Адай жылқысы: аңыз бен ақиқат

Адай жылқысы: аңыз бен ақиқат

Адай жылқысы: аңыз бен ақиқат
ашық дереккөзі
1684
Түменбай Қалжанұлы – Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен азамат. Агроөнеркәсіп саласының ардагері. Адай жылқысын насихаттап, өңірде жылқы шаруашылығын дамытып және оның мәселесін мемлекет деңгейінде біраз жылдар бойы көтеріп жүрген Қалжанұлымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. – Түменбай Қалжанұлы, күні кеше ғана Пре­­­зидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Маң­ғыс­тауға келген сапарында «Қа­зақ Адай жыл­қысын әлемге таныта алса, бұл біздің та­ғы бір тамаша брен­дімізге айналады. Сон­дықтан Үкіметке оны ғылыми түрде асыл­тұ­­қымды мал ретін­де тану және көбейту үшін тиісті жұ­мыстарды жедел қолға алуды тап­сыра­мын», – деп айтып, тиісті орын­дар­ға шег­елеп тапсырма беріп кетті. Біз сізді осы Адай жылқысын насихаттаушы ретінде жақ­сы білеміз, қуаныш құтты болсын! – Қуаныш ортақ. Бұл күнді, осы сәтті бүт­кіл Маңғыстау жұртшылығы қашама жыл­дар бойы сарыла күтті. Қаншама әке­лері­міз бен ағаларымыз осы сөзді Мемлекет бас­шысының аузынан ести алмай арманда кет­ті. Міне, төккен тер, еткен еңбек ақталды. Олар да топырағында бір аунап түсіп жатқан болар! Айтып өтер жайт, мен Адай жылқысын те­рең зерттеп жүрген жан емеспін, тек ма­ман­дығым мен жұмысым мал шаруа­шы­лы­ғы­на қатысты болғандықтан аздаған біле­ті­нім бар болар. – Бүгінде біреуге – аңыз, біреуге – ақиқат – Адай жылқысы туралы талай кітап, талай ғы­лыми еңбектер жазылды. Алайда соңғы жыл­дары ғана қоғам текті жылқыға бет бұ­рып, жұртшылық назар аудара бастады. Не­ге? – Білгенімді айтайын. Әрине, сонау ықы­лым заманнан жылқының бұл түрі ауыр жү­ріс­тің қай түріне де төзімді, шыдамды, әсі­­ресе әскери мақсатқа жарамды екендігін біз­дің ата-бабаларымыз алдымен білді. Білді де пайдаланды. Өрісін кеңітіп, талай жерді жау­лап алды. Алысқа бармай-ақ, далалықтар Ре­сейді 300 жыл бодандықта ұстағанын айт­сақ та жеткілікті. Шапшаң жүрісті, шалт қи­мылдайтын ат мінген көшпенділер таудан ақ­қан сел сияқты, жолындағысын жапырып өтті. Алайда кейін Моңғолдардан соғыс так­тикасын үйреніп, солар сияқты шапшаң жү­рісті, ұзақ жолға, мініске төзімді, күй таң­дамайтын, аштыққа да шөлге де шыдамды ат­пен әскерін қамтыған князь Александр Донс­кой Мәскеу түбінде Мамай ханның әс­керін тас-талқан етті. Міне, сол кездегі аттың құ­діреті! Жалпы, көшпенділердің тарихы тұл­парлардың тұяғымен жазылғаны бе­сенеден белгілі. Оның ішіне Қазақ деген ұлт – біз де кіреміз. Біздің бұл «артықшылы­ғы­­мызға» ішкі және сыртқы жаулар да қол қу­сы­рып қарап отырған жоқ. Олар да білетін бар айла-шарғысын жасады, барымталап тәуір деген атты ұрлады, тұқым алып қалуға ты­рысты. Сулы, нулы жерлерді басып алып, шөл­ді, құмды аймақтарға тықсырды. Қайт­кен­де де қазақты аттан түсіруге тырысты. Олар­дың ойы белгілі бір дәрежеде жүзеге асты да, бірақ ұлттың бойындағы кодын жойып жібере алған жоқ, ежелден жылқымен тектес, тамырлас халық туған топырағында қай­та түлеп жатқан болуы керек деп ойлай­мын. Жұрттың жылқы малына, соның ішінде Адай жылқысына ерекше ықылас танытуы осыдан шығар. – Айтыңызшы, Адай жылқысы деген қан­дай жылқы? Қазақтың өзге жылқы­лары­нан түр-тұрпаты ерекше ме? – Ееее...