Алматыда өзіне қол салған оқушының анасы суицид жасағанына сенбейтінін айтты

Алматыда өзіне қол салған оқушының анасы суицид жасағанына сенбейтінін айтты

Алматыда өзіне қол салған оқушының анасы суицид жасағанына сенбейтінін айтты
ашық дереккөзі
51003
Алматыда Республикалық физика-математика мектебінің 9-сыныбында оқитын Адель Ақанованың мамыр айында денесі табылған болатын. Полиция жасөспірім өз-өзіне қол жұмсады деп істі жапқан болатын. Алайда қыздың ата-анасы оның кісі қолынан көз жұмғанын айтады деп хабарлады turkystan.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. Жасөсірімнің ата-анасының мәлімдемесі «НемолчиKZ» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Facebook парақшасында жарияланған.
«2022 жылдың 4 мамырында Республикалық физика-математика мектебінің 9-сыныбында оқитын қызым Адель Аканова қайғылы жағдайда көз жұмды. Сол күні біз оның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғау мақсатында полицияға жүгіндік. Іс Алматы қаласы Медеу ауданының полиция бөліміне тіркеліп, тергеуші Дәрменбеков Бекнаурызға тапсырылды. Алайда тергеуші қызымыздың өлімінің себебін ашу үшін бірде-бір шара қолданбады. Мүлдем немқұрайлылық танытты. Дәрменбековтің қылмысқа қатысты ешқандай да қызушылық танытпауы жанымызды жегідей жеді», – дейді қыздың анасы.
Оның сөзінше, тергеу тобы істі зерттелмеген, расталмаған күйі өзін-өзі өлтіру деп жауып, қолдарын бір сілтеген.
«Қылмыс орны қоршалмады. Ең болмса қол іздері алынып, қылмыстың іздері зерттелмеді. Тіпті, ешкім қылмыс орнын бейнекамераға түсіріп алуға тырыспады. Сол маңдағы адамдар мен жақын маңдағы дүкендердерден де ешқандай ақпарат сұралмады. Қызымның өліміне қатысы бар адамдарды табуға да тырыспады. Мамандардың ешқайсысы оның небәрі 16 жасар арық кішкентай қыз екеніне назар аудармады», – дейді ол.
Айтуынша, қызы үйдің ауласындағы ең қараңғы жерден табылған. Оны біреулер көріп қоя ма деп қорқып, жасырып қойған секілді. Қызым  көптеген бас жарақаттарын ала тұра және көру қабілеті нашар бола тұра өз-өзіне қол жұмсамақ түгілі, аяғына тұра алмас еді. Меніңше, ол ес-түссіз күйде болған.
«Нәтижесінде іс 105 бап (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша қозғалды. Алайда бүгінге дейін бірде-бір сараптамамен расталмаған. Биологиялық сараптама жіптен қызымның терісінің іздерін таппаған. Демек екі қорытынды жасауға болады: қызым қаруды көзімен көрмеген және оған жасалған қылмыс қолғаппен жасалған», – дейді қыздың ата-анасы.
Ата-анасы жасөспірімнің мектебі де тергеуге көмектеспей отырғанын жеткізді. Сынып жетекшісі оқушыларға қандай түсінік беруге болатынын, не айтуға болмайтынын үйретіп қойған екен.
«Оқу маусымы аяқтала салысымен сынып жетекшісі тез арада басқа қалаға жұмысқа ауысып кетті. Оны қандай мақсатпен жасап отыр? Сынып жетекшісі ретінде жауапкершілік танытпаған адам педагог болуға құқылы ма? Тіпті, мен мектеп басшылығына барып, Адельдің тұйық екенін, ортасы тек мектеп мен отбасынан тұратынын айттым. Бірақ мектеп әкімшілігі ешқандай да шара қолданбады. Мектептің абыройы үшін тергеуден ат тонын ала қашып, жауапкершіліктен жалтарып отыр», – дейді олар.
Осы оқиғаға қатысты Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді.
«Қылмыстық іс бойынша өндірістік іс әлі де жалғасуда. Кешенді сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Іс-шаралар жүргізілуде, оның ішінде анасының берген өтініштері де қаралуда. Тексеру барысы мен нәтижесі Алматы полиция департаментінің бақылауында», – деді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Серіктес жаңалықтары