682
Қаңтарда зардап шеккен 540 адамға қайырымдылық көмек көрсетілді
Қаңтарда зардап шеккен 540 адамға қайырымдылық көмек көрсетілді
«Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қоры құрылғанына бір жыл болды. Қаңтар оқиғасынан кейін құрылған қордың барша қазақстандықтың қорына айналуы керек екені сол кезде айтылған еді. Қор жұмысының қазіргі беталысы қандай? Жалпы, бір жыл ішінде қор жұмысы аясында қандай міндеттер орындалды? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын білу үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаевамен сұхбаттасқан едік.
– Қордың ашылғанына бір жыл толып отыр. Кез келген ұйым үшін бұл ұзақ уақыт емес, алайда қордың алдына қойылған қандай міндеттер орындалды?
– Иә, ауқымды мақсат-міндеттер қойылған ұйым үшін бір жыл деген өте қысқа мерзім. Қоғамның қорға деген талабы жоғары және үнемі ел назарында екенімізді жақсы білеміз. Сондықтан осы уақыт ішінде барынша жұмыс істеу моделі мен тәсілдерді пысықтауға тырыстық. Қайырымдылық қызметті жүйелі әрі ашық жүргізіп жатырмыз. Сол себепті денсаулық сақтау мен әлеуметтік қолдау, білім, спорт салалары және төтенше жағдай кезінде көрсетілетін көмек аясында 20-дан астам қайырымдылық бағдарламасы мен жобасын іске асырудамыз.
Ашықтық демекші, қордың сайтында қайырымдылық көмекке қатысты барлық ақпарат, қаржылық есеп, қаражат түсімі, қаражат жібергендердің тізімі, қайырымдылыққа жұмсалған қаражаттың бағыты, қор қызметінің жаңалықтары мен құжаттары бар. Сондай-ақ қор сайты арқылы азаматтар, ұйымдар жобаны іске асыру бойынша онлайн түрде өтінім бере алады. Жалпы, өткен жылы қор қызметінің институционалды негізін қалыптастырды. Енді «Қазақстан халқына» қорының өнімділігін арттыру мақсатында қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларды тиімді іске асырып, көмек берілген мұқтаж жандардың санын еселеп, істің нәтижелі болғанын мақсат етіп отыр.
– Осы уақыт аралығында қанша өтініш түсті және азаматтардың сауалы көбіне қандай мәселелерді қамтиды? Халық қандай проблемамен жүгінеді?
– Бір жыл ішінде қорға 40 мыңнан астам өтініш келіп түсті, оның басым бөлігі қор құрылған алғашқы айларда жолданды. Себебі бұл уақытта қордың басым бағыт-міндеттері анықталып, қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын жүзеге асыру енді басталып, көптеген ұйымдастырушылық мәселе шешіліп жатты. Өзіңізге мәлім, басында келіп түскен өтінімдер әлеуметтік мәселені шешу, баспана, тұрмыстық, базалық қажеттіліктер бойынша болды. Дегенмен өтінімдердің көбі денсаулық сақтау, білім беру, спорт бағытында, төтенше жағдайлар бойынша түседі. Қор қоғамдағы мәселелерді жүйелі шешу мақсатында келіп түскен өтінімдер негізінде қайырымдылық жобаларын іске қосты. Мысалы, елімізде инновациялық протезге мұқтаж азамат көп. Протез әсіресе балалар мен жастарға маңызды. Сондықтан біз осы санаттағы азаматтар үшін арнайы бағдарлама әзірледік. Қазір 60 адамға, оның жартысынан астамы балаларға инновациялық, яғни көпфункционалды протездер табысталды. Протез берілген ең кішкентай мұқтаж жан – Оралда тұратын бір жасар Ақұштап деген қызымыз. Ал сал ауруына шалдыққан балалардың жүріс-тұрысын, қозғалысын жақсартуға мүмкіндік беретін экзоскелет құрылғысымен
4 баланы қамтамасыз еттік, биыл тағы да 9 балаға экзоскелет әзірлеу жоспарланып отыр.
Одан бөлек, өкінішке қарай, елімізде қан тамыр жүйесінде патологиясы бар балалар саны өсіп келеді. Қазір аз қамтылған отбасылардан шыққан 90-нан астам бала қордың серіктесі – А.Қарабеков атындағы әлеуметтік медициналық орталығының базасында тегін дәрі-дәрмек терапиясы мен лазерлік ем алып жатыр. Жобамызды мемлекет назарға алып, биылдан бастап МӘМС бойынша кепілдендірілген көмек түріне енетін болды.
– Қазір ауру жасарып жатыр деп әлем ғалымдары дабыл қағып отыр. Елімізде шала туған нәрестелердің мүгедектік деңгейі де алаңдататын сұрақ. Сәбилердің денсаулығын жақсарту үшін қор қандай жобаларды қолға алды?
– Шынымен де, соңғы 10 жылда Қазақстанда мүгедек балалардың саны 2 есеге жуық өсті: ерекше балалар саны 100 мыңға жақындап қалды. Мүгедектіктің даму қаупінің негізгі факторларының бірі – шала туған балалардағы орталық жүйке жүйесінің зақымдануы. Samruk-Kazyna Trust және «Қамқорлық» қорларымен бірлесе 13 өңірде Ерте араласу орталықтарының материалды-техникалық базасын жаңартуды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, 31 медициналық ұйымға шала туған нәрестелердің ретинопатиясын офтальмологиялық скрининг пен емдеуге арналған жабдықтармен қамтамасыз етеміз. Бұл өз кезегінде нәрестелердің зағип болуының алдын алуға мүмкіндік береді.
Елімізде аутизмі бар ерекше балалар бар. Биыл аутизмі және басқа да ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған 8 орталық ашылады. Әр орталықта 125 бала кешенді қызмет алады, жалпы қолдау көлемі мың баланы қамтиды. Қымбат дәрі-дәрмекке мұқтаж адамдарды қамтамасыз ету бағытында біз тек сирек және ауыр сырқаттары бар адамдарды қымбат дәрілік препараттармен қамтамасыз ету міндетін алдық. Қазір 15,34 млрд теңгеге 130 адам, оның ішінде 100-ге тарта бала қымбат дәрілік препараттармен қамтамасыз етілді. Тағы 124 емделушіге дәрі-дәрмек жеткізіледі. Сондай-ақ қор 12 емделушіні шетелдік клиникаларға жіберді. Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасы аясында онкологиялық ауруы бар азаматтарға қолдау көкжиегін кеңейтетін боламыз.
Тағы бір мәселе – донорлық. Органдарды трансплантациялау бойынша көптеген өтінім келіп түсті. Алайда мұндай операция жүргізу үшін ағза органдары жетіспейді. Көру қабілетін жоғалтқандарға АҚШ-тан органдар мен тіндер банкінен талшықтар жіберілді. Жақын уақытта С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да тиісті операциялар жасалады. Қазір 300-ден астам адам өз кезегін күтіп отыр.
– Ал білім беру саласында қайырымдылық көмек түрі қалай жүргізіледі?
– Өткен жылы өңірлерде 20 көшпелі отырыс және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен өткізген 48 ZOOM кофнеренцияда қоғам белсенділері мен азаматтар тарапынан білім саласына көңіл бөлу туралы жиі айтылды, әсіресе ауылдағы білім сапасына ерекше назар аударылса деген тілек айтылды. Бұл мәселені жүйелі түрде шешу керек болды. Біз үздік педагогикалық тәжірибелер мен әдістемелерді енгізу, тірек мектептерді қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету арқылы аумақтық және әлеуметтік-экономикалық белгілер бойынша білім беру сапасының алшақтығын қысқартуды ойладық. Ауыл мен қала мектебінің деңгейі, оқушыларға берілетін білім сапасы екі түрлі. Сол себепті ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін көтеріп, оның материалдық-техникалық жағдайын ғана емес, оқу орнына әдістемелік көмек беру мақсатында еліміз бойынша 17 ауылдық тірек мектепті жарақтандырамыз. Қазір 9 тірек мектеп жабдықталған. Еліміздің әр ауданында, шағын қалада және моноқалада бір мектептен робототехника кабинеттері жабдықталатын болады. Ауылдық және моноқалалардағы 27 мектепте бағдарламалау, құрастыру, мехатроника, электротехника және басқа да бағыттар бойынша 6-сыныпқа дейінгі 160 оқушы білім ала алады. Білім саласын зерделей келе ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдарының жағдайы ауыр екеніне көзіміз жетті. Өкінішке қарай, ұйымдардағы қаржыландыру деңгейі төмен. Біз ерекше балаларға жағдай жасау мақсатында арнайы білім беретін 98 ұйым мен «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығын» материалдық-техникалық жағынан жарақтандырамыз. Өткен жылы Шахтинск қаласында арнайы мектептің жабдықталуы аяқталып, таныстырылымы өтті.
Қордың тағы бір қолға алған ісі – білім беру гранттары. Халықтың әлеуметтік осал тобынан шыққан
2 267 студент білім грантының иегері атанды. 80-нан астам жоғары оқу орнында тегін оқып, стипендия алады. Әлемдік PISA рейтингіне сәйкес, білім беру көрсеткіштері ауылда ғана емес, елдің батысы мен оңтүстігінде де әлсіз. Сондықтан біз Қазақстанның бес облысында – Алматы, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан және Жетісуда тірек ауыл мектептері оқытушыларының біліктілігін арттыру бойынша Qazaqstan mektebine жобасын әзірледік. Тағы бір жоба әлемдегі ең көп сұранысқа ие Coursera онлайн білім беру платформасына қатысты. Қазақстандық студенттер үшін ол қолжетімді болуға тиіс. Бірақ бұл үшін ағылшын тілін білу қажет. Орыс тілінде мазмұн бар, бірақ соңғы уақыттағы санкцияларға байланысты шектеу бар. Ал қазақ тілінде контент мүлдем жоқ. Өткен жылы түлектердің 74 пайызы ҰБТ тапсыру үшін қазақ тілін таңдағанын ескерген жөн. Сондықтан Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен жоғары оқу орындары қазақстандық студенттер үшін Coursera платформасында ең өзекті 654 курс таңдады және биыл олар қазақ тіліне аударылады.
