Шынайылық пен көркемдіктің шебері еді

Шынайылық пен көркемдіктің шебері еді

Шынайылық пен көркемдіктің шебері еді
ашық дереккөзі
652
Осыдан екі жарым жыл бұрын маусым айының соң­ғы күндерінің бірінде қалта телефоным шы­рыл­дап қоя бергенде дисплейден «Қажығали аға» деген жазу­ды оқып, әрі қуандым, әрі қысылдым. Өйткені коро­навирус үдеп тұрған қиын ахуалда үлкен кісіге өзім ха­бар­ласып, хал сұрауым керек еді... Асыға-үсіге аманда­сып, «ұял­ған тек тұрмас» дегендей, хабарсыз қалғанымды жуып-шайып, кешірім сұрап жатырмын. «Е, менікі ән­шейін хал білу ғана. Жағдай дұрыс па, тым-тырыс кеттіңдер ғой тіпті?» деп бастап, үй ішінің есендігін сөз етіп, не жазып жатқанымызды сұрасып, амандық тілесіп қош­та­сып едік. Интернетке бірнеше күн кірмей кетіп, дүйсенбі кештетіп Facebook-ті ашып қал­ғанымда, алдымнан ағаның қайтыс болғаны тура­лы хабар шыға келді де, есеңгіреп қал­дым... «Подросток» Сол күні кешке Төлен Әбдік ағаға қоңы­рау шалып, көңіл айттым. – Екеуіміз бала кезден бірге өскендей дос едік. Себебі бірінші курстан бастап жұбымыз жа­зылмай бірге жүрдік, сырлас болдық. Әде­биетке де қатар келдік. Пікірлес едік. Біздің үй­дегі жеңгең оны үнемі «Подросток» деп кү­летін. Баладай жаны таза адам еді ғой. Қай­тейін, қиналдым... Жағдай қиын боп тұр ғой қазір. Сақтанып жүріңдер, аман болың­дар! – деді Төкең. Содан бірер жыл бұрын Facebook-те жазу­шы, күй зерттеушісі марқұм Та­лас­бек Әсемқұловтың туған күніне орай «Екі рет көрген түс» деп басымнан өткен жайт­тар­ды қосып, шағын естелік жаздым. Оны «Қа­зақ әдебиетіндегі» достарым алып, газет­ке басып жіберіпті. Бір күні Қажыағам хабар­л­асып: – Әй, сен мынадай әсерлі оқиғаны, қы­зық дүниені неге жай ғана естелік қып жаза са­ласың? – деп ұрыссын. – Мынау бір әңгі­ме­ге едәуір ілік болатын керемет деталь ғой! Жазушы қаламымен соғатын үйдің әр кір­пі­ші, блогы – осындай детальдар емес пе?! Со­ны қалай болса солай жұмсауға бола ма екен? Сақтап қой, бір керегіңе жарайды әлі. Бұдан былай ондай детальдарға жауапсыз қара­ма! Ұқыпты бол! – деп еді... Өзінен кейінгілерге тілеулес, ақылшы аға еді... Мен жазушы Қажығали Мұхан­бет­қа­ли­ұлының шығармаларымен алғаш кітап­қа енді қызыға ден қойған бала күнімде – сонау 80-жылдары танысқан едім. Қоңыр­қай мұқабалы «Тоғай сыбдыры» атты кітап­та­ғы әңгімелердің көңіліме жағып, кеудем­дегі арман-қиялды түрткілеп, әбден әсер­лен­дір­гені сонша, кейін тағы бірнеше рет қай­та­лап оқып, көкірегіме тоқи түскенмін. Он­да­ғы әр оқиға, әр ой, әр кейіпкер санама сіңіп, жадымда жатталып қалды. Сондықтан ба екен, әкем жаздырып алатын қалың ба­сы­лымның ішінен «Жаңа фильм» журналын парақтағанда оның соңғы жағындағы «Бас редактор – Қажығали Мұханбетқалиұлы» де­ген есім мен үшін етене таныс, ерекше жа­қын болып тұратын. Қазір ойлап