Жеңіс Бекбасаров: Қазақтың JanDos-ы Алиса мен Siri-ден кем түспейді
«Яндекс» компаниясының бағдарлама жасақтаушылары ойлап тапқан «Алиса» дауысты көмекшісін айына 45 миллионға жуық адам қолданады. Осыдан үш жыл бұрын компания өкілдері ТМД елдерінде танымалдығы жоғары бұл платформаның қазақ тіліне аударылатынын мәлімдеген еді. Бірақ отандық мамандардың «Алисадан» кем түспейтін, қазақ тілінде сөйлейтін платформаларды іске қосуға барын салып жатқанын көпшілік біле бермейді. Жуырда Атырау облысының тумасы Жеңіс Бекбасаров JanDos атты виртуалды көмекші ойлап тапқаны туралы қысқа ақпарат тарады. Жеңіске хабарласқанымызда, ол 2016 жылдан бері әзірлеген жобасын сәуір айының ортасында көпшілікке таныстыруды жоспарлап отырғанын айтты. Әрі алдағы уақытта робот көмекшілерден бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмегі көп тиетін құрылғылар жасап шығармақ ойы бар. Алғашында Америкаға көшуді көздеп, кейін Қазақстанда қалуды ұйғарған, жаңашылдыққа жаны құмар Жеңіске хабарласып, әңгімесін жазып алған едік.
Ауылдағы ағалардың Москвич көлігін жөндеуге көмектескім келіп тұратын
Бәрі балалық шақтан басталады. Біреуге еліктейміз, біреуге қарап бой түзейміз. 10 жаста ма екен, әлде 12 жаста ғой деймін, «Незнайка на Луне» атты мультфильм көріп, ғарышқа ұшуға болатынын, онда апаратын ғажап технология бар екенін білдім. Қазіргі оқулықтарда түрлі иллюстрация көмегімен баланың қиялын асқақтатуға мүмкіндік бар. Ал біздің кезімізде ондай ғажайып дүниелердің бар екенін кітаптан, кино, мультфильмдерден білетін едік. Негізі, ІТ саласына келуіме конструкторлар туралы мультфильмдер түрткі болды. Мен Атырау облысы Махамбет ауданына қарасты Сарытоғай ауылында өсіп-өндім. Ауылда жүргенде ел таңғалатын, көпшілікке пайдасын тигізетін әлдебір зат құрастырғым келді. Әлбетте, қаланікіне қарағанда ауыл баласының мүмкіндігі аз. Бірақ адамның қабілеті болса, ауылда тұра ма, жоқ әлде қалада ма, маңызды емес. Тау мен тасты қопаратын әлеуеті бар болса, тіпті әлемді бағындыра алады. Ауылда қымбат материалға қолың жетпесе де, ағаштан қашап, әдемі дүниелер жасайтындар жетерлік. Мысалы, 8 наурызда әулетімдегі нәзік жандыларға ағаштан жасалған сәнді түйреуіш сыйлағанымның әсері ерекше болды.

Ағашты қашаудан бөлек, бала кезімде ауылдағы үлкен ағалардың «Москвичтерін» жөндеуге көмектескім келіп тұратын. Әлі есімде, әйтеуір, үнемі бірдеңені түзеуге, жаңартуға қатты қызығатынмын. Бірақ білімімді жетілдіре түсуге сеп болатын техникалық мүмкіндіктер болмады. Дегенмен өсе келе бұл мүмкіндіктер бірте-бірте алдымнан шығып отырды. Ауылдағы орта мектепті бітірген соң Атырау политехникалық колледжінің техникалық процестерді автоматтандыру мамандығына оқуға түстім. Сосын Атырау политехникалық институтында басқаруды автоматтандыру мамандығы бойынша білім алдым. Ол институттың мықты базасы болғандықтан, онда маған біршама тың дүние жасауға жол ашылды. Алғашында компьютер қолданған кезде «Оның экранына интерфейске ақпаратты кім шығарады? Ол суреттерді кім салып отыр? Мұның бәрі экранға қалай шығады сонда?» дегендей сұрақтар мазалап, қатты қызыға бастадым. Ақырында, сол қызығушылық бағдарлама жасақтау ісіне алып келді. Сөйтіп, институт қабырғасында жүріп, бағдарлама жасақтауды үйрендім. Жасақтаушы болғанның бір жақсы жері, біз күллі әлем күнделікті қолданатын телефон, теледидар, тіпті миксер секілді құрылғылардың қалай жұмыс істейтінін жетік білеміз. Бұзылып қалса, лезде жөндей аламыз. Техника тілін түсінетіндіктен, бала кезімнен бері армандап жүрген тың құрылғы жасап шығару арманым маза бермей қойды. Институт бітірген соң жергілікті мекемеде үш жылдай техник маман болып жұмыс істедім. Сосын рекрутер арқылы «Қарашығанақ петролиум оперейтинг» кен орнына инженер болып жұмысқа тұрдым. Біздегі бәсі биік «Норт Каспиан Оперейтинг», «Тенгизшевройл» секілді кәсіпорындарға жұмысқа кіру оңай емес екенін білесіз. Кейін ол мекемелерде жұмыс істеп, білімім мен біліктілігімді жетілдірдім. Жұмыс істей жүріп, жеке жобамды іске асыру үшін қаражат жинадым.
