Инфляция – 21,3%
Инфляция – 21,3%
– Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,75 пайыз деңгейде қалдыру туралы шешім қабылдады. Макроэкономикалық көрсеткіштер болжамын жаңартумен қатар, инфляция тәуекелдерінің балансын да бағаладық. Қабылданған шешім елдегі инфляциялық процестерді баяулатуға, ортамерзімді перспективада инфляцияны тұрақтандыруға және нысаналы мәндерге дейін төмендетуге ықпал ететін болады, – деді Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов баспасөз брифингінде.Инфляцияның өсуіне азық-түліктің қымбаттауы басты қозғаушы күш болып отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен айда азық-түлік тауарлары 1,5 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 0,8 пайызға, ақылы қызметтер 1,3 пайызға қымбаттаған. Базалық инфляцияның көрсеткіштері баяулап келеді, бірақ деңгейі әлі жоғары.
– Елдегі инфляциялық процестер біраз тұрақталды. Бірақ жоғары ішкі сұранысқа, логистикалық және өндірістік тізбектердің қайта құрылуына, ынталандырушы фискалдық саясатқа, жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулерге байланысты инфляция жоғары деңгейде қалып отыр, – деп түсіндірді Ұлттық банк.Себептер мен болжамдар Ұлттық банктің мәлімдемесіне сүйенсек, инфляция деңгейінің сақталуына әсер етіп отырған бірқатар сыртқы және ішкі факторлар бар. Ел ішінде инфляция одан әрі жалғасады деген қауіп, яғни инфляциялық күтім деңгейі де жоғары болып отыр. Инфляция тек экономикалық себептерден ғана емес, психологиялық себептерге де байланысты өрши түседі. Қымбатшылық болады деген қауіп халықты тауарларды молынан сатып алуға мәжбүрлейді. Егер бәрі баға өседі деп болжаса, баға шынында да өседі. Бұл – инфляцияның бірінші заңы. Осылайша, қымбатшылыққа, халықтың нақты табысының төмендеуіне қарамастан, тұтынушылардың сұранысы әлі де жоғары деңгейде. Яғни тұтыну деңгейі азаймаған. Тұтынушылық кредиттеудің өсуіне, жоғары инфляциялық күтулерге байланысты азық-түлікке жатпайтын тауарлар саудасы артып отыр. Бұл азық-түлікке жатпайтын тауарлардың импорт көлемі өсуіне әсер етеді. Жеміс-жидек пен көкөніс нарығындағы да ұсыныс бойынша күтпеген өзгеріске байланысты азық-түлік бағасы тез өсуі мүмкін деген қауіп сақталып отыр. Ұлттық банк мәлімдемесінше, мемлекеттік бюджет шығыстарының өсуі, рубльдің әлсіреуі мен санкциялардың әсерінен Ресейдегі инфляцияның жеделдеуі, еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық тарифтер мен жанар-жағармай нарығындағы реформалардың бағаға әсер етуі сияқты факторлар базалық сценарийдің алғышарттарында ескерілмеген. Болашақта олардың іске асуы болжамның өзгеруіне әкелуі мүмкін. Жалпы геосаяси жағдайдың айқын болмауы және әлем бойынша байқалып отырған азық-түлік қымбатшылығы негізгі сыртқы проинфляциялық факторлар болып отыр. Дегенмен қазір әлемде жағдай біртіндеп тұрақтала бастағаны байқалады, шикізат пен тауар нарығындағы қысым төмендеп, тауар жеткізу тізбектері реттеліп келеді. Жалпы алғанда, жаһандық инфляция одан әрі төмендейді деген болжам бар. Бұған астық өнімдерінің мол жиналуы, бағасының төмендеуі және әлемдік экономикадағы өсудің баяулауы ықпал ететін болады. Болжам бойынша, әлемдік мұнай нарығында да қалыпты оң динамика қалыптаспақ. Әлемдік сұраныс 2023 жылы рекордтық деңгейге дейін артады деп күтілуде. Базалық сценарийге сәйкес, Brent маркалы мұнай бағасының 2023 жылы қазіргі деңгейден 1 баррель үшін 90 долларға дейін біртіндеп көтеріледі деп болжанып отыр. Ұлттық банктің оптимистік сценарийі бойынша, Brent маркалы мұнайдың бағасы 1 баррель үшін 110 доллар, ал пессимистік сценарий бойынша, 1 баррель үшін 50 доллар болады. Теңгеге қатысты нақты айырбастау бағамы да нығайып отыр. Жалпы, былтырғы жоғары мөлшерлеме әсерінен жылдық инфляцияның шарықтау шегі 2023 жылдың I тоқсанында болады деген болжам бар. Ұлттық банк жылдық инфляция 2023 жылы 9-12 пайыз, 2024 жылы 6-8 пайыз және 2025 жылы 4-6 пайыз шегінде қалыптасады деп мәлімдеді. Депозит те, несие де өскен Сонымен, былтырғы базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер депозиттер мен кредит көлеміне қаншалықты әсер етті, әсері болды ма, шолу жасап көрейік. Ұлттық банк дерегінше, былтыр депозиттік ұйымдардағы депозит көлемі 30,9 триллион теңгеге дейін өсіп, бұрын-соңды ең жоғары деңгейге жетті. Өсім – 14,1 пайыз. Заңды тұлғалардың теңгедегі салымдары 17,6 пайызға өскен. Бұған теңгеде ақша жинаған азаматтарды қолдау және сыйақы мөлшерлемелерін арттыру бойынша қабылданған шараларға байланысты болған. Былтыр Үкімет осы мақсатта теңгемен сақталған салымдарға 10 пайыз өтемақы беру туралы шешім шығарған болатын. Долларда сақталған депозит деңгейі бір жылда 36 пайыздан 31,6 пайызға дейін төмендепті. Заңды тұлғалардың доллардағы депозиті – 33,6 пайыз болды, бұл соңғы 9 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Ал жеке тұлғалардың кредиттері бойынша мөлшерлемелердің ақша-кредит шарттарының өзгеруіне аса қатты ықпалы болмаған. Жалпы, былтыр берілген кредит көлемі ұлғайған. Тұтыну және ипотека кредиттерінің жылдық өсімі жоғары деңгейде сақталыпты. 2022 жылы екінші деңгейлі банктер берген жаңа кредиттер көлемі 12 пайызға артып, 24,1 триллион теңге болды. Соның ішінде жеке тұлғаларға берілген кредиттер 12,4 триллион теңгеге дейін жетіп, 19,3 пайызға өскен. Көрсеткіш заңды тұлғаларға берілген кредиттерден асып түсті. Ресми орган тұтыну несиелері инфляцияның күтілуіне, ал ипотека кредиттері жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың әсерінен өскенін алға тартады. Жеке тұлғалардың көптеп несие рәсімдеуіне тауарларды бөліп төлеу, маркетингтік акциялардың жиі өтуі әсер еткен. Жәнібек Айғазин, AECR зерттеу орталығының бас директоры: Болжамымыз бойынша, наурыз-сәуір айларында инфляция қарқыны тежеледі
– Базалық мөлшерлеме – нарықтық экономиканың негізгі элементі, осы арқылы экономикадағы ақшаның құны белгіленеді. Ал Ұлттық банктің негізгі мақсаты – елдегі баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Баға тұрақтылығы дегеніміз не? Яғни, бұл – бағаның бірден өсіп, не бірден түсіп кетпеуі. Базалық мөлшерлеме арқылы несие, депозит мөлшерлемелері анықталады. Мөлшерлеме жоғары болған сайын, жинақ көп болады немесе төмен болса, жинақ көлемі де төмен болады. Осы арқылы азаматтар қаражатын депозитке сақтау немесе қайта кредит алу-алмауға байланысты шешім қабылдайды. Экономика «қызып тұр» делік, яғни экономикаға өте көп инвестиция тартылып жатыр, өнім өндіру деңгейі тым қарқынды және тағы басқа, бұл азаматтардың тұтынуын көбейтті. Экономика өз алдына бөлек тірі организм сияқты. Егер тым көп өнім өндірілсе, яғни ұсыныс сұраныстан өте көп артылып жатса, салдары жақсы болмайды. Ұлы депрессия кезінде осындай жағдай болған болатын. Міне, осындай жағдайда айналымды реттеу үшін немесе айталық, инфляцияны төмендету үшін, базалық мөлшерлемені көтеру керек болады, осылайша азаматтар аз тұтына бастайды. Немесе дефляция жағдайын алып қарайық, бәрі арзандап, бағалар түсіп жатыр делік. Экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін базалық мөлшерлемені түсіру керек. Адамдардың тұтыну деңгейі өсіп, бизнеске салуы керек, өйткені ақша арзан. Мұндай жағдай Жапонияда болған. Оларда тіпті нөлдік мөлшерлеме де болған. Барлығы арзандай берген, өйткені халқы ештеңеге ақша жұмсағысы келмеген, жинай берген, бұл бір жағынан олардың