994
Қаңсық пен таңсық немесе автонарықтағы ахуал
Қаңсық пен таңсық немесе автонарықтағы ахуал
Өткен жылы болған әлемдік геосаяси оқиғалар еліміздегі автонарыққа айтарлықтай әсер етті. Бірқатар танымал көлік маркасы мен моделі сатылымға шыққан жоқ. Оның орнына Қытай көліктері көбейіп, сатылымы бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен.
Автобизнес қауымдастығының дерегіне сүйенсек, былтыр елімізде ресми дилерлер 123 778 жаңа көлік сатқан. Бұл – кейінгі 7 жылдағы рекордтық көрсеткіш екен.
Ресми деректерден жергілікті зауыттар құрастырған көлік саны өскенін байқауға болады. Сонымен қатар ескі көліктер де бұрынғыдан еселене түскен.
Жеңілдетілген автонесиенің жыры, бір жылдан бері жұмысы тоқтап тұрған утильалым, ескі көліктердің көбеюі, мультибренд көлік зауытының құрылысы... Сонымен, 2022 жылы көлік нарығы қалай қорытындыланды?
Қытайдан келген көлік 4 мың пайызға өсті
Қазақстан автобизнес қауымдастығы (ҚАБҚ) 12 айда елімізде жаңа 123 778 көлік сатылғанын мәлімдеді. Бұл 2021 жылғымен салыстырғанда 5,3 пайызға жоғары әрі кейінгі 7 жылдағы рекордтық көрсеткіш болған.
Айлар бойынша қарастырсақ, қаңтарда, жылдың алғашқы айында дилерлер 4 000 машина ғана саудалаған. Бұған жыл басындағы қаңтар оқиғасының себебі болуы мүмкін екені айтылады. Ал ең көп көлік сатылған ай – желтоқсан. Жыл аяғында 13 759 автомобиль сатылыпты, бұл 2022 жылғы ең үздік көрсеткіш болды.
Сонымен, 2022 жылы болған геосаяси оқиғалар, Ресей – Украина соғысына байланысты кейбір көлік маркалары мен моделінің сатылымы шектелді.
Атап айтсақ, Toyota, Volkswagen, Nissan, Mazda брендінің көліктері Ресейден шығып келген. Логистикалық тізбектің бұзылуы жеткізу қызметіне айтарлықтай әсер етті.
Оның орнына отандық автонарықтағы Қытай көліктерінің үлесі артып, сатылымы өскен. Қазақстандық автобизнес қауымдастығының статистикасына сәйкес, былтыр қытайлық өндірушілердің еліміздің автонарығындағы үлесі үш есе өскен. 2021 жылы 4 пайыз болса, 2022 жылы 11 пайызға дейін жеткен.
Жалпы, Қытай мен арадағы импорт көлемі былтыр өскені туралы жазған болатынбыз. Осы жалпы импорттың өсуіне қытайлық көліктердің үлесі айтарлықтай әсер еткен екен. Energyprom.kz сарапшыларының дерегінше, қытай көліктері импортының үлесі былтырғыға қарағанда 4 147 пайызға өскен. Яғни, 2021 жылы 4,3 миллион АҚШ доллары болса, 2022 жылы 183,9 миллион долларға жетіпті.
– Былтырдан бері Қытай маркаларының нарықтағы үлесінің өсуі – ресейлік зауыттан жеткізілетін еуропа және жапон брендтерінің танымал модельдерінің отандық нарықтан шығуына байланысты болды, – деп мәлімдеген еді Автомобиль нарығын мониторингілеу және талдау агенттігінің бас директоры Артур Мискарян.Қауымдастықтың дерегіне сүйенсек, Қазақстан нарығына 2022 жылдың мамырында кірген Exeed Қазақстанда ең көп сатылатын брендтердің ондығына еніп үлгеріпті. Orbis Auto (брендтің ел нарығындағы ресми өкілі) компаниясы биыл Exeed автокөліктерін сатуды 3 есе өсіруге ниетті екенін ресми мәлімдепті.