(кеңкілдеп күліп алды). Бұл сө­зіңе Есенғалидың «Тұсаулы тұр боз шолақ. Ойқы-шойқы, орда-шорда бітімі, Кетіпті әбден жануардың ыпыны. Бұл – кешегі бір күндерде, Үш қиянның еліне Шапса, бәйге бермеген Есіл біздің Көкжұлынның тұқымы» деген бірауыз өлеңімен ақ жауап беруге болады екен. Көрмеген адамдардың көз алдына Адай жылқысы дегенде кеудесі аяққаптай, тұяғы шомбалдай орыстың немесе Арап пен Түр­кі­меннің сүйріктей сұлу аттары елестеуі мүм­кін. Бірақ 90-100 шақырымға тәулік бойы тынбай шабатын Көкмойнақ жылқыға он­дай сұлулық пен шомбал дененің құны көк тиын. Жалпы деректердің айтуы бойынша, Адай жылқысының XVIII ғасыр­дың 20-25 жылдарынан бастау алатын сын­ды. Табиғаты белгілі. Қоныстың өзі бірде бар, бір­де жоқ. Жазымыз ыстық, ылғал жоқ. Қа­та­лап бара жатса, Каспий теңізінің ащы суын іше­ді. Маңғыстаудың қараойына мал қыс­та­са, көктем-жазға салым Үстіртке, Жем-Сағыз, со­нау Арқаға асады. Жылда осы жағдай қай­таланады. Осындай жүріс-тұрысқа қан­дай жылқы шыдайды? Әрине, осы жағдайға бейімделген мал ғана сыр бермейді. Яғни, Адай жылқысын, табиғаттың өзі сұрыптап шы­ғарды, шалдардың күнкөріске қарай жа­саған, халықтық селекциясы деуге әбден бо­лады. Әрине, сонымен қатар бұл жылқыда Түрік­мен жылқысының да қаны бар. Жоқ де­сек, өтірікші болар едік. Екіншіден, бұлар Кас­пий теңізінен бастап, сонау Аралға дейін – Батысқа қарай, жергілікті тұқымдар. – Одан ары қарай қандай тұқымдар? Жал­­пы қазақта жылқының қанша тұқы­мы бар? – Қазақта жылқының 3 тұқымы болған, со­нау Шығыста, таулы аймақта – Найман жы­л­қысы, одан бері қарай орталықта – қа­зақ­тың жабы жылқысы, жоғарыда айтып өткенімдей, Аралдан Каспийге дейін ара­лық­та Адай жылқысының түрі бар. Кейін осы Жабыға тұқым (порода) атағы – Қазақтың Жа­бы жылқысы деп берілді. Ал Адай жыл­қы­сы әліге дейін түр деген атаудан құтыла ал­май келеді. Найман жылқысы да түр, тіпті бұл жылқы жойылып кетіп, тек 2000 жылдан бері қарай, азаматтар оны қайта тірілтіп, «Жылқы тарихына» тіркетіп, қосты. Оны жа­­саған Қазақтың мал шаруашылығын және мал азығы өндірісін ғылыми-зерттеу инс­ти­туты­ның қызметкерлері. Кешегі жаугершілік, Қалмақ-Жоңғар шапқыншылығы кезінде де қазақтың бүткіл әскерінің астында осы Адай жылқысы бол­ды. Мүмкін, қолбасшылары, бай-бағы­лан­дары Қазанат мінген болар, бірақ негізгі әс­кердің тақымында осы Көкмойнақтың тұ­қы­мы болды. Ол енді арнасы кең, бөлек әң­гіме. – Жалпы, жылқы тарихын зерттеу­ші­лер оны кезең- кезеңдерге бөліп жүр. Со­­ның ор­та тұсы – кешегі Кеңестік дәуір. Білуімізше, өт­кен ғасырдың 40-жыл­­дары Адай жыл­қы­сын зерттеу, оны асылдандыру жұмыстары бір­аз бе­лең алған сияқты, солай ма? – Дұрыс айтып отырсыз. Кеңестік ке­зең­н­ің жақсы да, жағымсыз да жағы бар ғой. Оны тарих безбендей жатар. Біздің біле­ті­ні­міз – сол кездері Адай жылқысына ай­рық­ша на­зар аударыла бастады. 1937 жылдан бас­тап совет ғалымдары жылқының әскерге, өн­­діріске төзімділігі мен күш-қуатын есеп­теп, ауа райына бейімділігін, тіптен жеген шө­біне дейін тексеріп, ғылыми жұмыстарын бас­тады. Соғыс кезінде мыңдаған жыл­қы­лар­ды оқ пен оттың ортасына алып кетті. Ауыл шаруашылығы басшыларына тұ­қым­дық мал – асылтекті ұрпақ дайындау, сол арқылы шаруашылықтардың сұранысын қа­нағаттандыру міндеті қойылды. Осы аса маңызды мемлекеттік стратегиялық есептегі шаруамен тікелей айналысу үшін Одақтық дең­гейде 1943 жылы аймақтық Мемлекеттік Гурьев асылтұқымды Адай жылқысын өсіре­тін мекеме ұйымдастырылды. Оның ор­та­лығы өзіміздің Таушық ауылында болды. Ол тікелей Мәскеуге қарады және оның тағдыры Кеңес Одағының маршалы С.Буденныйдың құ­зырында болды. Обалы не керек, сол кез­дері жылқы шаруашылығы қатты дамыды. Сонау ата бабадан келе жатқан, солар­дан қалған дәстүрлі Адай жылқысын өсіру­дің әдіс­темелері жаңамен жаңғыр­ты­лып, оны ғы­лыммен ұштастыра отырып жал­ғастыру жол­ға қойылды. Қазақ ССР Ғы­лым Ака­де­миясы эксперименталдық био­ло­гия иниститутының бастамасымен Адай жыл­қысын зерттеу бағытындағы ғылыми-зерттеу экспедициясы құрылып, ол 1948-1953 жыл­дар аралығында толыққанды жұ­мыс іс­теді. Экспедиция жұмысына про­фес­сор А.Росляков, Б.Садықов және а.ш.ғ. кан­ди­даты А.Иманғалиев жетекшілік жасады. Осы ғы­лыми-зерттеу жұмыстары кезінде, 1952 жы­­лы Мамыр айында алыстағы мал жай­лауда ат шабыстан тәуліктік байқау өткізілді. Оның қорытындысы талайды таңдай қақ­тырды. Адай жылқылары 24 сағатта 304 ша­қырымды шауып өтті. Алайда бұл жетістік ха­лықаралық деңгейге шықпай, тек Қазақ­стан төңірегінде қалып қойды. Адай жылқысына қатысты бар шаруаның бел ортасында жүрген және осы жылқы тұ­қы­мының жұмыс қабілетіне тәжірибе жүр­гізген Айтжан Имангалиев «Адай жылқысы» де­ген тәуір кітап жазды. Бұл да осы эк­пе­ди­цияның жемісі деуге болады. Сонымен, 13 жыл­ға созылған ғылыми-зерттеу жұмыс­та­ры­ның нәтижесінде, республикалық ға­лым­дар мен зерттеушілер ортақ бір тұжырымға кел­ді. Олар болашақта осы тұқымды жақ­сар­тып, одан әрі жетілдіру үшін жеті био­ло­гия­лық желіні негіздеп берді. Олар: Бекесторы, Ең­сегенторы, Есболайторы, Есболайжирен, Қи­баскөк, Ізтұрғанкөк және Өрендік деп же­ті генелогиялық желімен негізделді. Оның үшеуі ет-сүт бағытында, төртеуі жүріске тө­зімділігі бағытында болды. Енді мына ғажапты қараңыз! Экс­пе­ди­ция жұмысының қорытындысына сүйе­не отырып, әлгі ақбас ғалымдар бүй дей­ді: егер қазақтың Адай жылқысының түр өнім­ділігін, еттік, сүттік басқа да мақсатта жыл­қының басқа тұқымымен будандас­ты­ра­тын болсақ, онда ол барлық қасиет-кепие­ті­нен, табиғатқа беріктігінен айырылады. Яғни, жылқымыз өзінің жергілікті та­би­ғаттың қатаң мінезіне төзімділік қасиетін жоя­ды. Сондықтан ғалымдар Адай жыл­қы­сы­ның түрін таза «өз ішінде» будандастырып өсіру қажет деп тұжырымдады. Мұның рас­­­тығына, Маңғыстаудың қысы азынаған жел, жазы аптап ыстық, су көзі тапшы, теңіз нәрі ащы табиғатына қарап-ақ, көз жеткізуге болады. Кейін бұл жұмыстардың бәрі тоқтап қал­ды. Ел арасында сөз бар ғой, «Ма­лен­ков берген байталды, Хрущев келіп қайта ал­ды» деген. Осының салқыны Адай жыл­қы­сына да тиді... – Сонда ғылыми-зерттеу жұмыстары мүл­­дем тоқтап қалды ма? – Мүлдем тоқтап қалды деп айтуға бол­мас, кейін жүргізілген жұмыстар өз дең­гейін­де болған жоқ. Партияның малды асыл­дан­дыру, айғырды асылдандыру, бір-біріне қос­пау деген сияқты тапсырмалары болды, бір­ақ мақсатты түрде, есепке алып, жүйелі түр­де жүргізу деген атымен болған жоқ. Айрықша айтып өткім келетіні, 1982 жылы Маңғыстау облыстық ауыл шаруа­шы­лы­ғы басқармасына Сәбит Әбішұлы деген аза­мат бастық болды. Бұл кісі ұзақ жылдар бойы зоотехник, кеңшар директоры болып ең­бек еткен, асылтұқымды мал шаруашылы­ғы ассоциясын басқарған білікті маман еді. Мен ол кісінің қарауында біраз жылдар қыз­мет еттім, менің ұстазым болды. Сал­ма­нов Өтеген деген ағамыз облыстық мал шаруа­шылығын асылдандыру бірлестігінің бас­шысы болды. Бұл кісіден де біраз тәлім-тәр­бие алдым. Сәкең алғаш рет сол жылы об­лыста шығыс Үстіртті игеру мақсатында «Құлан­ды» совхозын құрды. Ондағы жылқы 10 мың басқа дейін жетті. Ағамыз өзінің ерен ең­бегімен Адай жылқысының бар қадір-қа­сие­тін, табиғатқа беріктігін дәлелдеп шықты. Кейін «Тұлпардың тұяғымен өрілген тарих» ат­ты кітабын жазды. Ал 1984 жылы «Түп­қара­ған» деген совхоз құрды. Бұл асыл­тұқым­ды қаракөл қойы мен асылтұқымды Адай жылқысын өсіретін ферма болды. Бұл екеуінің де мақсаты – Адай жылқысы деген мәр­тебені қайта қалпына келтіру болды. Кейін совхоздың жұмысы ақсап, асылтұқым­ды деген атауды алып тастады. 1988 жылы Сәбит аға сол совхозға мені басшы қылып апар­ды, келесі жылы Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінен инспекция шақырып, асыл­тұқым­ды мәртебені қайта алып, біраз жұмыс жа­садық. Жылқы басын 3 500-ге дейін жет­кіздік. Осы жұмыстардың барлығына жо­ғарыда айтып өткеніміздей, «Адай жылқысы» де­ген кітап жазған Иманғалиев Айтжан де­ген ағамызды Сәбит Әбішұлы Маңғыстауға ша­қырып, біздің шаруашылықтарымызбен шарт­қа отырып, баяғы жұмыстарын қайта жалғастырды. Жылқыны қайтіп бағып-күту керек, көктемде үйір бөлген кезде неге мән беру керек, қалай бір бірін саптастыру керек, осы жұмыстардың басы-қасында Айтжан аға­мыз өзі жүріп, көмектесті. Тіптен, осы кез­де өңірдегі аздаған жылқысы бар шаруа­шылықтарға айғыр сату жұмыстары, алғаш­қы көрмелер ұйымдастырылды. 1996 жылы 2 ақпанда ҚР Ауыл шаруашылығы ми­нистрі­нің Адай жылқысын бірегей тұқымға енгізу туралы Бұйрығы шықты. Бірақ не пайда? Өзіңізге белгілі, елдің экономикасы быт-шыты шығып, колхоз-совхоз­дар жекеменшікке кетті. Алайда сол жыл­дары Ауыл шаруашылығы министрлігі төрт тү­ліктің қайталанбас генофондын сақтап қа­ламыз деп біраз жұмыс істеді. Бұл әрине, көңі­лімізде үміт отын жағып, келешектен қол үзбеуімізге сеп болды. – Нарықтық экономиканың алғаш­қы жыл­дарында еліміздегі қай сала да абдырап қал­ғаны рас, билік басын­да­ғылар ауыл шаруа­шылығын дамытуды әр­түрлі модель­де­рін ұсынып жатты. Сол кез­дері сіздің де ма­ман ретінде өз ойыңыз болған шығар? – Болды ғой, әрине. Мына қызықты қа­раңыз. Кеңес кезеңінде экономика жоспарлы түр­де дамыды. Маңғыстауда елтірі алу үшін қара­көл қойдың саны 700 мың басқа дейін жет­ті. Ал жылқы 30-40 мың, түйе 20-30 мың бас­­тың айналасында болды. Одан ары өс­педі. Қолдан тежеді. Енді нарыққа өткен соң, жағдай бас­қа­ша си­пат алды. 2000 жылдары жыл­­қы мен түйе 60-70 мыңнан асып кетті, қой­дың саны керісінше құлдырап кетті. Не­ге? Өйткені қойды бағу қиын, мехнаты көп. Жазда қырға, қыста ойға түсу керек. Аязды күн­дері қолға қараған қойға жем-шөп керек. Бұрын мұның бар шығынын Үкімет өзі кө­терді. Дотация берді. Енді ол келмеске кетті. Қой азайды. Яғни, мал санын нарық өзі рет­теді. Ал табиғаттың төл перзенті – жыл­қы мен түйе керісінше өсе түсті. Тағы бір мысал, сонау 70-жылдары Дон, Қостанай жылқыларын будан­дас­тырмақ болып, Маңғыстауға әкеледі. Таңер­теңгі сағат 10-дарда жылқы суатқа ке­­­леді, содан көлеңке ауғанға дейін 5-6 сағат шы­бындап тұрады. Содан өріске кетеді. Таңер­тең суатқа кілең биелер келеді де ай­ғыр­лар жоқ. Қайда? Түні бойы 60-70 ша­қы­рым­ға жайылып келген, Адай жылқыларына ере алмай қалған. Бір жерде тұрып, мол шөп­ке үйренген бөгде аттар жүріп жайылуға қауқарсыз болып шыққан. Жылқышылар айғыры жоқ жылқыдан айырылып қалатын болғандықтан, бұрынғы айғырын қайта қос­қан. Әлгі жылқыларды етке тапсырған. Ай­қай шыққан. Ғалымдар айтады, сіздерге бұ­рын да айтылды ғой, мынандай шөл дала­ға, ащы суға тек Адай жылқысы шыдайды деп. – Енді Адай жылқысын дербес тұ­қым дәре­жесіне жеткізу әбден пісіп, же­тілді ғой, соң­ғы жылдары бұл бағыт­та қандай жұ­мыс­тар жасалынды? – Бұл жұмысты Қазақтың мал шаруа­шы­лығын және мал азығы өндірісін ғылыми-зерт­теу институты қайта қолға алған бо­ла­тын. Олар Қазақ ССР Ғылым академиясы экс­перименттік биология институты экс­педициясының 1950-1953 жылдардағы Адай жылқысын зерттеу тұжырымдамасын негізге ала отырып жұмысты бастады. Ғылыми-зерт­теу жұмысына профессор Г.Сизонов жә­не а.ш.ғ. кандидаты Д.