Әңгімені жазып алған Ахмет ӨМІРЗАҚ
Халқымыздың күй мұрасын ұрпақ бойына сіңіру – парызымыз

Халқымыздың күй мұрасын ұрпақ бойына сіңіру – парызымыз
Кәрима Сахарбаева – қазақ ұлттық музыкасының күйтану саласына байланысты көптеген оқу-әдістемелік еңбектердің авторы. Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Халық музыкасы факультеті Домбыра кафедрасының профессоры. Көптеген елге танымал, лауреат шәкірттер дайындап шығарған ұлағатты ұстаз. Біз белгілі күйтанушымен ұлттық күй өнеріміздің кешегісі мен бүгінгісін шолып, дәстүрлі қазақ музыкасының болашағы туралы сұхбаттасып, әңгімесін жазып алған едік. Қазақтың небір тұлғалы таланттарына шәкірт болған, бірге қатар тұрып қазақтың ұлттық музыкасын өркендетуге еңбегі сіңген, өмір жолы өнегеге толы ұстаздың айтқандарын қаз-қалпында ұсынып отырмыз.
ӨНЕРГЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ –ОТБАСЫМНАН СІҢГЕН ҚАСИЕТ
Исатай-Махамбеттің жорық жолдары өткен Атырау өлкесіндегі Нарын құмында дүниеге келдім. Домбыраның, күйдің әліппесін кіндік қаным тамған жерде үйрендім, себебі өнерге қызығушылық, оған деген іңкәрлік отбасы тәрбиесінен басталады ғой. Әкем жақсы әнші еді, домбыра тартпаса да халық әндерін, батыс өлкесінің әндерін керемет шырқайтын, атақты Ғарифолла Құрманғалиев дауысындай жоғары дауысы бар еді.
Көпбалалы отбасында өскен бәріміз домбыра тартып, ән салып өстік. Үйде беті шүберек баяғы кездегі радио болатын, содан берілетін концерттерді тыңдап, қазақтың ән-күйлерін тыңдап, ойымызға тоқып, бойымызға сіңіріп ержеттік. Сол радиодан берілетін әндердің сөзін әрқайсымыз жазып үлгеру үшін біреуміз бірінші жолын, екіншіміз екіншісін осылайша бәрін жазып алып біріктіреміз, үлкеніміз домбырамен әуенін үйреніп, құралған толық әнді бір хабарда үйреніп жаттайтынбыз. Екінші апайымыз Күләштің даусы кең, жоғары еді, қазіргі белгілі әншілерден бір де кем емес. Бірақ ауылдың тәрбиесі бөлек, артистердің өнерін сыйласа да қыздарының өнер жолын қууын қаламады. Сондықтан әпкемізді өнерге жіберген жоқ, бірақ біздің ән айтуымызға, күй тартуымызға себепші болды. Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда халық өнерін игергендер көп болады ғой, Ғайнеден деген нағашымыз жақсы домбыра тартатын. Үлкен әпкеміз домбыраны сол кісіден үйренсе, біз содан үйрендік.
Әкеміз ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан адам, мектепте дене тәрбиесі мұғалімі, ауылдық дәрігерлік пунктте медбрат, колхоздың председателі болып жұмыс істеген. Үйге қонақтар көп келетін, солар домбыра тартса да, ән салса да үйреніп қаламыз. Қой, қозы қырыққан кезде де үлкен әпкеміз бізге үйретем деп қораға домбыра ала баратын. Олардың аяғын байлап, жатқызып қойып қырқамыз ғой, домбыраның қызығымен аяғы байланған қозыны ұмытып, оның іші кеуіп кетіп өлуге шақ қалғанын көрмей, шешемізден таяқ жеген күндеріміз де болған. Ауыл тіршілігінің бәрін істеп үйрендік, түйе, бие, сиыр сауып, арқан-тұсау естік, киіз бастық, өрмек және киім тоқыдық т.т. Бес жасымнан атқа отырдым.
