. Осылайша, Еуропа тұтастай француздарға еліктеді. Орыс қоғамы да шет қалған жоқ. Ресей дворяндары да көштен қалғысы келмеді, француз тілін меңгеруге көшті. Сол жылдардағы беделдің қаншалықты маңызды болғанын бәрі біледі. Көп ұзамай өздерін қарапайым шаруалардан жоғары санайтындардың бәрі Монтескье тілінде сөйлегенді қолай көрді. Бұл тіл мен мәдениеттің ажырамас бірлік екенінен де хабар беретіні айтпаса да түсінікті. Бірақ кейіннен орыс тіліне реформа жасалып, емле мен ережелер бір ізге түскен соң француз тілінің ықпалы әлсіреп, биігінен түсті. Біздің қоғамда қазақ тіліне деген қызығушылық мүлдем жоқ деуден аулақпыз, керісінше, үйренгісі келетіндердің қатары жыл санап көбейіп келеді. Дегенмен, біз оларға қаншалықты сапалы әдістеме ұсына алып отырмыз? Қазақша контенттің сапасы қандай? Бұл – бағанағы сұраныс пен ұсыныс заңдылығының екінші жағы. Сұраныс бар, ұсыныс аз... Қазіргі кезде әлемдік тілдердің қатарына еніп отырған көптеген тіл бірнеше реформалаудан өткен, сұрыпталған, жеңілдетілген, стандартталған. Себебі тіл – тірі организм сияқты. Пайда болады, дамиды, өседі, өледі. Қоғаммен бірге өмір сүріп, жаңарып, түрленіп отыруы керек. Тілдің пайда болуы туралы негізгі теориялардың өзі биологиялық және әлеуметтік бағыттарға негізделеді. Әйгілі неміс лингвисті әрі ботаник ғалым Август Шлейхер тіл мен өсімдікті салыстыра келе, тілді тірі организм десе, Гумбольд, Бопп сияқты ғалымдар тілге қатысты ағза сөзін қолданған. Айтпағымыз, тіл қоғаммен бірге өзгеруі керек. Қазақ тілін де стандарттап, бір ізге түсіріп, ғылым тіліне, интернет тіліне, технология тіліне икемдейтін кез әлдеқашан келген. Мәселен, қазіргі ағылшын тілі ғасырлар бұрын қолданған ағылшын тілінен мүлдем өзгеше. Бұл тіпті он жыл бұрын болған тіл емес. Әлбетте, бұл – басқа тілдерді ысырып тастап, тек қазақ тілінде ғана сөйлейік дейтін жалған ұран емес. Тек қазақ тілінің ахуалын жақсартсақ, ұлттық ерекшелігіміз ретінде таныта білсек деген ниет. Қазіргі ахуал да сол күн туғанын меңзеп тұрғандай. Қазақ мәдениетіне, қазақ тіліне қызығатындардың қатары артып келеді. Тіпті, шетелде жүріп қазақ тілін, мәдениетін дәріптейтін өзге ұлт өкілдері қаншама. Ресми деректер де қазақ тілінің қолданыс аясы біршама кеңейген деген мәлімет береді. Былтырғы Ұлттық санақтың қорытындысы бойынша, халықтың 80 пайызы қазақша біледі екен. Сандарды сөйлетіп көрейік.
