626
Панаң қауіпке айналса...
Панаң қауіпке айналса...
Өзгермейтін, тұрақты ештеңе де жоқ. Ғарыш, әр планета, қоршаған орта, адам және әлеуметтік қатынастар – бәрі өзгереді, жоғалады, пайда болады, жаңарады. Табиғат пен қоғам үнемі қозғалыста. Таулар үгіледі, тастар мүжіледі, сулар тартылады, тіпті табан астындағы қайыспас, мызғымас қара жер де жылжиды, көшеді...
Диалектикалық материализмнің таптаурын тұжырымындай естілгенімен, ғаламның осынау бұлжымас заңдылығы Түркия мен Сириядағы зілзаладан соң біраз адамды ойландырғаны анық.
Біз де ойландық. Алаңдадық дегеніміз дұрысырақ болар. Себебі Түркиядағы апаттың салдарын алдымен қаперсіздік, сонан соң сапасыз салынған үйлер одан сайын ауырлатқанын бар әлем жарыса жазып жатыр. Ал сапасыз құрылыс нысандары бізде әуелден айтылып жүрген мәселе.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев биыл қалада қайтадан сейсмоаудит жүргізіп, ғимараттардың беріктігін тексеретіне уәде берді.
Табиғи құбылыс деген жерден сөзімізді қайта жалғайық. Негізі, жер сілкінісі сирек кездесетін құбылыс емес: күн сайын әлем бойынша бірнеше дүмпу тіркеледі. Сілкіністер негізінен мұхиттарда болады, егер ол ешқандай цунами, толқын тудырмаса, оны анықтау мүмкін емес. Ал құрлықтағы дүмпудің көбінің күші әлсіз, арнайы құрылғының көмегімен ғана анықталатындықтан сезілмейді, яғни көп ешкім біле бермейді.
Ал негізінен, жерасты толқын секундына 8 шақырым жылдамдықпен қозғала алады екен. Жер қыртысы бөліктерінің қозғалысынан үйкеліс күші туындап, максималды кернеуге жеткенде, үйкеліс күші қозғалыс энергиясына ауысады, да дүмпу сезіледі.
Кейінгі 5 жылда еліміздің аумағында 66 сейсмикалық оқиға тіркел-іпті. Соның ішінде ең қаттырақ сезілгені 2022 жылдың 28 желтоқсанында болған. Эпицентрі – Алматыдан 190 шақырым жердегі Қырғыз Республикасы мен Қытай шекараласқан тұс. Жалпы айтқанда, әуелде айтып өткен, тек құрал арқылы ғана анықталатын тербелістер.
Жалпы, Алматыда сейсмикалық қауіп бар екені бұрыннан белгілі. Елімізде жер сілкінісін зерттеу 1920 жылдары басталған, 1976 жылы ғылыми-зерттеу институты құрылды. Қаланың арнайы сейсмологиялық картасы да сызылған. Сол зерттеулерге сүйенсек, Алматыда 27 жерден тектоникалық жарық анықталған.
Әрине, табиғаттың тосын мінезін болжап-білу аса қиын, дегенмен, қаперсіз отырғанның салдары ауыр екені тарихтан мәлім. Бірқатар ел осындай ауыр сынақты бастан өткергеннен кейін құрылыс нысандардың беріктігін, қауіпсіздігін қайта қараған.
Түркиядағы оқиғадан соң Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев биыл жазда қаладағы құрылыс нысандары мен тұрғын үйлерге тексеріс жүргізуге уәде берді. Сонымен қатар әкім барлық қауіп ескерілгенін, 2021 жылы қаланың сейсмикалық аймақтарының жаңа картасы әзірленгенін де қосты.
– Алматыда 2020-2021 жылдары жаңа тектоникалық жарық¬тар пайда болды. Жаңа бас жоспарда барлық қажетті талап, соның ішінде қауіпті жерлер ескерілген. Абай даңғылының жоғарғы жағы 10 балдан жоғары, Абай даңғылының төменгі жағы 9 балл шамасында, – деді қала әкімі.
Бұл, әрине ғалымдардың тұжырымдары негізінде айтылған дерек.
