226
«Астана Арландары» жетінші маусымда ел намысын қорғайды
«Астана Арландары» жетінші маусымда ел намысын қорғайды
Әлемдік бокс сериясы (WSB) аясында өтетін командалық лиганың жетінші маусымы ақпанда басталады. Еліміздің намысын абыроймен қорғап жүрген «Astana Arlans» осы лиганың екі дүркін чемпионы және лига қорытындысы бойынша ешқашан үшінші орыннан төмен түспеген.
Әлемдік бокс сериясы 12 команданы континентке сай 3 топқа бөлген. Қазақстандық команда жобаға қайта енген қытайлық «China Dragons», өткен жылы өздерінің бірінші маусымында үшінші орынға табан тіреген «Uzbek Tigers» және ресейлік «Russian boxing team» командаларымен шайқасады. Аға жаттықтырушы Нұрлан Ақүрпеков, клубтың бапкер-кеңесшісі Мырзағали Айтжанов, Нүркен Андасов, Ермек Ертаев және 1999 жылдың бокстан әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының екі мәрте күміс жүлдегері Болат Жұмаділов бапкерлер тобын құрады.
Арландар сапының негізгі құрамына 20 боксшы еніп отыр. Он салмақтың әрбіріне екі боксшыдан шақырылған. Олардың қатарында Ілияс Сүлейменов, Олжас Сәттібаев, Асланбек Шымбергенов, Жанболат Қыдырбаев, Нұрдәулет Жарманов сияқты талантты да тәжірибелі боксшыларымыз бар. Негізгі құрамнан бөлек тағы 17 боксшы өз кезектерін резервте маусым бойы күтетін болады. «Астана Арландары» бірінші жекпе-жегін 3 ақпанда Ресейде өткізсе, 18 ақпанда өз жанкүйерлерінің алдында өзбек боксшыларын қабылдайды.
Astana Arlans-тың негізгі құрамы:
49 келі. Теміртас Жүсіпов, Ермек Мадиев
52 келі. Олжас Сәттібаев, Ануар Мұзафаров
56 келі. Ілияс Сүлейменов, Жанболат Қыдырбаев
60 келі. Зәкір Сафиуллин, Мирасәлі Сәрсенов
64 келі. Ділмұрат Міжітов, Мақсат Жексенбі
69 келі. Асланбек Шымбергенов, Қанағат Маралов
75 келі. Ерік Әлжанов, Сапарбай Айдаров
81 келі. Нұрдәулет Жарманов, Арман Рысбек
91 келі. Антон Пенчук, Мұхамеджан Еркін
+ 91 келі. Олжас Бұқаев, Дмитрий Зиско