Қазір таңғаламын, бүгінгідей теледидар жоқ, интернет жоқ заманда сол ауылдағы ән салатындар Арқаның оның ішінде Абай әндерін шырқайтын. Соны қайдан үйреніп алғанын білмеймін.Үлкен әжелер киіз жабдықтарын тігіп отырғанда тебендерін сабақтап беріп, олар айтқан әндерді үйреніп алатынбыз. Ауылда бет-аузы отқа күйіп қалған, еріндік дыбыстарды айта алмайтын Томшан деген шешеміз болды. Сол кісі Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін айтқанда қағып алып, естігенім бойынша айтып жүрсем, әпкем естіп қалып маған айтқызып көрді де, «ол апаның ерні-ерніне тимейді ғой, сондықтан кейбір дыбыстарды айта алмайды, оның өлеңі мынадай» деп әлгі әнді дұрыстап үйреткен болатын.
ӨНЕРДЕГІ ЖОЛЫМ
АТЫРАУДАН БАСТАЛДЫ
Мектептегі арманым математик болу еді. 8-сыныпты қырдағы мектепте бітіріп, 9-10-сыныпты Атырау қаласында оқыдым. Сонда орыс деген ұлтты бірінші рет көрдім. Орыс тілінен Мая, Лиза деген апайлар оқытты. Орыс тілін түсінбеймін, музыканы құлақпен естіп қабылдаған адамның жады мықты болады ғой, мен де бір сөзін түсінбесем де орыс тілі мен әдебиетінен сабақ айтқанда бәрін жаттап алып айтатын едім. Барлық сабақтан «5» алсам да, орыс тілінен «3» алатын едім. Соны апайлардың бірі сезіп, менімен жеке сабақ өткізіп, тілімді, ұғымымды дұрыстады. Солай орысшаны да үйрендік. Ол кезде орыс тілінің маңызы жоғары еді ғой.
Мектеп бітірген соң оқуға тапсырғанымда математикадан сынақ кезінде менен көшіргендер өтіп кетіп, менің балым жетпей қалды. Сосын қаладағы тұрмыстық тауарлар шығаратын комбинатқа комсомолдық жолдамамен барып жұмысқа тұрдым. Онда мәсі тігуді тез үйрендім. Ол заманда кез келген ұжымда көркемөнерпаздар үйірмесі болуы міндетті еді, оны басшылық қатты қадағалайтын. Сол жерде жұмысқа кірген жылы қараша айының соңында көркемөнерпаздардың облыстық байқауы болды. О кезде домбырамен ән салып, күй тартам, баянмен түрлі ұлттың әнін айтатындарды сүйемелдеймін. Байқауда домбырамен ән салып, тамағыма суық тигізіп алғандықтан екінші, ал күйден бірінші орын алдым. Орындап болған соң «сені жюри мүшелері шақырып жатыр», – деді. Барсам, бір қарасұр кісі отыр екен, «сен музыкант болғың келмей ме, мында музыкалық училище бар, жақсы бітіріп шыққандар Алматыға барып оқып, жұмыс істеп жатыр», – деді. Мен «әке-шешеммен ақылдасайын», – дедім. Себебі ата-анамыз тәп-тәуір әнші болатын қабілеті бар үлкен әпкемді өнерге жіберген жоқ, содан қорқып қалғанбыз. Үйге келіп, мені оқуға шақырып жатқанын айтқанымда, ең үлкен әпкемнің күйеуі (музыкалық училищеде домбырадан сабақ беретін) «оқу жылының жартысы бітіп кеткенде сені қалай оқуға алмақшы», – деп таңғалды. Мен әкемнің ең жақсы көретін қызы едім, «оқуға шақырса бара ғой», – деді. Училищеге барғанымда (қазір ол оқу орны Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы Атырау музыка колледжі деп аталады) маған «есту қабілетің жақсы екен деп қобызға аламыз», – деді. Қобызға барғым келмейтінін айтқанымда, «домбырамен екеуін қатар оқи бер» деді ұстаздарымыз. Қобызды ең алғаш қалаға келгенде көргем (Атырау өңіріне қобызды өнерін сіңірген