Ерекше мұқтаждығы бар адамдарға қандай жағдай жасалған?

/
Ерекше мұқтаждығы бар адамдарға қандай жағдай жасалған?
ашық дереккөзі
Ерекше мұқтаждығы бар адамдарға қандай жағдай жасалған? 18 қаңтар күні Парламент Мәжілісінің депутаты Жанат Омарбекова мен «AMANAT» партиясы қалалық филиалының өкілдері қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейтін бірқатар нысандарды аралап, олардың жағдайымен танысып қайтты. Ресми өкілдер алғаш ат басын тіреген нысан – «БухПрофи» бухгалтерлік қызмет көрсету орталығы» ЖШС халыққа қаржылық сауаттандыру, шағын және орта бизнес субъектілерін ашу бойынша көмек көрсетеді. Мұнда жұмыс істейтін 10 адамның 3-еуі ерекше қажеттілікке мұқтаж жандар. Оның біреуі жүріп-тұруға жарамайтындықтан үйден қашықтықтан қызмет көрсететін көрінеді. Ұжым басшысы Шыңғыс Әбсеметовтің айтуынша, мемлекеттің инклюзивті қоғам қалыптастыруға атсалысып жатқан өздері сияқты ұйымдарға беретін көмегі аз емес.  width=
«Жұмыспен қамту орталығына жыл сайын  28 мыңнан астам адам жүгінеді. Өткен жылдың нәтижесі бойынша солардың 8 мыңы тұрақты жұмыс тапса, мұның 700-і мүмкіндігі шектеулі жандар. Бұл шаралар мемлекеттің қолдауы аясы әлеуметтік бағдарлар, жастар тәжірибесі, қоғамдық және тұрақты жұмыс орындары арқылы жүзеге асырылды. Оның ішінде арбада отырған және есту қабілетін жоғалтқан азаматтарды жұмысқа алған мекемелерге мемлекет тарапынан бір реттік субсидия беріледі. Дегенмен жалақыны штаттық кестеге байланысты жұмысберуші өзі төлейді. Сондай-ақ, заң бойынша әрбір кәсіпорын-мекемелерде мұндай жандар үшін 2-4  пайыздық квота белгіленген», - дейді Халықты еңбекпен қамту орталығының директоры Азамат Байтасов.
Сондай-ақ «Ayakoz-ana» ЖШС-не қарасты шағын «Жібек жолы» тігін цехында еңбекпен қамтылған 14 адамның үшеуінің денсаулығында ақау бар. Одан бөлек, серіктестік жасөспірімдерді тігін, тоқыма ісіне тегін үйретумен де айналысады. Компания директоры, өзі де 3-топтағы мүгедек. Аякөз Шнейдер жұмысқа қабылдағанда ең бірінші мүгедектігі бар, бірақ қолынан іс келетін адамдарға басымдылық берілетінін айтты.  width=
«Мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау туралы халықаралық Конвенцияда мүгедектікке қатысты 50 бап бар. Мұнда осы әлеуметтік топ өкілдерінің қолдауға арналған барлық жағдайлар ескерілген. Елдегі заңдар Конвенцияға 7 жыл бұрын қосылды. Оның қабылдануына мен де атсалыстым. Қазіргі күні ол заң талаптары қалай орындалып жатыр және ерекше қамқорлықты қажет ететін жандардың тағы қандай проблемалары барын өз көзімізбен көріп, бақылау үшін мекеме-ұжымдарды арнайы аралап жүрміз»,- деді Жанат Омарбекова.
Депутаттың айтуынша, мүгедектігі бар адамдарды қолдау тек жұмысқа орналастырумен ғана шектелмейді. Мәселен, оның білім алу, бос уақыттарын мазмұнды өткізу, медициналық көмек көрсету, қаладағы барлық қызметтерге қолжетімділігі, еш кедергісіз еркін жүріп-тұру, ғимараттарда пандустың орнатылуы сияқты толып жатқан шарттары бар. Қазір қаладағы ғимараттардың 70 пайызында пандус орнатылған. Ж. Омарбекова ондай ғимараттар саны толықтай жүз пайызға жетсе деп тілейді. Айта кетейік,  2015 жылға дейін ел аумағында ондай талап болмаған, сондықтан атқарушы билік қазір бұрын салынған құрылыстарды ерекше қамқорлықты қажет ететін жандардың мұқтаждығын ескере отырып, бейімдеуге барынша назар аударып отыр.
Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары