760
Нұрлан Мәсімовтің ісі бойынша алғашқы сот отырысы өтті
Нұрлан Мәсімовтің ісі бойынша алғашқы сот отырысы өтті
Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Нұрлан Мәсімовтің ісіне қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Бұл туралы облыс сотының баспасөз қызметі ресми мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ведомствоның ақпаратына сүйенсек, Нұрлан Мәсімовтің ісін жүргізу кезінде айтарлықтай заң бұзылғаны анықталған.
«Аталған іс бойынша қылмыстық іс жүргізу заңнамасы айтарлықтай бұзылған. Атап айтқанда, іске қатысы барлардың рөлін сипаттауда орындаушы мен ұйымдастырушының рөлі нақтыланбаған. Айыпталушылар М., С. және Е-нің қандай қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке залал келтіргені белгісіз. Сондай-ақ, айыптау актісінде қаржының қандай сомада жымқырылғаны және қанша шығын келгені көрсетілмеген», - деп жазылған облыстық сот мәліметінде.Нәтижесінде, іс прокуратураға кері қайтарылды.
«Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 323-бабына сәйкес негізгі сотты тағайындауға кедергі келтіретін қылмыстық іс жүргізу заңнамасының бұзылуын жою үшін іс Павлодар облысының прокурорына кері қайтарылды», - делінген алғашқы сот қорытындысында.Естеріңізге сала кетейік, кеше Нұрлан Мәсімовтің соты басталған болатын. Ол былтыр 17 қаңтарда Павлодар облысы полиция департаментінің басшысы қызметінен босатылды, ал маусымда аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айып тағылып, іздеу салынды. Ал 13 шілдеде Ұлтық қауіпсіздік комитетінің өкілдері Нұрлан Мәсімовті Ресеймен шекарада ұстаған еді.