Қара өлеңнің «қаршығасы»

Қара өлеңнің «қаршығасы»

Қара өлеңнің «қаршығасы»
ашық дереккөзі
1113
Тақыр жерге шөп шықпайды. Пенде баласы санаға сәуле түсірер есті сөзді алдымен өзі өсіп-өнген ортасынан бастайды. Сарысу елі де әзелден тұлпарлары оза шапқан, сұңқарлары биікке қонған жер. Бұл өңірден құнарлы топыраққа терең тамыр жіберген, тегіне тартып туған жүйріктер де аз шықпаған. Сонау Ықылас, Көзбенбет, Мәді, Сағынтай заманынан бермен көктей шолсақ та әңгіменің тиегін ағытуға жарап жатыр. Өнердегі сабақтастық, ұлы дәстүрдің ұлық уақыттың ағымымен жалғасын табуы да көп түсінікті қажет етпейді. Аты ел аузында жүрген Асанәлі, Илья, Тынышбайларды былай қойғанда, бүгінде тірі болса кешегі Дулат Шалқарбаев, Ескермес Ескендіров сынды дара ақындардың көркем көшін арыны алапат ағыспен ала жөнелген Қаратаудың Мұқағалиы Артығалидың аты да аспандап тұрар еді-ау. Оған ешкімнің титтей де шүбәсі болмас. Артығали есімі еміс-еміс есімізде бола­ты­ны – біз ол тұста 5-6-сыныптың оқу­шы­ла­рымыз. Аудандық газетке енді хабар жа­зуға талпынып жүрген кезіміз. Кейінірек жо­ғары сыныптарда оның атына анық-қа­нық бола бастадық. 70-жылдары Аманкелді Сем­биннің аты күндей күркіреп тұрды. Ита­лиядан оқып келген қазақ. Біздің көрші үй­де қонақта болды. Киіз үйдің сыртындағы бір топ ойын баласы тәртіпті тыңдаушы бо­ла қалған күнімізді қалай ұмытармыз? Үзіктің жабығынан үздігіп шыққан сол дауыс әлі күнге құлағымызда. Әншейінде жүз кісіні тік тұрып күтетін желбір жең­ге­леріміздің шайын суытып, жұрттың кесесін ауыс­тырып асып-сасқаны да есімізде. Айт­пағым, осы жылдарда біздің ауыл саз өне­рін­де Сембиннің, сөз өнерінде Арты­ға­ли­дың аурасымен тыныстады. Әкемнің ағасы Алдаберген Сәрсен­баев Байқадам қазақ орта мектебі­нің директоры еді. Кезінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Герольд Бельгерді мұ­ға­лімдікке қабылдаған. Талай тұлға шық­қан осы мектепте Артығали да оқыды. Ме­к­тепті үздік бітірген ол 1970 жылы Каз­ГУ-дың журфагына тұла бойын өлең кер­неп келіп түсті. Бірде аға дос, Артығалидың курс­тасы, танымал тележурналист Тілеу­қа­был Мыңжасаровтың сол күндерді жа­нары жасаурап отырып, былайша еске ал­ға­ны бар еді. – Артығалимен 1970 жылы тамыз айын­да таныстым. Абитуриенттік күнде­рі­міз зу етіп өте шықты. Тамыздың 22-сі күні фа­культет деканы Тауман Амандосов бәрі­мізді бір аудиторияға жинады. «Қазір оқуға түс­кендердің фамилиясын атаймын, ол бүгіннен бастап студент болады», – деп та­лапкерлердің тізімі жарияланған жур­нал­ды қолына алды. Үн-түнсіз отырмыз. Ә дегеннен-ақ байқағанымыз, әскерден кел­гендер мен еңбек өтілі барлардың аты-жөні ал­дымен аталады екен. Мектепті жаңа бі­тіргендерге кезек соңынан тиді. – Аманжолов Қорғанбек, – деді ағай. – Мен, – деп Көкшетаудан келгенін мақ­тан етіп жүретін бозбала орнынан ұшып тұрды. Декан ағай тізімді әрі қарай оқи бастағанда аудиторияда шыбынның