223
Мүлікті заңдастыру акциясы кезінде 5,7 трлн теңге заңдастырылды
Мүлікті заңдастыру акциясы кезінде 5,7 трлн теңге заңдастырылды
Акцияға еліміздің 140 мыңнан астам азаматы қатысқан. Барлығы 5,7 трлн теңге заңдастырылды, оның ішінде 4,1 трлн теңгесі – ақшалай, 1,6 трлн теңгесі — мүлік түрінде. 151 мыңға жуық жылжымайтын мүлік, сонымен қатар заңды тұлғаларға қатысудағы 213 үлес заңдастырылды.
Бұл туралы Үкіметтің кезекті отырысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстанда жүргізілген заңдастырудың аралық нәтижелері туралы есеп беру барысында мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, акцияның соңғы айларында халықтың жоғары белсенділігі байқалды – 2016 жылдың төртінші тоқсанында қаражаттың 53% заңдастырылды.
Ел ішінде 5 трлн теңгеге, шетелдерде 0,7 трлн теңгеге активтер заңдастырылды, оның ішінде 614 млрд теңгесі – ақшалай, 70 млрд теңгесі – мүлік түрінде. Ақшаны заңдастыру үшін жалпы 11 821 есеп ашылды. Заңдастырылған 151 мың жылжымайтын мүлік нысанынан 9,5 мың нысан коммерциялық жылжымайтын мүлік ретінде есепке алынған. 5,7 трлн теңгені заңдастыру негізгі экономикалық көрсеткіштерге қолдау жасады.
Қаржы министрі атап өткендей, 1,9 млрд теңге банк есепшоттарында қалып отыр. Бұл банк қорларының және экономиканы несиелендірудің қосымша көзі болып табылады. Азаматтар 2,2 млрд теңге көлеміндегі заңдастырылған ақшаларын банктегі есепшоттарынан шешіп алған. Бұл қаражат инвестициялар, тұтыну немесе жинақтауға жұмсалған. Аталған жылжымайтын мүліктің 1,6 млрд теңгесі – несие алу үшін әлеуетті кепіл мүлік.
Жалпы, заңдастыру көлемі бойынша көш басында Алматы (3 трлн 981 млрд теңге) мен Астана (533 млрд теңге) тұр.
Еске сала кетейік, мүлікті заңдастыру мәселелері туралы заң 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап күшіне енді. Кейінірек, жүргізіліп жатқан акцияның динамикасын жақсарту мақсатында, Мемлекет басшысы мүлікті заңдастыру шарттарын қайта қарастырып, заңдастыру субъектілеріне қосымша кепілдіктер ұсыну туралы тапсырма берген болатын. Қазақстан Республикасының оған сәйкес келетін Заңына 2015 жылдың 13 қарашасында қол қойылып, 2015 жылдың желтоқсан айынан бастап күшіне енген.