50725
Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына 3400-ден астам ұсыныс түсті
Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына 3400-ден астам ұсыныс түсті

ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық қабылдаулары сайлаушылардың ұсыныстары мен тілектерін жинауды жалғастыруда.
8 күн ішінде ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық қабылдауларына сайлаушылардан 3460 ұсыныс пен тілек келіп түсті. Оның 640-ы бір күннің ішінде toqaev2022.kz сайтына жолданды.
Ұсыныстардың көбісі әлеуметтік қамсыздандыру саласына – 598 (21,2%), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа – 492 (17,4%), жер қатынастарына – 358 (12,7%), білімге – 210 (7,4%) қатысты болды.
Қазақстан аумағындағы 227 қабылдау бөлмесінде сайлаушылармен кездесулер өтіп жатыр. Атап айтқанда, осы уақыт аралығында 689 кездесу ұйымдастырылып, 2 мыңнан астам адам қабылданды.
Айта кетейік, кандидаттың қоғамдық қабылдау бөлмесіне жеке келумен қатар, азаматтар Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнаған ұсыныстарын, тілек хаттарын toqaev2022.kz сайтына жолдай алады немесе бейне хабарлама жүктеуіне болады.
«Азаматтар кандидаттан не қалайтынын, не күтетінін айтып, өз ұсыныстарымен келіп жатыр. Жаңа Қазақстанды құру ісіне қатысты көп адамның өзіндік ұсыныстары, Президенттікке кандидаттан не күтетіндері туралы пайым-пікірлері бар. Сондай-ақ, сайлауға қатысты кез келген мәселе бойынша кеңес алуға болатын Call-орталық жұмыс істейді», – деп атап өтті кандидаттың Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің басшысы Әлия Садырбаева.