отырсам, осы­ның бәрі жазушы шығармаларындағы оқыр­ман жүрегін баурап алар шынайылық пен көркемдіктің құдіреті екен. Шағын жанрдың шабандозы Сондықтан да жұртшылық Қажығали ағаның Сырым батыр көтерілісінің ға­на емес, орыстың қазақ жерін отарлауының та­рихи мәні мен сипатын ашып көрсеткен «Тар кезең» романын көбірек сөз еткенімен, ме­нің жаныма ол кісінің әңгімелері мей­лін­ше жақынырақ. Әңгімелерінен не артық, не кем деталь таппайсыз, «сөз қорым мол» деп реті келсін-келмесін қыздырмалатып, қызыл тілді безеу де жоқ, қай тұста көркем шығар­ма, ой немесе сөйлем нені керексініп тұр, со­ны ғана беріп, бәрін орын-орнымен, мөл­шермен ғана қолданады. «Әңгіме қалай жа­зылуы керек?» деген сабақ өткізілсе, соның көрнекі құралы, мінсіз үлгісі болардай. «Не қа­­жет, тек соны ғана айту, артық ештеңе айт­­пау – әне, нағыз шешендік дегеніміз сол!» деген Франсуа Ларошфуконың өсиетін бұл­жытпай ұстанған қаламдасы секілді... Әдебиет әлеміне алғаш 60-жылдардың аяғына таман нық қадам басқан та­лант­тар шоғырының белді өкілі саналатын оның қалам қуаты осы шағын жанрларда ай­қын аңғарылды. Жазушының тіпті де қиын­нан қиыстырып әуре болмастан өмір­дің өзінен сол ап-анық күйі алына салған ай­шықты туындылары құдды құйылып түс­кен ыстық қорғасын секілді. Мезетте құйы­лып түскен қорғасын сол пошым, сол піші­нін­де лезде қатады, оны сосын өз қалауыңыз­ша қайта өзгертуге тырысып, қанша қи­қа­ласаңыз да ештеңе өнбейді – бекерге бүл­ді­ріп аласыз. Қажығали ақсақалдың әңгі­ме­лері­нің де маған сол ыстық буы бұрқырап сор­ғалай құйылған қалпы, шынайы бітімі ұнай­ды. Мәселен, кешкі серуенге шыққан екі ақсақалдың әріден тартқан әсерлі ес­теліктері арқылы-ақ тіршіліктің мәні тура­лы ойлантатын «Өмір» әңгімесі, қысқа­мет­раж­ды көркем фильм сияқты бәрі де көз ал­дыңнан таспадай өріліп өте шығатын, жас ке­ліншектің сезім сырын шертетін «Қарым­та», кейпкерлерімен бірге сізді де тоғай ара­латып, балыққа ертіп әкететін мейлінше шы­найы «Берекесіз тоғайы», балаға да, ере­сек оқырманға да айтары мол «Атымтай» мен «Муратик»... Айта берсем, көп. Ер-азамат қай кезде жылайды? Әділетсіздікке төзбей қарсы шыққанында маңдайы тасқа соғылып, қия­нат көріп, ыза қысқан кезде... десек, «Жігіттің көз жасы» әңгімесінде адам жанындағы осы бір сезім толқуы керемет бейнеленеді. Ал «Қысқы түн» әңгімесінде ел ортасынан жы­рақ кетіп, оңаша қой бағып отырған шал мен кемпір өмірінің бір-ақ сәтіне куә бола­сыз. Сол бір сәт, бір кеш, бір түннің өзі оқыр­ман­ға көп жайттан хабар береді. Ымырт үйірі­ле бастаған шақтағы шағын қарба­лас­тан олардың қолдарында жас келіні бар еке­нін, ұлдың әскерге кеткенін, кемпір-шал­дың сол баладан хат күтіп зарығып отыр­ға­нын ұғасыз. Аяз күшейіп тұрған апақ-са­пақ­та бума-бума боп жиналып қалған газет-жур­нал­ды жеткізіп бермек боп екі жас