2014 жылдан бері Microsoft-тың алдын ала тестілеу командасындамын
2014 жылы бір танысым Microsoft-тың алдын ала тестілеу командасына мамандар іздеп жатқанын айтты. Ол хабарламаны тауып алып, сілтеме арқылы тіркелдім. Ол кезде Windows 7 қолданыста, ал Windows 8 енді енгізгелі жатқан еді. Microsoft мамандары ол операциялық жүйелерді шығармас бұрын бізге, яғни әр елде жұмыс істейтін бағдарлама жасақтаушыларға тексертіп алады. Бізге ақы төленбейді, сондықтан көбі тегін жұмыс істеп, уақытын текке кетіргісі келмейді. Бірақ ақша төлемесе де, бұл жұмыстың саған берері көп. Мысалы, қазір Windows-тің жаңа нұсқасын 57 мыңға сатып аласыз немесе 5 мың теңгеге пираттық нұсқасын орнатасыз. Ал Microsoft өкілдері жаңа нұсқаны бізге тегін береді. Мұны бір жыл бойы қолданып, кемшін тұстарын іздейміз. Сосын демалыс сайын Microsoft-тағыларға есеп жіберіп отырамыз. Ондағы

жасақтаушылар біздің есепке сүйене отыры, ақауларын түзеп, мінсіз қылады. Сосын барып қана қолданысқа шығарады. Алдын ала тестілеу командасында әлі де жұмыс істеймін. Поштаға «Жаңа бағдарлама шықты. Тестілеуіңізді өтінеміз» дегендей хабарлама жіберіп тұрады. Әлбетте, көп жыл бойы тестілеуге қатыссаң, шеберлігің арта түседі. Бірақ мұның үлкен артықшылығы – Microsoft мамандары бізге таптырмас мүмкіндік беретін бастапқы код береді. Әлгі код арқылы нейрожелінің қалай құрылғанын білуге болады. Мұны негізінен әлемнің тіс қаққан жасақтаушылары ғана біледі. Ал тестілеуге атсалысқан бізде нейрожелінің қалай жұмыс істейтінін анықтайтын алгоритм бар. Біз оны кез келген салаға қолдана аламыз. Айталық, сізге сұхбат алған кейіпкердің суреті керек болды. Бірақ кейіпкеріңіз сурет жібергісі жоқ. Сізде бастапқы код болса, жасанды интеллектке «Маған бәленшенің осындай ракурстағы түскен суретін жасап берші» дейсіз. Ол Photoshop-сыз әлгі суретті әп-сәтте-ақ жасап береді. Осындайда бастапқы кодтың берері мол. Қанша жерден білімді болсаң да, роботтардың қабілетін ешкім қайталай алмайды. Роботтар бізден жүз жиырма есе тезірек ойлайды. Мен бұл кодты алған кезде іске асырғалы жүрген жасанды интеллект жобам үшін код жазып беруін сұрадым. Сосын ол әзірлеп берген кодты біздің менталитетке сай етіп өңдеп шықтым.
