540
«Айғайлап» келген апат
«Айғайлап» келген апат
Биылғы жылу маусымы үлкен апатпен басталды. 27 қарашада Екібастұздағы жылу электр орталығындағы қазандықтар бірінен кейін бірі істен шығып, халық жылусыз қалды. ЖЭО жағдай тез арада реттеледі деп мәлімдегенімен, қалада жағдай ушығып, төтенше жағдай жарияланды.
Дегенмен бұл – жалпы жылу беру нысандарының жұмысында туындаған алғашқы түйткіл емес. Екібастұздағы жағдай еліміздің әбден тозған энергетикалық инфрақұрылымының жиынтық бейнесі деу артық айтқандық емес.
Тозған жүйе, әдепкі әдет
Естеріңізде болса, биылғы 20 наурызда Петропавлдағы ЖЭО-да үш құбырдың бірі құлаған болатын. Одан соң арада 3 күн өткенде Степногорск қаласындағы жылу орталығында да апат болып, тұрғындар 3 күн жылусыз қалды. Ал 5 қарашада Риддердегі ЖЭО-ның жұмысынан олқылық шықты.
Биыл сәуірде Энергетика министрлігі ел бойынша жылу электр орталықтарының жай-күйі туралы ресми есеп берген еді. Онда еліміздегі ЖЭО-ның негізгі жабдықтары 66 пайызға тозғаны айтылды. Бұл – орташа көрсеткіш. Ал Орал, Тараз, Кентау, Қызылорда және Степногорск ЖЭО энергия жабдықтарының 80 дан астамы тозған.
Елімізде барлығы 37 жылу электр орталығы бар. Солардың 76 пайызы 50 жылдан бері жұмыс істеп тұр, ал 24 пайызына 30 жыл болған.
Өткен жылыту маусымында жылумен жабдықтауға байланысты 36 проблемалық жағдай орын алған. Төтенше жағдай министрлігі және ЖАО Республикалық дағдарыс орталығының деректері бойынша, биылғы жылыту маусымы басталғаннан бері автономды қазандықтарда – 2, жылумен жабдықтау желілерінде – 11, сумен жабдықтау желілерінде 13 олқылық тіркеліпті.
Энергетика министрлігінің өзі мәселенің нақты себебі жылу жүйелерінің тозуы екенін мойындап отыр.
«Энергетика саласы ескірген жабдықты жаңғыртуға, қайта құруға, ауыстыруға, сондай-ақ электр станцияларының жабдықтарын күрделі жөндеуге қауқарсыз болып отыр, бұл мақсатта инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қаржы тапшы». Бұл – ведомствоның баспасөз релизінен алынған үзінді.
Сонымен қатар қоғамдық саясат институтының биылғы қарашадағы әлеуметтанулық зерттеу деректеріне сәйкес, жылу, энергия, су магистральдары мен трассалардағы ірі апаттар ең өзекті әлеуметтік мәселелердің 3-тігіне кіреді екен. Ал ел бойынша әрбір алтыншы тұрғынды жылу желілерінің жағдайы алаңдатады.
Яғни, бұл жерде айтпай келген апат жоқ, «айғайлап» келіп отыр. Екібастұзда да бұл мәселе де қашаннан бері көтеріліп келген. Тұрғындар да қаншама рет шағымданған. Тек оны естір құлақ, назар аударған жауаптылар болмаған. Енді, әдеттегідей, іс насырға шапқанда салдарымен ғана күресуге тура келіп отыр.
Түйткілдің түйіні көп
Екібастұздағы апаттан кейін осы аталған 37 жылу орталығының екеуі ғана мемлекеттің меншігінде екені мәселе ретінде көтерілді. Коммуналдық меншікте 10 орталық (Семей, Қостанай, Кентау, Орал, Арқалық, Шахтинск, Астана, Қызылорда, Тараз) болса, үшеуі квазимемлекеттік, («АлЭС» АҚ) ал 22-сі жеке меншікте.
Яғни, орталықтарды меншікке алғандарды жылу орталықтарының ахуалы аса алаңдатпаған. Енді жекеменшіктегі стратегиялық нысандарды қайтадан мемлекетке қайтару мәселесі бойынша бастама көтеріліп отыр. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Парламент тарапынан Үкіметке тиісті сауал жолданатынын мәлімдеді.
