50394
Жол ережесін бұзған азаматқа 27 хаттама толтырылды
Жол ережесін бұзған азаматқа 27 хаттама толтырылды

Алматыда жол ережесін өрескел бұзған 22 жастағы жігітке 500 мың теңгеден астам айыппұл салынды деп хабарлады turkystan.kz.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, әл-Фараби даңғылының бойымен жылдамдықты асырып жүрген жас жігіт бір мезетте 29 рет заң бұзған.
«Жергілікті полицияның іздестіру бөлімінің қызметкерлері тексеру жүргізіп, нәтижесінде әл-Фараби даңғылымен шығыс бағытта келе жатып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған BMW автокөлігінің жүргізушісі анықталды. Оған ҚР Әкімшілік-құқықбұзушылықтың 595-бабы 1-бөлігі бойынша 27 хаттама және 606-бабы 1-бөлігіне сәйкес 2 хаттама толтырылды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 534 мың 750 теңге», - деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев.
Полиция өкілінің сөзінше, алматылық жүргізуші тек жол ережесін бұзып қана қоймай, бұл әрекетін ұялы телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге таратқан.