1154
Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы басталды
Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы басталды
Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы басталды. Ауыл тұрғындарының табысын көтеруге бағытталған аталған жоба еліміз бойынша алғаш рет Жамбыл облысында сынақтан өткен болатын. Енді республикада екінші болып бұл жоба Ақтөбе өңірінде жүзеге асырылмақ...
Ауыл тұрғындарына мүмкіндік
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық жерлерді дамыту жөніндегі тапсырмасына орай бүгінге дейін республика деңгейінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылды. Бұл жобаға еліміздегі даму әлеуеті бар 3,5 мың ауыл таңдалып алынды. Нәтижесінде, бұл елді мекендер газбен, ауызсумен, жолмен, сондай-ақ бірқатар әлеуметтік нысандармен қамтылды. Ал пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы осы ауылдарда кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салаларын дамытуға бағытталып отыр. Бұған дейін Жамбыл облысында сәтті іске асырылған жоба қараша айынан бастап Ақтөбе облысында басталды.
Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айбат Ербазиевтің айтуынша, бұл жобаға облыстағы 12 ауданның 24 ауылдық округі, 61 елді мекені қатысады. Аталған елді мекендерде бүгінде 42 463 адам тұрады.
– «Ауыл аманаты» жобасының өңірімізде басталғанын өткен аптада облыс әкімі Ералы Тоғжанов ресми түрде мәлімдеді. Біз жоба басталмай тұрып, оған қатысатын барлық аудандардағы ауылдық округтер мен елді мекендерге скринингтік талдау жүргіздік. Нәтижесінде, инфрақұрылымы дамыған, логистикалық мүмкіндігі бар, шағын бизнес ашуға, мал және құс, өсімдік шаруашылықтарын дамытуға және үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануға болатын ауылдарды іріктедік. Осылайша, облыс бойынша жобаға қатысатын жалпы саны 61 елді мекен анықталды. Оларда тұратын 42 мыңнан астам тұрғынның әлеуметтік жағдайын сараласақ, оның 25 608-і, яғни 60,3 пайызы жұмысқа жарамды болса, 2,9-ы (747 адам) – жұмыссыз, ал 5 089 тұрғын (11,9%) – өзін-өзі жұмыспен қамтушылар. Сондай-ақ зейнеткерлер саны 3 995 (9,4%) болса, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы саны – 151, оларда жалпы саны 885 (2%) адам тұрады, – дейді Айбат Ербазиев.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында облыс ауылдарында алдағы уақытта мал, құс және өсімдік шаруашылығын дамыту, кооперативтерді жабдықтау, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, шағын және орта бизнес ашу бойынша 2 772 жоба жүзеге асырылады. Бұған республикалық бюджет есебінен 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Ал келер жылы қаражат көлемі бұдан да артпақ. Атап айтсақ, құс шаруашылығын дамытуға 661,2 млн теңгеге 2 182 жоба (қаз, үйрек, тауық және бөдене өсіруге), өсімдік шаруашылығын дамытуға 714,1 млн теңгеге 342 жоба (картоп, сәбіз, пияз, қияр, қызанақ, құлпынай және т.б.), кооперативтерді жабдықтау бойынша 529,4 млн теңгеге 24 жоба және ет өңдеу, сүт өңдеу, жылыжай ашу және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің басқа да бағыттары бойынша елді мекендерде шағын бизнес ашуға
1 114,2 млн теңгеге 224 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.
– Сондай-ақ аталған жобаның екінші кезеңінде қаржылай несиеден бөлек, мал шаруашылығын әрі қарай дамыту үшін ірі шаруалар есебінен 1 300-ге жуық жобаға 4 мың бас ірі қара, 215 бас жылқы және
1 750 бас ұсақ мал тауарлы несие арқылы беру жоспарлануда. Қаржылай есептегенде, бұл жобалардың жалпы құны – 1 миллиард 700 миллион теңге, – дейді Айбат Ербазиев.