– Бұл да маңызды мәселенің бірі және барлығы заң аясында жүргізілуі керек. Осы жағдайдан кейін кім жауапты болды, қалай болды, неге дайындық жұмыстары жасалмаған деген сұрақтардың барлығына тиісті органдар жауап береді. Содан кейін осы нысандарды мемлекетке қайтару мәселесі қаралады, – деді Сенат спикері.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев жылу электр орталықтарының қайтарылуына қатысты бірқатар мәселені нақтылап өтті. Дегенмен Сенат Спикері бұл өз міндеттемелерін орындап отырғандарға қатысты емес екенін айтты.
– Мұнда барлық жағдай үшін бірыңғай шешім жоқ: кейбір аймақтарда өте жауапты инвесторлар болуы мүмкін, егер олар бәрін дұрыс жасаса, уақытында жөндеу жұмыстарын жүргізсе, өз міндеттемелерін орындаса, әлеуметтік және экологиялық ережелерді сақтаса, олар жұмыс істей алады деп ойлаймын. Бірақ проблемалы нысандар немесе иелері жұмыс істемейтіні туралы сигнал болған объектілер бойынша ЖЭО және басқа объектілер қалыпты режимде жұмыс істеуі үшін оларды мемлекетке қайтару мүмкіндігі қарастырылады. Барлығы еліміздің заңдарына сәйкес болады, – деді ол.
Дегенмен жоғарыдағы статистикалық мәліметтерді негізге алсақ, тозған ЖЭО-ны мемлекеттің меншігіне толық беру арқылы ғана тозған жүйені толық оңалту мүмкін болмайды деген күдік бар, оған қоса бұл жыл сайын ел бюджетіне түсетін жүктемені арттыратынын ескеру керек. Ал орталықтарды меншікке алғандардың талаптарды сақтауға құлықсыздығы тек салғырттықтан ба? Яғни, Үкіметтің алдында проблеманың себебін толық анықтап, салдарын жоюға қатысты кешенді жұмыс, нақты тетіктер әзірлеу міндеті тұр.
Екібастұздағы ахуалға қайта ойыссақ, қала тұрғындарына еліміздің әр аймағынан гуманитарлық көмек жөнелтілді. Қалаға Мәжіліс депутаттары, Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мен төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин барды.
Ал 29 қарашада Энергетика министрлігінің Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов апат бойынша тергеудің басталғанын мәлімдеді.
– Бүгін ЖЭО басшылығы ресми түрде хабардар етілді. Он жұмыс күні ішінде тергеуді аяқтап, қорытындыны хабарлаймыз. Кәсіпорындардың тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастырдық. Желідегі жылудан ажыратулар сервистік компаниялармен бірлесіп пысықталды, – деді Есімханов.
«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС құрылтайшысы Александр Клебанов компанияның ақауды жою үшін қажетті ресурстары бар екеніне сендіріп отыр.
– Біз жеке компания ретінде орын алған жағдайға толық жауап береміз. Мұнда құқық қорғау органдары мен прокуратураның қатысуымен комиссия құрылатыны сөзсіз. Олар бәрін мұқият қарастырады. Бұған біз де мүдделіміз, – деді Александр Клебанов.
Ал Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы Әбілқайыр Сқақовтың мәліметінше, қазіргі кездегі басты міндет – үйлерді жылумен жабдықтауды қалпына келтіру.
– Бәрі проблеманы толықтай түсініп отыр, нақты шешімдер қабылдау қажет. Біз осы мақсат үшін жиналдық. Негізгі міндет – тез арада жылумен жабдықтау жүйесін қалпына келтіру. Біз барлық күш пен ресурстарды қолданамыз. Сондықтан бәріміз қаладағы жылумен жабдықтау жүйесі штаттық режимде іске қосылмайынша, бұл жерден кетпейміз. Тұрғындар бізден тек осыны күтеді, – деді Әбілқайыр Сқақов.
Қаланың кей аудандарына жылу қайта берілді, дегенмен жағдай әлі тұрақталған жоқ. Су тоқтаған кезде қатып қалған құбырлар су қайта берілгенде жарылып, қиындық үстіне қиындық қосып отыр. Жылу магистралін жөндеу жұмыстарына өзге өңірлерден бригадалар жұмылдырылды. Қаладағы магистральдің жарылған екі негізгі жері 30 қарашада қалпына келтірілетіні айтылды.
Қорыта айтқанда, мәселе бір күнде туындап отырған жоқ, қыстың қамы бір жаз емес, бірнеше жаз елеусіз қалып келген. Әдеттегідей жағдай кешенді де күрделі.
Дегенмен Үкімет бұл саладағы ахуал реттелетініне сендіріп отыр.