Тамағын ит те жемейді: белсенділер кейуананың ұлын қамқорлықтан айыруды талап етті

Тамағын ит те жемейді: белсенділер кейуананың ұлын қамқорлықтан айыруды талап етті

Тамағын ит те жемейді: белсенділер кейуананың ұлын қамқорлықтан айыруды талап етті
ашық дереккөзі
50275
«Бұл кісінің жеп жатқан тамағын ит те жемейді. Ол тұрып жатқан жерде тұру мүмкін емес». Осылай дабыл қаққан Атырау қаласының белсенділері 74 жастағы кейуанының көмекке зәру екенін айтады деп хабарлады turkystan.kz Almaty.tv сайтына сілтеме жасап. Мына суреттерді көріп, қоғам белсендісі Лунара Мақсұтова аталған мекенжайға барыпты. Кейуананың аянышты күйін өз көзімен көріп, дабыл қаққан. Полицияны, әлеуметтік қызметкерлерді шақыртқан. Ауыр халде жатқан ана дереу жедел жәрдем көмегімен облыстық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның денсаулығының тым нашар екенін, денесінде соққы мен күйік іздері барын айтты. Қоғам белсендісі жаға ұстатарлық жағдайды көріп, біле тұра, әлеуметтік салаға жауапты мамандар мен тәртіп сақшыларының шарасыз отырғанына наразы. Ол кейуананы осындай күйге жеткізген қатыгез ұлын қамқорлықтан айыруды, ал ананың өзін қарттар үйіне орналастыруды талап етті.
«Бүгін адам шошырлық жағдайда жатқан қарт ананы тапқанымызға үш күн болды. Бірақ жауапты органдар, соның ішінде тікелей құзіретті Атырау қаласы әкімдігі еш шарасыз отыр. Мұны қалай түсінеміз? Қамқоршысы болып отырған ұлының есі дұрыс емес қой. Дені сау туған анасын осындай жағдайға жеткізе ме? Мұны аяқсыз қалдырмаймыз. Егер арыз керек болса, бүкіл атыраулықтар жазады. Бұл мәселені шешу қала әкімнің қолынан келеді. Бірақ қала әкімі үнсіз отыр», – деді қоғам белсендісі Лунара Мақсұтова.
Қоғам белсенділері бұл жағдайға тікелей қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жауапты. Олар салғырттық танытып отырғанына наразы. Сала мамандары қызметтік фунцияларын білмейді.
«Бұл кісінің жеп жатқан тамағынан ит те өліп қалады. Ол жерде тұру мүмкін емес. Санитарлық жағдайы күйсіз. Мен 2006 жылы қомқарлыққа алған кезде, 10 күн жұмыссыз қалдым. Нұрлы Хабиева сол кезде маған келді. Қамқорлықты әкімнің шешімімен тоқтатамыз деген іс бастап кетті», – деді қоғам белсендісі Таңат Нұрымов.
Қарт ана 1-топ мүгедегі бола тұра сауықтыру емдерін соңғы рет 2017 жылы, демек осыдан 5 жыл бұрын алған. Алайда әлеуметтік салаға жауаптылар мүгедектерге берілетін барлық көмекті бердік деп ақталып отыр. Полиция өкілдері де бұл жайт бақылауда болды дегенімен нақты қалай әрекет еткендерін ашып айта алмады.
«Әлеуметтік желіде таралып жатқандай осы анамыздың жағдайымен біз таныс болдық. Қазіргі уақытта кездесуден кейін қала әкімдігімен, баласымен анасына қатысты құқықтық қатынастарды зерделеу, яғни зорлық-зомбылық көрсетілгенін растайтын фактілер, дәлелдемелерді анықтау үшін  әкімдікпен полиция басқармасына тиісті хат жолданады», – деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Самат Емберген.
Күлаш Ахметова қазір облыстық аурухананың нейро-инсульт бөлімінде ем алып жатыр.
«Қазіргі жағдайы орташа ауырлықта. Барлық медициналық шаралар жасалып жатыр. Өзінің керекті емдерін алып жатыр. Бұл кісі 2017 жылы инсульт алған», – деді дәрігер-невролог Ару Құтжанова.
Науқас сөйлеу қабілетінен де айырылған. Қазір қарт анаға еріктілер келіп көмек беріп, керек-жарағын да әкеліп тұрады екен.  

Серіктес жаңалықтары