Жобаға жауапты мамандардың алдын ала болжамынша, «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылған соң елді мекендерде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер едәуір өседі. Мәселен, ауылдарда жұмыссыздық деңгейі төмендейді, осылайша жұмыссыздар саны 747 адамнан 438-ге, яғни, 41,4 пайызға азаяды. Атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 885-тен 449-ға (49,3%-ға) кемиді. Сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған 738 тұрғынның отбасындағы орташа табысы 172 мың теңгеден 330,3 мың теңгеге (192%) дейін көтеріледі. Аудандарда халықты құс етімен қамтамасыз ету 20,6 пайыздан 51,2 пайызға, көкөніспен қамту көрсеткіші 17,4 пайыздан 29,9 пайызға, ал картоппен қамтамасыз ету көрсеткіші 38,8 пайыздан 63,5 пайызға дейін жетеді.
24 млн теңгеге дейін
несие беріледі
«Ауыл аманаты» жобасы алғаш рет жүзеге асырылған Жамбыл облысы бүгінде осы бағдарламаның жемісін көріп отыр. Олай дейтініміз, баспасөз беттерінде жарияланған ресми мәліметтерге сүйенсек, пилоттық жоба аясында Жамбыл облысында жұмыссыздар саны 36 пайызға азайып, ауыл тұрғындарының орташа айлық еңбекақысы 1,7 есеге артқан. Сондай-ақ өңір тұрғындарының арасында атаулы әлеуметтік көмек алатындардың саны 3 есеге қысқарған. Енді осындай оң нәтижеге ақтөбеліктер де қол жеткізсе, онда облыстағы елді мекендер едәуір қарыштап дамиды.
Айбат Ербазиевтің айтуынша, бұл бағдарламаның басты мақса-
ты – ауыл тұрғындарының табысы мен әл-ауқатын арттыру, оларға қолайлы жағдай жасау.
– Соңғы жылдары ауылдарда мал санын арттыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл жоба, міне, осы мақсатты көздейді. Жобаның ең басты ерекшелігі, оған тек қолында қаражаты бар кәсіпкерлер мен шаруалар ғана қатыспайды, өз-өзін жұмыспен қамтуға немесе жеке кәсіп ашуға ынтасы бар тұрғындар да атсалыса алады. Биыл бұл бағдарлама аясында ақтөбеліктерге қаражат беру тетігі барынша жеңілдетіліп отыр. Тұрғындар үшін бұл жобаның ең ұтымды тұсы – олар тұрып жатқан үйлерін кепілдікке қойып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады. Бұл — бұрын-соңды болмаған үлкен жеңілдік. Мәселен, бұрын шаруалар несие алу үшін үйін кепілдікке қоя алмай қиналатын. Енді осы жоба аясында ауыл тұрғындарына мемлекет тарапынан осындай қамқорлық көрсетіліп отыр, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Сонымен, нақтырақ айтсақ, «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарының мал, құс, өсімдік шаруашылығын дамытуына, кооперативтерді жабдықтауына және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуіне, сондай-ақ шағын кәсіп ашуына берілетін несиенің шекті көлемі – 7 млн 657 мың теңге, яғни 2500 айлық есептік көрсеткіш. Ал елді мекендерде кооперацияларды дамытуға 8000 айлық есептік көрсеткішке дейін (24 504 000 теңге) несие рәсімделеді. Бұл жобаларға несие бес жылға дейін, ал мал шаруашылығын дамытуға жеті жылға дейін беріледі. Несие алу үшін кез келген тұрғын кепіл қоюға және жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге тиіс.
Жұмыссыздар азаяды, табыс көлемі артады
Бүгінде Ақтөбе облысында аудандар жобаны жүзеге асыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Мысалы, алдағы уақытта бағдарлама аясында Алға ауданында – 254, Әйтеке би ауданында – 192, Байғанин ауданында – 295, Қарғалы ауданында – 261, Қобда ауданында – 213, Мәртөк ауданында – 247, Мұғалжар ауданында – 324, Темір ауданында – 248, Ойыл ауданында – 204, Хромтау ауданында – 205, Шалқар ауданында – 135, Ырғыз ауданында 194 жоба жүзеге асырылады.
