51202
Миландықтарды қазақ көйлегімен тамсандырған Анастасия әлемді бағындырғысы келеді
Миландықтарды қазақ көйлегімен тамсандырған Анастасия әлемді бағындырғысы келеді

Өткен аптада сән әлемінің астанасы саналатын Милан көшелеріне ұлттық киімімізді киіп, қолдарына Көк туымызды ұстап шыққан үш қазақстандық туралы видео кеңінен таралды. Жолай кездескен италиялықтардың түгелін тамсандырып, тіпті олармен бірге суретке түсуге ұзынсонар кезекке тұрғанын көрген көп қолданушының әлгі видеоның астына бойын мақтаныш кернегені, тіпті көзіне жас алғаны туралы жарыса жазғанын байқадық. Бір қызығы, көпшілік әлгі үш қазақстандықты модельдер, ал бұл киімді қазақ дизайнер тікті деп ойлап қалса керек. Ал расында олар – Миландағы сән апталығы ойдағыдай өтпегеніне налып, жағалауға шыққан Roma Nova салонының негізін қалаушы, елімізге белгілі дизайнер Анастасия Романова мен оның қызметкерлері. Әлемге аты шыққан сәнгерлер қызығатын Миланда подиумға емес, жағалауға шығуға не түрткі болғанын білу үшін Анастасиямен кездесіп, сұхбаттасқан едік.
– Біздің түсінігімізде дизайнер киім тігуде ештеңені талғамай, көңілі қалаған киімді тігетін секілді көрінеді. Сұхбат басталарда сіз «Мен қалыңдық көйлегінің дизайнері ретінде танылып жүрмін» дедіңіз.
– Негізі, мамандығым бойынша мен – интерьер дизайнерімін. Бірақ бала кезімнен киім тігуге қатты әуес болдым. Киімдердің өзіме ұнамаған жерін сөгіп, өзіме ұнайтындай етіп қайта тігетінмін. Ал «Неге тек қалыңдық көйлегін тігуге ден қойдыңыз?» деп сұрағыңыз келсе, мұны өзімнің неке тойымнан кейін бастадым. Тойдың алдында қиялымдағы, өзіме ұнаған көйлекті таба алмай, шарқ ұрып іздедім. Сосын өзімнен артық ешкім білмес деп, қалыңдық көйлегін өзім тіктім. Кейін оның суретін интернетке жүктегенім сол еді, желі қолданушылары «Мына көйлекті кім тікті?», «Маған да тура осындай көйлек керек» деп жаза бастады. Содан бастап қалыңдық көйлегін тігу тиімді екенін түсіндім. 2010 жылы Астанадағы «Хан шатыр» сауда орталығының ашылуына орай шақырылып, онда жас дизайнер ретінде мини коллекциямды таныстырдым. Ол кезде онша танымал емеспін, жеке шеберханам да жоқ. Үйде тігетінмін. Сол кезде көпшілік назарына ұсынған қалыңдық көйлектері де бәріне ұнады. Менің «туындым» екенін білген жұрт менімен бірге суретке түскені есімде (күліп). Шынында, бұл – жай ғана киім тігу емес, қызық процесс. Үлкен жауапкершілік жүктейді. Әрбір қыздың өміріндегі ең маңызды сәтке қатысың бар болғаны керемет емей немене?! Дегенмен басында сіз ойлағандай көңілім қалаған киімдерді тігетінмін. Біздің «қорда» классикалық үлгідегі, күнделікті және кеңседе киімдер де болды. Бірақ оларды тігу барысында қалыңдық көйлегін тіккен кездегідей рахат ала алмайсың. Қалыңдық көйлегін тігу – шығармашылық процесс, эксклюзив. Осы уақытқа дейін қанша қалыңдық көйлегін тіксем, сонша рет қызық пен рахатқа баттым деп айта аламын.
– Ал этникалық стильдегі киімдерді тігуге кім себепкер болды?