ызыңындай тыныштық орнады. Өйткені, журналистика факультетінің қазақ бөлі­міне 50-ақ студент қабылданады. Соның 42-сінің аты аталды. «Енді қалған сегіз талапкердің арасында бармыз ба, жоқпыз ба?» деген сұрақ мазалағандардың қатары көп еді. – Ыбыраев Артығали. – Мен, – деп орнынан сырбаз көтерілген әде­мі жігіт бәрімізді өзіне жалт қаратты. «Тү­сің неткен зиялы еді» деп Тауман ағай Артығалиға сондай сүйсіне қарады. Артығалидың жүзі ғана емес, жаны да сұлу еді. Ол поэзияға ерте келіп, ерте баура­ды. Бойы да, ойы да келіскен жігіт болды. Бір­де Сагалович деген ұстазымыз сабақ өт­кізіп жатып: – Үнемі байқаймын, лекция жазбай- сыз, – деді Артығалиға. – Ол жазбағанмен, сіздің айтқа­ныңыз­дың бәрін есіне сақтайды,- деп студенттер, әсі­ресе қыздар жағы жамырай жауап бер­ген. Менің ойымша, ұстазды өзіне ұрлана қаратқан Артығалидың келісті келбеті еді. Әйтпесе, лекция жазбай отырғандар аз емес қой. Бірінші курста Танабай Нарманов до­сымыз екеуі пәтер жалдап тұрды. Та­набай да талантты ақын еді. Артығали 20 жасында, Танабай 22 жасында қайтыс бол­ды. Тағдырдың жазуы солай болған шы­ғар. Өкінеміз, қайғырамыз, сағынамыз, еске аламыз. 1971 жылы жазда Торғай өңі­ріне бардық. Жаңадала ауданының Нахи­мов атындағы кеңшарында болдық. Ком­байн айдап, астық орағына қатыстық. Сол базарлы шағымыздың керемет естелігі болып Артығалидың мына бір шумақ өлеңі қалыпты есімде. «Біз келген жердің аты – Жаңадала, Бір күнде болып шықтық қара бала. Қолды біз жуып жүрміз соляркамен, Бетті де жуамыз-ау бара-бара» Осы өлеңді әнге қосып айтып жүретінбіз. Тәкең көзі жасаурап осыдан 45 жыл бұрын түсірілген суретті көрсетті. Ша­масы, бас корпустың 213 аудитория­сын­да үзіліс арасында курстасы, сол кезде фо­тоөнермен айналысып жүретін, бүгінде та­­­нымал фототілші Совет Мағзұмов шырт ет­кізген болу керек деп болжайды Тәкең. АРТЫҒАЛИДЫҢ ХАТЫ Тілеуқабылдың әлі есінде. 1973 жыл­дың 24 сәуірінде сағат 18.30-да «Ұш­қын» бағдарламасының «Гүлдәурен» ра­дио журналының басталған кезі. Хабар­ды жүргізуші - Тілеуқабыл Мыңжасаров. Со­дан біраз күндер өткен соң ол поштаға ба­рады. Әрине, ол күндерді біз де ұмытқан жоқ­пыз. Қазіргі Жүргенов атындағы Өнер ака­демиясы орналасқан КазГУ-дың ескі қо­нысының жанында атақты Главпочтамт бо­ла­тын. Әлі де сол құтты орнында. Тіпті, со­ның алдында бәліш сататын келіншекті де таяуда көріп қалдық. Қатқан кемпір бо­лыпты. Сабақтан шығысымен сол «Глав­поч­та. До востребованияға» барып хат қарай­мыз. Тілеуқабыл да бір күні өзі күтпеген бө­тен жақтан хат алады. Хат иесі Артығали екен. Қызыл сиямен маржандай етіп жаз­ған. «Құрметті досым Тілеуқабыл! Бай­жан­баев­ты басып озып, Сержановты соңыңа ер­тіп, мықты диктор болуыңа тілектеспін» депті Сарысудың сайын даласында қой ба­ғып жүріп, транзистордан досының дау­сын естіген сұлу досы. Қорғанбек Аман­жол­дың «Телетілші Тілеуқабыл» («Егемен Қа­зақ­­стан») атты