50422
Мамандығына адал жас ғалым
Мамандығына адал жас ғалым

Отандық ғылым мен білім дамудың жаңа деңгейіне шығу керек. Өкінішке қарай, қазір отандық ғылымда болашағы жарқын жас ғалымдар өте аз. Дамуға серпін беретін ғылыми-зерттеу институттары да саусақпен санарлықтай. Сондықтан елімізде ғылымды басқару, ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруда кәсіби дағдылар мен құзыреттілікті дамыту ісіне ғылымға жаны ашитын, ұлттық әлеуеті зор азаматтарды тарту қажет.
Осы мәселені жіті назарда ұстаған Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жасаған Жолдауында: «Егер әлемдік дамуда көш соңында қалмаймыз десек, ең алдымен, ғылымды дамытуымыз керек. Сондықтан ұлттық ғылымды жаңа деңгейге көтеретін мезгіл жетті. Жасыратыны жоқ, қазір ғылыми атағы бар, бірақ ілім-білімге мүлде қатысы жоқ адамдар көбейіп кетті. Елімізге өмір жолын ғылымға арнаған, нақты ғылыми жетістігі бар адамдар керек. Отандық ғалымдар құрамын жаңарту қажет. Бұл – уақыт талабы», – деді және бұл саланы жеке бақылауына алған болатын.
Қазір Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен бұл салаға серпін беретін көптеген жаңашылдықтар қолға алынып, жас ғалымдарға мемлекет тарапынан гранттар бөліне бастады. Соның бірі – жаңа Қазақстан талаптарына жауап бере алатын педагог мамандар капиталын қалыптастыру десек, Абай атындағы ҚазҰПУ-і бұл бастамашыл істерде көш бастап келеді. Өйткені мұнда педагогикалық білім мен ғылымның мәйегінен су ішкен белгілі педагог-ғалымдар мен ұлағатты ұстаздар жиналған. Сондай-ақ қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде емін-еркін сөйлеп, білім беретін полиглот мамандар қызмет етеді.
Осы салада жүрген жас мамандардың бірі Ерлан Исаков. Ол – география педагогтарын даярлау бағдарламасының 3 курс докторанты, жан-жақты, дарынды полиглот. Ерлан «Болашақ география мұғалімдерінің туристік-өлкетану құзыреттерін қалыптастыру» докторлық диссертация тақырыбы бойынша зерттеу жүргізіп келеді.
Жас ғалым Жоғары мектепте білім беруді модернизациялаудың негізгі тенденциялары мен әдіснамаларын зерттеу негізінде «болашақ география мұғалімінің туристік-өлкетану құзыреттерін қалыптастырудың» құрылымдық моделін жасақтауды көздейді. Себебі ол географиялық білім беруде туристік-өлкетану компоненттері бойынша білім беру тәсілдерін жаңартуға, әртүрлі педагогикалық технологияларды енгізуге, туристік-өлкетану жұмыстарын жаңғыртуға жол ашады деп санайды.
Айта кету керек, білімді ғылыммен ұштастыра білген жас ұстаздың мақсаты да айқын. «Мен жұмысыма шығармашылық ізденіспен қарағанды ұнатамын», – дейді ол. Ерлан Дүйсенбекұлы бұл ойды текке айтпаған сияқты. Қазіргі кезеңде әлем елдері жаңа тарихи өзгерістер кезеңінің бастауында тұр. Шын мәнінде, өзгеріске түскелі тұрған дәуір күллі адамзатқа әлі бұлыңғыр. Оның жалпы өркениеттің дамуына қандай прогресс әкелетіні жай халық түгілі, мүйізі қарағайдай ғалымдардың өздеріне де жұмбақ. Дегенмен беймәлім әлемнен біздің де алатын өз үлесіміз бар екенін естен шығармаған жөн.
Студенттер арасында да шығармашылық орта қалыптастыруға күш салып келе жатқан Ерлан көптеген интеллектуалдық жобаға қатысып, үздіктердің қатарынан көрініп жүр. Мысалы Абай университеті қаржыландыратын «Жас зерттеушілерге арналған ғылыми жобалар» конкурсының жеңімпазы. Ал қазір «Болашақ география мұғалімдерінің туристік-өлкетану құзыретін қалыптастырудың құрылымдық моделін жасау арқылы өлкетану іс-әрекетін ұйымдастыру» жобасының жетекшісі ретінде танымал. Осы жоба аясында Түркияның Ыстамбұл қаласында орналасқан «Rimar» академиясына іс-сапармен барып, «Болашақ география мұғалімдерін даярлауға қажетті кәсіби құзыреттерді жүйелеу» және «Туристік-өлкетану құзыретін қалыптастырудың өзіндік құрылымдық моделін жасақтау» міндеттері бойынша зерттеу жүргізіп, өз біліктілігін арттырып қайтты. Сондай-ақ Венгрия Ауыл шаруашылығы және жаратылыстану ғылымдары университеті жанындағы «Тұрақты туризм» департаментінде бір айлық тағылымдамадан өтіп, соның нәтижесінде туристік-өлкетану іс-әрекетін ұйымдастыру және өткізуде мобильді ГАЖ қосымшаларын қолдану тиімділігін дәлелдеп шықты.
Өмір жолын еліміздің географиясы мен туристік әлеуетіне арнап келе жатқан Ерлан Исаков қазір аталмыш салада сирек кездесетін жас маман. Сондықтан елімізде де, елімізден тыс жерлерде де оның көмегіне сүйенетіндер көп. Ол Ғылым комитеті қаржыландыратын ИРН АР13067931 - Жаңартылған мазмұндағы географияны оқытуда сандық геоақпараттық технологияларды қолданудың әдістемелік негіздерін жасау (жоғары сыныптардың мысалында) жобасанда (2022–2024 жыл) орындаушы қызметін атқарады. Сонымен қатар Scopus базасына кіретін CiteScore: 5.0, Процентиль: 97, (Q1) болған «Digital Applications in Archaeology and Cultural Heritage» журналында рецензент қызметін қосымша атқарып келеді. Тағы бір айта кететіні оның ғылыми жұмыстары түрлі отандық және шетелдік басылымдарда жарық көрген. Мысалы Scopus деректер базасындағы Хирша (h) индексі-1 бойынша 30-дан астам жарияланым жарияланса, оның ішінде Scopus деректер базасында 2 мақаласы және Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің тізіміндегі журналдарда 6 мақаласы жарық көрген. ЖОО-на арналған 1 әдістемелік нұсқаулық және 1 авторлық куәлік жасаған.
Ерлан қанша рет топ жарып, үзіктер қатарында көрініп жүрсе де, қарапайымдылығынан ажыраған емес. Алайда қарапайымдылық қарабайырлық емес екенін әркім ұғуға тиіс. Өйткені ол ізденген адам мұратына жететінін, жалқаудың кері кететінін жақсы біледі.
Болат Жұмынұлы