«Дос-Мұқасан» ансамблі жетекшісінің гитарасы аукционға қойылады

«Дос-Мұқасан» ансамблі жетекшісінің гитарасы аукционға қойылады

«Дос-Мұқасан» ансамблі жетекшісінің гитарасы аукционға қойылады
ашық дереккөзі
50296
«Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушы әрі алғашқы жетекшісі Досым Сүлеев 50 жылдық тарихы бар гитарасын XIII қысқы қайырымдылық балының аукционына тапсырды деп хабарлады turkystan.kz. Досым Сүлеевтің айтуынша, ансамбльдің репертуарындағы «Жан досым» әнінің музыкасы осы гитарамен жазылған екен.
«Біз бұл гитараны студент кезімізде ауылшаруашылық жұмыстарынан тапқан еңбекақымызға сатып алдық. Ол кезде жатақханада тұрдық. Онда электр гитара немесе фортепиано кіргізе алмайтынбыз. Сондықтан  қарапайым гитара сатып алдық. Бұл аспаппен жатақханада бірге тұрған қыздарға арнап ән айтатын едік. Негізі, бізде үш гитара болды. Бұл – біздің соңғы сатып алған аспабымыз», – деді Досым Сүлеев.
 width= Ол осы гитараны оған Мәскеуге оқуға кетерде музыканы ұмытпасын деген ниетпен ансамбль мүшелері сыйға тартыпты. Сол кездерде Мәскеуде жүріп, достарға деген сағыныштан «Жан досым» әнін жазған.
«Егер адам жастарға, балаларға және олардың болашағына мән бермесе, онда оның ақылы жоқ. Ал егер балаларға аяушылық, жанашырлық танытпаса, онда оның жүрегі жоқ. Ансамбльдің бірінші жетекшісі ретінде топ атынан біз үшін жәдігерге айналған заттарды тапсырмақ болдық. Себебі «Болашақ» қоры өз аукционында нақты құнынан қымбат бағаға сатып, түскен ақшаны аса ауыр сырқаттары бар балалардың еміне жұмсайды», – деді Досым Сүлеев.
Бүгінде қысқы қайырымдылық балы өзінің  10  жылдық тарихында жыл сайын өтетін елорданың ірі қайырымдылық және мәдени іс-шараларының біріне айналды. 2 жылдық үзілістен кейін қысқы қайырымдылық балын өткізу дәстүрі қайта жалғаспақ.
«Қысқы қайырымдылық балы он жылдық тарихында елорданың ірі қайырымдылық және мәдени іс-шараларының біріне айналды. Екі жылдық үзілістен кейін біз серіктестерімізбен бірге балды өткізу дәстүрін жалғастыруды ұйғардық. Одан түскен қаражатқа бүкіл ел бойынша инклюзивті алаңдар желісін құрдық. Соның арқасында аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар 700-ден астам баланы арнайы орталықтарда оқыттық. Бүгінгі таңда ерекше балалармен жұмыс істейтін жүздеген педагог пен маманды үйретіп жатырмыз. Оқу-ағарту министрлігінің сертификаттауынан өткен еліміздегі алғашқы ерекше балаларды оқыту бойынша біліктілікті арттыру курсын әзірледі. Сондай-ақ еліміздегі мінез-құлықты қолданбалы талдауды дамытудың негізін қаладық. Аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар балаларды оқыту бойынша қазақ тілінде тұңғыш кітап шығардық. Бүкіл ел бойынша жүздеген мамандардың жұмысын сапалы сүйемелдеуді қамтамасыз етеміз» - деді Динара Гаплан.
Жиналған қаражат «Болашақ» қорының ерекше қажеттіліктері бар балалар мен дарынды жастарға арналған «Әр бала мектепке баруға лайықты» және «Жол жүру гранттары» қайырымдылық бағдарламаларына бағытталды. Сонымен қатар XIII қысқы қайырымдылық балдың аукционына 1940-1950 жылдары қолдан тоқылған кілемдер, АҚШ-тың 14-президенті Франклин Пирс қол қойған жер телімін беру туралы 1856 жылғы құжат және тағы басқа құнды заттар қойылады. Журналистер алдында «Нұрбанк» АҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Данияр Қасенов,  Hilton Astana  қонақүйінің басқарушы директоры Алан Стокер сөз сөйлеп, ал қысқы қайырымдылық балдарының қоюшы-хореографы, Қазақстанның хореографтар одағының мүшесі Евгений Моисеев балдың дебютанттары мен балға дайындықтың ерекшеліктері туралы айтып берді. Қайырымдылық қаражатын пайдаланудың ашықтығын сақтау мақсатында қордың www.bolashakcharity.kz сайтында қаржылық есептер жарияланады. «Болашақ» қайырымдылық қорының мәліметінше, 10 жыл ішінде 800 млн теңгеден астам қаражат жиналған. Оған 70 мамандандырылған оңалту мекемесі мен 46 инклюзивті қолдау кабинеті ашылған. Сондай-ақ  аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар 700-ден астам бала мен тұрмысы нашар отбасылардың балаларына көмек көрсетілген. Сол қаражатқа 3 000-нан астам маман оқытылып, инклюзивті білім беру саласында 500-ден астам жұмыс орны ашылды және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға 100-ден астам білім беру және жол жүру гранттары берілді.  

Серіктес жаңалықтары