мақаласынан осы бір жол­дар­ды оқығанда алтын тауып алғандай қуан­дым. Көңілінде кірі жоқ қандай ақындық аппақ тілек десеңші! Өзінің атын да тауып қойғанындай, Тілеуқабылдың жо­лының бұдан былай да оң болуына бәл­кім ақеділ досының – алыста жатып ар­ғы­мақтың жалына жабысқан арманшыл ақын жаз­ған осы хаттың да тамшыдай үлесі бар шы­ғар. Рухы шат болғыр, есіл ер! Осы хабарды естісімен журналистік әуес­тік тыным бермей, Тәкеңе те­ле­фон шалып, әлгі хаттың түпнұсқасын сұ­ра­дым. Қайдан болсын, әрине. Бәрімізде бар ұқыпсыздық, ұқсас тағдыр ғой. Оның үс­тіне, пәтерден пәтер кезіп жүрген көш­пе­лі елдің баласына тән нәрсе ғой деп қой­­­­ғанбыз. Мына қамшының сабындай қыс­қа ғұмыр кімнің ер-тұрманын түгендеп, жо­ғын тауып кетуге мұрша берер дейсіз. Ал Ар­тығалиға қатысты дүниенің табылмауы өкі­нішті, әрине. Жоқ демекші, Артығалиды бір еске алу кешінде Қадыр Мырза Әли бы­лай деп толғанғаны ойға оралып отыр. «Бұл өзімізді өзіміз жұбату кеші. Арты­ға­ли ақынның дүниеден озар алдында жаз­ған біраз өлеңі жоғалып кеткен екен. Жо­ғалған нәрсе табылуы да мүмкін. Өйт­ке­ні тарихта мұндай жағдайлар болған. Кү­дер үзген қолжазбалар да табылған. Мы­салы, орыс жазушысы Ю.Домбровский со­ғыс кезінде романын бітіріп баспаға тап­сырған. Ол аласапыран кез. Қиын кезең. Сол роман баспадан жоғалып кеткен. Көп­ке дейін табылмаған. Кейіннен ғайыптан та­былды. Француз жазушысы Альбер Камю­дің де бір романының тағдыры солай. Жазу­шы өзі жүргізетін көлігімен апатқа ұшы­рағанда роман көлік ішінде ғұламаның өзі ғана білетін қуыста қалып қойған. Бұл да біраз жылдардан соң табылған» деп еді Қа­­­дағаң. Тілеуқабылдың ойының да Қадыр ағаның ойымен өзектес шығып, өзек өр­теуін қараңызшы. Жақсылыққа жориық. Ар­ты­ғалидың хаты табылып, бірге оқуға жаз­сын. Рас. Мұндай ғажайыптар қайталанып тұрады. Әрине, Артығалидың жа­сы­мен есептесек, көп жаза алмағаны да ақи­қат­қа саяды. Дейтұрғанмен де, ақынның іні­сі, танымал заңгер, зияткер азамат Рыс­қа­ли Ыбыраев осыдан үш жыл бұрын Ар­ты­ғалидың «Бір қыз – бір гүл» атты бал­ла­дасы табылғанын айтты. Бұл – өзі оқы­ған, зия­лы әулет. Ақынның тағы бір інісі Ырыс­бек журфакта бізбен қатар оқыды. Қап­ша­ғайда тұратын еді. Әлгі баллада сол аза­мат­тың көп қағаздарының ішінен шыға кел­ген. Өз қолымен жазылған қолжазба. Кейін баспа бетіне шықты. Жур­фак­қа түскен соң 1970 жылы 16 қазанда ауыл­ға келгенде жазылып, ұмыт қалдырып кет­кен. Мі­не, алдағы күндерде осындай «чу­до» болуы да әбден мүмкін ғой. «МҰҚАҒАЛИДЫҢ ЖАС КЕЗІН ЕСКЕ ТҮСІРЕТІН» Асыл туған, асып туған Артығали. Құ­дай шебер ғой, ішкі, сыртқы фактура­сын­да­ғы ғажап үйлесім қандай?! Көркем кісі, ұс­­­та­зымыз Тауман Салықбайұлының там­са­натынындай бар.