менталитетіне байланысты болды. Бұл енді макроэкономикада сирек кездесетін мысал. Ал енді базалық мөлшерлеменің сақталуына көшейік. Ұлттық банк мәлімдегендей, айлық инфляция баяулап келеді. Базалық мөлшерлемеден кейін Депозиттерге кепілдік беру қоры автоматты түрде мөлшерлемені көтеріп, азаматтар тұтынудың орнына жинауға көшті. Жалпы, бұл шешім барлық факторды ескере отырып қабылданды деп есептеймін. Мұның ішінде геосаяси ахуал, сыртқы әсерлер де бар. Оған қоса, инфляция әлемдік тренд болып отырғанын есепке алу керек. Одан бөлек, инфляциялық күтулер де бар. Ұлттық банк осы күтулерді тежеуге тырысып отыр. Біз, AERС зерттеу орталығы ақпан айынан бастап инфляцияға байланысты өз болжамымызды жариялай бастадық. Болжамымыз бойынша, наурыз-сәуір айларында инфляция қарқыны тежеледі. Жылдық мәнде наурызда 17,84 пайыз, сәуірде 16,57 пайыз болады деп болжап отырмыз. Яғни, инфляцияның төмендеу үрдісі байқалатын болады. Жылдық деңгейге болжам жасамаймыз, себебі ол болжап-білуге келмейтін көптеген сыртқы-ішкі факторларға байланысты.Асылхан АҢДАШЕВ, экономист: Қаржы-несие саясаты елдегі тұрақтылықты бірінші орынға қоюы қажет
Қорыта айтқанда, елдегі қымбатшылық деңгейі баяуламай тұр. дегенмен болжам бойынша, жоғары базалық мөлшерлеме биылғы екінші жартыжылдықта ахуалды тұрақтандыруға ықпал етуі керек. Дегенмен әлі де ескерілмеген факторлар бар, жағдайды нақты болжауға келмейді. Ұлттық Банк инфляциялық қысымды төмендетуге және бағаның өсу қарқынын баяулатуға бағытталған ақша-кредит саясатын жалғастыратынын мәлімдеді. Кезекті жоспарлы шешімі 7 сәуірде жарияланады.– Қаңтар айының қорытындысы бойынша, елдегі инфляция көрсеткіші 20,7 пайыз болды. Сондықтан Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемені 16,75 пайыз көлемінде қалдыруы, кем дегенде, инфляциямен күресуге арналған бағыт қазір экономикалық өсім мен оны ынталандырудан қарағанда маңызды болып тұрғанын көсетеді. Қаңтар айындағы шешімінде де инфляциямен күресу алдағы уақытта жалғасатынын жеткізген еді Ұлттық банк.
Мұндай шешімге әсер еткен, кем дегенде 3 фактор бар: 1. Ай сайынғы инфляция көрсеткіші әлі де жыл сайынғы тұрақты көрсеткіштерден жоғары болып отыр. Сондықтан бұл пайыздық мөлшерлемені азайтуға әлі уақыт бар екенін көрсетеді. 2. Саяси және экономикалық дүрбелеңге толы 2022 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда экономикалық өсім тіркелгендіктен, елде қазір экономикалық өсімге емес, инфляциямен күреске акцент қойған артық болып отыр. Қаржы-несие саясаты елдегі тұрақтылықты бірінші орынға қоюы қажет. Инфляцияны қолдан шығарып алса, оны қайта орынға келтіру қымбатқа түсетін болады. Оның дәлелі – Аргентина мен Түркия. 3. Қазақстанның басты сауда әріптесі саналатын Ресейде әлі де ахуал тұрақсыз. Ал мұндай жағдайда пайыздық мөлшерлемені азайтып, экономиканы арзан несиемен қамтамасыз ету – ертең қиын жағдайларға алып келуі мүмкін. Сауда әріптестеріміз бен Әлем экономикасында тұрақтылық – пайыздық мөлшерлемені азайтуға мүмкіндік болса, керісінше, әріптестеріміздегі тұрақсыздық – экономикадағы арзан несиелерді оңды-солды таратпаудың алғышарты.
Алайда Ұлттық банк екінші тоқсаннан бастап инфляция деңгейі түсе бастады деп болжап отыр. Сондықтан алдағы уақытта пайыздық мөлшерлеме инфляциямен күрестен, жылдағы тұрақты көрсеткіштерге қарай жылжуы орынды болады. Ал жыл соңында инфляция 9-12 пайыз болуы қиындау, дегенмен 2022 жылғыдан аз болатыны түсінікті.
Қазір дамыған елдердің барлығы пайыздық мөлшерлемені көтеріп, инлфяциямен белсенді түрде күрес саясатын ұстанып отыр. Ал дамушы елдер мөлшерлемені дамыған елдерге еріп көтермесе, ол валюта курсына да кері әсер етуі мүмкін.