– Қор бағдарламаларының бір бөлігі спорт саласына арналыпты. Осы бағытта спорт кешендерін салып, спорттық жабдықпен қамтамасыз етесіздер ме?
– Елімізде спорт инфрақұрылымы қажетті деңгейде дамымаған, яғни мектептегі спортзалдан немесе ауылда уақытша тұрғызылған алаңқайы ғана бар ауылдар бар. Бірақ өңірлерде қаншама дарынды бала бар?! Сондықтан біз шалғайдағы елді мекендерде және спорт инфрақұрылымы деңгейі төмен ауылдарда спорт залдарды ашу мақсатында «балалардың 24 спорт залы» жобасын әзірледік. Қор жабдықтар мен спорттық инвентарь сатып алу түрінде қайырымдылық көмек көрсетеді. Қазақша күрес, бокс, гимнастика түрлері бойынша жабдықталған 23 спорт зал ашылды. Болашақта залдар санын 100-ге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Мұнымен қоса, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Тұсаукесер» жобасы бар. Ерекше балалар денсаулығына байланысты әдеттегі спорт секцияларына қатыса алмайды. Сондықтан еліміздің 5 өңірінде ерекше балаларға арналған денешынықтыру-сауықтыруға арналған
5 үйірме аштық. Жаттығулар бокс, армрестлинг, каратэ, ауыр атлетика және жекпе-жек сияқты спорттың бес түрінен өтеді. Ең бастысы, осы үйірмеге тұрақты қатысатын балалар аяғынан тұрып, қозғалысын, көңіл күйін жақсартты.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау аясында еліміздегі жалғыз пара хоккей құрамасына 50 дана сырғытпа таяқ пен 16 шана табысталды. Көп ұзамай қазақстандық құрама Тайландта өткен халықаралық жарыстың күміс жүлдегері атанып, қазір тағы бір халықаралық турнирге дайындық үстінде.
– Жалпы, «Қазақстан халқына» қоры қайғылы Қаңтар оқиғасынан кейін құрылды. Оқиға кезінде зардап шеккендерге қор тарапынан қандай көмек берілді?
– Қаңтар оқиғасы баршамыздың қабырғамызды қайыстырғаны рас. Бүгінде қор зардап шеккен 540 адамға 2 млрд-тан астам қаржы көлемінде қайырымдылық көмек көрсетті.
Оның ішінде қаза тапқан 19 әскери қызметшінің, ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерінің отбасына 7 млн теңгеден, ауыр жарақат алған 111 әскери қызметшіге, ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне 3 млн теңгеден, қаза тапқан әскери қызметшілердің, ішкі істер органдары мен Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің отбасындағы кәмелетке толмаған 23 балаға 2 млн теңгеден, Қаңтар оқиғасының құрбаны болған 135 азаматтың отбасына 7 млн теңгеден, қаза тапқан азаматтардың отбасындағы кәмелетке толмаған 101 балаға 2 млн теңгеден, атыс қаруынан ауыр жарақат алған 138 азаматқа, Қаңтар оқиғасы кезінде жарақат алған 13 баланың отбасына 3 млн теңгеден материалдық көмек берілді.
Сонымен қатар біз білім беру гранттары бағдарламасына өзгерістер енгіздік. Енді оқиға кезінде жараланған балалардың және қаза тапқан азаматтардың балаларына білім беру гранттары тағайындалады.
– Қорға әу баста қалталы азаматтар мен үлкен кәсіпорын, бизнес иелерінен қыруар қаржы құйылғанын білеміз. Кейіннен бұл үрдіс сәл саябырсып қалғандай болды. Қорға қаржы аударуды салық түрінде міндеттеу тетігі де ұсынылған еді. Қазір қор қалай толығып жатыр?
– Ең алдымен, қорға қаражат аударған барша азаматқа – ірі кәсіпкерлерге, қайырымдылық ұйымдары мен кәсіпорындарға, ел азаматтарына алғыс білдіреміз. Сіздердің қаражатыңыздың арқасында мыңдаған азаматқа қайырымдылық көмек берілді. Бұл іс жалғасын табады деп ойлаймын. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Самұрық-Қазына» қорының таза табысының 7 пайызы аударылады. Бұл қаражат бойынша жеке шот ашылады. Біздің қайырымдылық көмек көрсету қағидаларымызға сәйкес «Самұрық-Қазынадан» түскен қаражат денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік сала ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға бағытталған жобаларды қаржыландыру үшін пайдаланылады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ділда Уәлибек