53123
Салауатты ма, саламатты ма? – Тіл маманы жауап берді
Салауатты ма, саламатты ма? – Тіл маманы жауап берді
«Салауатты» және «саламатты» сөздерін орынды қолданып жүрміз бе? Олардың мағыналық ерекшеліктері қандай? Аталмыш сөздердің ара-жігін «Дұрыс сөйлейік» бағдарламасына берген сұхбатында А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан ажыратып берді.
«Шын мәнінде, «саламат» сөзі «дені сау, есен, аман» деген мағынаны білдіреді. Мысалы, біз амандасқан кезде «саламатсыз ба?» не «сәлеметсіз бе?» деп амандасамыз. Біз «салауатсыз ба?» деп саулық сұрамаймыз. Бірақ бүгінде «салауатты өмір салты» деп жүрміз. Бұл – қате қолданыс. Дұрысы – «Саламатты өмір салты», - деп жауап берді тілші-ғалым.Оның айтуынша, «салауат» сөзі рақым, кешірім, орыс тілінде «амнистия» деген мағынаны білдіреді.
«Мысалы, мұсылман мәдениетінде намаздан соң Пайғамбарымызға салауат айтылады. «Салауат» деген сөз «Пайғамбарымызға, оның әулетіне, ұрпағына рақым және Алладан кешірім сұрау». Сондықтан осы екі сөзді шатастырмаған абзал. Қазақта «Барға қанағат, өткенге салауат» деген нақыл сөз бар. Мұндағысы бар нәрсеге риза болу, өткен нәрсеге өкінбеу, оған кешіріммен қарау», - деп түсіндірді А. Фазылжан.