50285
«Олар аштан өледі, азапталады»:Тұрсынбекова жануарларды қорғап сөз сөйледі
«Олар аштан өледі, азапталады»:Тұрсынбекова жануарларды қорғап сөз сөйледі
29 қазанда Астанада Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова жануарларға қамқорлық жасайтын орталыққа барды.
Үміткер жұмысшылармен және орталық иесімен Қазақстандағы панасыз жануарлардың қиындықтары және оларға қандай көмек қажет екендігі туралы әңгімелесті.
Елімізде жануарларға қатысты қорқынышты жағдайлар өте көп орын алады. Қазақстандықтар үй жануарларына адамдар тарапынан жасалатын қорлық туралы күнделікті жаңалықтардан жиі оқиды.
Жануарлардың құқығын қорғайтын еріктілер иесіз жануарларға көмек көрсету мақсатында осындай орталықтар ашқан. Елордадағы «Періште жүрегі» жануарларға қамқорлық орталығында 130 ит пен 20 мысық өмір сүреді. Мекеменің құрылғанына биыл төрт жыл болады.
Орталықтың негізін қалаушы Гүлмира Назарханова Қазақстанда жануарларға арналған мемлекеттік баспаналардың жоқтығын, тек аулау қызметтері мен жануарларды уақытша ұстау орталықтары бар екенін атап өтті. Жануарлар құқығын қорғаушының айтуынша, бұл мақсаттарға бөлінген қаражатты тиімдірек жұмсауға болар еді. Оның үстіне, өлтіру үшін қолданылатын әдістер қатыгездікке жатады және жануарларға қарым-қатынасы адамгершілікке негізделген дамыған елдердің стандарттарына сәйкес келмейді.
«Қазақстандағы жануарларға қатысты жағдай әлі де өткір күйінде тұр. Бізге күніне 15-20 қоңырау түсіп, жануарларды алып кетуді сұрайды, көбінесе оларды есігіміздің алдына әкеп тастайды. Біз барлық қоңырауға жауап беріп, барлық жануарды бірдей қабылдай алмаймыз. Олар жылы бөлмелерді, көп мөлшерде тамақты қажет етеді. Барлық жануарды вакцинациялаймыз, емдейміз, ота жасаймыз, зарарсыздандырамыз, кастрациялаймыз – бұның өзі қомақты қаржы», – дейді Гүлмира Назарханова.Салтанат Тұрсынбекова Мемлекет басшысы болса да, болмаса да жануарларға қатысты мәселені шешуге атсалысатынын айтты.
«Ашығын айту керек, біздің елде үй жануарлары болсын, иесіз жануарлар да зорлық-зомбылыққа ұшырап жатады: кейбірі аштыққа ұшырайды, кейбірі азапталады, көпқабатты үйлердің терезелерінен лақтырылады немесе жай далада қаңғып қалады. Олардың қандай азапты жағдайда өмір сүріп жүргенін көрген сайын жүрегің ауырады. 2021 жылдың желтоқсанында Жануарларға жауапты қамқорлық туралы заң қабылданды. Бірақ менің түсінуімше, бұл заңдар іс жүзінде жұмыс істемейді. Бүгінде үйсіз жануарларға арналған мемлекеттік питомниктер іс жүзінде жоқ. Мұның бәрі, әрине қаржыландырудың болмауынан. Тірі тіршілік иелеріне мемлекеттің мұндай қатынасына жол беруге болмайды. Мен түсінемін, егер біреуді иттер тістеп алса, бұл резонансқа айналып, үлкен дау туады. Бірақ бір жағдайға бола, барлық жануарларды жек көруге болмайды. Бүгінде осындай питомниктерде мүгедек немесе иесі қаңғытып жіберген жануарларды көреміз. Жануарларға арналған баспаналарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмейді. Көбінесе оларға әлеуметтік желілерде қайырымдылық жасайтын блогерлер ғана көмектеседі. Менің ойымша, бұл жағдайды түбегейлі өзгерту керек», - деді ол.Үміткер сонымен қатар адамдарды жануарларға мейірімммен қарауға, сондай-ақ мүмкіндігінше әрқашан қолдауды қажет ететін баспаналарға көмектесуге шақырды.