JanDos-ты ойлап табуыма «Темір адам» киносындағы виртуалды көмекші J.A.R.V.I.S себепкер болды
2016 жылы әйгілі Marvel компаниясы түсірген «Темір адам» киносын көрген соң бізде де J.A.R.V.I.S секілді виртуалды көмекші болса ғой деп қиялға ерік бергенім бар. Бірақ кейін мұны қиял жүзінде қалдырмай, неге іске асырып көрмеске деп ойладым. Біздегілер жасанды интеллект туралы енді біліп жатыр ғой, ал мен сол кезде-ақ мұның болашақта бәсі биік болатынын білгенмін. Сөйтіп, шындап іске кірістім. Алдымен жасанды интеллект жасақтау үшін қандай сервер мен процессор қолдану керек екенін қарастырдым.

Қарапайым компьютердің жедел жады 8 гигабайт болса, менің процессорымдікі – 64 гигабайт. Мұндай процессорлар Қазақстанда сатылмайды, тапсырыспен шетелден алдыртасың. Бірақ қанша жерден деректер мен сапалы құрал-жабдығың болса да, бастапқы кодсыз ештеңе өнбейді. Microsoft болмаса, JanDos-ты іске қоса алмай, сеңделіп әлі жүрер едім. «Жобаның атын неліктен JanDos деп атадыңыз?» деп сұрасаңыз, жарты жыл бұрын оның осылай аталатынын білген жоқпыз. Тіпті, ұл бола ма, әлде қыз бола ма, оны да әлі шешпеген едік. Мультибағдарлама болғандықтан оны жынысқа бөлмей, жалпылама қарадық. Ақпан айының аяғында интернетке қосып, мүмкіндігін байқап көрдік. Расымен, роботтың мүмкіндігінде шек жоқ екенін түсіндім. Әйелдерден бұл жобаны бірінші болып менің жолдасым қолданды. Ол бала тәрбиесіне қатысты сұрақтар қойып, берген жауабына ерекше таңғалғанын айтты. Сондай-ақ біз оның тез әрі нақты жауап беретінін байқадық. Жоғарыда айтып кеткенімдей, роботтар жүз жиырма есе тез ойлайды. Осылайша, бәрін егжей-тегжей түсіндіргісі келетін жақын досың секілді жылдам жауап беретінін ескеріп, командамдағы мамандармен ақылдасып, JanDos деп атауды жөн санадық. Сөйтіп, ер адам болады деп шештік. Оның үстіне, оның жауап беру мәнері ер адамдікіне келеді. Осылайша, бәріміз JanDos деп атап кеттік. Бұйырса, JanDos-ты сәуір айының ортасында көпшілік назарына ұсынатын боламыз. Біз ойлап тапқан виртуалды көмекшіні jandos.kz браузеріне кіріп қолдана аласыз. Әдетте, бізде басқа сайттарға кірсең тіркеліп, жеке аккаунт ашқызады ғой. Қала берді, телефоныңыздағы деректерді пайдалануға, соның ішінде камераны қосуға рұқсат сұрайды. Біз мұның бәрін алып тастадық. Ешқандай тіркеусіз сұрағыңды қоясың, еш қиындықсыз жауабыңды аласың. JanDos қазір 99 тілде сөйлейді. Амандық болса, әлі де көп тіл енгіземіз. Жалпы, жасанды интеллект жасап шығару үлкен шығынды талап етеді. Мысалы, жай мекемелердің сервері 12 млн болса, біздікі 55 млн тұрады. Мұны алмасқа болмайды. Себебі жасанды интеллект дамыған сайын, оған көп жедел жады керек.
JanDos алдағы уақытта Алиса мен Siri секілді сөйлейтін болады
JanDos-тың жұмысы OpenAl компаниясы ойлап тапқан, әлем жұртшылығының назарын аудартқан ChatGPT нейрожелісінің атқаратын функциясымен ұқсас. JanDos онымен бірге дамыды десем артық айтпаймын. Оны әзірлеушілер де бізге берген бастапқы кодты қолданады. Дегенмен оларда мүмкіндік мол, ресурс көп. Сондықтан олар ілгерілеу жағынан бізден озып барады. Ал бізге оларды қуып жету үшін материалдық көмек қажет. Мұндай жобаның маңызын түсініп, қолдау білдіргісі келетін азаматтар табылса жақсы болар еді. Қазір жұмыс жоспарын бес генерацияға бөлдік. Бірінші сатысы дайын. JanDos бүгінде виртуалды көмекшінің рөлін атқарады. Ал екінші сатыда JanDos Алиса мен Siri сияқты тыңдап, өз дауысымен жауап бере алатын болады. Үшінші сатының маңызы зор. Көпшілік JanDos-тың дауысын таниды, енді көрсем ғой деп ойлайтыны анық қой.