жігіт келе қалады. Әншейінде іздесең таптырмайтын балалардың бұл жүрісін қарт бірден жақ­тырмайды. «Елдің ортасында отырудың ор­нына қартайғанда қой бағам деп қиғылық сал­­ған, тым болмаса өздеріндей жас кө­мек­ші де алмаған алжыған қақпастың» тір­лігіне нара­зы кемпірдің қонақтарға шақ­қан мұңы шал ашуын үдете түседі. «Жер түбіне кетсең де іздеп тауып алып отырған жоқ па мына­лар? Елдің ортасында отырсаң қайдан ты­ныш­тық берер. Жас болған соң бұлардың отыр­­мақ-сотырмағы, кинә-синәсі бол­май тұра ма? Жас бала... бірдемеге ұрынып қалып жүрсе... Құдая, сақтай гөр!» дейді өз ойынан өзі шошып. Сөй­теді де, «кемпір, тездетіп сор­паң­ды әкел, балалар асығып отырған шығар» дейді. Бірақ «балалар» асықпайды, «қап, мо­тордың суын ағызып қойып едім» дейді бірі жорта сан соққан болып. Ақыры бұлардың осында қонатынын білген қария құдайы қонақты үйден қуып жібере алмай, амал жоқ, түнгі күзетке шығады. Қой күзетіп отырса да, ақсақалдың ойы түзде емес, үйде болады. «Кемпір келінді өз жанына алып жатты ма екен-ай» деп уайымдайды. Түнімен елегізіп, ауық-ауық мылтық атып, иттерін айтақтап, өз-өзінен үйді айналып, айғайлап шығады. Оның малын ит-құстан ғана емес, беймезгіл қо­нақтардан жас келінін де күзетіп шық­қа­нын сезінесіз. Сезініп қана қоймайсыз, өзіңіз де мазасызданып, қалай «күзетіске­ніңіз­ді» білмей қаласыз... Ол сынның да майталманы еді Қажығали ақсақал қазақ интеллиген­ция­сының қасіреті туралы үш хикаят жазды. Бірін­шісі – өз отбасын тастап, орыстан, та­тар­дан әйел алып, халқынан, ауылынан, ағайы­нынан алыстап кеткен алдыңғы буын­ның аянышты тағдыры («Ақырғы күн»). Екін­шісі – репрессияға ұшырап, айдалып кет­кен, заманның бар азабын тартып, қоғам­ға қайта оралған, бірақ ешкім қайтып қабыл алмаған зиялының бастан кешкендері («Бұра­лаң жол»). Үшіншісі – кеңес дәуірінің бергі кезеңіндегі білімді, оқыған азамат­тар­дың арасындағы көзқарас қайшылықтары жайында («Ескі достар»). Өкініштісі, жазушының осы хикаят­тары туралы әлі күнге ауыз толты­рып айтарлықтай толымды сын жазылған жоқ. Бұл туындыларын ғана емес, жалпы шы­ғармашылығын біздің әдеби сын жақ­сы­лап талдап-таразылады дей алмаймыз. Әр жер­де бір атүсті атап өтіліп, жайдақ мақта­лып, жанама түрде сөз етілгені болмаса, кә­сіби тұрғыда лайықты бағасы беріле қой­ма­ғаны анық. – Рас, сол күйі ешкім ештеңе деген жоқ. Қа­зір жұрт бір-бірін оқымайды да ғой. Оның үстіне, мен «Тар кезең» романымен архивке кө­міліп, көп отырдым да, 20 жыл бойы басқа еш­теңе жазбай, оқырмандардың тұтас бір буы­нының жадынан шығып кеттім. Басқа шы­ғармаларым жөнінде ара-тұра жазылды, бірақ әлгі үш хикаят жөнінде тырс еткен үн болған жоқ. Кімге барып арыз айтасың? Әде­биетте не бар екеніңді, не жоқ екеніңді се­зін­­дірмеген күйі діңкеңді құртып, сағыңды сын­дырып, тым-тырыс