Мырзағали Айтжанов ұлттық құраманы қайта жаттықтыруы мүмкін

Мырзағали Айтжанов ұлттық құраманы қайта жаттықтыруы мүмкін

Мырзағали Айтжанов ұлттық құраманы қайта жаттықтыруы мүмкін
ашық дереккөзі
50630
Бокстан КСРО және Еуропа чемпионы Мырзағали Айтжановқа қайтадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы болуға ұсыныс түсті. Ол жаңа жыл мерекесінен кейін ұлттық құраманы қайта жаттықтыруы мүмкін деп хабарлады turkystan.kz Халық үніне сілтеме жасап. Жаңа ұсынысқа Мырзағали Айтжановтың өзі келісім бергенін айтты.
Басшылардан (Қазақстан бокс федерациясы, - ред.) сондай бір ұсыныс болды. Келісімімді бердім. Әлі бұйрықты алған жоқпын, –  деді ол.
Әзірге Қазақстан бокс федерациясы ресми хабарлаған жоқ. Тек жаңа жыл мерекесінен кейін бұйрық шығып, көпшілікке таныстырылуы мүмкін. Осыған дейін ұлттық құраманы Қайрат Сәтжанов жаттықтырған болатын. Ол құрама тізгінін былтыр Токио Олимпиадасынан кейін ұстады. Одан кейін команданы Белградта өткен әлем чемпионатына бастап барды. Сербияда Қазақстан құрамасы 2 алтын жүлдені жеңіп алды. Биыл ұлттық құрама Аммандағы Азия чемпионатына қатысты. Мырзағали Құланұлы Айтжанов 1970 жылы 13 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданындағы Қарабастау ауылында туған. Жастар арасында Кеңес Одағы кубогының күміс жүлдегері, КСРО және Еуропа чемпионы. Айтжановтың тұсындағы ұлттық құрама Олимпия ойындарында  2 алтын, 3 күміс, 2 қола, әлем чемпионатында 5 алтын, 8 күміс, 7 қола, Азия ойындарында 8 алтын, 6 күміс, 4 қола, Азия чемпионатында 15 алтын, 7 күміс, 6 қола медальді жеңіп алды. Мырзағали Айтжанов әлемнің екі мәрте үздік жаттықтырушысы атанған. Ұлттық құрамаға 2009-2018 жылдары бас жаттықтырушы болды.

Серіктес жаңалықтары