1699
Ел қорғаған ер еді...
Ел қорғаған ер еді...
Қай заманда болмасын қазақ қоғамындағы қол бастаушы батырлардың атқаратын орны ерекше болды. Кеңес заманында хан, би, батыр, ахун, ишан, әулие-әмбе, батырларымызды ұмыттыруға бағытталған саясат жүргізілді. Сол халық жадынан ұмытылуға жақын қалған батырлардың бірі ел басына күн туғанда елін, жерін қорғаған Кіші жүз ұлысының Жетіру тайпалық бірлестігінің Табын руынан шыққан — Алдасайұлы Бармақ батыр.
Биыл тірі кезінде аңыздарға арқау, ханына тірек, халқына қорған бола білген даңқты Бармақ батыр бабамыздың туғанына 260 жыл толды. Табын Бармақ батыр қандай істерімен ерекшеленді, қандай еңбегі бар? Ол қалай батыр атанды? Біз енді осы сұрақтарға жауап беріп көрелік.
Ел аузынан жинақталған шежіреге сәйкес біз әңгіме қылғалы отырған Бармақ батыр Алдасайұлы бабамыз Табынның шөмішті Бозым (Бегім) бөлігінен тарайды. Бармақ батыр бабамыздың дүниеге келген жері Ақтөбе облысының қазіргі Байғанин, бұрынғы Табын ауданының Қарауылкелді елді мекені деп айтылады.
Ескі көз қариялар Бармақ бабамызды үлкен бұлты бар адам екен дейді екен. Шөміштінің тағы бір әкелі-балалы батырлары Барақ пен Асау Бармақ келмей жауға аттанбайды екен, жауға аттанарда Бармақ келгенше күтеді екен.
Қарақойлы төрт Асан,
Дуа тиген ері бар.
Сол заманда табынның,
Асып туған бағы бар.
Алдасайдың баласы
Бармақ батыр тағы бар.
(Батырлар жыры).
Бармақ батыр ата-бабаларынан былайша тарқатылады: Бозым-Асан-Күскілтай-Қожасейіт-Төлей-Бөлек. Асан бабамыздың үшінші әйелінен Нүрке, Төлей тарайды. Төлей бабамыз жаугершілік заманда жас кезінде қаза болып, жүкті әйелі торсықтай ұл туып, атын Бөлек қойған екен. Заманына адамы сай деген, Бөлек те батыр болған екен. Сондықтан халқы оны Ер Бөлек атаған.
Бөлектен – Жаңқара, Өтемерген, Ерназар, Ерназардан – Мырзатай, Тәубет, Алдасай тарайды. Осы Алдасай бабамыздан Бармақ дүниеге келген.
Бармақ бабамыздың батырлықтан басқа көріпкелдігі, әулиелігі, адам емдейтін қасиеті бар болған екен. Алдағы жорық, шайқас туралы болжап біліп, қалай, қай кезде шығу керек екенін Асау, Бараққа хабарлап отырған. Жорық кезінде бабамыздың ғажайып көріпкелдік қасиеттерінің серіктестеріне, қаруластарына көп көмегі болған. Ол жаудың қай уақытта, қанша, қай жақтан келетінін болжап білетін қасиеттеріне байланысты сарбаздарын қалай қарсы қоюды, бөлуді, қандай әдістер, тәсілдер қолдану туралы дұрыс, дәл шешім қабылдайтын болған.
Сондықтан да үнемі жау санының басым болғанына қарамастан жеңістерге жетіп отырған. Егерде алдын ала жорықтың нәтижесіз, сәтсіз қайғылы болып аяқталатынын болжап білсе, бұл туралы Барақ батырға хабарлап, оны райынан қайтарады екен. Халық аузында «Бармақ келмей, бақ қонбайды», «Бармақсыз сарбаздар жауға шықпайды» деген сөз сақталған.
Бармақ та баба, әке, ағалары сияқты батыр болып, қан майданда шыңдалды. Оның атын естіген жұрт бұл қай Бармақ батыр деп сұрауы мүмкін. Шындығында, халық аузында Бармақ аттас аты шыққан жеті әулие, батыр, би болған. Олардың ішінде Адай, Кете, Уақ, Шекті руларынан шыққан батырлар мен Шу өңірінен шыққан ақын Бармақ атты кісілер өмірден өткен.