Раушан Нұрпейісова деген апаймыз еді). Бір айдан кейін емтихан тапсырғанда домбыра сабағынан «5» алдым да, қобыздан төрт алдым. Сосын домбыраға қалдырды. Оқуға үлгеру үшін үйден таңғы 5-те шығам, одан біраз жаяу жүріп, бірінен соң бірі – екі автобусқа кезек-кезек отырып оқуға жетем. Сөйтіп, аталған оқу орнын үздік бітірдім. ІІ курсты оқып жүргенде әкем дүние салды. Музыкалық училищені бітіргенде мемлекеттік емтиханға келген атақты композитор Кенжебек Күмісбеков «айналайын, сенің болашағың бар, Алматыға кел», – деп консерваторияға шақырды. Менің ұстазым, атақты домбырашы, дирижер Боздақ Рзақанов анама келіп «жеңеше, қызды жібер, болашағы бар. Міне жолына», – деп ақша берді. Сырттай оқуға барады деп отырған анам: «Қой, қайным, өзіміз қараймыз», – деп алмады. Сөйтіп, ұшақпен Ақтау арқылы Алматыға келіп, консерваторияға күндізгі бөлімге оқуға түстім.
АЛМАТЫ МЕНІҢ
ӨНЕРІМДІ ШЫҢДАДЫ
Алматыға келгенімде құжаттан кеткен олқылықтан аздап қиналдым. Маған Атыраудағы өзім бітірген оқу орнынан берілген жолдаманың аяғында «консерваторияға жолдама берілді» деген сөз жоқ екен. Содан Атыраудан келетін толықтырылған жолдаманы күтіп, Алматыдағы Бас поштаға күнде барам. Біраз күттім, ақыры оның келуінен үмітімді үзіп, консерваторияның ректоры Ғазиза Жұбанова апайдың қабылдауына кірдім. Мән-жайды білген ол кісі тиісті адамдарға телефон шалып, «мына қыздың құжатын қабылдаңыздар», – деп бұйырды. Құжатым қабылданған соң поштаға соқсам, Атыраудан екі апта бұрын келген хат сол жерде жатыр... Оны дереу консерваторияға апарып тапсырдым. Емтихандарды жақсы өткізіп атақты домбырашы Қали Жантілеуовтің шәкірті, домбыраның алғашқы профессоры Хабидолла Тастановтың сыныбына түстім. Сабақтан бос уақытта Бас поштада хат сұрыптаушы болып жұмыс істедім. (Поштаның ғимараты консерваторияға берілген болатын, кейін, 2003 жылы – факультетке декан болғанымда сол баяғы өзім хат сұрыптаған бөлмеде отырғанымның өзі бір қызық тарих). Консерваторияда оқудың бәрі орысша, мамандықтан тысқары қоғамдық пәндер екібастан. Жалғыз ғана қазақша түсініп, сабақты қазақша айтқызатын, әлі күнге осында істеп келе жатқан ұстазымыз – Тамара Мухамедиярқызы.
Консерваторияны үздік бітірдім. Атақты дирижер Шамғон Қажығалиев ағамыз менің Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестріне, атақты күйші-домбырашы Әзидолла Есқалиев ағамыз «Қазақконцертке» шақырды, бармадым. Жолдамамен ауылға кеттім. Сол жылы дәстүрлі музыка бойынша аспирантура ашылып, консерваторияның ректоры Ғ.Жұбанова сол жақтағы басшыларға телефон соғып, жолдаманы қайтарып, мені шақырып алды. Сөйтіп, дәстүрлі музыканың аспирантурасына алғашқы тыңдаушысы болып, Құбыш Мұхитовтың сыныбына түстім. Оқуға түскен соң маған консерваториядан жартылай жүктемемен бірнеше студент беріп, ұстаздық жұмысқа да қабылдады. Солайша, аспирантураны бітірген соң өзім білім алған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқытушы болып қалдым, әлі осы жерде ұстаздық қызметтемін. Оған да 43 жыл, жалпы өнер саласындағы ұстаздық өтіліме, училищені қосқанда 50 жыл толды.
