Полиция 28 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғынының арызы бойынша жиһаз дайындаумен айналысқан, алаяқтық жасады деген күдікке ілінген азаматты анықтап, полиция бөліміне жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жәбірленушінің айтуынша, ол әлеуметтік желілер арқылы жиһаз дайындау жөніндегі хабарландыруды көріп, тапсырыс берген. Күдікті алдын ала төлем жасауды сұраған, соған келіскен әйел ас үй жиһазы үшін 2 млн 300 мың теңге көлемінде ақша аударған. Алайда ақшаны алған соң ер адам байланысқа шықпай кеткен.
Жүргізілген тергеу іс-шаралары барысында ұсталған күдіктінің басқа да кемінде үш азаматты дәл осындай жолмен алдағаны анықталды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Полиция ескертеді: интернет арқылы тауарлар мен қызметтерге тапсырыс беру кезінде сатушылар туралы мәліметтерді мұқият тексеріп, бейтаныс тұлғаларға алдын ала төлем жасамау және тек тексерілген ұйымдармен келісімшарт жасасу қажет.