«Алдасайұлы Бармақ 95 жасында соғыссыз бейбіт күнде өз ажалынан қаза болған» дейді халық. Тағы бір деректерде Ойыл бойын мекендеген Кете руының Бармақ батыры болуы мүмкін деген дерек бар. дерек көздері оны Орал өңірін жайлаған Байбақтының батыры Дәуқарамен барымта кезінде жекпе-жекте бірін-бірі мерт қылып, халық Жарлы өзенінің бойына жерлеген екен дейді. Екеуінің жатқан бейітінің бір-бірінен қашықтығы 10 шақырымды құрайды екен.
«Елдің басын батыр қосар» дейді дана халық. Міне, ғұмырын ел тәуелсіздігі мен ұлт бостандығы жолындағы күрескерлік жолына арнаған әкелі-балалы Асау, Барақ, Тіленшімен қатар Бармақ сынды батыр да Сырым Датұлының Ұлт-азаттық көтерілісіне басынан аяғына дейін қатысқан қазақтың қол бастап қан майданға шыққан батырлары.
Біздегі деректерге сәйкес, Сырым батыр көтерілісі кезінде белсенділік көрсеткен Барақ әскері қатарында Бармақ батыр да өз сарбаздарымен көзге түсе білді. Халық аузындағы әңгімелерге қарағанда Бармақ – Барақ батырдың бас батыры болып есептеліп, үлкен шайқастарда сарбаздарымен оның әскер құрамына кіргенмен, көбінесе ол өз сарбаздарын бастап дербес, бөлек ұрыс қимылдарына, шайқастарға қатысып отырған.
Бірде Бармақтың елде жоқ екенін пайдаланған қалмақтар оның ауылын шауыпты. Батырдың алыста жорықта екенінен хабардар олар оңай олжаға кезіккесін кетуге асықпай, ас ішіп жатқанда аспанда бір шөкім қара бұлтты, бұлт астында пайда болған бір қара ноқатты көріп, әулие Бармақ батырдың таяп қалғанын сезіп, мал, олжасын, матап тастаған жасөспірім ұл-қызды тастап қаша жөнеліпті. Батыр бабамыз қасындағы серіктерімен дереу қашқан жау соңына түсіп, көп қалмақты қырып, біршамасын қолға түсіріпті.
Сонда батыр тұтқын қалмақтардың бірінен: «Басынып мен жоқта елімді шауып, менің әзір келмейтініме сенімді болып асықпай жатқандарыңда менің сарбаздарымнан емес, қайдағы бір шөкім бұлттан неге сонша қорқып қаштыңдар?» деп сұрапты. Сол кезде қолға түскен қалмақ батыры: арамыздағы сыншымыз «қазақтың бес мың, он мың қолы бізге қауіп емес, жиырма мың қолға татитын бір қолбасы қара бұлт болып көрінер, ең қауіптісі бізге қырғидай тиіп, бізді жеңетін сол бұлт бейнесінде келетін батыр» деп қайта-қайта айта берген болатын.
Бармақ батыр – заманындағы қазақтың айтулы тұлғаларының бірі. XVIII-XIX ғасырда жерін жауға бермеген, ақ білектің күшімен, көк найзаның ұшымен елінің тыныштығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен Табын Барақ батыр әскерінің бас сардары болған. Ел бостандығы үшін Ресей империясы отаршылдығына, Хиуа хандығымен, түркімендер, қалмақтармен болған көптеген шайқастарда қол бастаған.
Халық аузындағы әңгімелерге қарағанда бабамызда батырлық атағынан басқа әулиелік, емшілік қасиеттері де болған дейді. Жорыққа аттанарда, игі істер бастамастан бұрын Бармақ батырдан бата алу үрдіске айналған екен. Беріде ол кісінің басына барып түнегендер арасында айықпас дерттен сауығып кеткендер, бір тұяққа зар болғандардың бала сүйіп, перзентті болғандары да бар дейді.