Сыдықов жетекшілік жа­сады. Бұл шаруа 2006-2013 жылдар ара­сын­да қолға алынды. Ғалымдар Адай жыл­қы­сын дербес тұқым дәрежесіне жылқының жүріске беріктік көрсеткішін халықаралық судья­лардың қатысуымен өткен сынақ қо­рытындысының оң нәтижесін алып, қол жет­кіземіз деп, алдарына мақсат қойды. Бұ­дан басқа жол болмады. Осыны дәлелдеу үшін 2011 жылы 90 шақырымға халқаралық деңгейдегі байқау өткіздік. Нәтижесінде, жа­рысқа қатысқан 35 жылқыдан 24 жылқы, 90 шақырымды, сағатына 19 шақырым жыл­дамдықпен тек Адай жылқылары жүріп өтті. Осы жарыстың қортындысын қолға алып, біз осы жылы мамыр айында Алматыда өт­кен «Азия ойындарының чемпионаты» деп атал­ған Қазақстан халықтары 111 спар­та­киа­дасының ат спорты жарысында және СНГ және Балтық достастық елдерінің спар­такиадасына қатысып, тағы да Бас жүлдені қан­жығаға байладық. Одан әрі, 2014 жылы Адай жылқылары Фран­цияда өткен дүниежүзілік жарыс­қа қатысып, Париж қаласында еліміз­дің көк байрағын желбіретті. Сізге айтайын, 2011-2014 жылдар арасында Адай жылқысы 17 рет Халықаралық жарыстарға қатысып, жүл­делі орындарды иеленіп келді. Өткен 30 жыл ішінде шет мемлекеттерде өткен Ха­лық­арлық жарыстарға Маңғыстаудың тұл­парларынан басқа бірде-бір қазақтың жыл­қы тұқымы қатысқан жоқ. Өткенде ғана елі­мізде өткен «Ұлы дала жорығы» сайы­сын­да да Көкмойнақтың тұқымы оза шауып кел­ді. – Жылқының алыс жолға төзімділігін бір­аз сынаған екенсіздер, өткен 30 жыл ішін­де оның тұқымын жетілдіру бағы­тында жұ­­­мыстар атқарылған жоқ па? – Болды ғой, бірақ оның да біразы аяқ­сыз қалды. Мәселен, 1999 жылы Президент тап­сырмасымен «Қазақ Тұлпары» жылқы зауы­ты базасында спорттық бағыттағы жыл­қының жаңа тұқымын шығару қолға алын­ды. Су жаңа, жүріске берік, спорттық ба­ғыт­тағы жылқы тұқымын шығаруға 15 жыл жұ­мыс жасалып, мемлекеттен қыруар қаржы жұм­салса да күні бүгінге дейін нәтиже жоқ. Оның үстіне, 2013 жылы Қазақтың мал шаруа­шылығы және мал азығы өндірісі ғы­лыми-зерттеу институттың жылқы шаруа­шылығы бөлімінің қысқаруы себепті, бас­та­лып, аяқталуға жақын қалған жұмыс тағы да тоқтап қалды. Маңдайымыз бар екен, тек 2020 жылы сол жабылған жылқы шаруа­шылығы бөлімі қайта ашылды. Енді бұл шаруаны Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бас болып, қолға алып жатыр екен, аяқсыз қалмас деп ойлай­мын. Адай жылқысын асылдандыру, тұқы­мын жетілдіру аяқ астынан қолға алынып жатқан жоқ. Тек, мемлекет тарапынан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қа­зақ­тың мал шаруашылығын және мал азығы өн­дірісін ғылыми-зерттеу иниститутына тиіс­ті деңгейде қаржы бөлініп, бұрыннан басталған жұмысқа заманауи техноло­гия­лар­ды пайдалана отырып, жаңа ғылыми тұ­жырымдама жасап, Адай жылқысын дер­бес тұқым дәрежесіне жеткізу жұмысын аяқ­тауды міндеттеу керек. – Әңгімеңізге рақмет! Қазақ пен жыл­қы егіз, бірінің тақымы мығым, бірі­нің тұяғы­ның дүбірі толастамасын!

Сағындық РЗАХМЕТОВ, Ақтау қаласы

Серіктес жаңалықтары