– 2014 жылы бір қыз ұзатуға киетін ұлттық киім тігуге тапсырыс берді. Бұл мен үшін тың нәрсе болды,
себебі оған дейін қазақ ұлттық киімін тігіп көргенім жоқ. Ол киімді тігу үшін бір ай бойы тыңғылықты дайындалдым. Кітапханаға барып, бірнеше әдебиеттің бетін ақтардым. Жан-жағымнан сұрастырдым. Ұлттық киімнің тарихын білмей жатып, оны тігу мүмкін емес. Бұл тапсырысты орындаған соң тағы бір кісіден ұлттық бұйым әзірлеуге тапсырыс келіп түсті. Сөйте-сөйте қазақ мәдениетін, әсіресе ұлттық ою-өрнекті тереңінен зерттей бастадым. Әр өрнектің өзіндік мағынасы бар екенін білдім. Дегенмен көп дизайнердің коллекциясына арқау болған тарихи киімдерді қайталағым келмеді. Мен костюм бойынша суретші емеспін ғой, мен – құрастырушымын. Коллекцияларымды көрген кейбіреулер «Бұл тіпті де қазақ стилі емес. Қазақтар бұрын-соңды мұндай киім кимеген» дегенді алға тартады. Иә, бұрын кимеген. Бірақ қазіргілер киеді, себебі бұл – этникалық стильдегі заманауи киім. Әрі бұл – дизайнердің қиялынан туындаған дүние. Біз жүз жыл бұрынғы сәнді қайталай алмаймыз ғой. Өзекті болмайды. Мен жаңа әрі жеңіл дүние жасағанды құп санаймын. Бәрінен бұрын біздің өнімдердің жеңіл екені байқалып тұрады. Біз тығыз тоқылған, «ауыр» маталарды қолданбаймыз. Қалыңдық өз тойында өзін барынша қолайлы сезіну үшін қолымыздан келгеннің барлығын жасаймыз. Сосын бізді өзгелерден ерекшелейтін авторлық техника бар. Қазір көп дизайнер біздің стилистиканы қайталайтынды шығарыпты. Желі қолданушылары «Міне, қараңыз. Сіздің техникаңызды қайталап жүр» деп ара-тұра хабардар етеді. Әлбетте, сонша уақыт жұмсап, ойлап тапқан дүниеңді әлдебіреулердің көшіріп алғаны көңіліңді қынжылтады. Алайда бізді көшірсе, демек біз алдыңғы шептеміз. Біздің бағытымыз дұрыс.
– Былтыр Мәскеудегі көрмеде көпшіліктің көңілінен шыққан коллекцияңыз – «Ұлттар достастығы» туралы бірер сөз айта отырсаңыз.
– 2021 жылдың қараша айында келер жылы наурызда Мәскеуде өтетін қалыңдық көйлегінің көрмесіне шақыру алдым. Жаңа коллекция дайындауға үш айдай уақытым болғандықтан, «Мәскеу жұртшылығын таңғалдыру үшін қайтсем болады?» деп бас қатырғаным бар. Ойлана келе коллекциямда біздің байтақ жерде көп ұлт тұратынына басымдық бергім келді. «Бізде тұратын өзге ұлттың қыздары қазақтардан үлгі алып, өз тойларында неге өз ұлттық киімдерін киіп шықпасқа?» деген ой маза бермей қойды. Сөйтіп, орыс, украин, қазақ, өзбек, кавказ халықтарының ұлттық киімдерін кіріктіріп, «Ұлттар достастығы» коллекциясын әзірлеп шығардық. Коллекцияның жартысын Астанада өткен көрсетілімде таныстырдық. Ал қалғанын Мәскеудегі көрмеге апардық. Онда бізге таңғалмаған адам аз шығар. Біздің стенд көп «бояуға» толы болды. Мәскеуліктер бізді есінде сақтап қалғанына еш күмәнім жоқ. Көрме аяқталған соң ұлттық киімдерімізді киіп алып, Қызыл алаңды жүріп өткіміз келген, бірақ сол кезде күн қатты суық болғандықтан ол ойымызды іске асыра алмадық. Стенд маңында ғана жүрдік. Келесіде Мәскеуге барғанда міндетті түрде Қызыл алаңға қазақ ұлттық киімін киіп шығамыз деген жоспарымыз бар.