Осы аудандардың ішінде «Ауыл аманаты» жобасына Байғанин ауданының тұрғындары ерекше қызығушылық танытып отыр. Мәселен, Байғанин ауданының Көлтабан ауылдық округінде осы жоба аясында жалпы құны 643 миллион теңге болатын 220 бизнес-идея іске асырылады.
Биыл осы округтің тұрақты жұмысы жоқ 235 тұрғыны жеке қосалқы шаруашылықпен айналысу үшін 2,5 пайызбен несие алуды жоспарлап отыр. Осылайша, олар ауылда мал санын көбейтуге, бау-бақша өсіруге, не жаңа кәсіп ашуға мүмкіндік алады.
Отыз жылдан бері бау-бақша өсірумен айналысатын Қарауылкелді елді мекенінің тұрғыны Құтым Қасенов мұндай бастамалардың ауылдағы шаруаларға зор мүмкіндік екенін айтады.
80 жастағы тұрғын ауылда 2020 жылы жалпы ауданы 400 шаршы метр болатын жылыжай салған. Қазір ол жыл соңына дейін мол өнім алу үшін еңбектеніп жүр.
Құтым Қасеновтің айрықша еңбекқорлығы мен отбасылық бизнесті дамытудағы тәжірибесін көрген ауыл азаматтары қазір одан үлгі алуда.
Құтым Қасеновтің айтуынша, бұл шаруашылықпен о баста оның әкесі айналысқан. Еңбекқор, шаруа адам баласын да жастайынан осы кәсіпке үйреткен.
– Әкем екеуміз сонау 1957 жылдан бастап ауылда бау-бақша егуді қолға алдық. Әлі есімде, 1955-56 жылдары әкем Ақтөбеден қызанақтың тұқымын әкеліп, егіп, алғаш өнім алғанда, ауыл тұрғындары: «Мынау қандай жұп-жұмсақ алма?» деп таңғалғаны бар. Жалпы, біздің өңірге қияр, қызанақ сол жылдары әкелінді. Содан бері отбасымызбен бүгінге дейін осы көкөніс түрлерін өсіріп келеміз. Ал жылыжай ашу ісін соңғы жылдары бастадық. Қазір мұнда қияр, салат жапырағы, аскөк, ақжелкен өсіп тұр. Барлығы табиғи таза өнім. Бұларды бүгінде ауылдағы дүкенде сатып жатырмыз, – дейді Құтым Қасенов.
Биыл бағбан өз жылыжайына жүзім ағаштарын да егіпті. Ол Ресейден жүзімнің жеті түрлі сортын сатып алған. Оның айтуынша, бір мезгілде жүзім ағаштарынан 100 келіге дейін өнім алуға болады. Алдағы уақытта бағбан ауылда жүзім өсіретін жылыжай салуды армандайды.
– Қазіргі біздің жылыжайымызда жалбыз да өседі. Байғанин ауданында бұрын-соңды жалбыз өсіп көрмеген. Бұл тәжірибені биыл қолға алдық. Жалпы, өзім осында өсіп тұрған әрбір өсімдіктің жапырағына қарап, оларға не керектігін, не жетпей тұрғанын зерттеп білетін. Содан соң жұмысшыларға қандай күтім жасау керектігін айтамын, – дейді ол.
Қазір күз айы болса да, бағбанның жылыжайында қияр самсап өсіп тұр. Ол бұл қиярдың тұқымын Тәжікстаннан әкелгенін айтады. Мұндай қиярдың түрі Ақтөбеде сатылмайды. Осыған дейін ол жылына 9 тоннаға дейін өнім жинапты. Алдағы уақытта бағбан бұдан да мол өнім алуды мақсат етеді.