Халықтың 80,1 пайызы қазақша біледі
Ресми мәліметтерде 1991 жылы елімізде қазақша сөйлейтін халықтың үлесі 37 пайыз болған деп көрсетілген. 2015 жылы бұл көрсеткіш 76,3 пайызға өссе, 2016 жылдың соңына дейін 82,3 пайызға жеткен. Ал 2021 жылғы халық санағының алдын ала мәліметтеріне сүйенсек, қазір қазақша білетін ел халқының үлесі – 80,1 пайыз. Өзге ұлт өкілдері ішінде елде тұратын өзбектердің 72 пайызы, ұйғырлардың 71,7 пайызы, тәжіктердің 63,6 пайызы қазақ тілін біледі екен. Сонымен қатар еліміздегі әрбір төртінші неміс (25,2 пайыз), орыс (25,1 пайыз) және украин (23,7 пайыз) қазақ тілін меңгерген. Жалпы еліміздегі халықтың 15,9 пайызының ана тілі – орыс тілі, 3,2 пайызының ана тілі – өзбек тілі, 1,4 пайызының ана тілі – ұйғыр тілі деген мәлімет бар. Қазақша білетіндер үлесі 80 пайыздан асқанымен, күнделікті өмірде қазақ тілін қолданатындар үлесі 49,3 пайыз екен. Қоғамдық саясат институты зерттеуінің мәліметінде әрбір үшінші қазақстандық қазақ тілінде және орыс тілінде қатар ақпарат алатыны айтылады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі келтірген деректерге сүйенсек, БАҚ саласындағы қазақтілді онлайн-контенттің үлесі – 78 пайыз, оның ішінде мерзімді басылымдардың үлесі – 84,5 пайыз, телеарналар – 79,2 пайыз, интернет-ресурстар 59,8 пайыз екен. Сонымен қатар эфирге 11 тілде, оның ішінде украин, поляк, неміс, корей, ұйғыр, түрік және дүнген тілдерінде хабарлар шығады. Жалпы білім беретін мектептердің 51,2 пайызы тек қазақ тілінде, 31,2 пайызы қазақ және орыс тілдерінде, 17,2 пайызы орыс тілінде білім береді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша оқулықтар алты тілде: қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек, түрік және неміс тілдерінде шығарылады. Шет тілдері барлық мектепте оқытылады. Ал былтыр мектеп табалдырығын аттаған бірінші сынып оқушыларының 70 пайызы қазақша білім алуды таңдапты.
Асылхан АҢДАШОВ,
экономист:
Тілдің дамуында негізгі рөлді экономика мен мәдениет атқарады
– Қазақ тілінің ел экономикасындағы рөлі өте төмен. Оған бірнеше объективті себептер бар. Біріншіден, ел экономикасы мен өндіріс шоғырланған аймақтардың негізгі тілі емес. Қызмет көрсету саласы дамыған Алматы мен өндірісі дамыған Орталық, Солтүстік және Шығыс өңірлерде орыс тілі басым. Екіншіден, елдің негізгі сауда әріптесі – Ресей Федерациясы. Қазақстан сырттан сатып алатын тауарлардың 40 пайыздан астамы Ресейден келеді. Сондықтан елдегі өндіріс пен бизнес саласы көбіне Ресеймен байланысты жұмыс істейді. Үшіншіден, елдегі ақпарат пен білім көздері орыс тілді ресурстардан алынады. 2009 жылғы санақ қорытындысы бойынша ел халқының 94% орысша түсінетін, 85% орыс тілінде оқып жаза алатын. Ал қазақ тілінде тек 62% тұрғын оқу-жазуды білсе, 74% ауызша қазақ тілін түсінетін. Бұл деген сөз – халықтың барлығы дерлік орыс тілін түсінеді, ал қазақ тілін 1/4 халық әлде де жақсы білмейді. Сол себепті де барлығына түсінікті тілде бизнес жасау ыңғайлырақ. Тілдің дамуында негізгі рөлді экономика мен мәдениет атқарады. Әлемде 1,4 млрд адам қытай тілінде сөйлесе де, адамдар оны емес, экономикасы мен мәдениеті тартымдырақ деп есептелетін Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Аустралия сияқты елдердің ортақ тілі – ағылшын тілін оқып жатады. Тура сол сияқты, Африкадағы суахили тілі де кезінде жергілікті халықтардың арабтармен сауда жасауы нәтижесінде туындаған. Қазір ол тілде 100 млн-нан астам адам сөйлейді. Тіл адамға артықшылық беруге тиіс. Сонда оны тартымды, адамдар өз еркімен үйренуге тұрарлық деп есептейді. Қазір Қазақстанда қазақ тілді адам орыс тілін білсе, артықшылыққа ие болады, ал қазақ тілді емес адам қазақ тілін үйренсе қатты артықшылық бермейді. 12-14 млн адам сөйлейтін қазақ тілі мен 230 млн адам сөйлейтін орыс тілін салыстыруға келмейді. Ал елді қалайша екі тілде де өмір сүруге ыңғайлы ету қажет екені – басқа сұрақ. Алайда, ол жолда қазақ тілділердің де, орыс тілді отандастарымыздың да құқығы шектелмеуі тиіс.
Айсұлу ЖҰМАНӘЛІҚЫЗЫ,
тіл үйрету орталығының қызметкері:
Қазақ тілі трендте болуы керек
– Qazaqsha soyle атты орталықта біраз жыл жұмыс істедім . Сол уақыт ішінде бірнеше қызмет атқардым. Алғашында қарапайым мұғалім, одан кейін аға оқытушы, менеджер болдым. Мұғалім болып сабақ бердім, менеджер болып келіп түскен өтініштермен жұмыс істедім. Сол кезде орталыққа қазақ тілін үйренемін деушілерден орта есеппен 15-20 өтініш келіп түсетін. Оның ішінде 1-10 адам оқуға жазылады. Демек, бұдан көретініміз – қазақ тіліне деген сұраныс бар. Көп адамның оқығысы келеді, үйренгісі келеді, сөйлегісі келеді. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, мемлекеттік қызметкерлер келеді. Олар қызметінде белгілі бір сатыға өскісі келеді, сол үшін оларға қазақ тілін білуді міндет санайды. Яғни, қазақша ел алдында сөйлейді, есеп береді дегендей. Бірақ олардың саны өте аз. Мысалға айтар болсам, бір аптада 1-2 адам ғана келуі мүмкін. Екінші топ – өзге ұлт өкілдері. Олардың қызығушылығы жоғары. Неге үйренгілерің келеді десек, «күнделікті қолдану үшін, коммуникацияны реттеу үшін» деп жауап береді. Олар шамамен келушілердің 50 пайызы болып қалады. Одан кейін келетін 3-топ – олар қазақша білмейтін орыстілді қазақтар. Мен – қазақпын, өз тілімді білмеген ұят деген ниетпен келеді. Олардың ішінде кішкентай балалар өте көп, бірақ олар көп жағдайда оқығысы келмейді. Оларды тілді білмейтін ата-аналары балам оқысын деп алып келеді. Міне, мен осындай 4 категорияны көрдім. Дегенмен, оларға оқу кезінде кедергі көп. Біріншіден, қаражат жағы кедергі, мен жұмыс істейтін орталықта 6 ай оқу 680 мың теңге тұрады. Бұл – қалтаға едәуір салмақ түсіреді. Екіншіден, өз бетінше оқып-үйренуге арналған әдістемелік құралдар жоқ. Тіл үйренушілер оқуды бастайды, бірақ А1, А2 деңгейлерінен соң, яғни бастапқы деңгейді аяқтағаннан кейін сол күйі қалып қалады. Себебі, біріншіден материал жоқ, екіншіден, білікті мамандар аз. Онлайн сабақтардың көбі ауызекі сөйлеуге ғана негізделген. Дегенмен, қазақ тілі жастар арасында әлі де болса трендке ене қойған жоқ. Сөйлесе де, шет тіліндегі түрлі сленгтерді қосып сөйлейді. Сондықтан қазақ тілін жастар арасында тартымды ете білуіміз керек. Ол үшін бай контент керек, қазақша куиздерді, дебаттарды көбейту керек. Яғни, қазірше айтқанда, қазақ тілін трендке енгізу керек. Не десек те, бұл – заман талабы. Танымал адамдар, әлеуметтік желідегі белсенділер қазақша сөйлеу клубтарын ұйымдастырып жүргенін байқадым. Дегенмен, олар жетік меңгергендер ғана түсіне алатын жоғары деңгейде. Тура осы формат тілді енді бастап үйреніп жүргендерге де өте қолайлы болар еді деп ойлаймын. Бұл – қазақ тіліне деген қызығушылықты арттыратыны анық.
Не десек те, қазақ тілінің тағдырына қатысты мәселелер «тілім – тірегім» деп толғап отырудан әрі өтіп, нақты әрекетке қарай ойысқаны қуантады. Енді сол тілді өсіру де, өшіру де өз қолымызда тұр. Қазақ тілін дамытуға, қолданыстағы тілге, сөйлеу тіліне, коммуникация тіліне, жалпы қоғам тіліне айналдыру жолында тер төгетін уақыт жетті. Тек жалған намыс пен жанашырлықтың ара жігін ажырата алсақ болғаны...