– Ал көпшілік қазір сөз етіп жүрген Милан жағалауына ұлттық киімімізді киіп шығу идеясы да әлдебір көрме немесе көрсетілімнен кейін туды ма?
– Иә. Былтыр мамыр айында Тараз қаласында Aspara fashion week сән апталығына қатыстық. Онда біз жоғарыда атап өткен «Ұлттар достастығы» коллекциясын таныстырдық. Бұл коллекция шетелдік мамандарға ұнаса керек, сол көрсетілімнен кейін бірнеше елде өтетін сән апталығына қатысуға ұсыныс келіп түсті. Соның арасынан тамыз айында Түркияда өткен Fashion week Cappadocia апталығын таңдап, ақырында ондағы сән өнерін бағалайтындар тарапынан жоғары бағаға ие болдық. Сол апталықта қыркүйек айында Италияның Милан қаласында өтетін Milano Fashion Week-ке шақыру алдық. Онда тағы сол «Ұлттар достастығы» коллекциясын алып баруды көздедік, дегенмен қазақ ұлттық киімдеріне басымдық беруді бәрінен жоғары қойдық. Өкініштісі сол, бұл көрсетілім мен ойлағандай жоғары деңгейде өтпеді. Дегенмен еуропалық көрсетілімдерге бірінші рет қатысып тұрғандықтан бұл бізге үлкен сабақ болды. Мұндағы көрсетілімдердің қалай өтетінінен бейхабар болдық. «Уау, Еуропа» дегенге көп нәрсе күттік, әсіресе «бәрі керемет деңгейде өтетін болар» деп үлкен сенім арттық. Шынымды айтсам, Еуропаға қарағанда Қазақстанда сән апталықтары өте жоғары деңгейде өтетін секілді.
– Миланда әлдебір келеңсіз жағдайға тап болдыңыздар ма? Не болды?
– Біздің киімдерді подиумға киіп шыққан модельдерге кәсіби шеберлік жетіңкіремеді. Қалыңдық көйлектерінің топтамасын апара жатқан соң ұйымдастырушылармен алдын ала хабарласып, жас модельдердің бар-жоғын сұрадым. Олар 18-25 аралығындағы кәсіби модельдердің көмегіне жүгінетіндерін айтты. Ал ол жаққа барғанда біздің коллекцияны отыз жастан асқан, кәсіби шеберлігі аз модельдер таныстыратынын айтты. Әлбетте, олардың арасынан лайығын таңдап алу қиын болды. Мейлі, бірнешеуін таңдадық, киіндірдік, көрсетілім аяқталды. Дегенмен біз күткен эмоцияны ала алмадық. Бір жақсысы, Африка, Америка, Еуропа дизайнерлері қатысқан бұл іс-шараға Мемлекеттік туды алып барған біз ғана екенбіз. Туды көкке желбіретіп ілгеніміз көңілімізге медеу болды. Көрсетілімнен кейін қыздарға «Қазақтың ұлттық киімдерін өзіміз киіп, көшені аралап шықсақ қайтеді?» деп ұсыныс тастадым. Сөйтіп, Милан жағалауына барып, көпшіліктің ықыласына бөленіп, әсерлі шақты бастан өткердік.
– Демек, сіздер Миланда өздеріңіз қатысқан сән апталығынан гөрі, Милан көшелеріндегі қарапайым халық алдында болған көрсетілімнен әлдеқайда керемет әсер алдыңыздар ғой.
– Дәл солай! Коллекциямызды подиумда ойдағыдай көрсете алмаған соң «Олай болса көшедегі қарапайым халыққа өзіміз көрсетейік» деп оқталдық. Заттарымызды жинастырып, қонақүйге бардық. Онда Миланның қалың жұртшылығы жағалау жақта жүретінін біліп алдық. Сөйтіп, ұлттық киімдерімізді шабаданға салып алып, сол жағалауды бетке алдық. Жолай жағалауға жақын орналасқан кафенің дәретханасына кіріп-шығуды сұрандық. Шығарда кафе қызметкерлері дәретханаға күнделікті киіммен кіріп, үстімізге сәнді киім, басымызға сәукеле киіп шыққан бізге қарап, аң-таң болды (күліп). Сол кезде жағалауда жүрген бұқара халықтың назары бізде болды десем артық айтпаймын. Қасымыздан өткеннің барлығы артына бұрылып қарап, бізге жақындап «Қайдан боласыздар?», «Мынау қайдан келген әдемілік?», «Мынау қай елдің ұлттық киімі?» дегендей сұрақтарды төпелете қойды. Қала берді, бізбен суретке түсті. Кейбірі «Сіздер осында өтіп жатқан Milano Fashion Week-тен келе жатқан жоқсыздар ма?» деп дәл тапты (күліп). Видеодағы үш қыздың бірі – мен, бірі менімен жұмыс істейтін – декоратор, үшіншісі – мобилограф. Төртінші қыз бізді видеоға түсіріп жүрді. Қазақстанның Туын ұстап жүрген соң, бірі Қазақстаннан екенімізді таныса, енді бірі «Украинаның туы емес пе?» деп қасымызға жақындап сұрады. Біразы Қазақстанды Геннадий Головкин мен Димаш Құдайбергенов арқылы танитындарын айтты. Мұндай реакцияны күтпеген біз бойымызды мақтаныш кернеп, төбеміз көкке екі-ақ елі жетпей қалды.
– Былтыр қыркүйек айында түсірілген бұл видеоның енді кеңінен тарала бастағаны қызық болып тұр.
– Негізі, былтыр қыркүйек айында интернетке жүктегенімде де бірнеше паблик бұл туралы жарыса жазған. Сосын өткенде қарасам, ол кезде қысқа видео салыппын. Сөйтіп, бұған дейін еш жерде жарияланбаған біраз видеоларды өңдеп, TikTok-қа салғаным сол екен, ол видеом қыркүйектегіден де әлдеқайда көп таралды. Көп паблик мені белгілемей салғаны болмаса, қазақтың ұлттық киімін бұлай таныстырғанымызға көпшілік разы болғанын байқадым. Біраз қыз біз секілді ұлттық киімді киіп, «шетелдің біраз көшесін аралағым келіп кетті» дегендей пікірлер жазыпты.
– Сол видеода бірі сізді дизайнер емес, модельер деп ойлап қалса, енді бірі «Екі қазақ қызының қасында жүрген орыс қызы да өзімізге ұқсап қапты» дегендей пікір қалдырған. Білгіміз келетіні, біздегілердің қазақ ұлттық киімін киіп алған орыс қызына реакциясы қандай?
– Көбіне оң көзқарас танытады. Арасында жағымсыз пікірлер жазатындар да бар, әсіресе TikTok-та өмірінде ештеңе жасап көрмегендер көңіліме қаяу түсіргісі келеді. Бірақ мен олардың пікірін шыбын шаққан құрлы көрмеймін. Маған мені қолдайтын көкірегі ояу көпшіліктің айтқаны қуат береді. Жазда мынадай бір эксперимент өткіздім. TikTok-қа жүктеген видеомның астына әлдебіреу мысқылдап «Мынадай ұлттық киіммен тойдан басқа қайда баруға болады?» деп жазады. Сосын ұлттық киімді киіп алып, сауда жасауға, анда баруға, мында баруға болатынын тізіп шыққан едім, тағы бір қолданушы «Онда осы киіммен нан алуға барып көріңіз» дейді. Сосын ұлттық киімді киіп алып «Хан шатырға» нан алуға бардым (күліп). Сауда орталығындағылардың реакциясы күшті болды. Қызыға қарап, іштей алғыс айтып тұрғанын түсіндім. Жалпы, көбі маған қазақ киімдері жарасатынын айтады. Анам да маған орыс әйелдері киетін ұлттық баскиім – кокошникке қарағанда сәукеле әлдеқайда жақсы жарасатынын айтады. Жалпы, мен күнделікті өмірде түрлі ұлттың киімдерін киіп, этникалық бұйымдарды үнемі тағып жүремін. Бір күні тақия кисем, екінші күні кокошник, одан соң кавказдықтардың киімін киемін. Маған осылай киінген ұнайды. Бірақ әдейі көзге түсу үшін киінбеймін. Бәрі кездейсоқ «құрастырылады». Осылай эксперимент жасау арқылы классикалық стильге қарағанда этникалық стиль көп ұнайтынын түсіндім. Еуропадағы трендтердің өкшесін басқанша, коллекцияңа тарихи кітаптарды ақтарып, өз ортаңа ортақ элементтерді қосқан абзалырақ.