– Астанадағы Exeed дилерлік орталығының құрылысына салынған инвестиция – 3,7 миллион доллар. Бұл біздің компания жаңа премиум брендке қандай үміт артып отырғанын байқатады. Алғашқы жылдағы сатылымнан-ақ бұл үмітіміз ақталғандай: Қазақстанда қазірдің өзінде 1 876 автомобиль сатылды. Елордамызда автоорталық ашу арқылы бренд тұтынушыға жақындай түседі, – деп мәлімдеген болатын компанияның ресми өкілдері.Сондай-ақ көшбасшылар арасында Қазақстанда тек 2021 жылғы желтоқсанда сатыла бастаған Chery мен JAC сияқты басқа да қытайлық брендтер бар. JAC Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» зауытында құрастырылатынын айтып өту керек. «Астана Моторс» қазақ мотор компаниясының баспасөз қызметі қытайлық көліктердің танымал болуына көлікті зауыттан тікелей жеткізуден бөлек, бағасына сапасының сай және технологиялық тұрғыда озық болуы әсер еткенін айтады. Жалпы, әлемдік масштабта қарасақ, Қытайдың автомобиль өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Өткен жылы Қытай Германиядан озып, әлемдегі екінші ірі автомобиль экспорттаушысы болған. Қытай шетелге барлығы 2,5 миллионнан астам жеңіл автомобиль шығарған. Осылайша, жаңа нарықтарға шығып, оларды жаулап алып үлгеріп жатыр. Сарапшылар бұл процесс үдей түспесе, кемімейтінін айтады. Осы орайда Қытайдан келген басқа да жаңа брендтерді көруіміз мүмкін. Одан бөлек, Алматы индустриалдық аймағында салына бастаған Haval, Chery және Changan сияқты автоалпауыттардың көлігін өндіретін қытайлық мультибренд зауыттың құрылысы 2022 жылғы отандық автоөнеркәсіптің басты жаңалығы болған еді. Ол «Астана Моторс»-пен еншілес кәсіпорын болмақ. «Астана Моторс» 2023 жылы индустрияландыруға, өндірісті дамытуға және тереңдетуге ерекше көңіл бөлетінін мәлімдеген болатын. Қазір Алматы Индустриалдық аймағында технопарк құрылып жатыр, онда Hyundai, Chery, Haval, Changan автокөліктерінің өндірісінен бөлек, Hyundai автокөліктерін шығаруға арналған автокомпоненттер өндірісі жолға қойылады деген жоспар бар. Автокөлік нарығын талдау және бақылау орталығының бас директоры Артур Мискарян елімізде қытайлық автобрендтер шығаратын көлік санының өсуі жергілікті өндірістің дамуына байланысты болатынын айтып өтіпті. Себебі импортпен салыстырғанда баға әлдеқайда арзан болмақ. Биылдың өзінде «СарыарқаАвтоПром» базасында қытайлық Jetour брендін шығармақ. Orbis Auto оған қоса Exeed автокөліктерінің өндірісін біздің елде бастауды жоспарлап отыр. Отандық өндірістің ахуалы қандай? 2022 жылы елде сатылған 124 мыңға жуық жаңа автомобильдің 114 мыңын өзіміздің жергілікті зауыттар құрастырған екен. Оның көбі, нақты айтқанда 103 345 данасы – жеңіл көлік. Ал Kolesa.kz редакциясының есебінше, Қазақстан азаматтары өз күшімен елге әкелген жаңа және ескі көлік саны 50 мыңнан асады. Жалпы, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылдың он екі айында елімізде 113 925 дана баршаға арналған қоғамдық көлік шығарылған, 2021 жылғы қаңтар-желтоқсан айларымен салыстырғанда, өнім 21,9 пайызға артық өндірілген. Көлік өнеркәсібінің жалпы нәтижесі ақшамен есептегенде, өткен жылдың сәйкес нәтижесінен асып түсті, яғни 1,2 триллион теңгеге жетті. Зауыттар арасында Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» 70 029 автокөлікпен көш бастап тұр. Онда Chevrolet мен Kia-ның барлық топтамасы шығады. Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауыты 37 205 өнім шығарыпты. Оның 82 пайызын кәсіпорын отандық нарыққа шығарса, қалғанын ТМД елдеріне экспорттапты. Ұлттық статистика бюросы жариялаған негізгі тауарлардың экспорт құрылымының статистикасында «Машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар мен аппараттар» санаты бойынша 3,8 миллион тауар экспортталыпты. Көп сатылған қай көлік? 