ҰСТАЗДАРЫМ ДА, ТҰСТАСТАРЫМ ДА МЫҚТЫ АДАМДАР
Консерваторияда жас ұстаз болып істеп жүргенімде, 1987 жылы домбыра кафедрасының меңгерушісі болып белгілі дирижер, күйші-композитор Айтқали Жайымов келді. Шынын айту керек, академик Ахмет Жұбанов дүние салғаннан кейін күй зерттеу, жинақтау, күйлерді нотаға түсіру тоқырап қалғандай еді. Ол жұмыстар Айтқали Тілепқалиұлы келгеннен кейін қайта жанданды. Кейін ол кісі Құрманғазы атындағы Ұлттық оркестрдің Бас дирижері болып тағайындалғанда белгілі композитор, күйші Мәлгаждар Әубәкіров кафедраны басқарып, Қаршыға Ахмедияров жалғастырып, Айтжан Тоқтаған ағамыз (ол кездегі орта буын) кафедра жұмысына соны серпін әкелді. Негізі, мен Хабидолла Тастанов, Құбыш Мұхитов секілді ұстаздарымнан соң осы күйді нотаға түсіруде, музыка тарихымен айналысуда, домбыраның репертуарын кеңейтуде, орындаушылық өнерді дамытуда Айтқали Жайымов, Қаршыға Ахмедияров секілді ұлтымыздың тұлғалы таланттарын өзіме ұстаз санаймын.
Одан кейінгі дәуірде де ұлттық музыка өнеріне еңбегі сіңген қазақтың белгілі музыкант мамандарымен үзеңгілесе еңбек етіп келемін. Біләл Алпанұлы, Әбділхамит Райымбергенов секілді тұстастарыммен де дәстүрлі музыка жөнінде көп ақылдасып, кеңесіп отырамын.
Өнерді игеру тек оқытқан адамдардан ғана емес, айналаңды көру, өзіңнің тұстастарыңмен сұхбаттасу арқылы да бойға сіңеді. Кейде өзің шығармаларын сүйсініп оқитын тұлғалардан да көп нәрсе үйренесің. Мәселен, Әбіш Кекілбаев ағамыздың «Күй құдіреті» деген мақаласын оқығаннан кейін, сол кісінің күй туралы терең танымына таңғалып, көпке дейін қолыма қалам ұстай алмай жүрдім. Ол кісінің күй жайындағы терең толғамдары ұғымыңды кеңейтіп, өзің бұрын білмей жүрген жайттарды ойыңа сіңіретіні ғажап қой. Одан кейін Ақселеу Сейдімбектің күй туралы жазғандарынан көп нәрсе үйренуге болады. Сондықтан мен өзімді ұстазы көп адам санаймын. Тіпті, өзің тәрбиелеп жүрген дарынды жастардан да үйренетін нәрселер болады. Олардың арасында күйді өзің үйреткеннен де артық орындап таңғалдыратындары кездеседі.
ҚАЗАҚ КҮЙЛЕРІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ, ОРЫНДАЛУЫ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ
Ахмет, мен орындаған күйлер жайында сұрап отырсың ғой, менің орындауымда халыққа жетіп жүрген «Тұндырма», «Ысқырма», «Қосағалы», «Керілме», «Қоңыр», «Жел ашар», «Жұмабике», «Ақбала қыз», «Ат қалған» т.б. күйлердің бәрі – композитор Дәулеткерей туындылары. Мұны ел арасында музыкалық сауаты жоқ, домбыраны өз бетінше үйреніп, күйлерді құймақұлақтықпен игерген халық арасындағы таланттар жеткізген бізге.
Жалпы, қазақ күйлерін алғаш рет нотаға түсіріп таратқан, музыканттардың назарын аудартқан Александр Затаевич деп жүрміз ғой. Бірақ одан бұрын, яғни 1919-1922 жылдар аралығында Ақмола саяси бөлімінде нұсқаушылық қызмет атқарып жүріп, қазақ әндерін нотаға түсірумен шұғылданған голланд Альвин Эрнестович Бимбоэс деген кісі болған. 1926 жылы Н.Финдейзеннің редакциялауымен шыққан «Музыкалық этнография» жинағында Бимбоэстің қазақ музыкасы туралы жазған көлемді мақаласы беріліп, қазақтың жиырма бес әнінің нотасы басылады. Осы аталған жинақтың ішінде «№ 1 Шакарим», «№ 2 Шакарим» деген атпен Шәкәрімнің екі әні жарық көреді. Бірақ екі әннің нотасы болғанымен өлеңі берілмей, орыс тілінде мазмұны ғана берілген. А.Бимбоэс нотаға түсірген «№1 Шакарим» әнінің екінші түрі А.Затаевичтің 1925 жылы шыққан «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына «Тілек-бата» деген атпен енген. Ал Затаевич 1926 жылы Орынборға келіп, қазақ әндерін нотаға түсірген. Бірақ ол кісі тіл білмейтін, қазақ аспаптарымен таныс емес, қандай интервал естіді, соны түсірген. Затаевичке қазақтың күйлерін жаздырғандар Науша Бөкейханов (Дәулеткерейдің жиені), Махамбет Бөкейханов, белгілі күйші-домбырашы Лұқпан Мұхитовтың ағасы Ғұбайдолла Мұхитов секілді саңлақтар. Және сол кезде Орынборда қызмет атқарған қоғам қайраткерлері Қаныш Сәтбаев, Алма Оразбаева, Темірбек Жүргенов, Елубай Өмірзақов секілді өнерпаздар мен оқып жүрген студенттер т.б. Соның өзінде қазақтың ән-күйлерін насихаттап, Ресейдегі музыканттарға таныстырған. Олардың кейбіреуі Затаевич нотаға түсірген ән-күйлерді өз шығармашылығында пайдаланған. Ал қазір біз күйлерді нотаға түсіргенде домбыраның екі шегіне жазамыз, яғни қай тұста қандай саусақпен, қандай перне аралығымен алынғанын, қағысын қоямыз.
Қазақтың ұлттық музыкасын терең зерттеуді алғаш қолға алған – академик Ахмет Жұбанов. 1933 жылы Ленинград (Санкт-Петербор) консерваториясының аспирантурасында оқып жүрген А.Жұбановты Алматыда ашылған музыкалық училищеге шақыртып алған. 1934 жылы ол алғаш рет 11 адамнан құралған домбырашылар ансамблі негізінде Қазақ ұлттық халық оркестрін ұйымдастырды, бұл қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрінің негізі еді. Міне, осыдан бастап қазақтың ұлттық музыкасының бағы ашылды. Әділін айтсақ, егер Ахмет Жұбанов 1934 жылдан бастап қазақ күйлерін, елдегі дарынды орындаушыларды Алматыға алдырып зерттемегенде қазақтың арғы музыкасы бергі дәуірмен қауышпай қалар еді. Сол жылы Алматыда өткен республикалық халық өнерпаздары слетіне қатысқан Қали Жантілеуов, Оқап Қабиғожин, Жаппас Қаламбаев сынды 11 күйшіні Алматыға жұмысқа қалдырып, музыкалық драма техникумының студенттерін қосып, 17 адамнан тұратын алғашқы ансамбльмен концерт бергізген.