Ал облыста жүзеге асырылатын жобалар саны жағынан екінші орында тұрған Қарғалы ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасына ниет білдіргендер саны жетерлік. Биыл бұл жобаға ауданнан үш елді мекеннен тұратын Қосестек және Кемпірсай ауылдық округтері таңдап алынған.
– Бұл екі округте 2398 тұрғын тұрады. Олардың ішінде жұмысқа жарамдыларының саны – 1705 адам. Биыл пилоттық жобаға қатысуға 253 адам ниет білдірді. Оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар, тұрақты жұмысы жоқ және атаулы әлеуметтік көмек алатындар бар. Біз осы жобаға ең бірінші ауылдардағы жұмыссыз азаматтарды тартуға, сол арқылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуды көздеп отырмыз, – дейді Қарғалы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Айсұлтан Кеңбейлов.
Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде Қарғалы ауданда жалпы құны 291,1 млн теңгеге 218 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жоба нәтижесінде атаулы көмек алатын бес отбасының және тұрақты жұмысы жоқ 41 адамның табысы екі есеге дейін артады.
– Ауылдық округтерді алып қарасақ, ондағы жұмысқа жарамды ауыл тұрғындарының 12,8 пайызы осы жобаға қатысуға бел байлап отыр. Олар үйлерінің іргесіндегі қосымша жерді игеріп, бау-бақша егіп, сондай-ақ қаз, үйрек, тауық сатып алып, құс шаруашылығын дамытпақ. Осының нәтижесінде келер жылдары аудан өзін 100 пайызға құс етімен қамтуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар ауданда «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы тауарлы несиеге барлығы 200 бас ірі қара, 200 бас қой және 100 тонна кебек сатып алуға меморандум жасалды. Бұдан бөлек, кооперативтерді жабдықтау бойынша шаруа қожалықтары аталған округтерге 70,0 миллион теңгеге екі трактор, екі «ГАЗель» жүк көлігін сатып алуды көздеп отыр. Ал «Актеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Арман» шаруа қожалығы өсімдік шаруашылығымен айналысушы жеке қосалқы шаруашылықтарға картоп тұқымын беруге меморандумға қол қойды, – дейді бөлім басшысы.
«Ауыл аманаты» жобасына қатысуға Әйтеке би ауданынан Аралтоғай және Құмқұдық ауылдық округтері анықталған. Бұл округтерден жобаға 532 үй немесе жалпы саны 2 741 тұрғын қатыспақ.
– Алдағы уақытта ауданда жоба сәтті жүзеге асырылса, ауданда жұмыссыздар саны азайып, атаулы көмек алатын отбасылардың табысы көбейеді. Мәселен, бүгінде бұл округтердегі жұмыссыздық деңгейі 3,8 пайыз болса, жобадан кейін бұл көрсеткіш 100 пайызға дейін төмендейді деп жоспарлануда. Ал екі округке қарасты елді мекендерде 126 тұрғын атаулы көмек алса, бағдарламаға қатысқан соң олардың 96-сы, яғни 76,2 пайызының әлеуметтік жағдайы артады. Нәтижесінде, аудан бойынша жобаға қатысқан азаматтардың табысы екі жарым есеге дейін көбейеді. Мал, құс, өсімдік шаруашылығында едәуір өсім болады, – дейді Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары Арман Алдабергенов.
P.S. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін алдағы жылдары ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылатынын, өңірлерде кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен бір триллион теңге қаражат бөлінетіндігін айтқан болатын. Мемлекет басшысының осы тапсырмасына орай, елімізде алдағы үш жыл ішінде ауылдарды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Ералы Тоғжанов бұған дейін Премьер-Министрдің орынбасары қызметін атқарған кезде аталған пилоттық жоба Жамбыл облысында өзінің тиімділігін дәлелдегенін айтқан еді. Енді ол «Ауыл аманатын» Ақтөбе облысында сәтті жүзеге асырмақ...Данагүл БАЙМҰҚАШ, Ақтөбе облысы