2022 жылы ең көп сатылған көлік маркаларының ішінде Chevrolet көш бастап тұр. 12 айда Chevrolet маркасының 34 289 көлігі сатылған, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 17,8 пайызға жоғары. Ең көп сатылған модель – Chevrolet Cobalt, бұл модель марка саудасының 68 пайызын ұстап отыр. Chevrolet Nexia да елімізде ең көп сатылған көлік моделінің үштігіне енген. Nexia екінші орынға шығуы да мүмкін еді, бірақ 2022 жылы модельдің Өзбекстандағы негізгі өндірісі 22 мың данаға дейін қысқарып, жыл аяғында конвейерден алынды. Екінші орында 28 864 көлігі өткен Hyundai тұр, олар 2021 жылмен салыстырғанда 27 пайызға көп сатылған. Hyundai Tucson ең көп сатылған модельдер ішінде екінші орында тұр. Hyundai Elantra, Hyundai Sonata 10-дыққа кіреді. Бір қызығы, марканың ең «қалта көтеретін» моделі Accent өте аз саудаланды. Оған Ресейге салынған санкция әсер етті. Үздік үштікті Kia түйіндеп тұр, марканың 14 421 көлігі иесін тауып, жалпы нәтижесі 48,6 пайызға өсіпті. Ал Toyota саудасы 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда 21 пайызға құлдырап, төртінші орынға түсті. Өнімдерін бір жылға жуық жеткізе алмаған жапондар 9 622 машина сатыпты. Toyota Camry және RAV4 сияқты танымал модельдер ең көп сатылған модельдердің қатарында жоқ. Аталған модельдер Қазақстанға Ресейдегі зауыттардан дайын өнім түрінде немесе біздің елде құрастыру үшін көлік жинағы ретінде келетін. Accent пен RAV4 жыл аяғына қарай автосалондарға оралды, ал Camry мен Creta әлі келген жоқ. «Автоваз» 2022 жылы біздің елге көлік кіргізе алмаса да, «Лада» 7 386 дана сатылып, рейтингте бесінші орынды сақтап қалды. Қытайлық Chery-дің нарыққа шыққан алғашқы жылы болса да, 4 464 дана көлігі сатылып, алтыншы орында тұр. Ал сатылым көлемі бойынша Jac маркісі жетінші орында тұр: 3 371 автокөлік саудалаған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қытайлық кәсіпорындар алдағы уақытта рейтингтегі орындарын жоғарылатудан аса мүдделі болып отыр. Үздік ондықты 2 540 көлікпен Lexus, 1 876 көлік сатқан Exeed және 1 500 көлігін өткізген Haval брендтері түйіндеп отыр. Отандық автопарк – «кәрі» көліктердің көші Ұлттық статистика бюросы берген мәлімет бойынша, елде 4 миллион 449 мың автомобиль тіркелген. Олардың 87,9 пайызы – жеңіл автокөлік, 10 пайызы – жүк көлігі, 2,1 пайызы – автобус. Жеке тұлғалардың иелігінде 3 млн 696 мың 600 жеңіл көлік бар. Орта есеппен республикада әр 100 адамға 18,6 көліктен келеді екен. Сол көліктердің жартысының қолданыста жүргеніне 20 жылдан асқан. Әсіресе, кейінгі төрт жылда көліктердің «қартая түскені» байқалыпты. Осылайша, елімізде жаңа көліктердің саудасымен қатар ескі көліктердің саны да қатар өсіп отыр. Нақты сандарға сүйенетін болсақ, 2018 жылы Қазақстанда ескі көліктер жалпы автопарктің үштен бірін құраса, биыл 1 қаңтарда шыққанына 20 жылдан аса уақыт өткен машина саны 51 пайызға жетіпті. Сонымен, елімізде қолданыста жүргеніне 20 жылдан асқан машиналардың үлесі 51 пайызы, 10-нан 20 жыл аралығындағылар – 21 пайыз, 7-10 жыл бұрын шыққандар – 14 пайыз, 3-7 жыл болғандар – 6 пайыз, ал 3 жыл болмаған техника үлесі 8 пайыздан аспайды екен. Үлкен мегаполистерде жаңа көліктер ауыл-аймақтар мен моноқалаларға қарағанда көбірек екені анық. Осы орайда елдегі ескі көліктерді жою былай тұрсын, санын сәл болсын азайту мүмкін болмай отыр. Оның, әлбетте зияны да, шығыны да шаш етектен. Алматыдағы ауаның бұрын-соңды болмаған дәрежеде ластануына да қаладағы көлік нөпірінен, соның ішінде ескі көліктердің көптігінен екені айтылып жүр. Алматы әкімі үш жыл ішінде барлық дизельді автобусты қаладан шығаруға уәде берді. Жауаптылар мегаполистің кейбір аудандарында автоэкомаркировка енгізу және экологияға зиян көліктердің қозғалысын шектеуді жоспарлап отыр екен. Ал Еуропарламент жаңа экологиялық стандартты мақұлдады. Оған