– Дегенмен сіз секілді ұлттық киім тігетін өзге бәсекелестеріңіздің коллекциясын бақылап тұратын шығарсыз?
– Әлбетте, бірақ олардың топтамасына қарап шабыт аламын деп айта алмаймын. Тек қандай жаңашылдық
енгізгенін білгім келеді. Дегенмен жоғарыда айттым ғой, мен кітаптарды, зерттеулерді көп қараймын. Тарихи жерлерге жиі барамын. Жуырда Астанадағы Ұлттық музейді аралап жүргенде ұлттық киімдер бейнеленген, интернетте жоқ картиналар мен кітаптар тауып алдым. Айтып тұрмын ғой, зерттеу жүргізбесең, тарихты білмесең, тың дүние жасау мүмкін емес. Музейдегі бір картинада салынған костюмді өзбектердікі деп ойлап жүрсем, бұрын қазақтар осындай костюм киген екен. Сосын қазақтардың бұрын киген аяқкиімдерін көріп таңғалдым. Тағы бір байқағаным, сәукелені қазір біз жасап жүрген конус пішіннен бөлек басқа пішінде де тігуге болады екен. Бір киімнен көп ұлтқа тән элементтерді де байқадым. Негізі, зерттей түссең, ортақ негізі бар көп киім тауып алуға болады. Этника дегенге бәзбіреулер ескі сәндегі киімдер ғана тігуі мүмкін деп ойлап қалуы мүмкін, алайда біз этника мен заманауи стилистиканың қоспасынан коллекция әзірлейміз. Мысалы, былтыр мен күртеше секілді күнделікті сыртқа киюге болатын шапан тіктім. Жалпы, бізде қалыңдық көйлектерінен бөлек, сыртқа киетін киімдер коллекциясы да бар. Дайын нәрсені кигенді ұнатпаймын. Өзіме арнап тігемін. Өзіме шақтап тіккен әлгі шапанды әлеуметтік желіге салған едім, ертесі тапсырыс көптеп түсті. Қазақстанды айтпағанда, Германия, Испания, Францияда тұратын қазақтардан көп тапсырыс түсіп жатыр. Жаңа ғана Тайландта тұратын бір қазақ әйел қызының бір жасқа толуына орай ұлттық киім көйлек керек екенін айтып, хабарласты.
– Әдетте дизайнерлер көлеңкеде жүргенді қалайтын секілді. Көп жағдайда коллекцияны кім ойлап тапқанын подиумға шыққанда ғана байқап жатамыз.
– «Басқа кезде дизайнердің кім екенін білмейміз» деңізші (күліп).
– Соны айтқалы жатқанмын.
– Бірақ бұл әңгіменің маған қатысы жоқ.
– Сән апталықтарынан басқа уақытта ол киімдерге ешкімнің қолы тимейтін секілді. Ал сізде керісінше. Қызыл алаңға, Милан жағалауына киіп шығудан бөлек, Астана саябақтарында модельдермен бірге фотосессия жасап, халықпен етене араласқанды жақсы көретініңізді байқадым. Бұл «Өз туындымды өзімнен артық ешкім таныстыра алмайды» дегенге келе ме?
