50330
Бас прокуратура тыныштық күніне қатысты мәлімдеме жасады
Бас прокуратура тыныштық күніне қатысты мәлімдеме жасады

Бас прокуратура 19 наурызда өтетін Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын сайлау алдындағы тыныштық күні талаптарын еске салды деп хабарлады turkystan.kz.
«Бүгін сағат 24:00-де сайлау алдындағы үгіт жұмыстарының кезеңі аяқталады. Ертең, 18 наурызда және дауыс беру күні – 19 наурызда кез келген үгітті жүргізуге тыйым салынады . 14 наурыздан БАҚ-та сауалнама нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын, сайлауға, кандидаттарды қолдауға дауыс беруге байланысты өзге зерттеулерді жариялауға да жол берілмейді», - деді бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев.Ол, сондай-ақ, ол сауалнамаға қатысты бірқатар талаптарға тоқталды. Мұндай сауалнаманы дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте жүргізуге болмайды («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңның 28-бабының 9-тармағы). Оларды, тіркелген және Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде хабардар еткен заңды тұлғалар ғана сайлау учаскелерінен шыға берісте жүргізе алады. Аталған сауалнамалардың нәтижелерін БАҚ-да дауыс беру күнінен кейін, яғни 2023 жылғы 20 наурыз сағат 00:00-ден бастап жариялауға рұқсат етіледі.
«Конституциялық заңның осы талаптарын орындамау Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 102 және 120-баптарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады», - деді Жандос Әмірәлиев.