1935 жылы Науша Бөкейхановты, 1936 жылы Смағұл Көшекбаевты жіберіп, Дина Нұрпейісованы, 1937 жылы Меңдіғали Сүлейменов, Төлеген Аршанов, т.б. күйшілерді Алматыға алдырған. Дина мен Меңдіғали – Құрманғазының қасында жүріп, күйлерінің өзінен үйренген күй атасының төл шәкірттері. Ал Қали мен Оқап Мәменнің шәкірттері, Мәменнің өзі Құрманғазының төл шәкірті. Міне, Ахмет Жұбанов төл шәкірттері Дина мен Меңдіғалиды қатар тартыстырып: «Қайсыңыздың орындауларыңыз ұстаздарыңызға ұқсайды?» дегенде, Дина: «Меңдіғали тура ұстазша орындайды» депті. Сонда Меңдіғали «ол кісіге жету қайда, ұстаз тартқанда домбыра қайыстай балбырап кететін еді ғой» деген екен. А.Жұбанов мұның барлығын өз еңбегінде жазып кеткен. Меңдіғали Сүлейменовтен Құрманғазының 80-ге тарта күйі жазып алынған. Кейін ол кісі жасы келгендіктен елге оралған, мұнан кейін Ахаң Дина мен Оқапқа Құрманғазы күйлерін тарттырып отырып кімнің нұсқасы оригиналға жақындығын сұрағанда Дина тағы да: «Балам, менің алуымда бір шалалық болған шығар, Оқаптың орындауы дұрыс», – деп әділін айтқан көрінеді. Дина Нұрпейісова – Құрманғазының күйлерін өзінен үйренген төл шәкірті болса да, шығармашылық жағынан өз алдына мектеп қалыптастарған айтулы композитор. Ұстазымен екеуінің арасында тақырыптық, әуендік жағынан ұқсастығы болуы мүмкін, бірақ домбыра қағысы, сол қолының күйді алуы да, күйлерінің иірімі де басқа, өзінше бөлек дүние.
Ал Науша Бөкейхановтың орындауындағы Дәулеткерейдің күйлерін Жұбанов нотаға түсіріп алған. «Дәулеткерей» деген үлкен жинақ та шығарды. Бірақ Дәулеткерейді ханның тұқымы деп оның шығармашылығына Кеңес үкіметі теріс қарағаны белгілі. Науша Бөкейхановтың 90-ға жақын күй орындап бергенін, оның көбінің Дәулеткерейдің күйі екенін Ақаң жазып қалдырған. Ал қазір біздің қолымыздағы Дәулеткерей күйлері варианттарымен қоса алғанда да 50-ге де жетпейді. Күйшінің Науша жазып қалдырған күйлеріне кейін іздеу салып, Қаршыға Ахмедияров бәріміз қауіпсіздік комитетінің архивіне де бардық, бірақ табылмады... Дәулеткерейдің ұрпағынан тапқанымыз, күйшінің шөпшегі – Шығаева Мая Хаджеденқызы, ҚазҰУ-дың профессоры, ғылым докторы. Дәулеткерейдің «Жігер» деген кітабына апайдың сұхбаты берілді, сонда ол өз тегі туралы кеңірек айтуға тартынған еді. Өйткені ханның тұқымы болғандықтан, көп қысым көрген және бұл бірнеше ұрпаққа дейін жалғасқан ғой. Тіпті, Ахмет Қуанұлының өзі екі рет партиядан шығарылып, жұмыстан қуылған, 37 жылғы нәубетте Мәскеуге кетіп бас сауғалаған. «Екі ішекке табынған академик» деген жала да жабылған.
Қаршыға Ахмедияров Затаевичтің кітабынан Дәулеткерейдің күйлерін алып, Науша Бөкейхановтың көзін көрген Рүстембек Омаров, Қали Жантілеуовпен бірлесе қалпына келтіріп, кең тарағандарын ғана орындады.
Бұрында біз домбырадан сабақ бергенде жүктеменің жартысына екі бөлімді концерт беру кіретін. Біреуі – домбыраның репертуары бойынша шығармалар орындау, екіншісі күйлер болатын. Оны өткізу үшін алдына ала концерт беретін залды алып қойып, жарнама жасайсың, жоспарды орындау қатаң қадағаланатын. Жылда бір концертті қайталай бермейсің, бағдарлама өзгерісті болуы шарт. Сондықтан жаңа репертуар іздейсің. Бірде кафедрада сол концерт жайын ақылдасып отырғанда маған басшылық «Сенің орындаушылық болмысың Дәулеткерей күйлеріне келеді, сондықтан сен Дәулеткерейдің күйлерінен концерт жаса» деген тапсырма берді. Құбыш, Қаршыға ағаларымыз, өзге де ұстаздар маған мына күйді былай орындау керек, келесісінің орындауында мына жайтты ескеру керек деп бағыт берді. Содан кейін мен сөзімнің басында айтып кеткен Дәулеткерей күйлерін орындауға дайындалдым.
Дәулеткерей күйлерінде құрылымдық, орындаушылық өзіндік ерекшеліктер баршылық. Құрманғазыда азаттық тақырыптарындағы дауылды, екпінді күйлер басым болса, Дәулеткерейде сұлулықты мадақтаған лирикалық иірімдер басым. Ол – «төре» күй мектебінің іргесін қалаушы. Оның «Құдаша», «Жеңгем сүйер», «Қаражан ханым», «Көркем ханым», «Ақбала қыз», «Жұмабике», «Қыз Ақжелең» (екі-үш түрі бар) – бәрі де әйел, сұлулық тақырыбындағы, сондай-ақ Құрманғазымен кездескеннен кейін өнеріне серпіліс әкелген «Жігер» сияқты т.б. да өзгеше күйлері баршылық.
Әрине, күйлерді концертте орындадым, бірақ мұны халыққа жеткізу жағы да бар. Сол үшін Дәулеткерейдің өзім орындаған күйлерінен үнтаспа шығардым. Оның ішінде архивтен табылған Динаның орындауында жеткен «Көркем ханымның» бір нұсқасы да бар. Бізде күйде эталондық нұсқасын анықтауда жақсы орындаушының үлгісін алу керек деген ұстаным бар. Сондықтан мен Дәулеткерей күйлерінің CD дискісін құрастырғанда Дина Нұрпейісова, Қали Жантілеуов, Рысбай Ғабдиев, Әзидолла Есқалиев, Бақыт Қарабалина, Қаршыға Ахмедияров, Шәміл Әбілтаевтардың орындауындағы нұсқаларды негізге алдым және оның өзгелер орындай бермейтін, сонау Наушадан кейін қолға алынбаған күйлерін өзім орындап альбомға енгіздім. Олардың бәрі бүгінде оқу бағдарламаларында, конкурстарда орындалады.
Пандемияның кезінде, 2020 жылы Дәулеткерей Шығайұлының 200 жылдығына байланысты Батыс Қазақстан облысы онлайн байқау ұйымдастырғанда оған 200-ге жуық орындаушы қатысты, арасында музыка саласында жүргендер де және қарапайым домбырашылар да бар. Сол байқауда өзің айтып отырған сирек тартылатын күйлері де орындалды. Сонда бір әзербайжан қызы өте қиын «Тұндырма» күйін тартқанда қатты таңғалдым. Бұл – өзім тартқан жүрген Дәулеткерей күйлері халыққа жетіп жатыр деген сөз. Анығында, консерваторияның домбыра мамандығында оқитын студенттерге 2 курстың екінші жартысында арнайы Дәулеткерей күйлері үйретіледі. Соны еліміздің барлық жерінен келген домбырашылар үйреніп, елге таратып жатыр. Демек, менің бұл тараптағы еңбегім еш кеткен жоқ. Сондықтан әлі де Дәулеткерей шығармаларын насихаттай беремін. Енді Дәулеткерейдің күйлерін түгел жинақтап болған сияқтымын, кітабын шығармақ ойым бар.