Нұрсәрсен ӨЗБЕКОВ,
ТЖМ Сейсмология институты директорының орынбасары:
Бізде сейсмикалық режим қалыпты
– Түркияда мұндай жер сілкінісі бұрындары да болған. Осы жолғы жер сілкінісінің магнитудасы 7,8 болса (бұл шамамен 9 балл), онда 1999 жылы 17 наурызда Измитте болған жер сілкінісінің магнитудасы шамамен 7,6 болды. Ол кезде де біршама адам шығыны болды. Бұл – бір ғана мысал.
Жалпы, бізде сейсмикалық режим қалыпты. Соңғы бес жыл ішінде Қазақстан аумағында сейсмикалық құрылғылар арқылы 40 мыңға жуық жер сілкінісі тіркелді. Нақтырақ айтар болсақ, 2018 жылы – 8500, 2019 жылы – 7800, 2020 жылы – 9500, 2021 жылы – 6700, 2022 жылы – 6900. Бұл –сейсмикалық фон, геологиялық аймақтың сейсмикалық өмірі. Яғни, бұл жалпы әлсіз дүмпулер.
Сондай-ақ айтарлықтай сезілген сілкіністер де бар. Соңғы бес жыл ішінде Қазақстан аумағында 66 сейсмикалық оқиға тіркелді. 2018 жылы – 20, 2019 жылы – 11, 2020 жылы – 15, 2021 жылы – 11, 2022 жылы – 9. Соңғы жер сілкінісі өткен жылдың 28 желтоқсанында Алматыдан Қырғыз Республикасы және Қытаймен шекарада 190 шақырым жерде болды.
Жақында ғана бізде Алматы полигонының аумағында жер сілкінісінің орта мерзімді болжамы туралы қорытынды әзірленді, ол уәкілетті органдарға берілді. Осы қорытындыға сәйкес, 2023 жыл ішінде Алматы аумағында қатты жер сілкінісі күтілмейді.
Сапасыз құрылыстың салдары ауыр
Төтенше жағдайлар министрлігі былтыр Алматыдағы дүмпудің күші 9-10 балға дейін бара алатынын, мұндай жағдайда қаладағы құрылыс нысандарының 30 пайызы қирайтынын айтқан екен.
– Алдын ала есептеулер бойынша, қарқындылығы 7-8 балл болатын жойқын жер сілкінісі кезінде ғимараттардың 30 пайызы толық және ішінара қирайды, 380 мың адамның (халықтың 23 пайызы) өміріне қауіп төндіреді, – деп айтылған мәлімдемеде.
Ал Түркияда 6 200-ден астам құрылыс нысаны қирады. Қалалардың тұтас бір ауданы үйіндіге айналған. Жер сілкінісінен бері бір апта өтсе де, үйінділерді аршу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Адам шығынының осыншама көп болуының негізгі себебі сапасыз үйлердің қирауымен байланысты болып отыр. Зілзала кезінде толықтай қираған тұрғын үй кешендерінің құрлысына жауапты азаматтардың тұтқындалуы осыны айғақтағандай болды.
Түрік билігінің хабарлауынша, жер сілкінісі кезінде қираған ғимараттардың 98 пайызы 1999 жылға дейін салынған. Осы жылғы тамызда Түркияның Измит қаласында Мәрмәр теңізі аймағында қатты жер сілкінісі болды, осыдан соң Түркия сейсмикалық қауіпті аймақтардағы құрылыс ережелерін күшейткен екен. Дегенмен үйдің қаншалықты берік болуы, әрине, ең алдымен құрылысқа жауаптылардың ар-ұятына келіп тірелетін мәселе.
Сапасыз салынған үйлер мен нысандар – біздің жер қара, күн жылыда бас ауыртатын мәселеміз. Дауыл мен жауынға шыдас бермейтін қағаз құрылыстардың қабырғасы қақырап, іргесі сөгіліп жатады. Одан бөлек, құрылыс саласы жемқорлық жайлаған салалардың қатарында екенін де білеміз. Бұл – жалпы жағдай, жеке зерттеуді қажет ететін үлкен бір тақырып.
Ал Аматыдағы үйлердің жағдайына ерекше назар аудару керек. Тектоникалық жарық нүктелері сілкініс кезінде жердің айырылып кету қаупі жоғары апатты нүктеге айналады. Алматыда мұндай қауіпті нүктелер Түрксіб ауданы аумағынан басқа қаланың барлық ауданында кездеседі екен. Сақтық шаралары бойынша, үйлер, құрылыс нысандары ол нүктелерден ең кемі жарты шақырым алыс салынуы керек. Дегенмен қалада тура жарықтың үстінде тұрған нысандар мен тұрғын үйлер бар.