үнсіз қалу – талант өл­тірудің ең арсыз әдісі ғой. Тым болмаса, аямай сынаса – мен де тірі жанмын, өзімді ақтап, қорғап шығар едім ғой. Өйтіп, өздері ұятқа қалғысы келмеді. Мақтауға – қимады, ар жағындағы қызғанышы жібермеді. Сөй­тіп, «Оқығам жоқ» деп көз жұмып отыра бер­д­і, – деп қынжылып еді бірде ағамыз. Ал Қажыағаңның өзі сын жазуға да май­талман еді. Бір сұхбатында Тұрдыбек Ал­шын­баев, Тобық Жармағамбетов, Жақсылық Түменбаев секілді аса көп айтыла бермейтін жазушылар туралы сөз қозғады. Таланты бас­қа атақты жазушылардан кем емес осын­дай қаламгерлердің сонда да ескерусіз қала беретініне қынжылатынын білдірді. Ақыры ешкім үндемей қойған соң бірде әбден ыза боп, «Әлдеқашан айтылатын сөз еді...» деген та­қырыппен Молдахмет Қаназ шығарма­шы­лығы туралы мақала жазғанын айтты. – Мен бір жетіскеннен, сыншылығым ұстағаннан жазған жоқпын. Жігіттерге обал да! Ешкім жұмған аузын ашпайды. Пысық­тығы жоқ, бірақ жақсы, талантты жазушылар осы­лай елеусіз қалып жатыр. Молдахмет Қа­наз – өте құрметтейтін жазушым. Ширақ, шымыр шығармалары бар. «Қияндағы күн нұры» деген хикаяты – классикалық туынды! Ке­зінде грузиндер аттай қалап, өз тілдеріне ау­дарған. Бірақ ол туралы да айтылмайды, жа­зыл­майды, – деп өкініш білдірген бола­тын. Қажыағаң – қашанда өз ойын ашық ай­татын, мақаласында, сұхбатында атын атап тұрып сынаудан тартынбайтын әділ адам еді. «Бізде полемика мәдениеті дамымаған ғой, сыналған адам да, былайғы жұрт та бұған әде­биеттің ісі деп емес, жеке бастың мәселесі деп қарайды, дұрыс түсінбейді, мұның сізге не керегі бар?» деп сұрағанымда: «Маған түк­ке де керегі жоқ, тек «жұрттың құлағы үй­ре­не берсінші, жастар өз ойын ашық айтудан қорықпауға болатынын түсінсінші» деп пікірлерімді жасырмай айтып жүремін», – деген еді. Жиырма жылға созылған шығарма Осыдан бес жыл бұрын Қажығали аға­мен жақсылап бір сырласқандай бо­лып едім. Мынау бір үзік сыр сол сұхбаттан алы­нып отыр: «Қазақ әдебиетінде ашық айтыла бер­мей­тін бір мәселе бар. Бәлкім, оған әлі дең­гейіміз жетпей жатыр ма, білмеймін. Кей жазу­шылардың әңгімелері жап-жақсы оқы­лады, бірақ мән беріп қарасаң – «лите­ра­турщина» бар. Яғни, жазу техникасын мең­геріп алған, өте сауатты жазылған, бірақ жан жоқ. Жүрегіңді қозғамайды, лүп еткізбейді. Се­бебі «апырмай, әне бір тұсында күшті тауып кеткен екен-ау, мынау бір айтылмай жүр­ген, біз ескермеген нәрсе екен-ау» дей­тін­дей оқшау ой, елжіретер ештеңе жоқ. Яғни, әдебиеттің дүниесі емес, таза машық­тың нәтижесі. Осындай жақсы «литера­тур­щинамен» айналысып жүргендердің өзі бізде керемет жазушы саналады. Өйткені деңгейі одан да төмен, сол «литературщинаның» өзін жетістіре алмай жүргендер жетерлік. Сосын бізде тосын ой, жаңа сөз айтқан, басқаша жазуға, қазақ әдебиетінде қа­лыптасқан үлгі-шеңберден шығуға ұмтыл­ған шығармаларды лайықты бағалай білу жоқ. Әдеби сын деген жылына қанша кітап шық­ты, қандай шығармалар жазылды, кім­нің қанша жылдық мерейтойы өтті – соны түгендеумен шектелмейді. Сын – құр сынап-мінеу де емес. Сын әдебиеттегі жақсы шығар­маның, талантты шығарманың лайықты ба­ғасын беріп, ол несімен ерекше, несімен мықты – талдап-таразылап, оның тууының әлеуметтік мәніне, жазылу себебіне үңілуі ке­рек. Біздегі қазіргі сынның деңгейі – «мына әңгіме немесе өлең жақсы екен» дейді де қоя­ды. Жақсы деген жай сөз. Сын шығар­ма­ның жақсы екенін айтып қоя салмай, не­сімен жақсы екенін қолмен қойғандай дә­лел­деп беруі керек...» Қазақтың сөз өнеріне, әдебиетіне, жазу­шы еңбегіне жанашыр көзқарастағы, ашын­ған қаламгердің жан сыры секілді осы сөз­дер... Ал «Тар кезең» – таза тарихи тұлға ту­ра­лы роман. Сырым Датұлы бастаған көтеріліс – қазақ тарихындағы үлкен оқиға. Сон­дық­тан жазушы бұл шығармаға бұрынғысынан да мол ыждағатпен кірісті. Көз майын тауысып, та­лай архив ақтарды, қаншама тарихи ма­те­риал қарады. Кейін өзі айтқандай, романға сол қыруар мәліметтің ширек бөлігі ғана пайдаланылыпты. Топырақ арасынан алтын іздегендей ауыр еңбек қой бұл деген! Өйткені тарихи дерек оқырманға қанша қызықты бо­л­ғанымен, шығарманың әдеби тінімен қа­быспаса, жымдасып кетпесе, оған зиянын ти­гізеді, көркемдік сипатын бұзады. Сон­дық­тан да «Тар кезеңді» жазу барысында Қа­жығали Мұханбетқалиұлы автор ретінде, бір жағынан, жазушылық қиялының өзін шек­теп отыруға тырысса, екінші жағынан, де­ректі дүниеге ұқсап кетпеуін қатты қада­ға­лаған. Бұл – өгізді де өлтірмей, арбаны да сын­дырмай, қос құлама жардың ортасына тар­тылған қылдай арқанның үстімен құ­ла­май жүріп өткендей майталман шебер­лік­ті қажет ететін іс. Қажыағаң сол үдеден шыға білді. Кітапты жазуға 1992 жылы кірісті. Сол жыл­ғы «Жалын» журналының 6-санында ро­манның бірінші тарауы шықты. Тура 20 жыл­дан соң, 2012 жылы «Тар кезең» толық аяқ­талғанда, сол тарау бір сөзі өзгерместен кітап­қа енді. Әдеби ортада жоғары бағала­нып, Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. * * * 1942 жылдың 8 желтоқсанында Ақтөбе об­лысы Байғанин ауданы Қызылбұлақ ауы­лында дүниеге келген қазақтың қабырғалы қа­ламгері, Қазақстанның Мемлекеттік сый­лығының иегері Қажығали Мұханбет­қали­ұлы биыл мерейлі 80 жасқа келер еді. Алдың­ғы жылы бақи дүниеге аттанған аяулы аға­ның жарқын бейнесін жадымызға тұтып, шы­ғармашылығын насихаттап, мол мұра­сын жас ұрпақтың санасына сіңіру – біздің қолдан келер іс енді осы ғана. Қашанда ақ сөйлейтін, әділін айтатын тура­шыл ақсақал, қаламын шындыққа суар­ған жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы та­маша шығармалары арқылы қазақ жадын­да өмір сүре береді.

Сәкен СЫБАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары