50229
Партиялық бақылау комитеті жылдық жұмысын қорытындылады
Партиялық бақылау комитеті жылдық жұмысын қорытындылады
«AMANAT»-тың Партиялық бақылау комитетінің жиынында осы жылы атқарылған жұмыс қорытындыланды.
Партиялық бақылау комитетінің (ПБК) төрағасы, Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының мүшесі Артур Платонов халықтың белсенді атсалысуының арқасында өңірлік 216 сайлауалды бағдарлама талқыланып, қабылданғанын атап өтті. Онда азаматтардың 17 мыңнан астам ұсынысы ескерілді.
«Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» деп аталатын партиялық бағдарламаның басымдығы – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, есеп беретін және халық үніне құлақ асатын мемлекет құру. Бағдарламаны іске асыруға барлығы 21 трлн теңге тарту жоспарланған. Оның қаржылық және адами ресурстармен қамтамасыз етілген биік мақсаты, байыпты бағдары бар», – деді Артур Платонов.Бүгінде сайлауалды бағдарламаны іске асыру шеңберінде ел аумағында 90 мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар 259 балабақша ашылып, 180 колледжде жаңғырту жұмысы жүргізілді. Бұған қоса, 11,7 млн шаршы метр тұрғын үй (100 мыңға жуық баспана) салынып, 500 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Бұл ретте, жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында биылғы 11 айда экономика өсімі 4,6%-дан 2,7%-ға дейін баяулағанын, инфляция соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жетіп, 19,6%-ды құрағанын мәлімдеді. Ел экономикасындағы осындай жағымсыз жағдай партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру сапасына тікелей әсер етеді. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, биыл тұрғызылады деп жоспарланған 18 млн шаршы метр тұрғын үйдің жыл соңына дейін 15,1 млн шаршы метрі немесе 137,7 мың баспана салынады.
«Шамамен 3 млн шаршы метрді салып үлгере алмай жатырмыз. Бұған жұмыс кестесінен артта қалу, қаржыландырудың жеткіліксіздігі себеп болып отыр. Алайда, ең басты кедергі – құрылыс материалдарының қымбаттауы. Белгілі бір деңгейде импортқа тәуелділік болғандықтан, елге құрылыс материалдарын жеткізу кезінде қиындықтар орын алды», – деді министр.2022 жылы атқарылған жұмысты қорытындылай келе, Артур Платонов биыл Комитет орталық және жергілікті атқарушы органдарға 200-ден астам нақты ұсыныс бергенін атап өтті. Жергілікті жерлерде партиялық бақылау комиссияларымен бірлесіп еңбек ұжымдарымен, тұрғындармен, қоғам қайраткерлерімен және тағы басқалармен 600-ден астам дөңгелек үстел, 1 100-ден астам кездесу, сондай-ақ 5 мыңнан астам көшпелі отырыс пен рейд өткізілді.
«Азық-түлік тауарлары, дәрілік заттар және жанар-жағармай бағасының өзгеруіне бақылау жүргізу бойынша 216 мониторинг тобының жұмысын ерекше атап өткім келеді. Бұл жұмыс тұрғындардың оң бағасын алды. Сондай-ақ, партиялық бақылау бекетін құру жұмысы қолға алынды. Өңірлерде «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде салынып, жөнделіп немесе қайта жаңартылып жатқан нысандарда тамыз айынан бастап осындай 485 бекеттің жұмысы ұйымдастырылды», – деді Артур Платонов.Биыл партия мүшесінің Әдеп кодексін бұзғаны үшін партияның 104 мүшесі, оның ішінде қала және аудан әкімдері, олардың орынбасарлары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың департамент және басқарма басшылары, түрлі деңгейдегі мәслихаттардың 22 депутаты жауапкершілікке тартылды.