50236
Астанада жаңа аудан құрылуы мүмкін
Астанада жаңа аудан құрылуы мүмкін
Астана аумағында тағы бір аудан құрылуы мүмкін. Бұл туралы “Ашық” НҚА порталында жарияланған елорда әкімдігінің қаулысы және мәслихат шешімінде көрсетілген деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңының 13-бабы 3-тармақшасына сәйкес Астана қаласының әкімдігі мәслихат шешімін негізге ала отырып келесіні қаулы етеді: «Астана қаласында жаңа аудан құрылсын. Астана қаласының «Алматы», «Байқоңыр», «Есіл», «Сарыарқа» аудандарының және жаңа ауданның шекаралары осы бірлескен қаулыға және шешімге қосымшаға сәйкес белгіленсін. Осы бірлескен Астана қаласы әкімдігінің қаулысы және мәслихатының шешімі оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі», - делінген хабарламада.Құжат жобасына сәйкес, жаңа ауданның шекарасы 19 336 гектарды құрайды. Ол қаланың батыс бөлігіндегі Есіл өзенінің бойымен шығысқа қарай Қабанбай батыр даңғылына дейін, одан әрі Қабанбай батыр даңғылының тақ сандар жағымен және Қарқаралы тас жолының батыс жағымен қаланың оңтүстік шекарасына дейін аумақты қамтиды. Жаңа ауданға қандай атау берілетіні әзірге белгісіз. Егер аталған ұсыныс ресми бекітілсе, онда Астанада 5 әкімшілік-аумақ пайда болады. Елорда әкімдігінің қаулысы мен мәслихаттың шешімін ашық талқылау 7 желтоқсанға дейін жалғасады.