сәйкес, 2035 жылдан бастап жаңа көліктер атмосфераға бір грамм көмірқышқыл газын шығармауы керек. Ал бізде басқасын былай қойғанда, утильалымның жұмысы да жүйеленбей отыр. Былтырғы Қаңтар оқиғасынан кейін бір жылдан астам уақыт өтсе де, жұмысы әлі тоқтап тұр. Бұл бір жағынан қандай жағдай болмасын, біздің елде ескі көліктің «жерде қалмайтынын» байқататындай. Қолданыс бар, «қоқыс» жоқ Kolesa.kz дерегінше, порталда бағасы 400 мың теңгеге дейін 1,8 мыңнан астам ескі көлік сатылымға қойылған. Бұл санаттағы көптеген автомобиль есепте және апаттан ұшыраған көлік екен. Естеріңізде болар, Қаңтар оқиғасынан кейін оператордың өкілеттігі шұғыл түрде мемлекетке, «Жасыл Даму» АҚ-ға берілді. Елімізде апатта қираған көліктерді утильалымына, яғни қайта кәдеге жаратуға қабылдау тоқтаған болатын. Бұл компания алдымен құжаттарды қабылдады, 2022 жылғы ақпанда көлік қалдықтарын сатып алуды бастауға уәде берді, содан соң ескі көліктер үшін өтемақы бұрынғы оператордың қызметін тергеу аяқталғаннан кейін ғана төленетінін мәлімдеді. Оператордың кейбір басшылары ұсталды, бір жауапты басшы қаза тапты. Содан бері бір жылдан астам уақыт өтсе де, утильалымның жұмысы әлі тоқтап тұр. – Қылмыстық тергеу жүріп жатыр. Оның қашан аяқталатынын әлі айта алмаймыз. Ескі көліктерді кәдеге жарату бағдарламасы Құқық қорғау органдарының ұсыныстарына сәйкес пысықталатын болады, – деп жауап берген болатын Экология министрлігі. «Ал ескі көліктер мен қоқыс қайда кетіп жатыр?» деген заңды сұрақ туады. Байқағанымыздай, қозғалуға жарағанының барлығы көшеде жүр. Қозғалуға жарамайтындары – гараждарда, аулаларда... Осылайша, өзіміз шетелдің үлкен бір утильалымның алаңына айналып отырмыз. 18 cекундтық талас Еліміздегі ескі көліктердің санын азайтып, автопаркті «жасартуға» тиіс жеңілдетілген автонесие бағдарламасынан әзірге көңіл толатын нәтиже байқалмай отыр. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» 761 азамат автокредит алуға өтініш бергенін хабарлады. 2023 жылғы 22 ақпанға дейін бағдарламаға қатысып жатқан банктер 569 өтінім мақұлдаған, оның жалпы сомасы 5 миллиард теңгеден асады. 195 автомобиль (1,696 миллиард теңге) өз иесін тапқан. Бір қарағанда, бәрі дұрыс, десек те өтініш қабылдау 18 секундтан кейін мүмкін болмаған. Яғни, 195 адам 18 секунд ішінде өтініш тіркеудің бірнеше сатысынан өтіп үлгерген. Ал Өнеркәсіпті дамыту қоры портал қосылған сәттен соң 18 секунд ішінде 761 адам өтініш беріп үлгерді деп мәлімдеді. Дегенмен бұл мүмкін емес жылдамдық екені одан соң қызу талқыланды. Одан бөлек, өтініш берушілердің көбі техникалық ақауға шағымданған. Нақтырақ айтсақ, өтініш беру үшін тіркеліп, артынша сайтқа жеке мәліметтер енгізу қажет. Дәл осы кезеңде қиындық туған. Сервис үміткерлердің көбіне автоөндіруші таңдауға мүмкіндік бермепті, ал онсыз жалғастыру мүмкін емес.
– Алғашқы минутта сайтқа кіргендер саны 125 мыңға жетті. Аutonesie.kz сайты жүктемеге қарамастан пул құруды қамтамасыз ете алды. Шектен асқаннан кейін өтініш қабылдау автоматты түрде аяқталып, функция істен шықты. Кейбір пайдаланушылар автоөндіруші таңдай алмаған, бұл да лимитке байланысты», – деп түсіндірді қор өкілдері.Әйтсе де, жауаптылар тарапынан айтылған қаншама түсіндірулерге қарамастан, жеңілдетілген автонесиенің «жарысы» сол түсініксіз күйде қалды. Қорыта айтқанда, статистика еліміздегі көлік нарығында өсу бар екенін айтады. Дегенмен іс жүзінде әлі де байқала қойған жоқ. Оған қоса, ескі көліктердің үлесі азайғанның орнына артып барады. Талдап өткеніміздей, геосаяси оқиғалар біздің автонарыққа біраз өзгеріс әкелді. Автокөлік өндірісіндегі серіктестіктер мен жаңа зауыт құрылыстары да бұдан әрі өзгерістерге ықпал етуі мүмкін деген болжам бар, әсіресе Қытай автомобильдерінің үлесі жаңа деңгейге жететін сияқты.