Алаш мұрасына деген ұлттық көзқарас

Алаш мұрасына деген ұлттық көзқарас

Алаш мұрасына деген ұлттық көзқарас
ашық дереккөзі
246
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтің төрағалығымен Алашорда қозғалысының құрылғанына 100 жыл толуына орай Алаш зиялыларының шығармашылық мұраларын зерделеу және оны жандандыру мәселелері бойынша кеңес өтті. «ХХ ғасырдың басында ұлттың зиялылары азаттық үшін болған көп ғасырлық күресте маңызды рөл атқарды. «Алаш» алғашқы саяси партиясы және Алаш Орда үкіметінің пайда болуы азаматтық кемелденген және халықтың болашақ тағдырын шеше алатын қазақтың саяси зиялыларының жоғарғы әлеуетін көрсетті» деп атап өтті ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов. Вице-премьер еліміздегі алаштанушы тарихшылар мен әдебиетшілер, отандық кино және телевизия саласының мамандарымен бірлесе отырып, тың бастамаларды – кітап шығару, кино түсіру мәселесін қолға алу қажеттігіне тоқталды. «Алаш қозғалысының 100 жылдығына дұрыстап дайындалуымыз керек. Қазір ең бастысы, жақсы жоспар құруы қажет. Бір-екі аптадай түбегейлі айналысып, Елбасымен келісіп, уақытын белгілеген жөн. Алаштың 100 жылдығы сол заманмен қалып қоймай, бүгінгі тәуелсіз мемлекетпен байланыстыру орынды болады. Алаш зиялыларының арманы, оның орындалғаны, тәуелсіз ел болғанымыз, осының барлығы ұлттық және тарихи сананы көтеретін жақсы дүние болуы керек» деді Иманғали Тасмағамбетов. Кеңес барысында Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйін мемлекеттік меншікке беріп, оның мәртебесін республикалық деңгейге көтеру, ғалымның ғылыми еңбектерінің 10 томдығын жарыққа шығару мәселесі де қаралды. Иманғали Тасмағамбетов ақын А. Байтұрсынов және «Алаш» қозғалысы жөнінде деректі фильм түсіру мәселесін жедел түрде қолға алу қажеттігін атап өтті. Кеңес қорытындысы бойынша ҚР Мәдениет және спорт министріне Алаш Орда үкіметінің құрылуы мен қалыптасуына атсалысқан ұлт зиялыларының өмірбаянын зерттеп, олар жөнінде көркем өмірбаяндық кітап шығаруды және Ахмет Байтұрсынов ғылыми еңбектерінің 10 томдығын басып шығаруды міндеттеді. Алдағы уақытта Ахмет Байтұрсынұлының музей үйінің  ғимараты республикалық маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілетін болады. ҚР Білім және ғылым министріне музей-үйді мемлекеттік меншікке алу және оны А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты жанынан  А. Байтұрсынұлы музей-үйі-ғылыми орталығы ретінде құру тапсырылды. Айта кету керек, өткен аптада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласына іссапар аясында Ахмет Байтұрсынұлы мұражай үйінде болып,  жұмысымен танысқан еді.

Серіктес жаңалықтары