КҮЙДІҢ НАСИХАТЫ
ӘЛІ ДЕ АЗДАУ
Жалпы, елімізде маман домбырашылар жеткілікті болса да, ұлттық өнеріміздің өзгелерде жоқ ерекше бір түрі – күйлердің насихаты әлі де жеткілікті дей алмаймын. Қазақ күйлерінің халыққа белгілі, танымалдары сахнада жиі орындалатын, сондай-ақ мерекелік шараларда оркестрлер орындайтын жиырма-отыздай күй, оны мен айтпасам да ел көріп те, айтып та жүр. Сахнаға шығатын да санаулы белгілі домбырашылар. Сосын лирикалық күй концерттерде орындала бермейді, оны көбіне күйсүйер қауым тыңдайды. Ал қасиетті күйді елдің барынша кең тануы үшін насихатты күшейту керек.
Кезінде біз мектептердегі үзіліс кезінде қазақ күйлерін қою жөнінде мәселе көтергенбіз. Сонда өсіп келе жатқан жас ұрпақ ұлттық өнерге жақын болып, олардың ойында күйлер мен оның авторлары туралы мәліметтер қалар еді. Өзіміздің де жас кезде естігеніміз әлі құлағымызда тұр.
Біз – сахнаның сыртындағы адамдармыз, ұстазбыз, күйтанушымыз. Біздердің парызымыз – халқымыздың күй мұрасын ұрпақтың бойына сіңіру. Менің күйтанушы болуыма бабалардың, ұстаздарымыздың аманаты себепші болды. Біздің шәкірттеріміз халықтың алдына шығып жүр, лауреат атанып жатыр. Біз бұған тек қуанамыз. Ал олардың ұстаздарын да ескере жүрсе артық болмас.
Қазір, әрине, көбіне күйді нотамен үйретеміз. Сол сияқты күйді құлақпен алуға да бет бұрудамыз, мұнан нотадан бас тару деген деп ойламау керек. Бұрынғы кездегі әр күйшінің өзіндік мәнері болатын себебі, олар күйді құймақұлақ әдісімен сіңірген және орындау кезінде еркіндікке, көңіл күйіне орай импровизацияға да жол береді. Бұрынғының құлаққа қона қалар әуезін қайтара алсақ, шіркін! Нотада есеп бар, бірақ күйші жастармыз баршылық.
Қазір күйлерді заманауи, компьютерлік әрлеумен орындап, елімізден тысқары жерлерге танытып жүрген жастар бар. Әрине, ол да бір бағыт, бірақ қазақ күйлерінің табиғи негізі сақталғаны дұрыс.
Бүгінде күйге екпін қосылып, жылдамдау ойналып жатыр деген де сөз жоқ емес, бірақ қазіргі ғасырдың екпіні жастарға әсер етпей тұрмайтыны да анық. Алайда төкпе күйлерде екпінге негізделген туындылар бар, оны ыбылжытып жай тартуға да болмайтын шығар.
Күй өнеріне ұлттық музыканы ерен түсінген, құдіретін сезінген жастар ғана келетіні анық. Себебі бұларға тойларда, сондай отбасылық мерекелерде сұраныс тым аз, бара қалса екпінді немесе қол ойнататын (эффект) күй орындамағанда неғылады. Мұндай мамандар санаулы, күнде шығып жатқан эстрада әншілеріндей емес. Ертең жұмысқа тұрғанда да ойдағыдай жалақы алмайтындары да белгілі. Сонда ұлттық төл аспабымызды жанына серік еткен жастарға, олардың ата-аналарына да, оларды оқытып тәрбиелеп жүрген ұстаздарға да басымды иемін.