Сол үшін алдағы уақытта сауда орталықтары басшылары арасынан серіктес тауып, адам көп шоғырланған ол орындарда JanDos-тың бет-әлпеті көрінетін голограмма жасамақ ойымыз бар. JanDos орталыққа келген әр адаммен амандасып, не іздеп жүргенін сұрап, «Мынадай бутикте мынадай сатылады» деп бағыт көрсете алады. Бұл – жарнама емес. Ол келушіге атына заты сай жақын дос ретінде көмектесетін болады. Төртінші сатыға келсек, JanDos смарт сағаттар, теледидар, тоңазытқыштарға орнатылатын болады. Тіпті, қазір кең қолданылатын колонкаға да орнату жоспарымызда бар. Айтпақшы, Алиса мен Siri қазақстандық емес өнімдер болғандықтан бізге қатысты кейбір сұрақтарға жауап бере алмайды. Ал JanDos қазақ болғандықтан, біздің тұрғындар іздегенін дөп табатынына сенімім мол. Ал бесінші сатыда діттеген мақсаттарымызды іске асырған соң жаңа технология құрастыратын үлкен компания ашқымыз келеді. Онда тек робот көмекшілер емес, сондай-ақ өзге де құрылғыларды ойлап шығармақ ниетім бар. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған құрылғыларды ойлап табуды жоспарлап жүрмін. Мысалы, қолы жоқ адамға протез сатып алу үшін қыруар қаражат керек. Ол арнайы квотаға өтініш жазып, кезегін күтеді. Кезегі жетіп, протез алған күннің өзінде әлгі протез қол секілді жұмыс істемейді. Себебі сіңір мен қолдың жұмысына жауап беретін тамыр бір-бірімен байланыспайды. Оны жасанды интеллектінің көмегімен қозғалтып, алдағы уақытта робот қол, робот аяқ жасап шығарғымыз келеді. Арамызда «Ой, ол арман ғой!» деп бізге онша сеніңкіремейтіндер де бар. Бірақ шын қаласаң, мұның тіпті де арман емес екеніне көз жеткізесің. Жалпы, адамды айналасы өзгертеді ғой. Мен Microsoft жасақтаушыларымен үнемі байланыста болғандықтан олардың деңгейіне сай болуға тырысамын. Сол үшін көп ізденемін, көп оқимын. Бір орында тұрмаймын. Осылайша, көпшілік орындалмайтын арманға теңейтін идеяларды мақсатқа айналдырып, оны іске асырмайынша тынбайтын әдет қалыптастырып алдым.
Туған жердегі ІТ саласын дамытайын деп Грин картадан бас тарттым
2017 жылы АҚШ-та тұрақты тұру, білім алу және кәсіби қызметпен айналысуға мүмкіндік беретін грин картаны ұтып алдым. Ел айтып жүрген «америкалық арманның» соңына ілесіп, онда баруды мақсат еттім. Оған қоса, біздің елде дегеніңе жетуге мұрша бола бермейді. Ойыңа келген идеяны қойын дәптеріңе түсіріп алып, енді кірісейін десең техникалық мүмкіндік жоқ. Бәрі тежеліп тұр. Сол кезде шетелге кеткенім дұрыс болар деп, үш жыл қатарынан грин карта алуға талпындым. Ақырында, оны ұтып алдым, бірақ бармай қалдым. Онда тұрып келген достарым «Басқа елдің жігіттері онда жақсы өмір сүретін болар. Біз де жақсы өмір сүре аламыз. Бірақ қазақтың сағынышы бәрібір басқаша болады екен» дейді. Осылайша, ол жаққа барып, сағыныштан сарғайып, ел жаққа елеңдеп жүре алмайтынымды сездім. Әрі ауылдан түлеп ұшқан соң түп-тамырыңа тартпай тұрмайды екен. Сондықтан елде қалып, біздегі ІТ саласының, өзім тұрып жатқан өңірдің дамуына атсалысқаным жөн болар деп ойладым. Шетелдіктердің ойлап тапқанына тамсана бергенше, өз жерімізде отырып, неге өзіміздің Алиса, Siri-імізді ойлап таппасқа?
