50340
Әскерге барудан қашқандарды 6 жылға дейін соттау ұсынылды
Әскерге барудан қашқандарды 6 жылға дейін соттау ұсынылды
Петропавлда әскери есепте 9 мыңға жуық әскерге шақырылушы тұрса, соның 510-ының жүрген жері белгісіз. Осыған байланысты мамандар Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізіп, әскерге барудан қашқандарды 1-ден 6 жылға дейін соттауды ұсынды деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Петропавл қалалық Қорғаныс істері басқармасының басшысы Бауыржан Есенеев аппарат кеңесінде күзгі әскерге шақыру науқанының барысы жайында айтты.
Петропавлда әскери есепте 8 711 адам тұр. Олардың тек 518-і ғана биыл әскер қатарына алынбақ. Қалғандары отбасылық жағдайға, оқуына, мұғалім болуына байланысты, денсаулығына қатысты уақытша босатылған. Ал әскерге шақырылуы тиіс 510 жігітті мамандар таба алмай жатыр.
«Әскерге шақыру науқанын өткізуде бірқатар мәселе бар. Солардың ең бастысы – әскерге шақырылушылардың жүрген жерін анықтау. Бізде әскери есепте тұрғандардың тұрғылықты жері мен уақытша мекен жайы Халыққа қызмет көрсету орталығының электронды базасы арқылы нақтыланды. Алайда олар көрсетілген мекенжайларда тұрмайды. Тағы 180 адам Қазастан аумағынан шығып кеткен. Бұл - ҰҚК Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті шекара қызметінің берген мәліметі», - деді Бауыржан Есенеев.Маманның айтуынша, әскерге шақырылушыларды шақыру комиссиясына келуге мәжбүрлейтін заңды тетіктер қарастырылмаған. Сондықтан нормативті-құқықтық актілерге бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынбақ.
«Қылмыстық кодекстің 387-бабына өзгеріс енгізуді ұсынамыз – әскери қызметтен өтуден бас тартқандарға, шақыру учаскесіне, облыстық жинақтау пунктіне келмегендерді 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесу. Ал әскерге бармау үшін өзіне-өзі жарақат салатындарға, өтірік ауыратындарға, жалған құжат жасайтындарға және шақыру учаскесіне, облыстық жинақтау пунктіне екі және одан артық келмегендерге 3 жылдан 6 жылға дейін жаза кесуді ұсынамыз», - деді Бауыржан Есенеев.