50948
Отбасында жанжал шығаратындар қоғамдық жұмысқа жегілуі мүмкін
Отбасында жанжал шығаратындар қоғамдық жұмысқа жегілуі мүмкін
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейту іс-шаралары әзірленді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейту шаралары әзірленді. Біріншісі – мұндай фактілерді тіркеу бойынша «өтініш беру сипатынан анықтау сипатына» көшу. Бұл – полицияға жәбірленушінің өтініші болмаса да, әкімшілік іс-жүргізуді бастауға мүмкіндік береді. Соңғы шешімді сот қабылдайды», - деді министр.Оның айтуынша, екіншісі – тараптардың татуласуына талапты күшейту. «Жанжалқой» бірінші ретте ғана сотта татуласа алады. Ал қайталанса, мұндай құқық алынып тасталады. Бұл зардап шеккендерге психологиялық қысымды тоқтатуға мүмкіндік береді.
«Үшіншісі – отбасылық-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтар бойынша жазаны қатаңдату. Қайталанған құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік қамауға алудың мерзімін ұзартуды ұсынамыз. Төртіншісі – ол, өздеріңіз білесіз, Конституцияның жаңа өзгерістеріне сәйкес қоғамдық жұмыстарды сот қаулысымен де тағайындауға рұқсат етілді. Осының аясында «ескерту» сияқты жазаны «қоғамдық жұмыстарға» ауыстыруды ұсынамыз. Бұл құқықбұзушы үшін заңды бұзбауға жеткілікті мотивация болады деп санаймыз. Қазіргі уақытта Әділет министрлігі қоғамдық жұмыстарды заңнамалық реттеу мәселесін пысықтап жатыр», - деді Марат Ахметжанов.Министрдің сөзінше, бесіншісі – ең жиі жасалатын қылмыстар бойынша «отбасылық-тұрмыстық қатынастағы адамға қатысты» деген қосымша саралау белгісі енгізіледі.