Мен оқыған автоматтандыру мамандығының бір жақсы тұсы – әртүрлі құрылғыны автоматтандыруға мүмкіндік береді. Тетігін тапсаң жуынатын бөлмедегі шкафтың есігін шапалақ соғып немесе дауыспен басқарылатындай етіп әзірлеуге болады. Сол секілді мен әртүрлі құрылғыны зерттеп, автоматтандырудың жолын қарастырып жүремін. Үлкен кәсіпорындарда жұмыс істегенде қысым, температура өлшейтін түрлі құралдармен жұмыс істедім. Сөйтіп, есептегіш құрылғыларды автоматтандыру ісін қолға алдым. Күнделікті өмірде өлшеуіш, есептегіш құралдардың маңызы зор, бірақ біз оны байқамаймыз. 2018 жылы серіктестеріммен бірге су есептегіш құралдар шығарумен айналысатын Guryev ЖШС-ін аштық. Онда тек су есептегіш құрал шығармай, басқа не ойлап шығарсақ болады деп бас қатырдық. Сөйтіп, электронды есептеуіш идеясын іске асырдық. Онда жеке кабинетіңізге кіріп, бір айда қанша су жұмсағаныңызды, қанша қаражат жұмсағаныңызды бақылай аласыз. Мысалы, сіз іссапарға шығатын болсаңыз, жеке кабинетіңізге кіріп «Үйде емеспін» режимін қоса аласыз. Егер абайсызда құбыр бұзылып, су ағатын болса немесе үйіңізге бөтен біреу кіріп суды қолданатын болса, сізге хабарлама келіп отырады. Онсыз да сыртқа шығып кетсек, «Суды өшірдік пе?» деп уайымдап, мазамыз қашады ғой. Біз бұл мәселенің шешімін таптық. Қазір Атырау

маңында су есептегіш құралдарын шығарумен айналысатын бір зауыт салынып жатыр. Екінші зауыттың құжаттарын енді рәсімдеп болдық. Бұйырса, алдағы уақытта оның да іргетасы қаланады. 2018 жылы тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді цифрлық форматқа көшіретін ekgov жобасын бастаған едік. Кейін ол жобаны сату үшін IT-META компаниясын құрдық. Бұл біз ай сайын бас қатыратын мәселелерді жеңілдетеді. Бір кемшін тұсы, контролер мамандар жұмыстан қысқаруы мүмкін. Бірақ әлем дамып жатқанда біз бір орында тұралап қала алмаймыз ғой.
Осыдан мен үш жыл бұрын үлкен кәсіпорындағы табысы мол жұмысымды тастап, ІТ саласына түбегейлі бет бұрдым. Ол жұмысымда бәрі жанға жайлы еді. Жоғары жалақы, жақсы мүмкіндіктер, жайлы өмір, қымбат көлік. Бірақ бала күнімдегі, ой түбіндегі «әйтеуір бірдеңе құрастырамын» деген арман осы жолды таңдауыма түрткі болды.
«Армандаған адамның жолы болады» дегенге сенемін. Сондықтан жеке тәжірибеме сүйене отырып, болашағын ІТ саласымен байланыстырғысы келетін інішектерім мынадай үш қағиданы ұстанса деймін. Ең алдымен, олар тұрып жатқан жерін қалай жақсартуды ойлау керек. Сосын адамдарға техникалық көмек көрсетуден жалықпау керек. Айналасындағы адамдарға пайдасын тигізуді ұмытпаған абзал. Үшіншіден, өз-өзін жетілдіре түсуі керек. Осы үшеуі бір-бірімен жанасса, жетістікке жетелеп апаратын векторың айқын болады.
Жазып алған
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