Өзі де көркем келіншек, оқымысты Сагаловичтің де сылтау тауып, сұқтануы да бекер дейсіз бе? Жеңгелеріміз «ол күлгенде күн шығып келе жатқандай» деп отыратын. Қалай болғанда да оның тағ­дыры сұлу тағдыр еді. Бұдан соң мұндай адам­ның өмірі ұлы үйлесімнен, сұлулықтан ғана тұратынына титімдей шүбә бола ма, оны­мен қоса найзағайдай жарқылдаған на­мысты болса ше?! Артығали өлең өлке­сі­не Танабай, Нарша, Ерлан, Ұлықбектей жүй­ріктермен бірге келді. Алғашқы өлең­дері «Лениншіл жастың» «Өркен» атты жо­­­ғары сынып оқушыларына арналған бе­тінде жарық көрді. Одан соң іле-шала Ер­лан Бағаевтың өлеңдері шықты. Үшінші болып Ұлықбек жарқ ете қалды. Олар Ал­матыға осылай бір-бірін біліп келді. Өлең шір­кіннің енді қанат жайып, студенттік өмір­дің ертегі күндері басталғанда Арты­ғали «істі» болып, оқудан шығып, тіпті бір жыл­ға бас бостандығынан айырылды. Шы­­­­ғармашылық ортаны ойсыратып жі­бер­ген бұл сұмдыққа ол күнде араша түсер дәр­мен қайда? Қанша кемелденген социа­лис­тік қоғам болса да кіші ұлттардың ке­­­мел ұлдарын кемсітуде алдына жан сал­май­тын заман еді ғой. Сол жылы Мәскеудің бір ор­талық басылымында Марченко деген сын­шысымақтың М.Әуезовтің «Абай жолын» сынаған бір мақаласы жарық көре­ді. Университет жастары оны жатақханада, ка­феде талқылайды. Жиырмадан асқан ша­ғын­да «...Сірә мен аспан жаққа шығамын-ау, соқпақ жол көкжиекке сіңеді екен» деп «тұл­пар өмірдің жалына ерте жабысып, на­мыстың жебесі боп ерте атылған» Арты­ғали қайдан шыдасын. Мінез көрсетті. Най­­­зағайдай шарт сынды. Айттық қой, ұлт­тық сананы ұлы империялық сезім әб­ден торлап алған заманда мұндай алапат да­рын иесіне өмір сүру оңай болды деймі­сіз. Қанша артық туған Артығали болсаң да маңдайыңнан сипар жан жоқтың қасы еді ғой. «Тәкаппарлық талай жанды матады, Атса Құдай ойда жоқта атады. Барлық жұрттан биікпін деп ойлаған, Барлық жұрттың аяғында жатады» деп «Тәкаппарлық» деген өлеңінде жыр­ла­ғанындай, ол сырт көзге қанша тәкаппар кө­рінгенімен, жүрегі ұйыған иман, текті тен­тек еді. Жас та болса тобырлардан биік бо­лып, ұлықтармен иық тірестірер дәре­жеге ұмтылып өссе де, ең бастысы оның қам­шының сабындай қыршын ғұмыры адам­гершілік формуласына негізделді. Тек кө­рер көзге атойлап тұратын пендешілікке адам­дық ары, ақындық арынмен өзін те­жей алмай, өз отына өзі өртеніп, «намыстың же­бесі боп атылған» күндері де аз болмады. «Егі­ліп келем ескіден қалған жыршыдай», «...адамдар сияр табытқа, ақындар, бірақ сый­майды» деп егіліп, еміреніп өтті. Шүкір ғой. Осыдан отыз жыл бұрын «Егемен Қазақстанда» ақынның бір топ өлеңін алғысөзіммен жариялап, екін­ші ғұмырына түрен салған едім. Содан бері Жазушылар одағы бас болып, оның атын есте қалдыруда шығармашылық ор­та­да, туған өңірінде игілікті іс-шаралар ат­­­­қарылып жатыр. Тағдырлас курстасы Тана­бай екеуінің кітаптарын Ұ.Есдәулет И.