«ҚазҚСҒЗИ» бас директоры Бегман Құлбаев қаладағы құрылыстарға жүйелі мониторинг жүргізілмейтінін айтады.
– Біздің ұйым кейінгі екі жылда 11 мыңға тарта нысанның сейсмикалық жағдайын тексерді. Дербес нормативтік құжаттардың талап-тары қатаң сақталуға тиіс. Өкініштісі, 11 мыңнан астам үйдің 35 пайызы сейсмика талабына сай емес, яғни қайта жөндеу жұмыстары қажет. Дегенмен бұл жерде қаладағы барлық нысан қамтылмаған. Осы істі кешеуілдетпей жалғастыру керек. Ал «хрущевка» саналатын үйлер толық бұзылуға тиіс, – дейді маман.
Шайқаса да,
шатқаяқтамайды
Алматыда мүлде биік үй салуға болмайды деген пікірді де жиі естиміз. Жапонияда күн сайын қарқыны әртүрлі ондаған жер сілкінісі тіркеледі. Бірақ, бір қызығы, мұндағы зәулім ғимараттардың саны мен биіктігі әлемнің басқа да мегаполистерінен бір мысқал да кем емес. Биіктігі 100-200 метрден асатын көптеген ғимарат бар, ал Токио теледидар мұнарасы (Tokyo Sky Tree, 634 метр) – әлемдегі ең биік құрылымдардың бірі.
Жапондар зәулім ғимараттарды қазіргі заманғы сәулет тенденцияларынан қалыспау үшін ғана салмайды, сонымен қатар халқы бірнеше жүздеген миллионнан асатын ел үшін бұл – мәжбүрлі қажеттілік.
Сол себепті жапон инженерлері көп қабатты құрылыс технологияларын үнемі жетілдіруге мәжбүр. Ең қуатты жер сілкінісінің бірі Жапонияда 2011 жылдың наурызында болды. Бірақ жер сілкінісіне төзімді технологияны қолдана отырып салынған заманауи көпқабатты ғимараттар қираған жоқ, тек шайқалды. Адам шығынының 93 пайызы дүмпу тудырған цунамидің салдарынан болған деген дерек бар.
Бірнеше онжылдықтар бұрын Жапониядағы берік ғимараттар тірек құрылымдарын нығайту арқылы салынған болса, қазіргі құрылыста маятникті аспалар, серіппелі амортизаторлар және басқа да технологиялық жаңалықтармен қолданылады екен. Негізгі құрылымдарға ғана емес, терезелерге де көп көңіл бөлінеді. Жапонияда әйнектердің сынғыштығына байланысты ғимараттағы әйнек жабынының ауданын шектейтін норматив бар, ал қазіргі әйнек шығару технологиясында арнайы болат жіп қолданылады екен, мұндай әйнек шытынаса да, сынып кетпейді.
Жапонияда барлық ғылыми институттар ғимараттардың сейсмикалық тұрақтылығы мәселесімен айналысады. Жаңа құрылыс технологиялары қатаң сынақтардан, нағыз апаттық сынақтардан өтеді.
Ал Біріккен ұлттар ұйымының зерттеуінше, зілзалада, табиғи апаттардан көбіне кедей елдер қатты зардап шегеді екен. Осылайша, жапондар жер сілкінісінің нақты қашан басталуы мүмкін екенін нақты білетін дәрежеге жетпесе де, тұрақты биік ғимараттар салуды үйренді. Табиғаттың мәңгі қозғалысы адамнан да алға жылжуды, бір орында қалмауды талап ететіндей...
Жалпы, жер сілкінісінің себебі негізгі үш топқа жіктеледі екен. Жер қойнауын талапқа сай пайдаланбау да дүмпудің қозғаушы күші бола алады. Бұл тұрғыдан алғанда да, бізде Алматыдан басқа да біраз қаланың жағдайы алаңдатуы керек. Мамандардың сөзінше, әзірге ахуал тұрақты, дегенмен қандай жағдай болмасын, бізге құрылыс саласына үлкен реформа, қатаң бақылау керек.