– Иә. Біріншіден, мен жеке брендімді дамытумен айналысамын. Бізде тығыз байланыс орнатқан модельдер бар. Фотосессия кезінде де түрлі модельдердің көмегіне жүгінемін, себебі мен көп жағдайда біз талап еткен форматқа келе бермеймін. Десе де, өз қиялымнан туған киімдерді сыртқа өзім киіп шыққан ұнайды. Расында, көпшілік «Киімді тігіп шыққан дизайнерден артық танытатын ешкім жоқ» дегенді алға тартады. Шынымен де, ол киімнің әуел бастағы идеясын білгендіктен, оны көпшілікке қалай таныстыру, қалай ұсыну керек екенін мен ғана білемін. Екіншіден, мен кезінде актриса болуды армандайтынмын. Бүгінде ол арманым орындалмаса да, басқа арманым жүзеге асты. Бірақ бұл жұмыс процесінде де әртістік қырымнан танылуға болатынын түсіндім. Сондықтан өз киімдерімді киіп, сыртқа көп шығамын, суретке көп түсемін.
– Әлгі кеңінен таралған видеоның астындағы пікірлердің бірі мынадай: «Біздің дизайнерлер осылай ерекше коллекция арқылы әлемге танылған соң, шетелге тайып тұрады». Бұған не дейсіз?
– Бұл пікірдің де маған қатысы жоқ. Мен – Қазақстанның патриотымын. Алғаш рет Еуропаға барған кезде онда көшу туралы ой болғанын жасырмаймын. Кейіннен ол райымнан қайтып қалдым. Сосын тек Қазақстанда тұрғым келетінін, қазақтың ұлттық киімдерін насихаттап, Қазақстанды әлемдік аренада танытқым келетінін түсіндім. Сөйте тұра, әлем азаматы да бола аламын. Көңілім қалаған жерге саяхаттап бара аламын, бірақ Қазақстанды ешбір жерге айырбастамаймын. Біздің тұрғындар басқалардан ерекшеленеді. Әсіресе, қазақтар – мен кездестірген ең мейірімді, жылы шырайлы халық. Біздің елде бір шаңырақ астында татулықта өмір сүріп жатқан ұлттардың, әсіресе қалыңдықтардың өз тойларында ұлттық киімдерін кигенін қалаймын. Мысалы, орыстар құдалық пен үйлену тойы кезінде өздерінің ұлттық киімдерін кисе екен деймін. Жалпы, үйлену тойда киетін ақ түсті көйлектер бізге Еуропадан келді ғой. Кезінде ІІ Елизавета патшайым киген соң барлығы жаппай тойға осы түстегі киімдерді кие бастаған. Бұл сол замандағы сәнге құрмет, мұның бізге қатысы жоқ. Мысалы, қазақтар бұрын тұрмысқа шығарда ақ киім кимеген. Олар көбіне қызыл, алтын түстес көйлектер киген. Сондықтан әрбір ұлт өз тарихына үңіліп, өз ұлтына тән киімді кисе екен деймін. Менен көбі «Мемлекеттен неге көмек сұрамайсың? Бұл коллекцияларыңды неге Еуропаға танытпасқа?» деп сұрайды. Ешкімге қарыз болғым келмейді. Бәріне өзім қол жеткізгім келеді. Дегенмен мемлекеттің мүддесін жоғары қоятын жобалармен коллаборация жасағым келетінін жасырмаймын. Спортшылар және әртістермен жұмыс істегім келеді. Былтыр Қысқы Олимпиада ойындарының ашылуында орыс спортшы қыздың қазақтың ұлттық киімін киіп шыққан көрген көпшілік «Неге ондай айтулы іс-шараға арналған киімді өзіміздің Анастасия Романова тікпеді?» деп жазғанын оқыдым. Бірақ бұл тендер арқылы іске асырылған жоба секілді, ал мен тендерге қатыспаймын. Дегенмен осындай ірі жобаларға қуана-қуана қатысар едім. Өткенде ұйымдастырушылар «Әлем аруына» қатысатын отандасымызға киім тігіп бергенімді қалады, бірақ олар тегін қызмет көрсеткенімді қалады. Кез келген еңбектің ақысы болуға тиіс. Сондықтан бас тарттым. Дегенмен биыл ірі жобаларға қатысамын деп үміттенемін.
– Әңгімеңізге рақмет!








Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