Тас­мағамбетов шығарып берген «Отырар кітапханасы» атты жүз кітап сериясына ен­дірді. Оны «қазақтың Лермонтовы», «Есе­ни­ні» дейді. Алайда Ұлықбек Есдәу­лет­тің «ол Мұқағалидың жас күнін еске тү­сіретін еді» дегені жүрекке жылы тиеді. Шы­нында да, Тәңіртауда Мұқағали, Қара­тауда Артығали тандем болып, дүниені дү­бір­леткені де ұмытылар ма?! АВТОПОРТРЕТ Есенғали өмірден озғанда «Мұқағали. Артығали. Есенғали» деп, ғазал жыр­дың ғалиларын жоқтап едік. Мұндай ақын­дар артындағы пақырларының да жұ­мы­сын жеңілдетіп, өз артықшылығын өзгеден ар­тық біліп, өз ғазалын өзі айтып кететіні де алғаусыз ақиқат. Мұқағали «шаң басқан ар­хивтерден» ізде десе, қазір соның шаңы жұ­пар шашып жатқан жоқ па?! Төлеген «өле берсін күншілдер күйігінде, өз ғасы­рым өзімнің иінімде, ақ жаңбырлар тоз­дырған тау сияқты, мен өлемін өзімнің биі­гімде» деп дүр етсе, Есенғали «...бізде нен­дей алысқа самғар күш бар, бәрі өтпелі арзу ой, арман құштар, қалатыны түк те емес, бір құлпытас, қонып ұшар қанаты тал­ған құстар» дегендейін, Артығалидың «Ақын» атты өлеңіндегі «...қамықпа досым, қа­мықпа, көктеме күнін сыйлайды, адам­дар сияр табытқа, ақындар, бірақ сый­май­ды» деген жолдар қазір тәмсілге айналып, оқыр­ман аузында жиі айтылады. Ақынның қай өлеңі де өз биігінде екені даусыз. Алай­да оның «Қаршығасының» жөні бөлек. Пас­­­­порты, автопортреті тәрізді. Оқиық: Шүйкімдей дене шүмектей терге малшына, Шулы өзеннің үстінен өтті таң шыға. Қара жер шетін таба алмай, талып келеді Қара жердің бетін көрместей болған қаршыға. Қанатын құстар қақпайды әсте бекерге, Аңсары құштар ауды ғой басқа мекенге. Дегбірін алды көк аспан тұтас қалпымен, Дөңгелек дүние таусылмайды-ақ екен де. Таулардан өтті шыңдарын биік табалап, Баулардан кетті қарағай бойын жағалап. Қара жер қалпы... Құлай ма соған қанатын босқа сабалап? Аспанда, бәлкім, бір бейне болып қалады, Жүрегін, мүмкін, жұлдызға соғып жарады? Арманы үшін азапқа түскен осы құс, Саған да ұқсап, маған да ұқсап барады. Айтқанымыздай, ұлы ақындар өз тағ­­ды­рын өзі болжап кеткен. Неткен ұқсас тағ­дыр! Ақанның Қаршығасын бай-бектер түтінге тұншықтырса, Артығалидың «Қ­ар­шы­ғасы» жүрегін жұлдызға соғып жарады. Тағ­дырын зерттеушіге өз тылсымының болашақ бекзат баянын «Қаршығасында» аң­датып кеткен жоқ па арманшыл, арынды ақын. Шіркін, талдаушысы табылса, бір есті эссеге нысана болғалы тұр. Бұл ойымыздың ұш­қынын Аманхан Әлім сездіріп кетіпті. Ол «Қаршығаны» Лермонтовтың «Тұт­қы­ны­­мен» қатар қояды. Дұрыс-ақ. Сыншы Са­ғат Әшімбаевтың Артығали шығарма­шы­­­лығына жасаған қамқорлығы, бір жыл­дары Байқадамға арнайы барып, ақынның ба­сына зиарат еткен азаматтығы өз ал­ды­на, осы өлеңді ақындар бас қосқан жерде оқуды дағдыға айналдырып, «өлең осылай жазылуы керек» деп отырады екен. Расында, бізді де кейде қазіргі кейбір өзін «Қаршыға» көріп, жер тепсініп, бір өлең жазса төбеңді ойып жібере жаздап, жер-көкке сыймай жүре­тіндер Артығали өлеңдерін де бір парақ­тап қойса, тәубесіне келер еді-ау де­ген ой иектейді. Қайран, қара өлеңнің «Қаршығасы», биі­гіңдесің!

Қали СӘРСЕНБАЙ

Серіктес жаңалықтары