Бір деректерде бабамыздың он төрт жасында қазақ жасақтары құрамында елін жауынан қорғап аты шыққандығы айтылады.
Табын бөлек жас Бармақ,
Жас та болса бас бармақ,
Шапса қылыш өтпеген,
Болаттан берік тас бармақ,
Қалың қолды бастатып,
Барақ пен Сырым сыйлаған.
Жерін жауға бастыртпай,
Шыбын жанын қинаған, —
деген жыр жолдары ел аузында қалған.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми кеңесі мақұлдаған тарих ғылымдарының докторы Нұржан Жетпісбайдың «Қазақ батыры Дәуіт Асауұлы» еңбегінде мынадай жолдар бар: «...Жалпы, Сырым бастаған бұл көтеріліске Табын руы өте белсенді араласқан. Атақты билер мен батырлар Тіленші мен Барақтан бөлек, көптеген шабуылдарды Жиеншора, Атабоз, Елекбай, Бармақ батырлар, Досы би, Татан, Естемес, Бекшора сияқты белгілі аламандар басқарған».
«Асау батыр Барақұлы» жырында Орынборда қамалған Жетіру ханы Айшуақ інісі Әділ арқылы: «мені құтқарса Барақ, Бармақ батырлар тәуекелге барып құтқара алады, оларға сәлем айт» деп хат жібереді. Ханды босатуға келген Кіші жүздің үш аталығынан жиналған сарбаздар Орынбор қамалының басшысы Ақсақ Майырды қолға түсіріп, кейін оны қамауда отырған ханға айырбастау арқылы босатады.
«Алып – анадан, ат – биеден туады» демекші, даңқты Бармақ батырдың өшпес ерліктері, халық аузындағы деректер бұрынғыдан ауызша беріліп, мұра болып келеді.
Кейінгі жылдары батырдың туған жері Байғанин ауданында бірқатар іс-шаралар атқарылды. Бармақ батыр бабамыздың аты, жасаған ерліктері халқына толықтай болмаса да жетті. Байғанин ауданының Қарауылкелді елді мекенінің орталық көшелерінің бірі 1989 жылы батыр атымен аталған болатын. Беріде, 2015 жылы сол көше бойында Бармақ батырдың еңселі ескерткіші бой көтерді. Еліміздің түкпір-түкпірінен, Қарақалпақстаннан келген батыр ұрпақтарының, қонақтардың қатысуымен үлкен ас берілді.
Басты ұйымдастырушының бірі – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыстық телеарнада ұзақ жылдар қызмет атқарған ақын Жақсылық Айжанов осы мереке алдында «Ел қорғаны ер Бармақ» деген кітап жазды.
Аста батырдың бесінші ұрпағы – Ұлы Отан соғысына қатысушы, жауынгерлік Даңқ орденінің толық иегері Сәрсенғали Ешбаев ағамыз бабасының ерліктері туралы тебірене сөз сөйледі. Жалпы, Бармақ батыр бабамыз төңірегіндегі іс-шараларды қаржыландырып, ұйымдастырушылар арасында Нұржан Тәжібай, Шымбаев Болат, Рамбаев Кенжетай, Таңатов Тұрар, Сыдықов Тұржан және т.б. атауға болады.
Бармақ батыр, әулие туралы елде аңыз, аңызға жақын, бірақ өмірде болған әңгіме, оқиғалар көп болған. Өкінішке қарай, ол туралы айтатын көне көз қариялар болғанымен, кезінде еститін құлақ, жазып алатын адам болмауынан бағалы деректер, ақпарат қазіргі ұрпаққа толық жетпеді. Қазір бізге аңыздай болып көрінетін бабамыздың басынан өткен оның батырлығын, көріпкелдігін, әулиелігін дәріптейтін қаншама қызықты оқиғалары, баба қасиеттері бізге жетпей, онымен бірге жер қойнауына бірге кетті.
Дегенмен енді барымызды жоғалтып алмайық. Бармақ батырдың бізге жеткен ерлігі елдігімізді биік ұстаудың, намысты қолдан бермеудің айқын мысалы.
Хұсайын ҚОРАЗБАЕВ, Қазақстан Журналистер және Заңгерлер одағының мүшесі